+1 дауыс
3.7k көрілді
Мәңгүрттіктен сақтан ұрпақ тақырыбына шығарма керек?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Қазір қазақтың ең басты мұңы не? Ұлтымыздың үлкен-кішісі нені уайым қылуда? Қазаққа төніп тұрған қауіп қайдан? Жыл озған сайын Алаш жұрты аранын ашқан аждаһаның көмейіне жұтылып барады. Содан қандастарымыздың хабары бар ма өзі?

Ана тіліміздің тағдыры туралы, жастарға берілетін білімнің жасанды болмауы хақында, жаттың қанжығасына бөктерілген атамекен жер жайлы, жау шаппай, жер тұлданбай-ақ қирап қалған ауыл жайлы, ұлттық дәстүрді ұлықтаудың керектігі туралы кезінде үлкен мінберлерден айтылған ұтымды ұсыныстың, ащы пікірдің, аталы сөздің бәрін бұл күнде ошақ басындағы беймаза қырттың қайталама байбаламына айналдырып жібердік. Осының бәріне кінәлі кім?

Алаштың жауы алыстан келген жоқ. Кешегі қанды қасіретті бүгінгі ұрпақтың ұмытуға хақы бар ма? Ұлтын сатқан опасыздар кеше де болған, сол сатқындардың тұқымы қазір де бар. Басқаның бәрі кеңірдегінен кенелсін, бірақ, қазаққа еш жақсылық болмасын дейтін мысықтілеулер мемлекет билігінде осы күні үйірімен отыр.

Ащы ақиқат ақыр түбінде айтылуға тиіс. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Алаштың арыс азаматтары алмағайып кезеңде бастарын бәйгеге тігіп жүріп жұртының қамын жеді. Барлығы сол жолда өкінбестен шаһид кешті. Біз сол сом жүректі арыстардың ұрпағымыз. Ақиқатты айтудан жасқанбасақ керек-ті.  Сөйлегеніміз  – халқымызға тиесілі сөз. Айтарымыз – тілдің, елдің, жердің, ұрпақтың қамы. Қазаққа жасалып отырған көпе-көрнеу қиянаттарды көзің көре отырып, үнсіз бұғып жүруге қашанғы дәтің шыдайды?

Кезінде «Итің жаман» десе намыстан жарыла жаздайтын қазақтың ұлдары қазір тал түсте төбесіне сарып тұрғандарға мәу демейтін кепке түсті. Себеп – намыстың құрдымға кеткендігінде.  Біз сол құрдымға кеткен намысты жандандыруға, жасығанды жігерлендіруге, қалғығанды оятуға дәнекер болсақ дейміз.

«Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар…»

Қазақтың тілі – біз үшін жыры таусылмайтын, мәңгілікке созылған проблемаға айналды. Себебі, арбаға теріс  мініп алып, «алға-алға» деп айғалаған әпенденің шаруасы осы. Өзің кері қарай жүріп бара жатсаң, даусың айғайлаған сайын топтан алыстап, құмыға береді емес пе. Ең бір сұмдығы, қазір тіл мәселесін көтеру – кейбір адамдардың тілінде арнайы түрде бір кекесінді күлкі ұялатып тұратын, мысқылдың көзіне айналдыратын дәрежеге жеткізді. Бұл – өте үлкен психологиялық дұшпандық. Өйткені, ақырғы тиімді жағдайды ұстанып қалуға мұрша келтірмеудің амалдарын күн сайын тоғытып жатыр.

Ең басты мәселе – өзі тіл не үшін керек? Тіл керек пе қазаққа? Сөз жоқ керек! Неге керек? Өйткені, сөзің жоғалса, өзің де жоғаласың. Бұл аксиома. Енді, өзіңнің жоғалуыңмен ұлттың жер бетінен сыпырылып, қазақ дейтін қабырғалы халықтың құрдымға кетуімен келісетін адамдар бар ма?… Масқара болғанда, жоқ емес! Тамағы тойса тоқмейілсіп жатуға риза болатын топ бар ма?… Бар! Әйтеуір ұйықтап тұрсам, тамақ ішсем, бала туғызсам, бала тусам болды дейтін, кәдімгі хайуани тірлікпен келісетін адамдар бар ма?..  Қоғамда бұл да бар және бұлардың қатары өте көп. Ең масқараның басы осында! Бұл ненің жемісі? Бұл кешегі отаршылдық саясаттың жемісі, құлдық сананың әбден қалыптасып, қара тырнағыңа шейін сіңгендігінің көрінісі.

Бірақ, өзінің жоғалуына көнбейтін топ бар ма?… Оған көнбейтін топ, оған қарсы шығам дейтін адамдар Аллаға шүкір, жоқ емес! Сондықтан біз мәселеге мына бір тұрғыдан қарайық, қазақ тілі – қазақ ұлтын бірден-бір сақтап қалатын фактор. Демек, осы ен байлықтың үстінде, мына қазыналы Алаштың сар даласының төсінде отырған ҚАЗАҚ дейтін ұлт неғұрлым мықты болса, ол өзінің байлығының жаттың қанжығасында тегін кетуіне өліп кетуі бар, ешқашан көнбейді.

