Әлемдегі ең үлкен шыршалар
30.12.2013
АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең үлкен шырша Италияның Губбио (Умбрия) коммунасында орнатылған.
АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең үлкен шырша Италияның Губбио (Умбрия) коммунасында орнатылған.
Инджино тауына арқа сүйеп тұрған композицияны шырша деп атау қиындау, алайда оның түрі соған саяды. Биіктігі - 650 метр, ені - 350 метр. Шыршаның бел ортасы 260 шырақпен безендірілген, ал жоғары бөлігіне 200 шырағдан қажет болған. Мұндай шырша Инджино тауына алғаш рет 1981 жылы орнатылған, алайда ол тек 1991 жылы ғана Гиннесстің рекордтар кітабына енген. Одан кейін ең орасан жасанды жаңажылдық шырша әлемдік рекордтар кітабына 2009 жылы тіркелген екен. Ол Мексиканың Пасьо-де-ла-Реформа даңғылына орнатылыпты. Оның диаметрі - 35 метр, биіктігі - 110,35 метр, суреттеп айтқанда, оның көлемі 40 қабатты тұрғын үйге сай келеді. Мұндай орасан шыршаны орнату үшін 200 жұмысшыға екі ай мерзім қажет болған. Сондай-ақ оған жалпы салмағы 330 тоннаны құрайтын металл құрастырмалар жұмсалған, ал электрмен жарық шашатын безендірушінің ұзындығы 80 мың метрді құрапты. Тағы бір қызық мысал: Рио-де-Жанейроның Лагоа-Родриго-де-Фретас көлінде де жүзіп жүретін үлкен шырша бой көтерген, оның биіктігі 85 метрді құраған, ал одан 2 миллион шырағдан жалт-жұлт етіп, су бетіне шағылысқанда көкпен тіркескен патшалықтың тылсым таңғажайып дүниесіне куә боласыз, деп жазады "Алаш айнасы" басылымы.