+1 дауыс
133k көрілді
Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Халық ауыз әдебиеті тақырыбында шығарма жазып беріңізші?

2 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап

Халық ауыз әдебиетінің тарихы

Қазақ халқының ерте заманда жасаған мәдени мұрасының бір түрі – халықтың ауыз әдебиеті.

Жазу – сызу өнері болмаған ерте кезде-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүние танудағы көзқарасы т.б. жайында неше түрлі өлең-жыр, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды ауызекі айту күйінде тудырған. Сондықтан да бұларды халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі яғни ауыз әдебиеті деп атаймыз. Бұдан, әрине, ауыз әдебиетін көп адам бірлесіп отырып шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің қандай үлгілерін болса да әуел баста жеке адамдар шығарған. Бірақ ерте кезде, жазу өнері болмағандықтан, ауыз әдебиетін шығарушылардың аттары хатқа түспеген, сақталмаған. Халық олардың шығармаларын ғана сақтаған және оларды ауызша айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, сөйтіп, алғашқысында жеке авторлар шығарған шығармалар кейіннен өңделіп, сұрыпталған, оған коллектив болып творчестволық өзгерістер енгізіп отырған. Бертін келе ондай шығармалар көпшіліктің, коллективтің әдебиетіне айналып кеткен.

Орыс халқының ұлы сыншысы В.Г. Белинский «Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы жазған еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы айырмашылықтарды айта келіп, ауыз әдебиеті халықтың ерте замандағы ой-санасының жемісі деп көрсетеді. «Халық немесе тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін, бірақ оның поэзиясы болмауы мүмкін емес», - деп Белинский ауыз әдебиетінің тым ерте кезде, халықтың жазу- сызу өнері болмаған заманда, туғандығын дәлелдейді. Бұл  расында да солай. Қай халықты алсақ та, оның көркем әдебиеті ауыз әдебиетінен басталады. Демек, ауыз әдебиеті болмаған, бірден жазба әдебиетін жасаған халық бұрын-соңды тарихта болған емес.

Әдебиеттік жағынан алғанда, қазақтың ауыз әдебиеті де  әр алуан. Халықтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына байланысты туған шығармалар, мақал-мәтелдер, аңыз, ертегілер, батырлар жыры, тұрмыс-салт жырлары, айтыс өлеңдері т.б. қазақ ауыз әдебиетінің негізгі түрі болып табылады. Әрине, ауыз әдебиетінің барлық түрі бір мезгілде туған емес және олардың тууына себеп болған жағдайлар да біркелкі емес, әркелкі. Бірақ бұл мәселе, яғни қазақ ауыз әдебиетінің қай кезде қандай түрі туғандығы, ғылымда әлі күнге дейін дәлелденбей келеді. Әйткенмен өткен кезде орыстың және шетелдердің бірсыпыра ғалымдары ауыз әдебиетінің шығу жайына біраз көңіл аударып, әр түрлі пікірлер айтқан-ды. Олар ауыз әдебиеті қалай туды, қалай дамыды деген мәселені өздерінше баяндап, әр алуан теориялар шығарған-ды. Бұл теориялардың қазақ ауыз әдебиетіне тікелей қатысы болмаса да, жалпы ауыз әдебиетін зерттеуде алған орны да бар еді. Сондықтан бұл теориялардың кейбіреулеріне шолу ретінде қысқаша тоқтай кетелік.

Өткен ғасырдың орта шенінде Батыс Европада, Россияда  ауыз әдебиетін зерттеген буржуазияшыл ғалымдар «мифтік теория» дегенді ойлап шығарды. Бұл теорияны ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында орыстың Ф.И. Буслаев, О.Ф. Миллер, А.Н. Афанасьев секілді ғалымдары қолдап, ауыз әдебиеті дінге, діни ұғымдарға, әр түрлі мифтерге байланысты туды және ауыз әдебиетінің алғашқы кейіпкерлері құдайлар болды деп қарады. Ауыз  әдебиетін жасауда адамдардың саналы ролі болған жоқ, ауыз әдебиетін құдайлардың өздері туғызды, адам баласы құдайлар жасаған мифтердің ауыз әдебиетіне қосушы ғана болды  және оны өзгертпей, бергі заманға алып келді десті. Сөйтіп идеалистік көзқарасқа негізделген «мифтік теория» ауыз әдебиетінің шығу тегін ашып бере алмады. Экономиканың, қоғам өмірінің ілгеріліп дамуына қарай ертедегі мифтік ұғымдар да, наным-сенімдер де өзгеріп, жаңарып отыратынын және олардың  жоғалатынын «мифтік теорияны» жақтаушылар мойындамады және мойындағысы келмеді.

Ауыз әдебиетінің шығуы өткен ғасырдың екінші жартысында батыста тағы бір теория пайда болды. Бұл «ауысып алу» («теория заимствования») теориясы деп аталды. Оны Россияда  А.Н. Пыпин, В.В. Стасов, А.Н. Веселовский т.б. ғалымдар қолдады. Бұлар орыс халқының ауыз әдебиетін басқа елдердің ауыз әдебиетінде ұқсас келетін сюжеттерге айрықша көңіл аударды. Осының нәтижесінде, бір елдің ауыз әдебиетінде кездесетін сюжеттерге екінші бір елдің әдебиетінен ұшырай қалса-ақ болғаны, оны олар бір-бірінен ауысып алған деп есептеді. Мұндай ауысып алулар әр түрлі қарым-қатынас, сауда-саттық жолдарымен жасалған дейді. Мәселен, Веселовский орыстың батырлар жырының сюжеті Батыс Европадан  алынған десе, Пыпин оны тек Батыс емес, Шығыс елдерінен де келген деп дәлелдейді. Орыс халқы Шығыс елдері ауыз әдебиетінен көп сюжет алған деген пікірді Стасов та, кейіннен Потанин де баса көрсетеді. Орыстың батырлар жырында Илья Муромеюдцтің өз баласымен соғысатыны айтылады. Мұны «ауысып алу» теориясын қолдаушылар «Шахнамәден» келген сюжет деп қарады. Сөйтіп, олар әрбір халықтың творчестволық қабілетін  жоққа шығарады. Олардың ойынша, бірде-бір халық өз тарапынан шығарма тудыра алмақ емес, тек даяр сюжетке ие болады, сол сюжетті өз тілінде жырлайды және олардың мұндай шығармалары бір елден екінші елге ауысып отырады, қыдырма, мекені жоқ сюжетке айналады-мыс.

Ауыз әдебиетінің тууы, дамуы жайында «ауысып алу» теориясы ғылми теріс, дәлелсіз және қате теория еді. Марксизм-ленинизм іліміне сүйенген советтік ауыз әдебиеті ғылыми (фольклористика) бұл теорияны қатты сынға алып, әрбір халықтың өзіне тән творчестволық қабілеті барлығын дәлелдейді. Ауыз әдебиетінің қандай түрін, қандай сюжетін болса да әрбір халық өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен алатындығын айқындайды.

