Жүктілік кезінде жиі орын алатын жайсыздықтар
Жоғарыда айтылғандай, жүктілік кезінде болатын өзгерістер денені толғақ пен босануға дайындау үшін қажет. Өкінішке орай, сол өзгерістер кейбір жалпы жайсыздықтарды да туындатады. Бұлар едәуір ұнамсыз болғанымен, қалыпты жағдай, сондықтан оларға көп алаңдамағаныңыз жөн.
Жүрек айну
Жүктіліктің басында күннің кез келген уақытында немесе тіпті күн ұзағына жүрегіңіз айнып, құсқыңыз келетін жағдайлар болуы мүмкін. Бұндай жағдай әйелдердің көбінде таңертең ғана болады. Бірақ ол күні бойына созылуы да мүмкін. Әдетте 3–4 айдың соңына қарай бұл тоқтайды.
Мұндай жайсыздық болғанда мынаны істегеніңіз жөн:
– Таңертең төсектен тұрмас бұрын біраз құрғақ печенье не бір тілім нан, майсыз піскен күріш немесе ботқа жеңіз. Тамақ алдында сүтсіз сұйық шай, егер бар болса, жүрек айнуды басатын зімбір (имбирь) не дәмқабық (корица)
шайын да ішіңіз.
– Молынан сирек тамақтанғанша, аз-аздан жиірек тамақтану тиімді. Майлы немесе қорытылуы ауыр тамақты жемегеніңіз дұрыс.
– Лимон, мандарин не апельсин сорыңыз.
Ескерту: Егер ішкен тамағыңызды түгелдей құсып тастайтын болсаңыз немесе құса бергеннен жүдей бастасаңыз, дәрігерге қаралыңыз.
Асқазан қыжылы
Бұл – әдетте жүктіліктің соңғы кезеңінде болатын жайт. Тамағыңыз, асқазаныңыз қыжылдап, жайсыз сезінесіз.
Онда мынаны істеуіңізге болады:
– Тамақтың бір түрін молынан жегенше, бірнеше түрін аз-аздан жеңіз.
– Ащы немесе майлы тағамдардан бас тартыңыз.
– Су немесе басқа газсыз, мөлдір сусындарды (мыс., сұйық шай) көбірек ішіңіз.
– Тамақ жей салысымен бірден жатып қалмаңыз.
– Ұйықтағанда басыңыз асқазаныңыздан жоғары болсын. Ол үшін кереуетіңіздің бас жағын бір нәрсе қойып көтеріңіз немесе екі жастық салып ұйықтаңыз. Шалқайып жатқаннан гөрі қырынан жатып ұйықтау дұрысырақ.
– Бір кесе сүт, айран немесе бір кесе суда ерітілген азғантай ас содасын ішіңіз.
Аяқтың ісуі
Жүктілік кезінде аяқтың аздап ісуі қалыпты жағдай. Іштегі нәрестенің өсіп, салмақ қосуынан аяғыңыздағы қан тамырларының біраз ісіп ұлғаюы ықтимал. Бірақ аяқ қан тамырларының варикоздық ауруынан да ұлғаюы мүмкін. Осындай жағдайда дәрігерге қаралу керек.
Мынаны істеуіңізге болады:
– Мүмкіндігіңізге қарай жиі-жиі аяғыңызды жоғары көтеріп жатыңыз.
– Егер ұзақ уақыт тұруға тура келсе, бір орында қозғалыссыз тұрып алмай, әрлі-берлі жүріңіз, ең болмағанда аяқтарыңызды қозғалтып тұрыңыз.
– Жатқанда сол жағыңызбен жатыңыз.
– Керек болған жағдайда арнайы шұлық таңғышты пайдаланыңыз.
Іш қату
Жүктілік кезінде ас қорыту жүйесі әдеттегіден баяу жұмыс істейді. Осы себепті үлкен дәретке отыру қиындауы мүмкін.
Онда мынаны істеуіңізге болады:
– Күніне ішетін сұйықтығыңыздың жалпы мөлшері 8 стаканнан кем болмасын.
– Күн сайын едәуір жаяу жүріңіз.
– Көкөніс пен жаңа піскен және кептірілген жемістерді көбірек жеңіз. Жеміс-жидектерден, әсіресе, қара не сары өрік, алхоры, алма және апельсинді көбірек жеңіз. Ақ наннан гөрі кебек араласқан, толық дәнді және қара нан тиімдірек.
– Іш өткізетін дәрілерді тек дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдаңыз.
Аяқтың құрысуы
Көптеген жүкті әйелдердің кейде аяқтарының сіңірі тартылып, құрысып қалады. Бұл әсіресе түнде болады. Сіңірдің тартылуы тамақта кальций мен магнийдің жетіспеушілігінен болуы мүмкін.
Сол үшін:
– Сүт, ірімшік, жасыл жапырақты көкөністер секілді кальцийі мол тағамдарды әрі жасыл жапырақты көкөністер, жаңғақтар, күнбағыс пен асқабақ дәндері
сияқты магнийі мол тағамдарды көп жеңіз.
– Аяғыңыздың сіңірі тартылып қалғанда, арнайы жаттығуларды жасаңыз. (Жүктілік кезіндегі жаттығулар бөлімін қараңыз.)
Қынаптан бөлінетін сұйықтық
Жүктілік кезінде жыныс мүшесінен ақшыл сұйықтық көбірек бөлінеді. Бірақ сұйықтық бөлінгенде қышу сезінсеңіз немесе оның иісі жағымсыз болса, дәрігерге қаралыңыз. Себебі бұл белгілер емделуді қажет ететін қабынудың (инфекцияның) басталғанын білдірулері де мүмкін.
Жүктілік кезінде болатын қансырау
Жүктіліктің алғашқы 12 аптасында кейде түсік тастау орын алуы мүмкін. Көбінесе түсік қансыраудан я болмаса қызғылт, ал қызыл не қоңыр түсті қан тамшыларының аздап бөлінуінен басталады. Бұл кезеңдегі қансыраудың барлығы бірдей қауіпті емес, қансырау жағдайлары да бәрі бірдей түсікпен аяқтала бермейді. Бірақ, егер қан біліне бастаса, міндетті түрде дереу дәрігерге көріну керек.
Қан кету жүктіліктің алғашқы 12 аптасынан кейін сирей түседі. Жүктіліктің соңғы айларында болатын қансырау нәрестенің өміріне қауіп туғызады. Қан ағу белгілері біліне салысымен дереу дәрігерге қаралу керек.