Тәуелсіздігімізді жариялап, орыстың уысынан шыққаннан кейін бізге көз салушылар көбейді. Алпауыт мемлекеттер Қазақстанға байы өлген сұлу жесірдей сұғын қадайды. Әркім біздің байлығымыздан дәметеді. Біреу өтірік мақтайды, енді бірі қамқорсыған кейіп танытады. Шындап келгенде бәрінікі жалған сұрқиялық. «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар» деген Абайдың меңзегені солар сияқты. Ішіндегі былықтан жарылғалы жүрген мемлекеттер де бізге «сүттен ақ, судан таза» болып көрінгісі келеді. Қазақтарды орысша мақтаудың бірден-бір себебі неде дейтін болсақ, ол – біздің байлығымызға көз тіккендіктен. Соны арқаға сипап-сипап, тартып алудың жолдарын әркім-ақ қарастырып жатыр.

Рас, әлем алдында Қазақстан имиджінің жасалуын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ,бұл жасанды имидж ғой. Жасанды нәрсенің ғұмыры қашан ұзақ болған? Шынында әлем алдында біздің пәлендей салмағымыз бар деп айту қиын. Біз компьютер немесе керемет бір жүйе ойлап тапқан жоқпыз. Ең құрығанда қарапайым сіріңке мен шегені өндірген ел емеспіз. Сонда да жаһан жұртының алдында көлбеңдеп жүрміз. Жұрт білмеген сырымыз қалмады. Сырт ел бізді дәулетіне мас болған даңғойға балайды. Ал, масаң адамда дені саумен тіресер қауқар бар ма? Қауқарсызды құртуға қанша айла керек?

Екіншіден, қазір ен байлықтың үстінде отырған қазақ деген ұлтты құртудың төте жолының біреуі, сол қазақтың тілін жою! Ана тілін еліне мүлде керексіз ету. Тіл керексіз болғаннан кейін, сен және сенің ұрпағың орысша, ағылшынша сөйлегеннен кейін тындым дей бер. Мысалға, саха-якуттерді алыңыз. Алтай, тува, хакас, шорға қараңыз. Ана тілдерінен айырылып, қорлыққа белшесінен батып отыр. Өзінің алтайшасын, шоршасын, хакасшасын ұмытқан халық. Мысықтілеулердің арманы – мына қазақ та солардың кебін кисе дейді. Қазақ қазақшасын, қалмақ қалмақшасын  білмесе, екеуі де орыс тілін жетік біліп, орысша сөйлеп тұрса, ол кім? Ол – түрі этникалық азия ұлты болғанымен, көзі сығырайып моңғолит болғанымен, ол – орыс! Кәдімгі орыс ұлтының, сол мәдениеттің өкілі, сол тілдің жеткізушісі! Ондай қазаққа Әуезовтің қажеті жоқ, оған Жансүгіровтің керегі шамалы. Ол Доспамбет, Қазтуған, Шалкиізді неғылсын. Егер өресі жетіп жатса ол Толстойды оқиды. Болмаса Толстойды қайтсін. Ол күнделікті «Времядағы», я болмаса, басқа бір «сары прессадағы» бірдеңелерді оқиды. Қала берсе, соның артындағы кроссвордты шешіп отырады. Ондайлардың қатары қазір де аз емес. Мәңгүрттер осылай пайда болады. Енді әлемдік империялар, әлемдік сыртқы істер осы бір діттеген мақсатына жету үшін не істейді? Әлбетте, Қазақ тілін дамытпаудың алпыс түрлі айла-шарғысын жасап, арамы жолдарын ойлап табады.

Сол айла-шарғының біразы бұл күнде іске асырылып та жатыр. Қазақ тілін дамытпаудың, қазақ тілін құртудың ең бірінші жолы – осы тілге деген қажеттілікті жою. Яғни, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілі бола тұра, сол мемлекеттік тілді білмей-ақ, сен саяси ықпалы зор саясаткер бола аласың. Сол тілді білмей-ақ сен үлкен-үлкен байлыққа қол жеткізетініңе еш күмән жоқ. Оған мысал да көп. Сол тілді білмей-ақ әртүрлі лауазым иелері бола алатыныңды көргеннен кейін, қазақ тіліне деген құлшынысың өзінен өзі жоғалады. Осыған келісесіз бе?

Бір шүкіршілік етеріміз, тіліміздің дұшпандарының сорына қарай, қазақ тілін талап ететін бұқараның қарасы қалың! Өкініштісі сол, осы бұқараның, осы «қыңқылдаған иттің» аузын жабудың қитұрқы жолы көп. Тіл құртқыш зымияндардың айтары: «Біз осы қазақ тілін дамытуға пәленбай қаржы бөлдік, пәленбай миллиард ақша бөлдік» дейді. Сол кезде жаңағы тілді талап еткен бұқараның ақылы таяз, аңқау белсенділері «Е-е, қаржы бөлінді ғой, енді бірдеңесі бола жатар» деп алданады да қалады. Қорасына қасқырды өз қолымен қамап, қойын қырғызып жатқанында шаруасы жоқ, айыл-тұрманын жинап, қорадан үйге қарата жайбарақат кетіп бара жатады…
...