Жиырма жыл бұрын көтерiлген мәселе, яғни Қазақстанда Атом электр стансасын (АЭС) салу түбегейлi шешiмiн тапқан сыңайлы. Билiк ел-жұрттың пiкiрi мен қарсылығына қарамастан, атың өшкiр стансаны Ақтауда салмақ. АЭС-тiң залалы мен зауалы жайында талай айтылып, жазылды да. Әйтсе де, билiк әзiрге алған бетiнен қайтар ыңғай танытар емес.
Қазақ елiнiң шығысы, солтүстiгi мен орталық аймақтары полигонның, ал оңтүстiгi уранның зардабынан бүгiнге дейiн көз ашпай отыр. Экологиялық апатты аймақтарға жататын бұл өңiрлерде емi жоқ дертке шалдыққандар, кемтар бала-шаға мен түсiк тастаған аналардың саны артпаса кемiген емес. Соған қарамастан, бiздiң билiктегiлер АЭС саламыз деп әлдекiмнiң сойылын соғуды тоқтатар емес. Бар айтар сылтауы - электр қуатының тапшылығын болдырмау мақсатында станса салмақ. Ең қауiптiсi сол, бiздегi АЭС-тi ресейлiк мамандар салады. Бiрiншiден, бұл - қып-қызыл шығын. Ал екiншiден, ресейлiктерге АЭС салғызудан бас тартқан қаншама мемлекет бар. Кезiнде Венесуэла президентi марқұм Уго Чавес ресейлiк атом энергиясынан бас тартатынын мәлiмдеген-дi. Ол АЭС-тен халыққа төнетiн қауiптiң тым жоғары екенiн айтып, үзiлдi-кесiлдi қарсы тұрған едi. Сонда ресейлiк атомнан бас тартқандар ақымақ та, қазақ билiгiндегiлер тым ақылды болғаны ма?
Павлодар облысы, Май ауданына iссапармен барғанымызда, сұмдық көрiнiстерге куә болып едiк. Ол туралы "Жас Алашта" "Қырық жыл қызын арқалаған ана" атты мақала да жарияланды. 62 жылдан берi ядролық полигонның азабын тартқан осы аудандағы Ақжар ауылында талай қазақтың баласы кемтарлықтың қасiретiн тартып, қоғамнан тыс күн кешуде. Жарты ғасырдан астам уақыт iшiнде, қаннан қанға өтiп уын таратқан полигонның зардабы әлi қанша ұрпақты улайтыны белгiсiз. Осыдан кейiн қазақ жерiнде АЭС саламыз деуге қақымыз бар ма?
Дәркен АМАНДОСОВ, Чернобыль апатында құтқарушы қызметiн атқарған азамат:
- Кеңес заманының тәртiбiне бағынып, апатты аймаққа баруға мәжбүр болғандардың бiрiмiн. Апат кезiндегi ауыр жағдайды сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Бiрақ нағыз қауiп пен қатердiң көкесiн кейiн көрерiмiздi кiм бiлген? Радиациямен уланған бiзден туған баланың денсаулығы дiмкәс болады деп кiм ойлаған. Төрт балам да туылғаннан әлдебiр қышымамен ауырады. Оны емдеуге бiздiң дәрiгерлер қауқарсыз екен. Балаларымның бәрiнiң тыныс жолдарының қабынуы, ас қорыту жүйесiнiң бұзылуы сияқты бiрдей дертке шалдығуын кездейсоқтық деп ойламаймын. Ширек ғасыр өткен Чернобыль апатының зардаптары әлi күнге жойылмағанын осыдан кейiн қалай мойындамассың? Өзге бауырларымның бала-шағасында кездеспейтiн мұндай аурулардың тек менiң балаларымда болуы - Чернобыль апатының зардабы емес дей аласыз ба?
Олай болса, Ақтауда АЭС салу - билiктiң халыққа қолдан жасаған зұлматы болмақ. Онсыз да Семей полигонынан қаншама жұрт қасiрет шектi және әлi күнге бұл қайғының орны толған емес. Қан арқылы балаға берiлетiн түрлi дерт пен радиацияның зауалынан таяу жылдары құтылмасымыз анық та. Билiктiң бұл қиянатына жол берсек, егер Ақтауда АЭС салынар болса, қазақ деген ұлт тұтастай жойылуы әбден мүмкiн. Сондықтан ақтаулықтар ғана емес, елiмiздегi АЭС салу мәселесiне бүкiл жұрт болып қарсылық танытуға тиiспiз!
Меруерт ХУСАИНОВА
«Жас Алаш» газеті