+1 дауыс
50.3k көрілді
Ыбырай Алтынсарин туралы шығарма керек тауып бере аласыз ба? Жоспар жане эпиграф болса жақсы болар еді?

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы айтылған әр-түрлі деректер, шығармалар өте көп. Ыбырай Алтынсарин өмірінің ізденіске, күреске толы болғанын баршамыз үшін, әсіресе өмір босағасынан енді аттаған жастар үшін, ғұмырын халыққа арнаудың өшпес өнегесіндей танылуы, солай қабылданылуы заңды. Өйткені ол өзіне дейін толғағы әбден жеткен, бірақ шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселелерді бірінші болып қолға алып, алғаш іске асырды. »Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын-соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге, әрине, ол кезде оңайға түскен жоқ. Оның алдында жалпы өнер-білімге, жаңалыққа, орысша оқуға барынша қарсы ғасырлар бойы қалыптасқан ескі салт-сана, надандық ұғым тұрды. Әйтсе де, халқын сүйген, сүйген де оның жарқын болашағына шексіз сенген патриот, жігерлі күрескер Ыбырай Алтынсарин: «Ал енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын»,— деп Н. И. Ильминскийге (1884 жылдың 14 сентябрі) сеніммен жазғанындай, сан-сала қиындықтармен табанды күресе жүріп әрі орыс достарының, әрштестерінің көмегін, ақыл-кеңесін де пайдалана отырып, алдына қойған негізгі мақсатын орындады. Ыбырайдың осындай қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен — балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілген еді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болатын. Сондықтан да болар, Ыбырай Алтынсарин бұл қуанышын (дұрысы жеңісін) Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы (яғни 1864 жылы С. М.) январьдың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, не бәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды…» — деп айрықша мақтаныш сезіммен жазды.

Тұңғыш білім отауының босағасын алғаш аттаған он төрт баланың есімдері бізге беймәлім болғанымен, олардың жұдырықтай жүрегін билеген сезімдері соншалықты таныс, ыстық қой. Міне, сөйтіп, Ыбырай Алтынсарин Шоқан Уәлихановтай аяулы азаматтың халқын оқыса, өнер-білімді игерсе деген арманын (бұл жалпы халықтың да арман-тілегі емес пе?) іске асырушы болды.

Ыбырай Алтынсарин — «Қазақ хрестоматиясы» (1879) деп ата-латын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс — қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім..» деп тұжырымдаған. Хрестоматия бұл екі міндетті де толығынан атқарды. Оқулықтың революцияға дейінгі мерзімде бірнеше мәрте (4 рет) қайталап жарық көруі, оның өз кезеңінде гана емес, одан кейінгі ұзақ жылдар бойында да талай жас ұрпақ үшін білім, өнеге көзі, рухани қазьгна бастауы болып келгеңдігін көрсетеді. Бұл «Ңазақ хрестоматиясының» қазақ мәдениетінің тарихындағы өзіндік үлкен орны мен маңызын айқындайтын факт. Өйткені хрестоматияға Ыбырай өзінің педагогтық мақсатына лайықтай жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай-ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды енгізген болатын. Баршамызға бастауыш кластардан етене таныс, әрі ыстық «Кел, балалар, оқылық! » — «Қазақ хрестоматиясының» беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге? өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған «өнер-білімі бар жұртқа» — терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман-сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының социалистік дәуірде жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасыр бұрынғыдай бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туған халқының тамаша болашағына сенді, бұл болашақты ол Россиямен, ұлы орыс халқымен тығыз байланыста алып қарастырды, дәл болжай білді. Халқын озық орыс мәдениетінен үлгі алуға, үйренуге шақырды. Ыбырай Алтынсарин ер балалармен қатар қазақ қыздарын да білімге тарту, оларға түрлі кәсіптік мамандық беру жөніндегі жұмыстарды алғаш ұйымдастырушы болғанын айта кету маңызды. Ер балалардың өзін оқытуға қырын қараған қытымыр заманда оның қыз балаларды оқыту, оларға арнап мектеп, интернаттар ашу қажеттігі туралы мәселе көтеріп, бұл ойын айтыса-тартыса жүріп дәлелдеуі, біртіндеп іске асыруы шын мәніндегі азаматтық ерліктің, гуманизмнің үлгісі емес пе?! Ыбырай Алтынсариннің айрықша атап айтар тарихи еңбегінің бірі — оның қазақ балалар әдебиетінің негізін қалауы. «Қазақ хрестоматиясына» енген алуан жанрдағы шығармалар мұның айқын дәлелі. Ыбырайдың артында қалдырған рухани мұрасы аса бай және алуан жанрлы. Бұл мұра оқушыларға мектеп оқулықтарынан, сондай-ақ «Жалын», «Мектеп» баспаларынан әр кезде жарық көрген ағартушы шығармаларының жинақтарынан жақсы таныс. Алайда, мына жинақтың ол кітаптардан өзіндік айырмашылықтары бар. Бұл айырмашылықтар кітапқа енген материалдардың көлемі мен мазмұнынан, жанрлық түрлерінен, бұрын ана тілінде жарияланбаған тың еңбектері мен өмірбаяндық деректердің берілуінен көрінеді.