Екіншіден, бір халықтың ауыз әдебиетінде, айталық ертегісінде немесе батырлар жырында кейбір сюжеттердің басқа бір халықтың ауыз әдебиетіне ұқсас келетіндігі болады. Мұндай ұқсастық екі халықтың, кейде бірнеше халықтың, жаңағы сюжеттерді бір-бірінен ауысып алғандығынан бола бермейді. Ондай ұқсастық Экономиканың, тұрмыс-тіршіліктің, қоғамдық өмірдің ұқсастығынан туады. Бір-бірімен ешқандай қарым-қатынас жасамаған, шалғай жатқан халықтардың ауыз әдебиетінде ұқсас сюжеттердің болу себебі, міне, осыған байланысты. Бұған кейінде Г.В: Плеханов та айырықша көңіл аударған болатын. Ол өзінің «Адрессіз хат» дейтін еңбегінде ауыз әдебиетіндегі сюжет ұқсастықтарын халықтардың тұрмыс-тіршілік, шаруашылық, қоғамдық жағдайларының ұқсастығынан іздейді. Бұл жөнінде И.В. Сталин де біраз пікір айтады. «Диалектикалық және тарихи материализм туралы» жазған еңбегінде ол былай дейді: «Қоғамның өндіріс тәсілі қандай болса – негізінде қоғамның өзі де сондай болады, оның идеялары мен теориялары, оның саяси көзқарастары мен мекемелері де сондай болады... немесе, анайылап айтқанда, адамдардың тұрмыс салты қандай болса, олардың ой-пікірі салты да сондай болады» .

Мысалға Манас пен Қобыланды батыр жайындағы жырларды алайық. Мұның бірі қырғыздың, екіншісі қазақтың жыры. Осы екі батырдың туысын жырлауда үлкен ұқсастық бар. Мәселен, Манастың әкесі Жақып баласыз адам болады. Көп уақыт оның еліне жау шабуылдап күн көрсетпейді. Жақып құдайдан бала тілемейді, жауға қарсы күресетін, ел қорғайтын ұл бер дейді. Ал Қобыландының әкесі Тоқтарбай да осындай. Қызылбастардан қысым көре берген Тоқтарбай құдайдан бала тілемейді, басқыншылардан елді қорғай алатын бала бер деп жалбарынады.

Сырт қарағанда бір-біріне өте ұқсас келетін бұл сюжетті қазақ ақындары қырғыздан немесе қырғыз жыршылары қазақтан алған секілді болып көрінеді. Шынында олай емес. Бұл сюжет осы екі халықтың ертедегі өмірінен алынады. Тарихи деректерге  қарағанда, қазақ пен қырғыз елі көп уақыт шетелдік басқыншылардың шабуылын көрген. Сондай жағдайда басқыншыларға қарсы аттанып, жаудан ел-жұртын қорғап аларлық ұлды қазақ та, қырғыз да арман еткен. Мұны олар өздерінің жырына да қосқан. Осы бір мысалдың өзі-ақ сюжет ұқсастығы ауысып алу нәтижесінде тумайтындығын, ол халықтардың тұрмыс-тіршілік, қоғамдық жағдайларының ұқсастығына байланысты болатындығын көрсетеді.

Рас, ерте заманнан бастап әр түрлі шаруашылық, мәдени қарым-қатынастар жасаған және көршілес отырған халықтардың бір-біріне әдебиеттік әсер ететін болады. Мысалға қазақпен туыс, ағайындас қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ халықтарын алайық. Бұлардың арасында туысқандық қарым-қатынас ертеден келе жатыр. Олардың әдебиеті бір-біріне әсер еткен, өзара кейбір сюжетті «ауысып алған» жайы да бар. Бұған қарап, аталған халықтардың өзіндік таланты, творчестволық қабілеті жоқ, тек бір-бірінен сюжет алып отырған, сол сюжеттерді ғана жырлап өткен деуге болмайды. Олардың әрқайсысы үлкен талант иесі, ауыз әдебиетінің неше алуан әдемі үлгілерін тудырған және ондай творчестволық іс қолынан келетін халықтар.

Өткен ғасырдың ақырынан бастап революцияға дейінгі дәуірде ауыз әдебиетін зерттеу жөнінде жоғарыда аталғандардан басқа тағы бірнеше теориялар болды. Соның ішінде ауыз әдебиетінің шығу жайын тексеруде басқа теорияларға қарағанда аз да болса ғылыми негізі бары – «тарих мектебі» деп аталған еді. Оның негізін салушы орыс ғалымы В.Ф. Миллер ауыз әдебиетін, әсіресе орыстың батырлар жырын көбірек қарастырып зерттеген адам. Көп жылғы зерттеу еңбегінің қорытындысы етіп, ол 1897 жылы «Орыс ауыз әдебиеті жайындағы очерктер» деген кітабын шығарды. Осы еңбегінде В.Ф. Миллер орыстың батырлар жыры монғол басқыншыларының шабуылына байланысты туды деп қарайды. Бұл пікірін ол тарихи материалдар, деректер келтіре отырып дәлелдейді. Ол батырлар жырын тарихта болған оқиғалардың айналасы, соның документі деген қорытынды жасайды.

Ауыз әдебиетін, соның ішінде батырлар жырын зерттеуде басқа теорияларға қарағанда «тарих мектебінің» ауыз әдебиеті халықтың өміріне, тарихына байланысты туады деуі бұрын айтылмаған тың пікір болатын. Әйткенмен ауыз әдебиетін түгелімен өткендегі тарих және оның документі деп қарау қате айтылған пікір еді. Рас, халықтың тарихынан елеулі орын алған оқиғалар әдебиетке әсерін тигізбей қоймайды, кейде ол әдеби шығармлардың тууына себепші болады. Бірақ та ауыз әдебиеті тарихи оқиғаларды өз қалпында, шындық түрінде жырлай бермейді. Тарихи фактілерді негізге ала отырып, оны ақындық қиял арқылы құбылтып жырлайды, суреттеп көрсетеді, кейде  асырып, кейде өзгертіп елестетеді; ауыз әдебиеті тарихи оқиғаларды сурет арқылы бейнелейді. Олай болса ауыз әдебиетін тарихтың өзі, соның документі деуге болмайды.

Сөйтіп, ауыз әдебиетінің туу, қалыптасу жайын буржуазияшыл ғалымдар дұрыс түсіндіріп бере алмайды. Бұл мәселені тек марксизм-ленинизм іліміне сүйенген советтік ауыз әдебиеті ғылымы ғана толық шешіп берді. Советтік ғылым ауыз әдебиеті адамдардың еңбек, кәсіп етуіне, тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне және оның дамуына байланысты туғандығын дәлелдейді. Ауыз әдебиеті халық өмірімен тығыз байланыса отырып, оны жан-жақты суреттейді, әр түрлі бейнелеу арқылы елестетеді. Әрине бұдан ауыз әдебиеті бірден дамыған деген ұғым тумайды. Оның кейбір үлгілері ескі дәуірде, рушылдық қоғамда туған; бертін келе қоғамдық, экономикалық жағдайлардың, адам баласының дүние танудағы ой-өрісінің ұлғайып өсуіне қарай ауыз әдебиеті де дамып отырған. Демек, халықтың қоғамдық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік көзқарасы т.б. ауыз әдебиетінің тууына және қалыптасып дамуына әсер еткен, мазмұн берген. Сондықтан да ауыз әдебиеті өзінің даму жолында талай тарихи дәуірлерді басынан кешірген, талай таптық, қоғамдық тілектер мен көзқарастардың елегінен өткен. Әрбір қоғамдық құрылыс, таптық тілектер ауыз әдебиетінің идеялық бағытына, мазмұнына ықпал жасаған, әрқайсысы өздерінің мүдделеріне сәйкес ауыз әдебиетін тудырған, оны пайдаланып отырған.

