Өзің сайтқа жаңа тіркеліпсің. Ілмек пен санатты дұрыс таңда.
Қолтырауындар (лат. Crocodylia, гр. κροκόδειλος - малта тастай құрт) — бауырымен жорғалаушылардың архозаврлар класы тармағының отряды.
Дене пішіні кесірткелерге ұқсас. Қолтырауындардың қазіргі кезде 23 түрі мен түр тармақтары бар. Қолтырауын 3 тұқымдасқа (аллигаторлар, гавиалдар және нағыз қолтырауындар) жіктеледі. Олар Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Солтүстік Австралияда және Жаңа Гвинея аралдарының өзен сағалары мен теңіз жағалауына жақын жерлерде, көпшілігі тропиктік және субтропиктік ендіктердегі тұщы су айдындарында (өзен, көл) тіршілік етеді.
Тәуліктің көп мезгілін суда өткізеді. Денесінің ұзындығы 2 – 7 метр Басы жалпақ, тұмсығы ұзынша. Миының дамуы бойынша қолтырауын басқа бауырымен жорғалаушылардан жоғары сатыда тұр. Көру және есту органдары жақсы жетілген. Көздері мен танау тесіктері бас сүйегінен едәуір жоғары қарай шығыңқы. Ауыз қуысында екінші реттік таңдай пайда болған. Артқы аяқтарындағы саусақтарының арасында терілі жарғағы бар. Терісі тығыз, ірі мүйізше қалқандармен қапталған, оның астында сүйекті тақташалар (остеодермалар) орналасқан. Қолтырауынның басқа бауырымен жорғалаушылардан ерекшелігі – жүрегі 4 камералы (қуысты). Өкпесі үлкен әрі күрделі құрылысты. Қуығы жоқ.
Қолтырауындар жыныстық жағынан 8–12 жылда жетіледі. Аналықтары 20–100-дей жұмыртқасын су жағалауындағы құмның немесе батпақтың шіріген жапырақтары мол жерлерге көмеді. Кейбір түрлерінің (Миссисипи аллигаторының) жұмыртқасынан 63 күнде, ал Ніл қолтырауынының жұмыртқасынан 3–4 айда ұрпақтары шығады. 50–85 жылдай тіршілік етеді. Балықтармен, судағы омыртқасыз жануарлармен, кейде құстармен, сүтқоректілермен де қоректенеді. Ніл қолтырауындары, жалды қолтырауындар адам үшін қауіпті. Қолтырауынның барлық түрі Халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген. Қазіргі кезде біраз елдерде (АҚШ, Куба, Жапония, Мьянма, Кения, т.б.) қолтырауын арнайы фермаларда қолда өсіреді. Ертеде Мысырда қолтырауындарды киелі санап, оған табынған, әрі арнайы мумиялап, фараонның мүрдесімен бірге жерлеп, пирамидаларда сақтаған. 1903 жылы Шығыс Африкада ұзындығы 7,6 метр, Мадагаскар аралынан ұзындығы 10 метр қолтырауын ұсталған. Қолтырауынның ең ірісі Индонезияда, Австралияда және Жаңа Гвинея аралдарында таралған жалды қолтырауындар. Олардың ересектерінің денесінің орташа ұзындығы 4,2–4,8 метр, ал салмағы 408–520 килограмм. 1957 жылы ұсталған жалды қолтырауынның ұзындығы 8,63 метр, салмағы 1 тоннадан астам тартқан.[1] Белсенділігі түнде басталады. ХТҚО Қызыл кітабына 26 түр, оның ішінде 15 түрі нағыз қолтырауындар енгізілген.