Құрбылар:
– Ажырасқаннан кейін оңбаған күнде қоңырау шалатын болды...
– Кешірім сұрап, қосылайық дей ме?!
– Жоқ, маған алғыс айтып жүр, албасты!
Үйлену тойынан кейін:
– Жаным, кеше костюмің онша әдемі көрінбеген сияқты...
– Ештеңе етпейді, келесі үйлену тойымда керемет костюм киемін...
Бір кісі ауылдағы туысымен телефон арқылы тілдесіп тұр:
– Ауылдарыңда интернет деген атымен жоқ, жаңалықтардан мақұрым болып отырған шығарсыңдар.
– Сол интернетің жаңалықтарды біздің әйелдерден алатын шығар...
Түрме камерасында:
– Бұрын қайда отырып едің?
– «Twitter»-де...
Жазылмаған заңдылық:
«Халықтың жағдайын жақсартуды шенеуніктер ең алдымен өзінен бастаумен шектеледі».
Балабақшадан келген балақай атасына:
– Апай бізге күн көрсетпейді.
– Не дейсің?
– Иә, бөлме ысып кетеді деп пердені ашпайды...
Екі жігіт кездесіп қалады:
– Жақында үйленейін деп жатырмын.
– Оқуың бар, жағдай түзелсін дегендей... Әлі ерте емес пе?!
– Күнде «Қағанаттан» тамақтана берген болмайды екен...
Екі жігіт орманда аң аулап жүреді:
– Жаңағы атып алғанымыз қандай аң болды екен, ә?
– Білмеймін, әйтеуір, «ойбайлап» жіберді ғой...
Бір келіншек дәрігерге келеді:
– Көмектесіңізші, мен түнде біраз уақытқа дейін ұйықтай алмаймын...
– Теледидарыңызды сатып жіберіңіз.
– Оның қатысы қанша?
– Сериалдарға алаңдамай, ерте жататын боласыз...
Көптен бері кездеспеген ескі достар кездесіп қалады:
– Жақында үйленіпсің, тойыңа шақырмадың.
– Осының алдындағы екі тойыма да келмегесін, үшіншісіне шақырту бекер деп ойладым...
Екі жігіттің әңгімесінен:
– Білесің бе, ұшақ ішінде отырып жолаушылардың мазасын алып, айқайлай беруге болады.
– Неге олай дейсің?
– Бәрібір сені ешкім жарты жолдан түсіріп тастамайды...
Сот отырысында:
– Сіз неге әйеліңізбен ажырасуға бел будыңыз? Жарыңыз сізге торсықтай ұл сыйлады емес пе?
– Мен біреудің сыйлығын қабылдай алмаймын!
Кеңседе. Бір жігіт әріптес досына:
– Сені бастық шақырып жатыр.
– Осы әкем қызық адам, айтатынын үйде-ақ айта бермей ме екен...
Бесобада жаңа тұрғызылған көпқабатты үйдің қирап қалуына байланысты құрылыс материалдары бас қосып, жиын өткізеді:
– Мен әшейін төбесін ғана жауып тұрдым ғой, үйдің құлауына мен кінәлі емеспін, – деп ақталалды шатыр.
– Сонау Қытайдан келіп көмектестік қой біздер, – дейді арматуралар.
– Біз аз болсақ та, кәдімгідей жабылып жұмыс істедік, – дейді құмның бір түйірі.
– Мінезіміз жұмсақ әрі бос болса да, құрылыстың берік болуын қаладық қой біз де, – деп ақталады кірпіштер.
Осы кезде бәрі бір бұрышта бір уыс болып бүгежектеп тұрған цементке шүйліге бастайды. Ол болса:
– Неменеге маған дікеңдей бересіңдер, әрі-беріден соң, менің ол құрылысқа мүлде қатысым жоқ!
Дәрігердің қабылдауында:
– Не істеуге болады, менің күйеуім өзімен-өзі сөйлесе береді.
– Шаршағанда ондай-ондай болады.
– Бірақ ол өзімен-өзі телефонмен сөйлесетіні түсініксіз...
МАИ бекетінде:
– Сіз жылдамдықты арттырдыңыз. Айыппұлды маған төлесеңіз, жіберемін, бірақ қолға бермеңіз.
– Онда өзіңіздің және бастығыңыздың есепшотын айтыңыз.
– Түсінбедім.
– Елден алғаныңызды бәрібір бастығыңызбен бөлісесіз ғой, оның да есепшотына бірден аудара салайын да...
Жазушы жігіт танысына:
– Жақында кітабым шыққан.
– Ғаламтордағы сілтемесін берші, көшіріп алайын.
Екі келіншек сырласып отыр:
– Менің күйеуім біздің қай күні үйленгенімізді де білмейді.
– Еркектердің бәрі сондай ұмытшақ келеді.
– Мұның бір жақсы жағы бар: қыста бір рет, көктемде бір рет есіне түсіріп қоямын да, жылда екі сыйлық аламын...
Емхана. Науқас дәрігерге келіп тұр:
– Не істесем екен? Бір сөзді қайталай беремін, қайталай беремін...
– Қашаннан бері бұлай болды?
– Айттым ғой сізге, не істесем екен деп. Бір сөзді қайталай беремін, қайталай беремін...
Әйелі күйеуіне айқайлап тұр:
– Болды, бұдан былай үйіміздегі күтуші қызға көз салуыңды қой, оны әбден еркелетіп жібердің. Мұныңды тыймасаң – ажырасып тынамыз.
– Қай-қайдағыны айтпа.
– Сен сияқты еркек табылар, бірақ мынадай күтушіні табу оңай деп пе едің...
Бастауыш сыныпта оқитын баласы анасына:
– Мама, мен де сізбен бірге отырып кино көрейінші.
– Қой, балам, сен әлі кішкентайсың, кейін есейгенде көрерсің.
– Сонда бұл кино мен дәу жігіт болғанша көрсетіле бере ме?
– Әрине, балам, бұл сериал ғой...
Таңертең әйелі күйеуін оятып әлек:
– Сағат тоғыз болды, тұрсаңшы енді.
– Кішкене жата тұрайыншы.
– Тұр деген соң, тұр енді, ұйқыңды жұмысыңа барып жалғастырасың ғой бәрібір...
«Меломен» дүкеніне біреу келіп:
– Сіздерде «Шал» бар ма?
– Бізде қарт кісілер жұмыс істемейді...
Бір кісі полицияға шағымданады:
– Бір апта болды, әйелім үйге оралмады.
– Бұл жағдайды неге ерте хабарламадыңыз?
– Қарным енді ашты.
– Алло, дүкен бе екен?
– Иә.
– Кеше менің күйеуім сіздерден ас үй құралдарын алып келді. Ішінде оқтауы жетіспей тұр...
– Оны күйеуіңіздің өзі қажет емес деп қалдырып кеткен.
– Менің папамда Lamborghini бар...
– Менің папамда iPhone бар!
– Ал менің папамда дә-ә-ә-у тышқан бар.
Бәрі хормен:
– Шын ба?! Кәне, көрсетші!
Жол бойында. Көліктің жүксалғышын тексеріп тұрған МАИ қызметкері жүргізушіге:
– Мына автомат кімдікі?
– Менікі емес.
– Онда кімдікі?
– Михаил Тимофеевич Калашниковтікі.