Қазақтың көркем әдебиеті тарихын зерттеген әдебиетшілердің айтуына қарағанда, көркем әдебиетіміз ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған. Өзінен бұрынғы дәуірмен салыстырғанда ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы қазақ өмірінде елеулі кезең еді. Бұл кезде қазақ халқының көпшілігі (Кіші Жүз бен Орта Жүз) Россия мемлекетіне қосылып болған-ды. Мұның  нәтижесінде қазақ халқының экономикасы, қоғамдық өмірі бұрынғы кезден әлдеқайда ілгерілеп дамыған, өскен еді.

Бұл жағдай қазақтың көркем әдебиетінің тууына үлкен әсер етеді. ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан былайға жерде аты-жөні белгілі авторлар шыға бастайды. Мұның өзі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиетінің жігін ашатын негізгі белгінің бірі болды.

Рас, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтың ауыз әдебиеті есейген, жетілген еді. Бұл кезде ауыз әдебиетінің әр алуан түрлері (ертегі, аңыз, батырлар жыры, тұрмыс-салт өлеңдері т.б.) дамыған да болатын. Бірақ оларды шығарған авторлары  белгісіз болды. Сондықтан ондай шығармалар жеке авторлардың емес, бүкіл халықтың шығармасы болып саналатын. Бұл жөнінде В.Г. Белинскийдің мына бір пікірін келтірейік. Ол былай дейді: «...Ауыз әдебиетін алатын болсақ, оның жұртқа аты белгілі авторы болмайды, өйткені қашан да болса, ауыз әдебиетінің авторы  халық болады. Халықтың немесе бір тайпаның жас шағындағы ішкі және тысқы тіршілігін ешбір боямасыз айқын көрсететін жабайы, үстіртін-аңғал өлең-жырларын шығарған кімдер еді, оны ешкім білмейді... Ал көркем әдебиетті алсақ, ол мүлде басқаша болады: оның шығарушысы халық емес, оның авторлары – халық рухының әр алуан жақтарын өзінің ақыл-ойы арқылы білдіретін жеке адамдар. Әдебиетте жеке адамдар әдебиеттегі праволарын толық өз қолына алады, сөйтіп әдебиет дәуірлері сол жеке адамдардың аттарына байланысты болып белгіленеді.

Белинский бұл пікірін  «Әдебиеттің түрлері» және «Әдебиет деген сөздің жалпы мағнасы» туралы жазған еңбектерінде де айтады. Ұлы сыншының пікірінше «ауыз әдебиеті мен көркем әдебиетінің арасындағы басты айырмашылықтың бірі жеке авторлардың болу-болмауына байланысты. Және де өз дәуірінің, бүкіл халықтың рухын білдіретін жеке авторлардың шығуы  экономиканың дамыған, қоғамдық ой-санасының ұлғайып өскен кезінде болады; экономиканың дамуы мәдениеттің, техниканың өсуіне ықпал жасайды, жазу өнерін шығарады, кітап басу ісінің тууына әсер етеді; осыдан былай жеке авторлардың шығармалары жұртқа жазу үлгісінде, баспа арқылы тарайтын болады», - дейді.

Ұлы сыншы осы пікірін дамыта келіп былай дейді: ауыз әдебиеті айтайын деген ойын әр түрлі тұспалдау, бейнелеу жолымен білдіреді, соларға әрдайым иек сүйеп отырады, ал көркем әдебиет айтайын деген ойын айқын етіп суреттейді, өз заманының рухын, идеясын ашып көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысына дейін өз заманының рухын, шындық өмірін, идеясын айқын етіп суреттеген қазақтың ақын, жырау-жыршылары кім болғанын айта алмаймыз. ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүріпті деп жорамалмен айтылатын Сыпыра жырау, Асан қайғы, Жиреншелер жайында толық мәліметтер жоқ, тек аңыз-әңгімелер ғана бар. Сондықтан оларды қазақ көркем әдебиетінің негізін салған адамдар деудің реті келмейтін секілді.

Ал ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан бергі жерде қазақ әдебиетінде жеке авторлар шыға бастайды. Бұхар жырау, Тәтіқара, Үмбетей, Шал, Көтеш, Жеңкісі, Ақтанберді секілді ақын-жыраулар осы кезде көрінеді, шығармалары өз атымен ел арасына тарайды. Олар өз заманының жай-жапсарын жыр етеді, халық өмірін суреттейді. Олардың шығармаларында, идеялық көзқарастарында әр түрлі қайшылықтары, халық тілегіне үйлесе қоймайтын пікірлері де бар еді. Солай бола тұрса да, олар жаңа туа бастаған қазақ көркем әдебиетінің алғашқы авторлары еді. Сондықтан да олардың өмірі, творчестолық қызметі, әдебиеттік шығармалары жайында азды-көпті мәліметтер ел арасында сақталған. Аталған кезге дейін ауыз әдебиеті басым болып келсе, енді жеке авторлардың шығуына байланысты қазақ көркем әдебиетінің негізі салына бастайды. Әрине, жеке авторлардың шығуы, көркем әдебиетінің қалыптаса бастауы ауыз әдебиетінің дамуына бөгет етпейді, қайта екеуі бір-бірімен тығыз байланыса, бір-біріне әсер ете отырып ұлғая береді.

Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы айырмашылықты көрсететін белгінің тағы біреуі – варианттар. Бір-біріне жалпы мазмұны, оқиға желісі, кейіпкерлерінің атттары ұқсас  келетін шығармаларды бір шығарманың туынды түрі яғни варианты десек, бұл ауыз әдебиетінде көп кездеседі. Бір ертегінің немесе бір жырдың әңгімесі жалпы оқиға желісін сақтай отырып, әр жерде әр түрлі айтылады. Бұлай болу сол шығармаларды айтушыға байланысты. Мәселен, ертекші өзінің ертегін көпшіліктің жиналған жерінде айтады. Тыңдаушы көпшіліктің арасынан жаңағы ертегінің мазмұнын, оқиғасын ұғып алушылар табылады. Енді олар сол ертегіні екінші бір жерде өзінше әңгімелейді, жаңалап айтады, алғашқы әңгімелерінің қай жерін қысқартып, кей жеріне тыңнан оқиға қосады. Сөйтіп ертегінің екінші бір туынды түрі, варианты шығады. Қазақ арасына көбірек тараған «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» т.б. жырлардың бірнеше вариантта болуы осы айтылғандарға байланысты туған. (Бұл жөнінде сол жырларға берілген талдауларды қараңыз.)

Бұл шығарманың әр түрлі вариантта айтылуы көркем әдебиетте көп кездеспейді. Көркем әдебиеттің әрбір шығармасы жеке автордың өз атымен тарайды. Қай шығарманы кімнің, қашан шығарғаны жұртқа белгілі болып отырады. Мұның өзі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің арасындағы айырмашылықты көрсететін белгінің бірі болады.

