Сақина – ықылым заманнан келе жатқан зергерлік бұйымның бірі. Осынау бір кішкене зат туралы бір сәт ойландық па? Қалай пайда болғанынан хабарымыз бар ма? Қандай пайдасы мен зияны бар? Адам не үшін сақинаны тағады? Дәл осы секілді сан сауалдардын астарына үңіліп, мардымды жауаптар іздеген болсаңыз, түрлі қызықтарға кенелесіз.
Бүгінгі күннің жастары мен жасамыстары той-томалаққа, түрлі жиындарға алтынмен апталған, күміспен күптелген бүкіл сақина-сырғаларын, алқа-білезіктерін тағынып баруға тырысады. Мақсаттары мәлім – сән, мақтан үшін. Ал өткен өмірдің өзегіне көз салсақ, басқа халықты қайдам, дәл қазақ жұрты сақинаны тек қана сәндік үшін тақпағаны айдан анық. Атам қазақ «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас» деп айтып кеткен. Ертеде халқымыз ас адал болу үшін, тамақ даярлайтын әйел қолында міндетті түрде сақина не жүзік болуы керек деп есептеген. Неге? Сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізіп, денсаулыққа пайдалы әсер ететінін сол кезде білген. Тіпті күні бүгінге дейін ауылдық жерлерде жас келіншектер нәрестесін шомылдырар алдында, яки баланың жөргек жаялығын жуар сәтте, оған сол үйдің үлкендері (енесі, абысыны): «Қолыңа сақина салып ал, тазалыққа тән болады», – деп ескертіп жүреді. Біреу білер, біреу білмес, бірақ қазақ халқының «ит аяғына салу» дәстүрі бойынша, жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда не «есік көруге» шақырылғанда, әйелдер мен әжелер оған «итаяғына сал» деп сақина, күміс жүзік сияқты заттарды береді. «Итаяғына салу» деген – келіншек босанып, баланың «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, түйме секілді заттарды ыдысқа салады. Содан кейін жүзікке толы суға нәрестені жуындырған. Шомылдырып болғаннан кейін, әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алады. Мұндағы мақсат сыйлық жасау емес, асыл бұйымдарды қасиетті санаудан, тазалыққа мән беруден шыққан. Жақсылыққа жорып, бұл пәниде әрдайым сыңғырлаған күмісті көлде шомылсын, «басы алтын, арқасы күміс» жаратылмаған пендесін алтындай, күмістей қымбат етпек болғаны шығар.
Дініміз Исламда ер адамға алтын сақинаны, жалпы, алтын атаулыны қолдануға тыйым салынған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір ер адамның қолындағы алтын сақинаны көріп, саусағынан шешіп алады да, жерге тастайды. Сосын: «Егер осы тұрғандардың біреуі мынандай жанған шоқты пайдаланатын болсаңдар, оны алақандарыңа салып көріңдер», – депті.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кімде-кім сақинасына қызғылт ақықтан көз салса, сол адам дәулетті де шат өмір кешеді» деген. Таяу Шығыста бұл тасқа иесінің аты немесе Құран аяттарынан үзінді жазылатын болған.
Кезінде хандар, патшалардың жеке жүзік-мөрлері болған. Параққа басылған жүзік мөрі арқылы ел тағдыры, жан тағдыры да шешіліп жатты емес пе? Біреу өлім жазасына, біреу зынданға тасталды. Сондағы бір жүзік ұшындағы таңба. Адамның он екі мүшесі болмаса да, ақыл кені – мидың ойлағанын қолмен жүзеге асуына соңғы шешімді бекітетін де – мөрлі жүзік. Жүзік көзінің орнына кішкене сандықша жасалып, оның ішіне у салынатын сақина түрлері де болған. Ол да талай жанның құрбан болуының себепшісі болды.
