Таяуда Парламент депутаты Майра Айсина Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депуттаттық сауал жолдады. Онда еліміздегі компьютерлік клубтар жұмысына қадағалау енгізу керектігі жөнінде айтылған. «Компьютерлік клубтарға баратын 12-13 жастағы мектеп оқушыларының 80 пайызында физиологиялық биоритмдердің бұзылуы байқалады, олардың 10 пайызында жүйке күйзелуі, әрбір бесіншісінде бас ауруы, ұйқының қалыпсыздығы, әрбір үшіншісінде көз көруінің нашарлауы бар» деген деректер келтірген. Елімізде 698 компьютерлік клуб бар екен, олардың 51-і тәулік бойы, қалғандары күнделікті сағат 10.00-24.00 аралығында жұмыс істейді. Бұл клубтарға күніне 7500-ден аса бала барады. Бұл психиатрлар мен наркологтардың республикалық ғылыми-практикалық орталығының және балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің зерттеу жұмыстары кезінде анықталған.
Депутат М.Айсина осы мәліметтерді келтіре отырып, бұл бағытта балалар денсаулығын, моральдық-этикалық дамуын қорғау мақсатында нақты шаралар қолға алынуы тиіс екенін айтады. Ал оның дабыл қағуы қаншалықты негізді?
Баспасөз беттерінде жарияланып жатқан деректерге қарағанда, компьютер өзінен электромагнитті сәулелер мен радиация бөледі, ал ол ағзаға белгілі бір дәрежеде зиянды екен. Компьютер алдында жиі отыру жүйке жүйесіндегі ауытқушылыққа, кей жағдайда инфаркт пен инсультқа соқтыратын психопатиялық кеселдерге ұрындыруы мүмкін.
Компьютер алдында күніне төрт сағаттан артық отыруға, ал жүкті және емізулі әйелдерге тіпті де онымен жұмыс істеуге болмайды. Өркениетті елдерде бұл ережелер қатаң сақталады. Онда компьютер адамның тұрмыстық, отбасылық, қаржылық, әлеуметтік жағдайларына елеулі әсер ететіні анықталған. Яғни интернетке тәуелділік ішімдікке, құмар ойындар мен есірткіге тәуелділікпен бірдей. А¬Ш зерттеушілері осындай адамдардың 6-8 пайызы интернетке түбегейлі тәуелді екенін анықтаған. Компьютерсіз күн көре алмайтындар интернетті жұмыста ғана емес, бос уақытында да жиі пайдаланады, олар көңіл көтеретін ойындарға тым әуес, тіпті интернет арқылы анайы тірліктермен де айналысады екен. Олар бірте-бірте өзге адамдармен араласуды қояды. Соңында интернетсіз уақыт өткізе алмайтын халге ұшырайды. Интернетке тәуелділіктен зардап шегетіндердің одан арылу кезеңі нашақорлардың «ломкадан» шығу кезіндегіге ұқсас болады.
Бұл ауру қалай басталады? Адам мүмкін болған мезетті қалт жібермей, интернетке қосылуға тырысады. Компьютер алдына отыра салысымен өзге дүниені, жұмысты, жеке істерін жиып қойып, виртуалды әлемге кіреді. Компьютер ойындары оны нақты өмірден алыстатып, қияли дүние ортасына тарта түседі. Бұл құмарлық асқына келе тәуелділікке ұласады. Ол біртіндеп достарынан, туыстарынан алыстап, көңілі тек интернетті қалап тұрады. Егер де мұндай адамды интернеттен мәжбүрлеу арқылы ажыратса, ол өзін өте жайсыз сезініп, мазасы кетеді, қашан интернетпен табысқанша жаны жай таппайды. Оның оқуға, жұмысқа ынтасы жоғалады, онда ешқандай да негізсіз, бос ойлар, ұйқысыздық, тіпті ұйқыдан бас тарту пайда болады, оның бойында бұрын болмаған кофеге, темекіге, ішімдікке құмарлық байқала бастайды. Мұндай адамда қан қысымы қалпынан үнемі ауытқып тұрады, басы, көзі ауыратын болады, сүйектері сыздап ауырады.
Осы аталып отырғандарға қарай отырып шынында да елдегі компьютерлік клубтардың жұмысына белгілі бір дәрежеде шектеу енгізу керек-ау деп те ойлайсың.