Көркем әдебиетке қарағанда, ауыз әдебиетінде қалыптасып дәстүрге айналған дағдылы сөздер мен сөйлемдер, тұрақталған ұқсастық, ұқсастар жиі қолданылады. Мысалы, ертегілердің көпшілігі «Ертек, ертек ерте екен, ешкі жүні бөрте екен...» деп, немесе «баяғыда бір кедей болыпты, оның үш баласы болыпты» деп, болмаса «бұрынғы өткен заманда» деп басталады. Ертегілердің бұлай басталуы белгілі дәстүрге айналған. Бірақ әрбір ертегінің басталуы осындай ұқсас болғанымен, оның оқиғасы, әңгіме желісі бір-біріне қабыса бермейді, әр түрлі айтылады. Мұндай жағдай көркем әдебиетте кездеспейді. Белгілі бір тақырыпты жырлаған шығармалардың көркем әдебиетте басталуы да, баяндалуы да бір-біріне ұқсас келмейді, әр түрлі болады.

Жоғарыда айтылғандар ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің арасындағы кейбір айырмашылықтарды көрсетеді. Әрине, ұлғайып өскен, кемеліне келген көркем әдебиет және оның шеберлері (ақын, жазушылар) ауыз әдебиетінен әрдайым нәр алып отырады. Ең алдымен, көркем әдебиеттің шеберлері халықтың ауыз әдебиетінен тіл байлығын үйренеді. Халық тілін меңгере, пайдалана отырып, әдеби тілімізді дамытады. М. Горькийдің жазушыларға: «Ауыз әдебиетінің тіл байлығын пайдаланыңдар, одан үйреніңдер, - дейтіні де осыдан. Мұнымен қатар, көркем әдебиеттің шеберлері халық ауыз әдебиетінің кейбір сюжеттерін өздерінің еңбектерінде пайдаланады. Осы негізде жаңа шығармалар тудырады. Халық ауыз әдебиетін пайдалана отырып, оның таптық сипатын, қоғамдық сырын аша түседі. Бұған: А. Пушкиннің, М. Салтыков-Щедриннің, М. Горькийдің, Абайдың т.б. жазушылардың ауыз әдебиетінің тіл байлығын, ауыз әдебиетінің сюжетін пайдалануы толық дәлел. А. Пушкин бірнеше ертегі, поэмалардың сюжетін халық ауыз әдебиетінен алған, М. Салтыков- Щедрин кейбір ертектерін халық ертегілері үлгілерінде жазып, қоғамдық  мәселелерді, патша әкімдерін, чиновниктерді мысқылдап сынаған. Мұндай фактілерді қазақ совет әдебиетінен де кездестіреміз. Қазақ жазба әдебиетінің шеберлері де ауыз әдебиетінен халықтың  тіл байлығын үйренумен келеді. Сонымен бірге, олар ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерін, сюжеттерін пайдалана  отырып, сол негізде жаңа шығармалар тудырады . Бұл ретте Мұхтардың «Қобыланды батыр» және «Еңлік – Кебек» пьесаларын, Ғабиттің «Қыз Жібегі» мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Сәбиттің «Сұлушашын» т.б.  атауға болады.

Таптық қоғамда туған ауыз әдебиеті үлгілерінің қайсысы болса да белгілі бір таптың идеясын, арман-мүддесін, әлеуметтік көзқарасын білдіріп отырады.

Вл. Бонч-Бруевич «Ленин поэмасы туралы» деп жазған еңбегінде ұлы көсеміміздің халық әдебиетін аса жоғары бағалағандығын айта келіп, Лениннің ертегілер жөнінде айтқан мынадай бір пікірін келтіреді: «Ертегілерді қоғамдық саяси тұрғыдан қарап пайдалана отырып, - дейді Ленин, - халықтың арман-мүдесі, тілегі жайында тамаша зерттеулер жазуға болар еді... Бұл – шын мәніндегі халық шығармалары, халықтың психологиясын білу жөнінде қазіргі күнде аса қажетті және аса маңызды материалдар».

Осы тұрғыдан алғанда, ауыз әдебиетінің халықтық сипаты, ең алдымен, оның «халық психологиясын», «халықтың арман-мүддесін, тілегін» қалай суреттеп көрсеткендігіне байланысты деп түсінуіміз керек. Ауыз әдебиетінің халықтық сипаты деген мәселені біз оның таптық сипаты деп ұғынамыз. Сондықтан бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Марксизм-ленинизм классиктері: «Таптық қоғамда таптан тысқары, қоғам өмірінен, тап күресінен бөлек тұратын әдебиет болмайды, әдебиет әрқашан да белгілі бір таптың идеясын, көзқарасын білдіреді», - деп үйретеді.

В.И. Ленин «Партиялық ұйым мен партиялық әдебиет» дейтін тамаша еңбегінде әдебиеттінң таптық және партиялық сипатын айта келе, таптық қоғамда әдебиеттің  алатын орнын, әдебиеттің тап құралы екендігін айқындап берді.

Әдебиеттің таптық сипаты туралы марксизм-ленинизм классиктерінің даналықпен айтқан пікірлерін ауыз әдебиетіне де қолданамыз. өйткені ауыз әдебиеті де белгілі бір таптың таптық  тілегін, мүддесін жырлайды және оған қызмет етеді.

Ертеден келе жатқан ауыз әдебиетінің қандай түрін алсақ та, онда белгілі бір таптың идеясы, көзқарасы жататындығын ап-айқын көруге болады. Мәселен, еңбекші халық өзінің ауыз әдебиетін қанаушыларға қарсы жүргізген таптық күресінің құралы етті. Онда – еңбекші халық қанаушы таптың зұлымдығын, жауыздық іс-әрекетін, езуші тап өкілдерінің мансапқорлығын, басқыншылық шабуылдарын әшкерелеп отырады, олардың жиренішті образын жасайды. Халықтың ертегі, әңгіме, жырларында кездесетін Қарабайлар, Мыстандар сол қанаушы таптың, хандар мен феодалдардың өкілдері болып бейнеленеді. Олардың жауыздық іс-әрекеттерін сынға алады, әшкере етеді. Сондай-ақ , мақалдардағы «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Сопы сұмнан шығады», «Төреге ерген ер-тоқымын арқалар», «Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді»  деген халықтың даналық сөздері еңбекші бұқараның қанаушы тапты жек көргендігінің айғағы. Бұл келтірілген мысалдардың  қайсысы болса да ауыз әдебиетінің таптығын, таптық тілектен туғандығын көрсетеді. Демек, еңбекші халық тудырған ауыз әдебиеті қалың бұқараның қоғамдық-таптық көзқарасын, сана-сезімін білдіріп отырады.

Мұнымен қатар, еңбекші бұқара тудырған ауыз әдебиетінің халықтық сипаты – халықтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық өмірін, арман-мүддесін, дүние танудағы көзқарасын т.б. суреттеуінен де байқалады. Халықтың адал еңбекті, достық-татулықты, жақсы шат өмірді аңсап арман еткендегі оның ауыз әдебиетінің негізгі тақырыбы, идеялық нысанасы болып келеді және бұл жолда халыққа қызмет еткен қарапайым еңбек адамдары ардақталады, олардың ісі, мінезі сүйкімді түрде жырланады, оларды үстем тап өкілдеріне қарама-қарсы қойып әңгімелейді. Мысалға «Аяз би» ертегісін алайық. Бұл ертегіде халық өз ортасынан шыққан қарапайым шаруа адамын, оның ақылын, адамгершілігін, тапқырлық ісін ардақтайды және оны қанаушы тап адамдарына  қарсы қояды. Бүкіл материалдық және рухани байлықты жасаушы да, қоғам өмірін алға бастаушы негізгі күш те халықтың өзі екендігін елестетеді.