0 дауыс

Ыбырай Алтынсарин шығармаларының бүгінгі күнге дейінгі жеткен тәрбиелік мәнінің мазмұны әлі де қолданыста.

Ы. Алтынсариннің ұрпағына қалдырған мұрасы –ұлан-ғайыр. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың өнегелі еңбегі жан – жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда.
Оның күні бүгінге дейін мектеп оқушыларының әнұраны іспетті «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңінің неге тұрады?! «Біз болмасақ, Сіз барсыз, үміт еткен достарым»,- деп өзі бастаған оқу – ағарту жұмыстарының алуан қырлы асқарлы істерін, бүкіл ұлт болашағын келер ұрпағына үлкен үмітпен жүктеп, келешектен қуаныш күткен ұлы ұстаздың тындырғаны көп болса да, түнек құрсауындағы қалың елінің білім нәрінен жаппай сусындатып, ғылым мен өнер үйренуінен армандауымен кеткен.
Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған,тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын табуда.
Ы.Алтынсаринның шығармаларын зерттеу арқылы ол шығармалардың жеке тұлғаны қалыптастыруда алатын қаншалықты маңызды екенін көрсету.
Ы.Алтынсаринның шығармаларының, соның ішінде әңгімелерінің және өлеңдерінде айтылған мәселелердің әлі күнде өзекті екендігін айқындау.

Мақсаты: Ы.Алтынсаринның шығармаларының, соның ішінде әңгімелернің және өлеңдерінде айтылған мәселелердің әлі күнде өзекті екендігін айқындау. 

Зерттеу нысаны: Ыбырай өз шығармалары арқылы жеке тұлғаның бойына қандай касиеттерді калыптастыра алды.

Зерттеудің пәні: Ыбырай шығармаларында алатын тәрбиенің мәні.

Зерттеудің міндеттері:
 Ыбырай туындыларының мәнін көрсету
 Ыбырай әңгімелерін оқып-талдау арқылы тікелей әсер алу
 Ыбырай шығармаларының ерекшелігін көрсету 
Зерттеудің ғылыми болжамы :
Егер мектепте оқушыларға Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын толыққанды оқытса, онда жеке тұлға бойыда адамгершілік-имандылық қасиеттері арта түсер еді, өйткені бүгінгі қоғамға өз-өзіне талап қоя алатын,адамгершілік қасиеттері бойына дарыған,бәсекеге қабілетті тұлға қажет. 
Зерттеу әдістері:
 Ділгірлік оқыту әдiсi (талдау, жинақтау, зерттеу); 
 Тыңдаушылардың зейiнiн жандандыру әдiсi;
 Тексеру және керi байланыс әдiсi;
 Практикалық әдiс;
 Сараптау әдiс.

I Ыбырай Алтынсарин шығармалары - тәрбиенің алтын діңгегі
1.1 Жеке тұлғаға дұрыс тәрбие беруде «Қазақ хрестоматиясының » алатын орны

Қазақ халқының ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған қазақ зиялылырының көшбасшысы, тұңғыш халық ағартушысы қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күрескен, сөйтіп халық игілігі үшін жан алмай еңбек етудің үлгісін көрсеткен. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы аса көрнекті ағартушы-демократ - Ыбырай Алтынсарин Қазақстандағы қоғамдық ой-пікірдің өркендеу тарихында үлкен орын алды.Ол жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ даласындағы аумалы төкпелі заманда ұрпақ болашағын ойлап, балалар мен жас жеткіншектердің тағдырына терең үңілген ағартушы -ұстаз.

