Биыл ҰБТ екі кезең бойынша өтеді екен… Ұлттық университетке түсу балына өзгеріс енгізіліпті… Логикалық сұрақтар көп болады-мыс… Ең үлкен білім сынағы жақындаған сайын ел арасында осындай әңгімелер тарай бастады. Олардың ақ-қарасын анықтау мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевке хабарласқан едік.
Ұлан: ҰБТ тапсырған түлектер көбіне Қазақстан тарихы пәнінен қиналады. Жалпы сұрақтардың мазмұны қандай болмақ?
Қ.Әбдиев: Мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізілген жоқ. Сол себепті тест сұрақтарының мағынасы, мазмұны да өзгеріссіз. Бірақ математика, физика және химия пәндерінен келетін сұрақтар мазмұн жағынан толықты. Суретке, сызбаға құрылған логикалық сауалдарды көбейттік. Мысалы, «Қаладағы жолаушылар таситын көліктердің жалпы саны – 640. Олардың пайыздық үлестері суретте көрсетілген. Барлық көліктің нешеуі трамвай екенін табыңыз?». Суретті түсінген талапкер жауапты тез табады.
Ұлан: Ұлттық университетке түсу балына өзгеріс енгізілді ме?
Қ.Әбдиев: Иә. Мәселен, бұрын Ұлттық университеттердің ақылы бөліміне ҰБТ-да 70 балдан жоғары жинаған түлектер ғана оқуға түсетін. Ал биыл Ұлттық университеттер оқуға түсу балын төмендету туралы ұсыныс жасалды. Енді үш мамандыққа: білім беру, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне 60 балдан жоғары жинаған талапкер Ұлттық университетке ақылы бөлімге түсе алады. Ал «Жалпы медицина» бөлімі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен көрсеткішпен қала береді.
Ұлан: Былтыр шпаргалка іздеп, талапкерлердің қалтасын, қойны-қонышын тексерудің арты дауға ұласты. Биыл қалай болар екен?
Қ.Әбдиев: Біз бұл тығы-рықтан шығудың жолын қарас-тырдық. Ұшақ алаңында металл тексеретін арка секілді құрал бар. Осы құралды қолдануға ұсыныс білдірдік. Құралды Астана, Ақтөбе және Атырау қалаларында тест өтетін 30 орталықта қолданамыз. Енді талапкерді тексеру кезінде тінту болмайды, тек ескерту жасалады. Тексеру қолға ұстайтын металл іздегіш арқылы жүзеге асырылады. Егер металл іздегіш шырылдайтын болса, талапкер тестке жіберілмейді. Ал апелляцияға өтініш тест тапсырған күні-нің ертесіне түскі сағат 14.00-ге дейін қабылданады. Өтінішті комиссия тексереді. Егер апелляция тест тапсырмаларына қатысты болса, республикалық комиссияға жолданады. Ал техникалық ақау-ларға байланысты болса, Ұлттық тестілеу орталығы тексереді. Тест парақшасын тексеретін сканерлер жаңадан алынды. Барлық жағдай жасалды. Тек талапкердің мұқият болғаны жөн.
Осыдан екі жыл бұрын «Түркістан қаласында тест тапсыру орталығында «жарылғыш зат қойылды» деп шулаған еді. Тест тапсыру кейінге қалып, көп шығын әкелді. Биыл осындай қателікке жол бермеу үшін тест өтетін орын бір күн бұрын тексеріледі. Бөлмеге бейнекамера қойылып, бақылау күшейеді. Аудиторияда кезекшілер болмайды. Оның орнына аудитория санына сәйкес министрлік өкілдері жіберіледі. Былтыр 800-дей өкіл болса, биылғы жылы 1300-дің шамасында болмақ.
Ұлан: 2015 жылы ҰБТ екі кезең бойынша өтеді екен. Жобаға дайындық жасалып жатыр ма?
Қ.Әбдиев: Қазір дайындық жасап жатырмыз. Бірақ тәжірибе жинау үшін нақты қай аймақта өткізетініміз шешілмеді. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҰБТ мектеп бітірушілердің қорытынды аттестациясы және ЖОО-ға түсу емтихандары түрінде өтеді. Тестілеу компьютер жүйесіне толық көшіріледі. Ал бейіндік пәндерден емтихан жазбаша және ауызша өтуі мүмкін.
Сұхбат пен мәліметтер алынды!