Бұл айтылғандардан халықтың ауыз әдебиетінде әр түрлі  қайшылықтар, теріс ұғымдар, тіпті еңбек адамының мүддесін жанаспайтын көзқарастар жоқ деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиеті ауызша айтылып тарағандықтан және  әр дәуірдің, әр бір қоғамдық тілектің әсерін көргендіктен онда әр түрлі қайшылықтардың кездесетіні де болады. Екіншіден, экономикалық және қоғамдық дамуларға адамның сана-сезімі әрқашан да ілесе бермейді, кейде сананың кейін қалып қоятыны да белгілі. Мұның өзі ауыз әдебиетіне ықпал жасамай қоймайды. Солай бола тұрса да, халықтың ауыз әдебиеті жоғарыда айтылған халықтық сипатын, оның белгілерін сақтап отырады.

Әрине, ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығын халық тудырған және оның бәрін халықтық шығармалар деуге болмайды. Олардың ішінде үстемдік еткен қанаушы тап тудырған шығармалар да бар. Сол шығармалары  арқылы қанаушы тап өзінің таптық идеясын, халыққа жат іс-әрекетін, көзқарасын білдіріп отырған. Үстем тап өзінің ауыз әдебиетінде: ел талауды, еңбексіз мал табуды, халықты езіп ұстауды, еңбек адамдарын кемітіп қорлауды жырлайды және бұл жолда «ерлік» жасаған адамдарын үлкен дәрежеге көтеріп ардақтай суреттейді. Екіншіден, үстем тап халыққа жат, кертартпа идеясын өзінің шығармалары арқылы бейнелесе, сонымен қатар, халықтық ортада туған әдебиет үлгілерін де өңдеп пайдаланғандығы байқалады. Мұның мысалын батырлар жырынан көруге болады.

Сондықтан өткендегі ауыз әдебиетін түгелінен халықтық тілектен туған және халықтық сипаты бар шығармалар деп қарауға болмайды. Біз оларды таптық тұрғыдан қарап бағалауға тиістіміз. Бұл жөнінде В.И. Лениннің «...біз әрбір ұлттық мәдениеттен тек оның демократиялық және социалистік тектерін аламыз, оларды тек және сөзсіз әрбір ұлттың буржуазиялық мәдениетіне, буржуазиялық ұлтшылдығына қарсы қою үшін аламыз» деген даналық пікіріне сүйене отырып, ауыз әдебиетінің ішінен шын мәнінде халықтық сипаты барларын, халықтың бұқарашылдық, прогрестік арман-мүддесін көрсететіндерін ғана таңдап алуға тиістіміз.

Халықтық ортада туған ауыз әдебиетінің мәні өте зор. Ез алдымен ол халықтың өткендегі өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дүние танудағы көзқарасы, арман-мүддесі, таптық күресі т.б. жайлары қандай болғанымен таныстырады, бұл жөнінде көптеген мәлімет береді. Бұларды ол әдебиеттік суреттеу  арқылы елестетеді.

М. Горький Совет жазушыларының бүкілодақтық бірінші  съезінде жасаған баяндамасында: «Халықтың ауыз әдебиетін білмейінше еңбекші халықтың нағыз тарихын білу мүмкін емес», - дейді. Халықтың өткендегі тарихын түсінуіміз үшін ауыз әдебиетінің мәні зор екендігі атап көрсетеді. Демек, ауыз әдебиеті өткен өмірді, халықтың психологиясын», оның «арман-мүддесін» білуімізге аса керекті материалдың бірі болып табылады.

Халық ауыз әдебиетінің өз кезінде, жастарға идеялық ертегілері аңыз-әңгімелері, мақал-мәтелдері, басқыншы жаудан ел қорғау жолында ерлік жасаған батырлар жайында шығарған жырлары т.б. адал еңбекті, халыққа қызмет етуді, халықтың жауларына қарсы күресуді, езілген еңбекшіге болысып жәрдемдесуді жырлайды. Бұл жолда халыққа адал ниетімен қызмет атқарған адамдарды ардақтайды, олардың ісін кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге  етеді. Осы идеясын жүзеге асыру үшін ауыз әдебиетін аса зор мәні бар құрал ретінде пайдаланады. Мұнымен қатар жағымссыз мінез-құлық, іс-әрекеттерді халықтың ауыз әдебиеті жиренішті түрде суреттей отырып, олардан безуді, жек көре білуді үйретеді.

Ауыз әдебиеті жалпы әдебиет тарихынан да елеулі орын алады. Ол өзінен кейін туған көркем әдебиетке көп әсер етті. Сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу т.б. жөнінде ауыз әдебиеті көркем әдебиетке негіз салды. Бұл ретте де ауыз әдебиетінің мәні өте зор боды.

Еңбекші халықтың көп ғасыр бойына жасаған ауыз әдебиетін Маркс пен Энгельс аса жоғары бағалады. Олар ауыз әдебиеті халықтың қоғамдық өміріне, тұрмысына, тарихына, тарихи жағдайларына, таптық күресіне байланысты туатындығы жөнінде тамаша пікірлер айтты Олар ауыз әдебиеті де белгілі бір  таптық құралы, таптық сананы білдіретіндігін және таптық тілектен тысқары ауыз әдебиеті болмайтындығын дәлелдеп берді.

Карл Маркс халықтың ауыз әдебиетін қызыға тындаған,  терең оқып танысқан, сонымен қатар, ол жөнінде құнды пікірлер айтқан. Жалпы көркемөнердің, соның ішінде ауыз әдебиетінің, қоғам өмірінде алатын орны, даму кезеңдері қандай деген мәселелерге К. Маркс айырықша көңіл бөледі, көркемөнер экономикалық және қоғамдық дамудың жемісі, соның нәтижесі деп қарайды. Ол ауыз әдебиетінің қалыптасуына, өркендеп өсуіне экономиканың, қоғамның дамуы аса көп әсер етеді деп көрсетеді. Сонымен қатар, қоғамның алға басуына қай кезде көркемөнердің де ықпалы болатындығын айтады.

«Саяси экономиканың сынына «кіріспе» деп жазған еңбегінде К. Маркс ауыз әдебиетіне қатысы бар күрделі үш мәселеге көңіл аударады. Оның айтуынша, қоғамның  дамуы төменгі сатыда тұрған кездің өзінде де көркемөнердің жоғары дәрежеге көтерілген кезеңі болады. Көркемөнердің белгілі бір кезеңдегі өркендеуі қоғам дамуының дәрежесіне сай келмейді, қайта одан озық  болады деп көрсетеді. Бұған ол гректердің ертедегі көкркемөнері қоғам дамуынан әлдеқайда ілгері болғандығын мысал етеді.