Ыбырай Алтынсариннің халық-ағарту ісіне жолдама алып алғаш аттануы.

Мектепті үздік бітірген ол 1857-1859 жылдары арасында өз атасы Балқожа бидің писері (қағаз көшіруші) болады да, 1860 жылы Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаштыққа орналасады. Кейіннен өз қалауы бойынша Торғай қаласындағы бастауыш мектепке мұғалім болып келеді, ел ішінде орын алған сауатсыздық пен білімсіздікке қарсы ашық күреседі.
Осы кезден бастап, бұл бағыттағы асыл арманы Алтынсаринның ағартушылық педагогикалық қызметі басталады. Сонымен бірге, Ресейде басталған азаттық қозғалыстың өрлеу кезінде қазақ ағартушыларының демократиялық идеяларының белсенді жаршысы болды. Ағартушылық қызметінің алғашқы қадамдарында кездескен кедергілердің бірі-ол кездердегі шалғай түкпірдегі мектеп ашудың қиындығы, қаражат, мектеп үйі, оқу құралдарының жетіспеуі. Оның үстіне осындай ізгілікті іске қараңғы орта -облыстық басқармадағылар да, жергілікті әкімшілік те салқын қарайтыны, оқу мен білімге деген надан әкімдердің енжарлығы да болды. Бірақ соның бәрі оның талабын қайтара алмады, ағартушылық идеямен қанағаттанған Ыбырай халықтың мұң-мұқтажы мен арман тілегін орындау мақсаты оның көздеген мақсаты болып сол арманға жетуге құлшына кірісті. Ол мектеп ашуға ел-елді аралап қаражат жинауға кірісті.
Сонымен, Ы.Алтынсарин Қазақстандағы әлеуметтік-педагогикалық мәселелерді шешудің басты жолдары мен негізгі ұстанымдарын ұсынды. Іргесі қаланбақшы алғашқы мектеп құрылысын, тұнғыш берілетін білімнің бағыт-бағдарын айқындады, қалың бұқараға оның мазмұны мен маңызын түсіндірді, бастауыш мектепке қажетті оқу-құралдарын дайындады.[ 1 ]

1.2 «Қазақ хрестоматиясындағы»шығармалардың жеке тұлғаны қалыптастырудың мәні.

Қалай болғанда да жастарға дұрыс тәрбие беру үшін олардың дүниетанушылық көзқарасын кеңейту үшін «Қазақ хрестоматиясының» тек өз кезі ғана емес, қазірдің өзінде де мәні зор. Сондықтан да ол талай жылдар талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып келеді. Бұл кітапқа енгізілген әңгімелер: еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, отанын-елін сүюшілік,талаптылық, жігерлілік, іздемпаздық, кіші-пейілділік, махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тәрізді жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқар-лықты қарсы қойып, жастардың мұндай әрекеттерден аулақ болуына жол көрсетті. Мысалы, Хрестоматияға енгізілген өлең, әңгімелердің балалардың жасына, сана-сезіміне лайықталынып, педагогика ғылымының міндетті түрде тәрбиешілерден талап ететін әдіс мәселесінің берік сақталынуы өз алдына, сонымен қатар жоғарғы аталып өткен оқу, еңбек, талап, мейірімділік, тағы басқа тақырыптарға арнаулы, қолға таяқ ұстатқандай әңгімелерді әдейі, саналы түрде таңдап алғандығын да көрмей кетуге болмайды. [2]
Оның «Хрестоматиясының» бірінші беттерінен-ақ балаларды оқуға, өнерге, ұқыптылыққа, тазалыққа, мейірімділікке шақырған әңгімелер мен өлеңдер жиі кездеседі. Мәселен, ол «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңінде жастарды білім алуға, өнер үйренуге шақыра келіп, білімді адамның сана-сезімі жоғары, ілтипатты, өнегелі болатынын, адам білім арқылы ғана мақсатыка жететіндігін, әзінің келешектегі жақсы тұр-мысын қамтамасыз ете алатындығын, сөйтіп оқыған адамның өмір сүруі де, еңбек етуі де анағұрлым жеңіл және көңілді, сергек болатынын сөз етеді.

