Сіз пәтер сатып аласыз, уақыт өте келе ол үйде тұруға мүмкін еместігіне көз жеткізе бастайсыз. Терезе астында футбол ойналып, көршілеріңіз қатты музыка тыңдайды, астыңғы қабатта иттің ұлығаны естіледі.
Шу ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Біріншісіне музыкалық құралдар, тұрмыстық музыкалық аппаратура, адам мен жануарлардың дауысы жатады. Ал сыртқы шуға автокөліктің гуілі мен дыбыстық белгілер, мекемеден тыс жұмыс жасап жатқан агрегаттар дауысы мен тағы басқалар жатады.
Шулы көршілерді сабасына түсіру оңай емес, алайда олармен сөйлесіп көруге болады.
Тыныштық орнату бойынша жұмыс мына кезеңдерден тұрады.
1. Егер көршіңіз түнде шулап, ұйқы бермесе, шулауды тоқтатуын (телефон арқылы) өтіну, куәгерлердің (көршілер) көзінше жағдайды түсіндіру.
2. Егер нәтиже болмаса, онда жергілікті полиция бөлімшесіне (телефоны сізде міндетті түрде керек) хабарлама жіберу.
3. Полиция жасағы айналадағы адамдарды сыйлау керектігі жөнінде түсіндіру шараларын өткізеді. Тұрғын үй орын-жайларды пайдалану ережелерін сақтамау бойынша хаттама жасалады, одан соң хаттама әкімшілік комиссияға жолданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлік жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу - ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға - екі, лауазымды адамдарға, жеке кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (333-бап. Тыныштықты бұзу).
4. Алайда, полиция жасағы кеткеннен кейін де, өз дегендерін жасайтын көршілер музыкаға қайта басады. Полиция келетін күні тынышталып, ал олар кеткенде, жағдай қайтадан қайталанып отыратын оқиғалар көп. Осындай жағдайда көршілердің әрекеті ұсақ бұзақылық деп танылады. Ондай жағдайда қоғамдық тәртіпті бұзу мен азаматтардың тыныштығы туралы акт жасалады. Аталған құжатқа көршілес пәтер тұрғындары қол қояды. 2 пәтер тұрғынының қолы жеткілікті.
5. Акт құрастырумен қатар, қоғамнық тәртіп бұзушылықтың уақыты мен орны жазылған арыз дайындау керек.
6. Арыз бен актіні шақыртумен келген полиция жасағына тапсыру.
7. Полиция қызметкерлері өз кезегінде, қоғамдық тәртіп бұзушылық туралы хаттаманы толтыруы керек.
8. Егер көршіңіздің «өш» алу ниетінен қорықсаңыз, полицияға өтінішіңізді жеткізе аласыз. Ондай жағдайда көршіңізге қорғау ұйғарымы шығарылады. Ол не? Ол арқылы көршіңізге сіздің өз еркіңізден тыс қарсы кездесу, қудалау, іздеу, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады. Қорғау ұйғарымы он күнге жасалады. Осы уақыттан кейін сіздің өтінішіңіз бойынша прокурор рұқсатымен оны тағы 30 тәулікке ұзартуға болады. Оның бәрін полицейлер өздері жасайды. Сізден тек өтініш қана қажет.
9. Балама шаралар ретінде дыбыстық оқшаулау шарасын ұйымдастыру керек.