Екіншіден, Маркстің айтуынша, көркемөнердің барлық түрі бірден қалыптасып ұлғайып кетпейді. Көркемөнердің «аса күрделі маңызы бар кейбір түрлері жалпы көркемөнер дамуының дәрежесі төменгі сатыда тұрған кезінде де болуы мүмкін» - дейді Бұған ол гректің эпосын мысалға алады. Грек эпосы сол кездегі көркемөнердің тамаша бір үлгісі екендігін айта келіп, бұл эпос мифологияға байланысты туғандығын көрсетеді. Ал мифологияны Маркс «мифтік теорияны» шығарған идеалистерше түсіндірмейді, оған материалистік анықтама береді. «Мифтік ұғымдардың қандайы болса да адамның қиялынан туады, табиғат сырын түсінбеген адамдар сол сырды әр түрлі мифтер арқылы ұғынбақ болады, бертін келе, адам баласы табиғатты өзіне  бағындырып алған кезде, оның сырына түсінген шақта ескі мифтік ұғымдар жойылады», - дейді.

Үшіншіден, Маркс ескі грек көркемөнерін, грек эпосын жоғары бағалай отырып, ертеде туған көркемөнер үлгілерінің мәні зор екендігін, көркемдік әсер беретінін айтады. «Ересек кісі қайтадан бала бола алмайды, бірақ ол жас баланың адал, аңқау қылығына қуанып, сүйсініп отырады», - дейді. Мұны айтумен ол ертеде жасалған көркемөнердің кейбір түрлеріне бергі кезде, яғни қоғам өмірі алға басқан, дамыған кезде де, қызығып қараушылық болатындығын білдіреді. Көркемөнердің өркендеп, жоғары дәрежеге жетуі ескі мәдениетті бағалауға, оны жоққа шығаруға әкеп соқпайды деп қарайды.

Халықтың ауыз әдебиетіне Ф. Энгельс те айырықша көңіл аударып, оған зор мән береді. Маркс сияқты, Ф. Энгельс те ауыз әдебиетінің халықтың тұрмысына, қоғам өміріне, экономиканың дамуына байланысты туғандығын айтады. «Ертедегі адамдардың табиғат сырын, айнала қоршаған жаратылыс дүниесін түсіне алмай,  олар жайында неше түрлі мифтік ұйымдар тудыруы және олардың ауыз әдебиетінен орын алуы – экономикалық дамудың төменгі сатыда болғандығынан» деп дәлелдейді.

Ф. Энгельс ауыз әдебиеті үлгілерінен құралған «Немістің халық кітаптары» туралы жазған мақаласында ауыз әдебиетінің мәдени, тарихи, көркемдік мәнін айта келіп, оны саяси-әлеуметтік тұрғыдан қарастырады. Халық кітаптарының міндеті «күні  бойы ауыр жұмыс істеп, арып-талып қайтқан шаруаның көңілін  көтеру, ойын ояту, ауыр азабын ұмыттыру, оған өзінің тастақ даласын иісі жұпар аңқыған гүл бақшасы етіп көрсету» ғана емес, оның міндеті халықтың сана-сезімін, ықылас-жігерін, отанға деген махаббатын ояту, өзінің күш-қуатын, провосын, бостандығын аңғарту екендігін айтады. Осыған байланысты, ол халық арасында айтылып, пайдаланып жүрген шығармалардың барлығы халықтық еместігін, оның бәріне сын көзімен қарау керектігін ескертеді.

Тарихты жасаушы, қоғамды алға бастырып дамытушы ең негізгі, ең белсенді және шешуші күш – халық деп үйретеді В.И. Ленин. Қоғамның материалдық және рухани байлықтарын жасайтын да халық екендігін айта келіп, ол еңбекші бұқараның творчестволық күшін, таланты мен өнерін аса жоғары бағалады. Адам баласының тарихынан айырықша орын алған мәдени мұралардың барлығы да еңбекші халықтың қолымен жасалғандығын айтады.

В.И. Ленин еңбекші халықты және оның творчествосын аса жоғары бағалау мен қатар, оған әр уақытта қамқорлық жасап отырады. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ, ол совет өкіметінің кезектегі міндеттерін көрсете келіп, халықтың творчестволық күшіне айырықша көңіл бөлуді ұсынады. «Егер Октябьр ревалюциясына дейін үстемдік еткен қанаушы тап халықтың  өзін де, оның творчествосын да бағаламаса, совет өкіметі еңбекші халықтың творчестволық таланты мен өнеріне, творчестволық  күшіне ерекше мән береді, оларды дамыту ісін қолға алып дұрыс жолға қояды», - дейді. Және де ол, осыған байланысты, пролетариат мәдениетін жасау жолдарын көрсетіп берді. Пролетарлық мәдениет адамзаттың бүкіл дамуы туғызған мәдениетті қайта қарастырып пайдалану негізінде жасалатындығын айта келіп, В.И. Ленин былай дейді: «Пролетарлық мәдениет маманымыз дейтін адамдардың ойлап шығарған нәрсесі де емес. Оның бәрі өңкей бос сөз. Пролетарлық мәдениет адам баласының капиталистік қоғамның, помещиктік қоғамның, чиновниктік қоғамның езгісінде жүріп жасап шығарған білім қорларының заңды дамуы болып табылуға тиіс.

Проблемалық мәдениетті жасау үшін В.И. Ленин үйретуінше, бір жағынан, ертедегі мәдени мұраны сын көзімен қайта қарастырып пайдалану керек; екіншіден, социалистік жаңа мәдениеттің туып, өркендеуіне қамқорлық жасау керек. Бұл ретте ол ертедегі мәдени мұраның бәрі халық тілегіне қабыса бермейтіндігін айтады. Өткен заманның мәдениетінде бір-біріне қарама-қарсы екі мәдениет болғанын атап көрсетеді. Оның бірі халық тілегінен туған болса, екіншісі, халық мүддесіне қарсы, үстем таптың санасын білдіретіндігін, бұларды таптық тұрғыдан, әлеуметтік-саяси тұрғыдан қарастыра отырып, оның ішінен тек халықтың мәдени мұраны таңдап ала білу қажеттігін ескертеді.

Мұнымен бірге В.И. Ленин социалистік мәдениетті өркендеу ісінде халық творчествосының алатын орны зор екендігін атап өтеді. Халық творчествосына, оны жасаушыларға ерекше назар аударады, оларға қамқорлық жасап басшылық ету қажеттігін айтады.

Халықтың творчествосын, соның ішінде ауыз әдебиетін, жетік білген В.И. Ленин, оны өте жоғары бағалап, зор мән береді. Халықтың ауыз әдебиетінде тарихи, әлеуметтік-таптық маңызы бар мәселелер суреттелген, одан қанаушыларға қарсы халықтың жүргізген күресі, халықтың арман-мүддесі қайдан екендігін білуге болады деп қарайды. Бұл ретте Вл. Бонч-Бруевич жоғарыда аталған еңбегінде халықтың ауыз әдебиетін Лениннің жетік білетіндігін, оны сүйсініп оқитындығын айта келіп, былай дейді: «Әңгімеміз халық эпосы туралы болды да, мен оған (Ленинге) өзімнің кітапханамда батырлар жыры, халықтың өлеңдері мен ертегілерінен құралған жақсы жинақтар барлығын айттым. Ленин «сол жинақтармен танысып шығуға болар ма екен» деп сұрады. Мен оның бұл өтінішін зор қуанышпен орындадым. Сол күннің кешінде-ақ Лениннің жаңағы жинақтарды зейін қоя оқуға кіріскендігін көрдім. Оларды оқып шыққаннан кейін В.И. Ленин: «Мына жинақтарды көз жүгірте қарап шықтым... Тек осылардың бәрін талдап, зерттеп, саяси-әлеуметтік тұрғыдан  қорытып шықса қандай жақсы болар еді. Бұларға сүйене отырып халықтың арман-мүддесі, тілегі, психологиясы жайында тамаша зерттеулер жазуға болар еді...»

