Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу үшін сіздің заңды тұлғаңыз орналасқан орын бойынша әділет органы – Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) барсаңыз болғаны. Әділет органы статистика басқармасына ЖШС тіркеу туралы хабарлама жібереді. Статистика басқармасы заңды тұлғаға сәйкестендіру және басқа да жүйелік-есептік кодтарды береді және олар туралы Мемлекеттік статистикалық тізілімге енгізеді, статистикалық карточка дайындайды. Статистика басқармасы салық төлеушіні салық органдарына мемлекеттік тіркеу үшін хабарлама береді. Содан кейін салық төлеу куәлігі әділет органына жіберіледі. Сол жерде сіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін қажетті құжаттардың барлығын аласыз.
Тіркеу тәртібі мынадай әрекеттердің ретінен тұрады:
ХҚО-ға белгіленген үлгідегі өтінішті беріңіз.
Жарғыны, құрылтайшылық шартты қазақ және орыс тілдерінде үш данада қоса беріңіз. Егер Сіздің ЖШС-ның құрылтайшысы басқа заңды тұлға болса, онда салық органынан қарыздың жоқ екендігі туралы анықтама беру керек.
Бұл маңызды! Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен үлгілік жарғылар әзірленіп, бекітілген. Егер сіз өз қызметіңізді үлгілік жарғы негізінде жүзеге асырғыңыз келсе, мемлекеттік тіркеу процесіне бару қажет етілмейді.
Назар аударыңыз! Егер сіз шетел валютасын айырбастаумен айналысатын болсаңыз, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге қосымша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің рұқсаты талап етіледі. Егер сіз қаржылық операциялармен айналысатын болсаңыз, онда Қаржы нарығын және қаржылық ұйымды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатын алуыңыз керек.
Егер сіздің ұйымыңыз шағын кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын болса, заңды тұлғаның орналасқан жерін куәландыратын құжатты ұсынасыз (жалдау шарты; сатып алу-сату шарты; жылжымайтын мүлік құқығына тіркеу жүргізілгендігі туралы мөр басылған жылжымайтын мүлікке құқығын растайтын құжат; егер орын-жайдың меншік иесі жеке тұлға болып табылса, жеке тұлғаның орын-жайды заңды тұлғаның орналасқан жері ретінде берілгендігі туралы нотариалды куәландырылған келісімі беріледі);
Мемлекеттік тіркеу үшін бюджетке төленетін алымның төленгендігін растайтын түбіртек немесе құжатты қоса беріңіз (2 АЕК, егер сіз шағын кәсіпкерлік субъектісі болсаңыз; басқа жағдайларда алым сомасы 6,5 АЕК-ті құрайды);
Құрылтайшылық және басқа құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексерген, соң тіркеуші орган сізге заңды тұлғаның тіркелгендігі туралы куәлік береді және тіркелген деген мөрі бар Жарғыны қайтарады.
Сонымен қатар, сіз заңды тұлғаның статистикалық картасын және салық төлеуші куәлігін аласыз.
Сонда кейін сіз салық режимін таңдау үшін салық органына баруыңыз қажет. Режимді таңдау қызметті жоспарлау үшін маңызды, жеңілдетілген декларация негізінде қызметі жүзеге асыру кезінде заңды тұлға ретінде филиалдар мен өкілдіктер ашуға құқығыңыз жоқ.
Егер Сіздің жұмысшыларыңыздың шекті орташа тізімді саны тоқсанына елу адамнан, ал шекті кірісіңіз 25 000 000 теңгеден аспайтын болса, сіз жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін таңдай аласыз. Бұл үшін сіз заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық басқармасына салықтық өтініш беруіңіз қажет.
Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі мынадай қызмет түрлеріне қолданылмайды: акцизді өнімдер өндіру; акцизді өнімдерді сақтау және көтерме сату; мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін – бензин, дизель отыны және мазут сату; лотореялар (мемлекеттік (ұлттықтан) басқа ұйымдастыру және өткізу; жер қойнауын пайдалану; шыны ыдыстарды жинау және қабылдау; түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және сату; кеңес беру қызметтері; бухгалтерлік есеп және аудит салымындағы қызмет; қаржылық және сақтандыру қызметі және сақтандыру брокері және сақтандыру агентінің делдалдық қызметі.
Арнайы салық режимін мыналар қолдана алмайды:
филиалдары мен өкілдіктері бар заңды тұлғалар;
заңды тұлғалардың филиалдары, өкілдіктері;
басқа оқшауланған құрылымдық бөлімшелер және (немесе) түрлі елді-мекендердегі салық төлеу объектілері бар салық төлеушілер. Бұл нысан мүлікті жалға беру қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.
заңды тұлғаның қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлға;
құрылтайшысы арнайы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлға.
Есте сақтаңыз! Егер Сіз өзіңізге бөлінген 10 күндік мерзімді өткізіп алған болсаңыз, онда ЖШС автоматты түрде жалпы белгіленген тәртіпке көшеді.
Қажет болған жағдайда, егер заңды тұлға ҚҚС төлеуші болуға ниет білдірсе, салық органынан ҚҚС төлеуші куәлігін аласыз.
Сонымен қатар, ЖШС-ның қызметін жүзеге асыру үшін міндетті түрде ұйымның мөрін дайындап, банктік шот ашыңыз, бақылау-кассалық машинаны (БКМ) салық органында тіркеу есебіне қойыңыз.
Құжаттар пакеті және тіркеу тәртіптемелері жөніндегі нақты ақпаратты Астана қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің анықтама орталығының телефоны бойынша ала аласыз (7172) 58 00 58. 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша АЕК 1 512 теңгені құрайды.