Сақина дегенде әрдайым алдымен неке сақинасы ойға келеді. Ырым-жоралғыға жүгінсек, неке сақинасы жұп-жұмыр, кедір-бұдырсыз әрі көзсіз болғаны шарт. Ол – жас жұбайлар кедергісіз өмір сүрсін, бақыттары сол сақинаның дөңгелегіндей шексіз, таусылмайтын болсын деген ырым. Неке сақинасын алмастыру дәстүрін болжам бойынша мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек формасы мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты білдіреді. Еуропалықтар жас босанған ананың саусағында міндетті түрде неке сақинасы болуы керек деп санаған. Олардың түсінігінше, сақина қиналмай босануға көмектеседі. Ал Скандинавия елінің ырымына назар аударсақ, мұнда қаралы отбасы мүшелеріне (кәмелетке толғандарға) 40 күнге дейін күндіз-түні бірде-бір сақинаның алынбауы бұйырылады. Олай болмаған жағдайда марқұм көңілден кетеді, ұмыт болады, ал ұмыт болса, марқұмның рухы, аруағы қайта оралып келіп, ұйқыға кеткенде, сақина тақпағанды қинайды, тұншықтырады екен. Гректердің түсінігінде өлген адам жерленгенде оның өне бойында сақина, сырға, алқа қалып қоятын болса, олардың сағасында, ығында жын-шайтан, дию-перілер де қалып қойып, о дүниеде марқұмды азаптайды-мыс.
Неке сақинасын әр елде әр қолға тағады. XVI-XVII ғасырлардан бастап Еуропаның көптеген елдерінде неке сақинасын сол қолдың шылдыр шүмегіне тағу үрдісі қалыптасқан. Олардың мәдениетінде «махаббат тамыры» деген сана қалыптасқан. Яғни сол саусақта жүрекке тікелей қатысты бір тамыр болады екен. Ойланып көрсек, осы емханаларға қан көрсеткішін тапсырсаң, аталмыш саусақтан қан алатыны несі деп таңғаласың. Азия елдерінде неке сақинасын оң қолға киеді. Ислам дінінде оң қолды артық бағалайды. Ал Исламда некеге отырғанда сақина салу міндеті жоқ. Кейінгі кезде пайда болған дәстүр ғана.
Қызық жайт: уақыт өтісімен қолданыстағы неке сақиналарының бейнесі де, пішіні де өзгеріп отырады екен. Бірнеше жыл бұрын жіңішке неке сақина сән болса, ал бүгіндері жалпақ, қалың неке сақинасы көп сұраныс тудырады. Сақинаның қалың болуы некеде екендігін анығырақ айшықтаудың, иесінің отбасылы екендігін дәлелдей түсуінің жаңа тәсіліндей.
Он сегіз мың ғаламдағы біз білетін ең үлкен сақина – Сатурн планетасының сақинасы. Ол ұсақ метеорит, астероид тастардан құралған. Сақина планетаның бірқалыпты айналып тұруына себепші. Ол болмаған жағдайда Сатурн планетасының болуы неғайбыл дейді ғалымдар. Сақинаның ғажайып қасиеті тек жер әлемінде ғана емес, ғарышта да алар орны мол екен.
Белгілі ғалым рефлексотерапевт М.Н.Анисимовтің тұжырымы бойынша қалың, ауыр немесе тар сақиналармен саусақтарды қинауға болмайды. Әр саусақта – бүйрек, бауыр, өт, жүрекке тікелей байланысты жүйке нүктелері бар. Сақиналар кейде осы нүктелерді дөп басып, бүкіл қан-тамыр жүйесіне де оң әсер ете алады. Ал кейде керісінше, ұзақ уақыт сақинаны бір саусаққа салып жүру түрлі ауруға соқтырады.
Жай ғана тұрмыстық бұйым көрінгенмен, сақинаның сыры тереңде жатыр екен. Айтарымыз – ешқашан «басыңыздың сақинасы ұстамай», осынау сақинадай дөңгеленген дүниеде сақинаңыздың жұбын тауып, шексіз бақыт иесі болғайсыз.
Жанұзақ
ӘЛІМГЕРЕЙ
http://anatili.kz/?p=4149