II Алтынсарин әңгімелері мен өлеңдерінің негізгі идеясы 
2.1 Алтынсарин әңгімелері

Кітаптың беташары оқуға шақырудан басталып, оның әлеуметтік мәнін түсіндіру болса, сонымен қатар негізгі тақырыбының бірі - еңбек. 
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші құрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді. Мысалы, Ыбырайдың «Әке мен бала»- деген шығармасында мынадай мәселе қарастырылады: «Бір адам он жасар баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты: «ана тағаны, балам, ала жүр», - деп. Бала әкесіне: «Сынып қалған ескі тағаны не қылайын», - деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі іліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайырылып, тағаны соларға 3 тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3 тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірлеп алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре береді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты: «Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып, жерден бір ғана іліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына, он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын, «аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың, азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың», - деді». 
Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып», бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл - жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан балаларды жастайынан-ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да әңгімелері аз емес. 
Жазушы «Атымтай жомарт»-әңгімесінде еңбекті дәріптейді. Ешнәрсеге мұқтаждығы жоқ Атымтай еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі-жыр болып кеткен, ежелгі араб жұртының әңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға арнап, әңгіме ұсынды. Әңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық жағы да Атымтайдың сөзінен анық көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімнен тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен», - дейді. 
Алтынсаринның тәрбие жөніндегі негізгі тақырыбының бірі - талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар»-деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған пікір. Жастық шақ - жігер, қайраттың толы кезі. Бойдағы жасырын талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін талап керек. Әр нәрсені де жігермен істе, өзіңнің не нәрсеге қабілетің, ыңғайың бар, қолыңнан не келеді, соны жақсы біл, қай өнердің соңына түссең, әрі өзіңе, әрі қоғамға пайда келтіре аласың, талаптан да таңдап ал дейді. Кейде талаптың, жігердің жоқтығынан жап-жақсы өнердің жарыққа шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады. Міне, Ыбырай «Талаптың пайдасы»- деген әңгімесінде өзінің осы пікірін, негізгі идеясын жеткізіп бере алды. Әңгіменің мазмұны мынадай: «Даңқты І Петр шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, сурет салып жатқан бір баланы көреді де, оның не жасап жатқанын сұрайды. Бала: «Сіздің суретіңізді салып жатырмын», - дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенін аңғарып, сурет салуға үйрететін орынға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады». 
Жазушының бұл арадағы көздегені - Петрдің ақылдылығын көрсету ғана емес, жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қол жеткендігін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу. 
Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Ыбырай осы тақырыпта жазған бір әңгімесінде: «Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» - деп сұрады баласы. «Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», - деді атасы. «Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой», - деді баласы. «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді. 
Бұл әңгіменің оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «Балан жастан» дегендей, оған жас күнінен түзу тәрбие беру оның болашақ өмірі үшін керек. Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып, мерт болады. Ыбырайдың бұл әңгімесі қазіргі мектеп балаларын тәрбиелеу үшін де үлгі бола алады. [3]