В.И. Ленин халық творчествосына айырықша көңіл бөліп, оны зерттеу ісіне айырықша қамқорлық жасап отырды. Халық творчествосының ең асылдарын сын көзімен қайта қарастыра отырып пайдалану жолдарын көрсетіп берді.

Еңбекші халықтың ауыз әдебиетіне айырықша көңіл бөлген, ол жөнінде ғылымдық мәні зор пікірлер айтып,  еңбектер жазған адам Алексей Максимович Горький болды. Оның ауыз әдебиеті жайындағы көзқарасы орыс халқының революцияшыл ұлы демократтары Белинский, Чернышевский, Добролюбовтың және марксизм-ленинизм класиктерінің пікірлерімен ұштаса жатады.

Революцияшыл ұлы демократтар еңбекші халық тудырған ауыз әдебиеті – қоғамдық, таптық сананың жемісі, онда еңбекші  бұқараның тұрмыс-тіршілігі, дүниеге көзқарасы, таптық күресі суреттеледі деп қарады. Халықтың ауыз әдебиеті әлеуметтік теңсіздікке, құлдық өмірге қарсы күресу жөнінде еңбекші  бұқараның сана-сезімін оятуға жәрдемдеседі, соны бейнелейді деп дәлелдейді. Мұнымен қатар олар ауыз әдебиетінің көркемдік қасиетін жоғары бағалады. Және де ауыз әдебиеті арқылы халықтың өткендегі өмірін, тарихын елестетуге болады дейді. Сондықтан да олар халықтың ауыз әдебиетін таптық тұрғыдан, қанаушы тапқа қарсы күресу тұрғысынан бағалауға айырықша мән береді.

------------------------------------------

Халық ауыз әдебиеті немесе фольклористика

Фольклор – қазіргі тілмен айтқанда «әмбебап», яғни синкретикалық өнер түрі. Онда өнердің әр түрі – сөз, музыка, хореография және театр өнері шоғырланған.

Ауыз әдебиеті – талай ғасырлар жемісі. Халық жыраулары, жыршылары, ертекшілері осы сонау ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, бүгінгі біздің дәуірімізге жеткізген.

Адамзат өзінің сонау балаң кезінде, табиғаттың жұмбақ, тұңғиық сырына ойы жете алмаған кезінде сол табиғаттың сиқырлы алуан жұмбағын шешсем, оны өз игілігіме жаратсам, бағындырсам деген арманын өзінің ауыз әдебиетімен бейнелеген. Адамның табиғаттың дүлей, мылқау күшімен арпалысы да сол ауыз әдебиетінде өрнектелген. Қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық өмірдің ілгерілеуіне, адамның ой-санасының өсуіне, өзін қоршаған табиғаттың сырына терең болауына байланысты ауыз әдебиеті де мазмұны, формасы жағынан байып, дамып отырған.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінің сонау көне дәуірден келе жатқан рухани мұра екені «Құламерген», «Ер Төстік» ертегілерінен айқын танылады.

Әлеуметтік жікке бөлінген қоғамдық өмірдегі қайшылықтар, байлар мен соған тәуелділер, кедей-кепшіктер арасындағы күрес, тартыс ауыз әдебиетінің мұнан былайғы даму өрісінде кең қамтылған. Халық ауыз әдебиетінің өлең-жыр, ертегі, мақал мәтелдері, лиро-эпостық жырларында қарапайым адамдардың, еңбек адамдарының жасампаз күшіне, ақыл-парасатпен сенген, соларды мадақтаған.

Сондықтан, ауыз әдебиетіндегі бұқара өкілдері тек жақсы жағынан ғана суреттеледі, олар тамаша қасиеттері арқылы оқушыны өзіне еліктіре біледі.

Ауыз әдебиетінің түрлері

Халық ауыз әдебиеті әр салада, әр түрлі жанрда дамыған. Тұрмыс-салт жырларынан бастап, эпостық жырларға дейінгі бай мұра халық ауыз әдебиетінің жанрлыө өрісін танытады.

Тұрмыс-салт әдебиетінің негізгі түрлері:

тұрмыс салт жырлары;
мақал-мәтелдер мен жұмбақтар;
лиро-эпостық жырлар;
айтыс өлеңдері;
тарихи жырлар, шешендік сөздер.

Халық ең асыл өнері – бай ауыз әдебиеті арқылы өзінің тарихын, халықтық рухын бейнелеген. Қорыта келгенде, ауыз әдебиетінің толып жатқан түрлерін эпостық, драмалық және лирикалық жанрдың маңына топтауға болады.

НАЗИРА Бурханова

+2 дауыс

Мынау ақпараттар:

