Мысырлықтар жылан уынан түрлі дәрі-дәрмектерді жасауды ерте кезден білген. Қазіргі уақытта Мысырдағы Суэцк университетінде ұзақ, қажырлы еңбекпен жылан уының химиялық құрамы зерттеліп, таңғаларлық жаңалықтар ашылды. Жылан уынан жасалған дәрімен ракты, белсіздікті, қант диабетін емдеуге, қан тоқтатуға, қан қысымын қалыпқа келтіруге болады екен. Улы жыланның сілекей безінен бөлініп шығатын ақшыл сары не көкшіл түсті сұйықтың құрамы альбулин, глобулин, ферменттер, су, тұздардан тұрады. Жалпы, удың қасиеті жыланның түріне байланысты бөлінеді. Сұр жылан уында қанға әсер ететін геморрагин, көзілдірікті жылан уында жүйке жүйесіне әсер ететін нейротоксин болады. Жылан уынан кезінде кеңес медицинасы да май, сұйықтар түрінде дәрілер дайындаған. Ол дәрілер дәрігердің рұқсатымен қолқа демікпесін, ревматизм, артрит сияқты көптеген ауруларды емдеуге қолданады. Бір ескертетін жағдай, жылан уынан дайындалған дәрілерді туберкулез, бүйрек, бауыр аурулары бар адамдардың қолдануына болмайды.
Жылан уының емдік қасиеті ХVII ғасырда белгілі болды. Франческо Реди деген адам мұны алғаш ашқан деген мәлімет бар. Ал жүз жылдан соң тағы бір итальяндық ғалым Фелисе Фонтане удың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, адам ағзасына әсер ету механизмін түсіндірген. Бүгінгі медицинаның басты белгісі болған символ – тілін сумаңдатқан жіңішке жылан XVI ғасырдан бастап қолданысқа енген. Бұл символды кеңес елі де 1924 жылы түпкілікті мақұлдаған.