Махаббат, мейірімділік туралы, әсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек» деген үш әңгімесін алуға болады. 
Махаббат, мейірімділік ата мен ананың үй-ішіне деген махаббатынан басталады. Адамгершілікті ту қып көтерген ұлы адамдар да алдымен өз атасын, өз туғандарын сүйеді. Олардың кейбіреулері өсе келе тек «атасының баласы болмай, адам баласы» бола біледі. Тек өзіме ғана болсын деген мещандық көзқарасты аттап өтіп, адам деген ардақты атқа ие болушылардың шын бақыты үшін қол созады. 
«Мейірімді бала»-әңгімесінде 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі үшін патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», - дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де махаббаты суреттеледі. 
Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан аяған күштірек» деген әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да, анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор бұл көріністі былай суреттейді: «Сейт орам-ораммен жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» - деп сұрайды. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгілі, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып жыламасын деп жатырмын», - деді. 
Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас, алақанына салып аялап, тәлім-тәрбие беріп отырған ұлы анасы - Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы - осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек қана Сейіттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз. 
Тәрбие мәселесін сөз қылғанда, ерекше тоқтап өтуге керекті мәселенің бірі - Ыбырай еңбектерінде түрлі елдердің мәдениет майданындағы өзара достық қарым-қатынастарды да бейнелеп отырады. Ыбырай балаларға шетелдің жақсы адамдарын үлгі етуі - оның жалпы адам баласының достық идеясын аңсағандығын көрсетеді. 
«Бай баласы мен кедей баласы» атты Алтынсаринның әңгімесінде, бізше, үлкен идея бар. 
Ғасырлар бойы еңбекшілерді қанап, халықты қанауды ата мирасындай көріп, соның арқасында үлде мен бүлдеге оранып өскен бай баласының басына күн туғанда дәрменсіздігін суреттеу арқылы жазушы сол қоғам құрылысының тамыры шіріп, оның адамдары өмірдің жасаушысы, күресушісі емес, бишарасы, үстемдік етуші таптың үлкені - жауыздық пен қаярлықтың қапшығы да, жасы - мүгедектіктің бейнесі деген қорытындыға келетін сықылды. 
Шығармасының бас кейіпкері етіп, бай баласы мен кедей баласын алуының өзінде үлкен сыр жатыр. 
Егер оның көздегені тек Үсеннің ақылдылығы, Асанның ақылсыздығы, яғни бір жастағы балалардың бірі ақылдырақ, екіншісі ақылсыз болуы мүмкін екендігін көрсету болса, онда оларды екі таптан шығарудың қажеті болмас еді. Жазушының бұл жерде көрсетейін дегені - биологиялық, не психологиялық мәселе емес, әлеуметтік мәселе. Асанның есі дұп-дұрыс, дені де сап-сау. Бірақ оған қарағанда, Үсен көш ілгері жатыр. Өмірмен бетпе-бет келгенде, Асанның әлсіз, мүгедектігіне кінәлі де, Үсеннің өз құрдасынан асып түсіп, бетпе-бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуіне негіз де тұрмыс. Өз бетімен жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды өскен ортасымен ақысыз-пұлсыз асыраған тұрмыс өз бетімен күн көруге келгенде әлсіздікке, бишаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған қиыншылық тұрмыс кедей баласы Үсенді күрес ері етті. 
Асан да, Үсен де жай ғана алына салған балалар емес. Бір - бай баласының, екіншісі - кедей баласының типі. 
Жазушы өз ортасынан үздік шығатын бірен-саран ақылды, талантты Үсендердің, не ақылсыз Асандардың да болу мүмкіншілігін, әрине, жоққа шығармайды. Бірақ ол бай балаларының көпшілігіне тән мінез Асанда, кедей баласының көпшілігіне тән мінез Үсенде деп, оларды өз орталарының кейіпкері - типі етіп көрсетеді. 
Әңгімені абайлап оқушыға жазушының симпатиясы Үсен жағында. Мұны олардың іс-әрекеттерін суреттеуінен де, диалогтарынан да көру қиын емес. Жазушы болашақ та кедей баласы Үсенде деп біледі. 
Асан мен Үсен образына байланысты және бір айта кететін нәрсе, бай баласы мен кедей баласын салыстырғанда, алдыңғысы ақылды, соңғысы ақылсыз келеді деген ескі ұғымға да жазушы соққы бере кетеді. 
