Төле биді тек қана қазақ халқы емес, өзбек, кырғыз, қарақалпақ, тәжік елдері де дуалы ауызды әулие кісі, бас биіміз деп, оның есімін осы кезге дейін қастерлеп еске алады. Тағы бір мынадай аңыз бар:
Жоңғар басқыншылары өрттей қаптап, қазақ жерін таптап, келе жатады. Қамсыз малын бағып отырған ел тым-тырақай босып үдере көшеді. Сонда жалғыз-ақ бір үй түтінін түтетіп отыра береді. Жоңғар қоңтайшысы батырларын жұмсап: - Анау жалғыз үй неғып көшпей отыр, - барып біліп келіңдер! - дейді. Келсе, ол Төле бидің үйі екен. Жоңғар жігіттері өкіреңдеп: - Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен кімсің, неғып отырсың?! Төле би олардың алдынан шығады: - Жігіттер, сабыр етіндер! Алдымен үлкен кісіге сәлем қайда? - Әдет- дәстүрден бір сүрінген олар сәлем беріседі. - Енді тыңдаңдар, - деп сөз бастайды Төле би - шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Сол құс қашан сарыауыз балапандарын қанаттандырып өргізіп кеткенше мен еш жаққа көшпеймін. Қарлығаш - қасиетті құс, адам баласының досы. Сендер білесіңдер ме. Ертеде дүние жүзін топан су қаптағанда Нұх пайғамбардын кемесін суға батудан аман алып қалған осы қарлығаш! Адам баласына қастандық жасамақ болған жыланнан да корғап қалған осы қарлығаш! Мен жау келді деп үйімді жығып, оның ұясын бұзып балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Сендердің де бала-шағаларыңды улатып-шулатып қырып, қырғын-сүргін қылып жатса, жақсы көресіңдер ме! Бар, хандарыңа осы сөзімді айтып барыңдар! Жоңғар жігіттері барып Төле бидің осы сөзін айтса, Қоңтайшысы: - Ол әулие адам екен, оған тимеңдер, оның төңірегіндегі елін де қозғамаңдар! - депті. Содан былай қарай Төле би "Қарлығаш әулие" атанып кетіпті.