ҰБТ мен ТКТ жалпы формасы ұқсас болғанымен, екеуінің айырмашылықтары баршылық!
Талапкерлерді кешенді тестілеу (ТКТ)
ТКТ-ға қатысушылар:
- өткен жылдардың бітірушілері;
- жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы халықаралық олимпиадалардың қатысушылары;
- шетелде оқушылардың халықаралық алмасу желісі бойынша білім алушылар мен ҰБТ-ға қатыспағандар;
- республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері;
- бастауыш және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының бітірушілері;
- шетелде білім беру ұйымдарын бітірушілер.
Кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 9 шілде, шығармашылық мамандықтарға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 1 шілде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.
ТКТ 4 пән бойынша жүргізіледі: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және мамандыққа байланысты таңдау пәні (география, физика, биология, химия, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі).
ТКТ 37 ЖОО-ның базасында 17-23 шілде аралығында өткізіледі.
Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25. Әрбір тест тапсырмасының дұрыс жауабы бір балмен бағаланады.
Шығармашылық мамандыққа түсуші азаматтар үшін кешенді тестілеудің екі пәні бойынша балдары есептелінеді: қазақ немесе орыс тілі және Қазақстан тарихы.
Кешенді тестілеуге 2 сағат 30 минут бөлінеді. Тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
ТКТ-ға қатысу үшін талапкер ЖОО-ның қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтінішін, кәсіптік бастауыш (техникалық және кәсіптік) немесе кәсіптік орта (ортадан кейінгі) оқу орнын бітіргендігі туралы аттестатын немесе дипломын (түпнұсқа), тестілеу өткізу ақысын төлегендігі туралы түбіртекті (квитанция), 3х4 көлеміндегі екі фотосуретті, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
ҰБТ жалпы орта білім беру ұйымдарының бітірушілерін қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орнына түсу емтихандарын біріктіреді.
ҰБТ-ға міндетті түрде қатысушылар:
- жоғары оқу орындарына түсуге тілек білдірген мектеп бітірушілер;
- жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын, жалпы орта білім туралы үздік аттестатын алуға үміткерлер;
- үстіміздегі жылғы жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жобалар жарысының жүлдегерлері.
ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі 10 наурыздан 25 сәуірге дейін. Өтініш бланкілерін толтыру мектеп бітіруші өзі білім алатын жалпы орта білім беру ұйымында жүргізіледі.
Ұлттық тестілеу орталығында ҰБТ-ны өткізу технологиясы, нұсқамалықтар және бағдарламалар өңделеді. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу үшін әрбір ҰБТ өткізу пункттерінде мемлекеттік комиссия құрылады. ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын Министрлік өкілдері бақылайды.
ҰБТ бес пән бойынша: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі және таңдаған мамандыққа байланысты таңдау бойынша пәндердің біреуі Қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес өткізіледі. ҰБТ-ға 3,5 (үш жарым) астрономиялық сағат (210 минут) бөлінеді. Тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.
Тестілеу 1-10 маусым аралығында 154 ҰБТ өткізу пункттерінің базасында өткізіледі: оның ішінде 49 - ЖОО базасында, 105 - мектептер базасында орналасқан.
ҰБТ жалпы білім беретін пәндердің бағдарламасы негізінде әзірлеген тест тапсырмаларының көмегімен өткізіледі, олардың мазмұны көрсетілген бағдарламаның шеңберінен шықпауы керек.
ҰБТ-ны өткізу кезінде пайдаланылатын тест мазмұнының және дұрыс жауаптар кодын айқындайтын мәліметтер мемлекеттік құпия болып табылады.
Әрбір пән бойынша тест тапсырмасының саны – 25. Әр тест тапсырмасына берген дұрыс жауап 1 балмен бағаланады.