Соғым сою тәртібі Қысқа ет дайындау кезінде сойылған мал-соғым. Соғымға сойылатын малдар: жылқы, түйе, сиыр. Соғымға сойылатын мал ерте күтімге алынып, жемге байланады. Ол әбден семіргенше, қазақтар қызылсырап қалмауы үшін күн суыта күздік сойып алып, соның етін жей тұрады. Күздік малы: тана, торпақ, тай, құлын, кәрі-құртаң. Сол себепті қараша айы туғанында қазақтар: «Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс», - деп мәтелдеген. Өйтпегенде ше, кәрі-құртаң мал қыстың ақырған аязы мен бұрқасын боранын көтере алмай, текке арам өліп қалады. Содан ол жазбойы жинаған азын-аулық қоңын жоғалтпай тұрғанында оны күздікке сойып алған дұрыс. Егерде мүмкіндік болса, соғымға жылқы сойған жақсы. Соғымға арналып, жемге байланған жылқыны суық толық түсіп, қар бекіп, қыс күшіне енген желтоқсанның аяғында, қаңтардың басында сояды. Әйтпесе, жылы ауа-райында шошалада сақталған жылқы еті тез бұзылып кетеді. Қазір қаладағы қазақтар соғым етін мұздатқыш, тоңазытқышта сақтайды. Ал, аязға сорғызып, мұз қылып қатырмай, күтіп ұсталған соғым еті дәмді болады. Жылқы еті шамалы суыққа қатпайды, семіз болса, тіпті тез қызып, бозданып, дәмінің бұзылып, қоректік құнарлығын жоғалтып алатыны белгілі. Соғым соятын отбасында орындалатын шарттар: 1. Малды соғымға соятын күн, оның сағаты алдын-ала белгіленеді. 2. Малды жығып, аяқ-қолын байлайтын, бауыздап, терісін ірейтін, етін мүшелейтін, қарын, ішегін тазалайтын адамдар шақырылады. Оған негізінен, жақын туған-туыс, мал сойып жүрген қасапшылар келеді. 3. Соғым союға қажетті жабдықтар дайындалады. Олар: жылқының басын тартатын, аяғын байлайтын мықты арқан, жіп, өткір де қарулы пышақ, шарық қайрақ (жай қайрақ жарамайды), балта, омыртқа қайыратын кіндік темір, жаңғырық (бауыздау алқымға және қабырғаға салу үшін), мал сойғанда астына төсейтін қамыс немесе сабан, ілеген (шылапшын), су құятын ыдыс (бұл күні су көп қажет болады).