Сөйтіп Алтынсарин «Бай баласы мен кедей баласында» өз кезіндегі қазақ даласындағы, Обломов, обломовшылдықтың кішігірім бір көрінісін суреттеу арқылы соны туғызып отырған негізгі себептердің бетін ашып, оқушыларын оған қарсы тәрбиелейді. 
Ы.Алтынсариннің өзінің ұстаздық қызметіне байланысты қазақ жастарын оқытып тәрбиелеу мәселесін ең негізгі, басты мәселе деп есептеді. Халқы үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын кебейту арқылы қазақ қогамының мешеулігін жоюға боладысондықтан жастарды оқытып, тәрбиелеуден, тәрбие ісінің құдіретінен артық ешнәрсе жоқ деп түйеді Ыбырай Адамның жан-жақты қалыптасуының негізгі көзі тәрбие екендігін ол «Бақша ағаштары» деген әкгімесінде өте жақсы көрсеткен: «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ — дейді бір әке өз баласына,— шырағым, мұнан сен де өзіңе тәлім алсаң болады, сен де жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің қате істерінді түзеп, пайдалы істерге үйретсем, сен менің" айтқаныңды ұғып,орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің, бағу-сыз, бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық ағаштай қисық өсерсің».
Әкесінің баласына айтқан ақылын баяндайтын осы әңгімеде үлкен мән бар. Егер ата-ана тарапынан дұрыс тәрбие берілсе, оны балалар дұрыс қабылдайтын болса, онда мұндай тәрбие баланың жақсы адам болып шығуына жағдай жасайды. Адам тәрбиенің нәтижесі. Ол өмірге пешенесіне не жазылса сонымен келмейді, онын тағдыры туысынан белгіленбейді. Адамдық қасиеттін қалыптасатын жері — өмір талқысы, әрекет ету, тәрбие. Күн мен Ай бәрімізге ортақ, бәріміз де адамнын баласымыз, ешкімді біріңнен бірің артықсың деп айыруға болмайды — дейді Ыбырай бір өлеңінде. Бірақ осы пікірдің де бір қате жері бар. Ол адам психологиясының қалыптасуындағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи факторлардың шешуші ролін жете түсіне алмауы. Ы.Алтынсариннің ойынша адамның сана-сезімін негізінен тәрбие билейді де, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» болып қалыптасуын материалдық өмір жағдайларымен емес, идеалогиялық факторлармен, ағартушылық әрекетпен тәуелді еткісі келеді. Ыбырай Алтынсарин шығармаларында көтерілген екінші бір өзекті мәселе: жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман қасиеттерден жирендіру мәселесі. Ы. Алтынсарин өз шығармаларында жас өспірімдерді адамгершілік қасиеттерге баулып отыру мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп дұрыс түсінді. Осы идея Ы. Алтынсарин әңгімелерінің негізгі арқауы. Мәселен, ол жастардың байқағыштық қасиетін арттыру, жетілдіру мақсатын көздеп, өзі құрастырған Үнді ертегісінен мынадай бір үзіңді енгізген: «Біреу арашқа іліп қойған етін ұрлатып альіп, айналасына жар салады: аласа бойлы, қолында қысқа мылтығы бар, соңында тарақ құйрық кішкентай иті бар, бір қарт адам көрдіңіз бе?—деп. Бұл кісіні әркім көрген екен, сілтеумен барып тауып, ұрысын ұстапты-мыс, Ауылдас адамдары үндістен: «үрының түсі-түгін қайдан білдіңіз?» деп сұрапты. Сонда үндіс айтты дейік Ұрының аласа бойлы екенін білгенім, менің қолыммен ілген етімді ол ағаштан аяғының астына тас қойып, соның үстіне шығып алыпты. Қарт екенін білгенім, жүргеңдегі ізінен байқадым: адымының арасы тым жақын екен. Мылтығының қысқа екенін етімді ұрларда мылтығын ағашқа сүйеп. қойған екен, сонда мылтықтың аузы ағаштың кішкене қабығын жырып кетіпті, жер мен сол жыртылған қабықтың арасыа шамаладым. Ұрының қасында иті бар екенін белгенім : етімді ұрлап жатқанда, ит анадай бір құмайттырақ жерде отырған екен, соның құмға түсіп қалған ізінен және бұлғаңдатқан құйрығының табынам байқадым- депті – мыс.
Ы. Алтынсарин осы үзіндіде байқағыш болудың адам өмірінде оның дүние танымында қанша маңыз алатынын , тіпті мұндай қасиет , білімі жоқ бірақтәжірибесі бар адамдардың басында да біртіндеп қалыптасатын сөз етеді де, жастарды өмірді зерттеп білуге байқағыш ізденімпаз тәжірибелі болуға меңзейді.