Осыған қарап отырып жазсаң болады

Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Сонымен бірге ғылым мен мәдениетте “халық шығармашылығы”, “халық поэзиясы”, “халықтың ауызша сөз өнері” дейтін атаулар да осыған жақын мағынада қолданылады. 1846 жылы ағылшын Вильям Томс ұсынған “фольклор” (ағылшынша lolk — халық, lore — білім, даналық) сөзі де ауыз әдебиеті атауы үшін халықаралық ғылым атау ретінде орныққан. Бұлардың қай-қайсысы да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Бірақ мағыналары бір емес. [1]Мысалы, “халық поэзиясы” дейтін ұғым өлең түрінде айтылатын поэзиялық жанрларды жинақтап атауға лайық болса, “халық шығармашылығы” — халық шығармашылығы мен өнерінің барлық түрлерінің жалпы атауы, “ауызша сөз өнері” — прозалық та, поэзиялық та шығармалардың ортақ ұғымы. Бұларға қоса “халық даналығы”, “халық білімі” деп аударылатын “фольклор” терминінің мән-мағынасында да елеулі айырма бар. Батыс Еуропа, Америка, Австралия халықтарының ұғымында бұл сөздің мағынасы тым ауқымды. Ол халықтың киім-кешек, құрал-жабдық, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, наным-сенім, сондай-ақ түрлі көркем өнерін (поэзия, музыка, би, ою-өрнек, тоқыма өнері, т. б.) тұтастай атау үшін қолданылады. Бұл жағынан алғанда ол тек ауыз әдебиетін ғана емес, “этнография”, “этномәдениет” дейтін ұғымдармен де сабақтасып жатыр. “Фольклор” атауы орыс ғалымдарының зерттеулері арқылы халықтың ауызша поэтикалық шығармашылығы деген мағынада қалыптасқан. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы “ауыз әдебиеті” деген ұғым да “фольклордың” осы мәнімен сабақтас.[2] Бұлар бірін-бірі толық алмастыра береді. [3]Ауыз әдебиетіін зерттейтін ғылымды “фольклортану” деп атау да осыған байланысты. Қазақ халқының ауыз әдебиеті өзінің көркемдік-идеялық нәрімен, эстетикалық қуат-тегеурінімен, түрі мен жанрларының молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық-әлеуметтік және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленеді. Ол — көне тас дәуірінде пайда болып, түркілік тұтастықты бастан кешірген, одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесі жоқ рухани мұра. Байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен, асыл арманы, биік мұратынан жан-жақты мағлұмат береді. Әрі ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар тізбегіндегі тарихи өзгерісін, этникалық санамен қарайлас жүріп өткен жолын да көз алдымызға елестете алады. Ауыз әдебиетінің шығарушысы да, таратушысы да, тыңдаушысы да — халық. Сондықтан ол, шын мәнінде, халықтың өз еншісі болып табылады. Ауыз әдебиетінің осы өзгешілігі оның әлеум. бітімін де айқын сипаттайды. 20 ғасырдың басына дейін көшпелі қоғамда туып, көшпелі қоғамның талап-талғамы мен әлеуметтік қажеттілігіне толық жауап берген ауызша сөз өнері өзінің барлық даму жолдарында айрықша жүк арқалады, көркемдігі мен әлеум.-қоғамдық қызметі бойынша ең биік тұғырға көтерілді. Көшпелі қоғам мәдениетінде табан астында туып, тыңдаушысын тәнті етпеген өлеңді, мәнерін таппаған жырды өнер деп танымаған. Осындай тіршілік аясында қалыптасқан ауыз әдебиеті барлық белгілері бойынша классик. деңгейге көтерілген. Сондықтан да қазақ халқының ауызша сөз өнері отырықшы елдердегі көп өнердің бір тармағы ретінде дамыған фольклорлық шығармашылықтан оқшауланып тұрады. Көшпелі қоғамда фольклор белгілі бір әлеум. топтың ғана шығармашылығы емес, жалпы халықтың ханы мен қарасына, батыры мен биіне, байы мен кедейіне ортақ өнер, әмбеге тиесілі мұра. Бұған себеп күнделікті тіршілікті өнер дәрежесіне, кез келген құбылысты бейнелі де бедерлі жеткізуге дала перзентінің бейім тұруы еді. Қазақ даласындағы көшпелі қоғам мәдениет пен ғылымның біраз салаларынан кенжелеп жатқанымен, ауыз әдебиетінің таң қаларлықтай тұтас, қоғамдық дәрежеде дамуына мейлінше толық жағдай жасады. Ауызша айту фольклордың тек қана шығарылу, таралу жолы емес, бүкіл қоғам тарапынан қолдау тапқан өнердің басты шарты болды. Үлкен де, кіші де ауызша өнер дәстүріне дағдыланды, жасынан санасына сіңіріп, соны ғана мойындады. Бүкіл қоғам ауызша өнер мектебі болды. Осыған лайық ауыз әдебиетінің көтерген жүгі де орасан зор еді. Халықтың тарихи зердесі, философиялық ой-түйіндері, педагогикалық тәжірибесі, адамгершілік нормалары, кәсіптік әдебиетке тән көркемдік сұраныстары, театрлық өнерге тиесілі есесі ауыз әдебиетіне жүктеледі. Іс жүзінде оның араласпайтын саласы қалған жоқ. Шілдеханадан бастап рулар арасындағы дау-дамайларға, бесік жырынан бастап жоқтауға, ем-домнан бастап лирикалық өлеңдерге, ырым-түсініктерден бастап қоғамдық дүниетанымдық аңыз-әңгімелерге, мифтік сенімдерден бастап қоғамдық ой-пікірлерге дейінгінің бәрі де фольклорға тоғысты. Сондықтан да ол қай заманда да белгілі бір топтың (немесе таптың) ғана мұрасы болған жоқ. Бұған өткен қоғамдарда қазақ ауыз әдебиеті туралы пікір білдірген адамдардың әр түрлі мамандық иелері болуы да дәлел бола алады. Олар өздеріне қажет елдің тарихы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, мінез-сипаты, дүниетанымы, моральдық-этикалық нормалары, заңдары, діні, дәрігерлік тәжирібесі, қару-жарақ, киім-кешек, жер-су, мекен, тау-тас, көл, өсімдіктер мен жануарлар туралы мәліметтерді алдымен осы фольклордан тапқан. Қазақ А. ә-нің қуатты қайнар көзі ауызша жырлаудың небір саңлақтарын дүниеге әкелді. Есімі тарихтан белгілі сонау 14 — 15 ғасырлардағы Сыпыра жырау, Асан Қайғыдан бастап кешегі Жамбыл, Нұрпейіс, бүгінгі халық ақындарына дейінгі аралықта ауызша жырлаған ақын, жырау легінің даңқы қазақ мәдениетінің тарихында біржола орын тепті. Бұл іс жүзінде халықтық фольклорлық мұраның ауызша даралық кәсіптік өнерге дейінгі жүріп еткен жолы еді. Авторлық ауызша әдеби мұраны ауыз әдебиетінің қатарына қоспағанымызбен оның төл тарихы содан басталатынына ешбір күмән жоқ.[4] Қазақ фольклоры біздің заманымызда өткен қоғамдардағыдай дамудың қайнар көзінде, өсіп-өркендеудің ең биік сатысында тұрмағанымен қазір де ұлан-ғайыр әлеум. жүк арқалауда. Ұлттың рухани болмысын, мінез-сипатын, тұрмыс-тіршілік тынысын әлі сол фольклор арқылы айна қатесіз танимыз. Еліміздің тәрбиелік, эстетикалық, адамгершілік мұраттарының айқын айғағы, рухани өлшемі де сол фольклордан бастау алады. Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т. б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирикалық өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар... — міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі әрі қарай түр-түрге бөлініп кете береді. Бұлардың қай-қайсысы болса да сөзбен айтылатын шығармалар және олардың негізгі құралы сөз. Сондықтан ауыз әдебиеті, ең алдымен, сөз өнері. Рас, ауыз әдебиетінде сөзден басқа әншілік және орындаушылық өнер де айрықша қызмет атқарады. Ақындық, музикалық және театрлық шығармашылықтың мұнда қабаттаса қолданылуы табиғи жағдай. Алайда ауыз әдебиетінде сөзден басқа өнердің түрлері қосымша қызмет атқарады. Себебі ауыз әдебиетіне жататын шығармалардың идеялық көркемдік мән-маңызы, эстетикалық қуаты, тәрбиелік мәні, ең алдымен, бейнелі сөзге негізделген. Әрине сөз өнеріне жазба әдебиет те жатады. Фольклор мен жазба әдебиет айтылу, таралу ерекшеліктері және идеялық-көркемдік өрнегі бойынша бір-бірінен бөлек дүниелер. Бұл өзгешелік көркем шығарманың жаратылысындағы мезгілдік және мекендік өлшемдерден айқын көрінеді.[5] Ауыз әдебиеті табан астынан тыңдаушыға арналып айтылатындықтан (немесе орындалатындықтан) және суырып салып шығарылатындықтан мезгіл жағынан шектеулі болады, яғни әр жолды, әрбір шумақты, бейнелі тіркестерді айтушының ұзақ уақыт ойланып-толғанып отыруына мүмкіндік жоқ. Сондықтан көркем шығарманы алғаш шығарып отырған мезгіл де, оны ауызша орындау уақыты да бұл арада бірдей.[6] Себебі ауызша шығарма тыңдаушы алдында қолма-қол шы

...