0 дауыс
11.3k көрілді
Ж.Молдағалиевтің - Мен қазақ әйелдеріне қайран қалам өлеңі?

2 жауап

+4 дауыс
 
Жақсы жауап

Мен қазақ қыздарына қайран қалам!

Мен қазақ қыздарына қайран қалам
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссе-елдің көркі-деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

 

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,
Арулар аз болды ма атқа қонған.
Көңілде қалған сыз бар өткен күннен,
Өмірде қалған із бар Ақтабаннан.

 

Жасырмай айтар болсам жан сырымды,
Тағдырың қарауылға қанша ілінді.
Ерліктің қос қанаты деп білем мен,
Аяулы Әлия мен Мәншүгімді.

 

Сүймеген сені азамат, азамат па?
Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.
Бәрін айт, бірін айтта лайықсың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа.

 

0 дауыс
Мен қазақ әйеліне қайран қалам!

 

Мен қазақ әйеліне қайран қалам,

Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.

«Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа»

Дегенді айттың екен қайдан бабам?!

 

Айттың ба, сақалыңнан алмағанға,

Оны сен, опасыз жар алдағанда?

Айттың ба әзәзілге көнбегенге,

Салғанда ақ сайтанын Алла оған да.

 

Айттың ба, сатып алар пұлдай көріп,

Жүрген соң от-суыңа тұлдай көніп,

Айттың ба талай бейбақ қызға қарап,

Жасаусыз қатын болған жұрдай келіп,

 

Айттың ба, әлде әзілдеп ерке тантып,

Айттың ба, не көсемсіп, серке тартып?!

Тағы бар: «Алтын басты әйелден де, -

Дегенің, - бақыр басты еркек артық...»

 

Жоқ, бұл сөз шеттен кірген, бұл өтірік.

Кел, баба, байыптайық бір отырып.

Қалайша сен әйелді кемсітесің,

Әйелдің бір перзенті бола тұрып?

 

Кездерде кейбіреуге қатық арман,

Уақыттың өзге де бір хаты қалған,

Байыса басқа халық үй салыпты,

Ал қазақ қырық жетіге қатын алған...

 

Сондықтан бәлки, қала тұрғызбаған,

Сүйгеннің өзі артық деп бір қызды одан.

Не қазақ әйелінің құдіреті бұл,

Өзінен өзгеге бет бұрғызбаған.

 

Жалғанда дүние жаулық, ұрпақ – елдік,

Тек солар қалсын десең, бұл тап ерлік.

Әйтеуір, әйелді онша жек көрмепсің,

Тәйірі, анау сөзің – бұлтақ өрлік,

 

Қатынсыз тауып едің қай еріңді?!

Ол өлсе, жетім ұлдай байы егілді.

«Көзіңе сақ бол» дейтін сенсің бабам,

Ашынып ұра қалсаң әйеліңді.

 

Сөкпеймін тоқал алдың деп те оншама,

Сөгуге, сын айтуға дөп болса о да.

Дерсің сен : «Дон-Жуандар ұрлығынан

Некелеп алған әділ, көп болса да».

Сен емес, алғанда да, байлар алды,

Тоқтыдай қол-аяғын байлап алды.

Әйелді ақымақ деп жүрген солар,

Қорқытып көндіре алса қайда қалды?!

 

Әжелер секілді бір батыр маған,

Ықпаған нажағайдан сатырлаған.

Қазақтың еш әйелі өз ырқымен

Ешкімге, еш алтынға сатылмаған.

 

Жоқ, оны жеңе алмады басыр заман,

Халықты босағадан асырмаған,

Алдында қалшылдаған хан тұрса да,

Шығыста солар бетін жасырмаған.

 

Сарадай ақын болған, би де болған,

Динадай дана, дарқан күй де болған.

Найза алып, қол бастаған, жауға шапқан,

Бал-бұл гүл, бақта бұлбұл, түзде балуан.

 

Аз қызық ала білген шерлі күннен,

О баба, бірдей терлеп терлігіңмен.

Құран да, хан да оан бермепті ерік,

Сыйлатқан әжем өзін ерлігімен.

 

Ас сұрап, әлде бірі атын мінсін,-

Атамыз дейтін болған: қатын білсін...

«Алып та жаралады анадан» деп,

Айбынған айтудан да батыл бір сын.

 

О, әйел, тұмшалаған феодалды да,

Қоямысың жорғалатпай мені алдында?

Табынам, табынамын тәңірі деп

Күштің де, ақылдың да, сен ардың да.

 

...Сол қатын – ару, ана – асыл халық,

Басынан қанша сорды асырды арып!

Аздырмай жеткізді олар ұрпақтарын

Осынау таңдай нұрлы ғасырға алып.

 

Мен қазақ әйеліне қайран қалам,

Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.

Сол менің жүрегімнің ханшайымы,

Жыр шоғын ұсынамын айдан да оған.
...