Осындай психологиялық мәнге толы әңгімелердің жас өспірімдер үшін тәрбиелік мәні аса зор. Мәселен «Аурудан аяған күштірек» деген әңгімеде адамның шыдамдылық, төзімділік сияқты тамаша ерік-жігер қасиеттері, олардың сыр-сипаты сөз болады. Абайсьізда бір баланы арба қағып кетіп, аяғын сындырады. Шешесі мұны көріп есінен танады. Осыны сезген бала жалам –жан жылағанын қойып тіпті сынған аяғын салып жатқанда да дыбысын шығарып, қабағын шытпайды. Бүұғн қайран болған сынықшы:—Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпадың ғой — депті. Қасында шешесінің жоғын көрген бала:—Ауырмақ түгіл жаным сөзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып жүдемесін деп, шыдап жатырмын -депті.
Адам өмірінде әдеттің алатын орны ерекше. Істеген істің, жүріс -тұрыстың, демалыстық яғни өмірдің сан саласының қай-қайсысы да жиі-жиі қайталана келе біртіндеп әдетке айналып отырады. Бірақ әдеттің де әдеті. бар. Адамда жарамды, жақсы әдеттермен қатар, қарамсыз, жаман әдеттер де болады. Мәселен, салақтық — жаман әдет. Одан тәнге де, жанға да рахмет жоқ. Осы айтылғанға орай Ы. Алтынсариннің «Салақтық» атты әңгімесі жарамсыз әдеттің адамға зиянды екендігін жақсы көрсетеді. Кәрім деген жас жігіт жұмысқа ыждағатты болғанмен, жуынып, таза - жүруді түймейді екен. Кірінді неге кетіріп жүрмейсің дегендерге: қолым тимейді деп өте шығады екен. Сөйтіп жүргенде оның тұла бойын шиқан қаптап, қотыр болады. Кейіннен оны емханаға салып жуындырып, таза киіндіріп, жарасын емдеп жазады. Бірақ «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей Кәрім баяғы әдетінен арыла қоймайды. Бір күні қожасы Кәрімге бір бояуды былғап қой деп бұйырық беріпті, Былғап отырған кәдімгі үйренген қалыбынша қолын жумастан барып тамаққа отырып нан жейді. Қолындағы бояудың жұғынын бәрі де жеп отырған нанына жабысып отырғанда, бірмезгілде Кәрімнің іші бүрісіп ауыра бастапты, әрлі-берілі, олай-бұлай аунақшып біраз жатып, Кәрім ұзамай-ақ жан тапсырыпты,— әлгі бояу у екен. 
Бала жанының зергері Ы. Алтынсарин әңгімелерінің бәр-бәрі де бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұны тартымды, олардың жан дүниесіне асер етерліктей етіп берілген. Осы әңгімелерді мұғалімдер мен ата-аналар балаларды ұқыптылық пен сабырлылыққа шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелеу мақсатында пайдалануға болады. Мәселен, оның «Салақтық» сияқты әңгімесі балаларды жарамсыз әдеттен жирендіру , талабында жүргізілетін «Жирен жаман әдеттен» циклі үшін таптырмайтын тақырып.
Ыбырай еңбек процесінің бала тәрбиесіндегі ерекше маңызын көре білді. Сондықтан оның көптеген әнгімелерінің идеясы, Абай айтқандай, «Еңбек етсет ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданың төңірегіне топтасқан. 
Мәселен, «Бай мен жарлы баласы» деген әңгімесінде Үсенді тапқырлыққа, табандылыққа үйреткен тұрмыс тауқыметі -еңбек екендігін, сол себепті оның болашағы жарқын, өмір сүруі адал болматындығын көрсете келіп, жастайынан еңбексіз өскен бай баласы бос белбеу болбыр Асанды барынша келемеждейді. Ы. Алтынсарин осы іспеттес әңгімелерінде еңбек процесінің адамның сана-сезімін, психологиясын қалыптастыруда ерекше орын алатынын жақсы түсінген.
Ыбырай еңбек сүймей, жалқау болып өскен адамдар қулық-сұмдықпен күн көруді езіне мақсат ететінім, ал мұның өзі барып тұрған жексұрын қасиет екендігін, олай болса үлкендер балаларды кішкентайынан еңбекке баулу қажеттігін естерінен шығармауын ескертеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, жас өспірімдердің басында кездесетін түрлі жаман мінездерді семьядағы тәрбиемен терең астастырады. Ы. Алтынсарин көтерген психологиялық мәнді мәселслердің енді бір тобы оның методикалық пікірлерімен астасып жатады. Ыбырай жақсы тәрбиеші ғана емес, ОҚУ сонымен бірге тәжірибелі, методикалық ой-пікірі ОЗЫҚ мүғалім де еді. Ол оқыту әдісін өз түйгенінше, орыс мектебінің озық үлгісіне негіздей құруды, ойластырды. Мектеп оқушыларына арнап оқу құралдарын, программалар, нұсқау хаттар жазды. Ол мектеп кітапханаларының физикалық, химиялық, астрономиялық құралдарымен жабдықталуына, оқушылардың түрлі ғылым мен өнер саласындағы жаңалықтарды біліп отыруына үлкен мән береді, Ыбырай шәкірттерді әр кезде әр түрлі әдіспен және әр түрлі оқулықтармен оқытуға барынша қарсы болды. Ол қандай ләннің болмасын ғылыми негізде оқытылуын оның жас өспірімдердің ақыл-ойы мен сезім дүниесіне әсер ете алуының маңызы аса зор екендігін баса айтты. 
Адамгершілік мінез-құлқына баулитын кейбір шығармаларына тоқталсақ:

№ Шығармалары Оқушыларды неге тәрбиелейді?
1 «Бай баласы мен жарлы баласы» Шыдамдылық,батылдық,сабырлылық,тапқырлылық,көрегендікке тәрбиелейді.Еңбекке деген қоғамдық, таптық козқарасты бейнелейді.
2 «Атымтай Жомарт» Қайырымдылыққа, қарапайымдылыққа,мақтаншақ болмауға, азды қанағат етуге тәрбиелейді. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады. Төрт түлігі сай бола тұра еңбек етуді, кем-кетік, жетім-жесірге көмектесуді ұмытпаған, тапкан малды орынды жұмсай білген Атымтай Жомартты жастарға үлгі етеді.

Тәрбие бағу-қағудан басталады

№ Шығармалары Оқушыларды неге тәрбиелейді?
1 «Әке мен бала»әңгімесі «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың,азға қанағат етпесең,көптен құр қаларсың», - дейді.
2 «Асыл шөп» әңгімесі -Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты «сабыр» деген, -дейді. Сабырлылық,шыдамдылық,төзімділік,ұстамды болуға үндейді. 
3 «Бақша ағаштары»әңгімесі Тәрбие бағу-қағудан басталады деген ойды меңзейді. Тәрбиелі болуға, адамгершілікке, үлкенді сыйлауға үйретеді.
4 «Байұлы»әңгімесі «Батаменен ер көгереді», «Баталы ұл арымас» - деген халық қағидаларының өміршеңдігін әңгімеге арқау етіп, жастарды қайырымды, ізгі жүректі болуға, жоқ-жітік, жетім-жесірге қамқоршы болуға үндейді.
5 «Алтын шекілдеуік»әңгімесі «Не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа,асылы ішінде болар»
6 «Тәкәппәрлық »әңгімесі Кішіпейілділіктен опық жемейсің, тәкәппарлық ұятқа қалдырады.
7 «Мейрімді бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек» Мейірімділік, рақымды болу, адамға жаксылык ету, төзімділік сияқты жақсы қасиеттерге баулиды. Бала әке-шеше алдында өзін мәңгі қарыздар сезінуі керек.

Ы.Алтынсариннің 1-4 сынып ана тілі оқулығын енген шығармалары тоқталсақ:

Сынып Шығармалары Оқушыларды неге тәрбиелейді?

1 «Өрмекші,құмырсқа, қарлығаш» әңгімесі. «Өрмекші,құмырсқа,қарлығаш құрлы жоқсың, сенде еңбек ет,боска жатпа»-дейді. Оқушыларды еріншектік, жалқаулықтан бойларын аулақ ұстауға шақырады.
2 Сараңдылық пен жинақылық Үнемділікке, ұқыптылыққа қанағаттыққа, қамқорлықа, әдептілікке баулиды. 
Талаптың пайдасы Талаптылықты, зеректікті қалыптастырады.
3 Таза бұлақ Адамгершілікке, ақылға, жақсы істен ғибрат алуға, жақсылық жасауға, мейірімділікке тәрбиелейді.
4 Қарабатыр Достыққа, төзімділікке, қайырымдылыққа жетелейді.

Қорытынды:

Ы.Алтынсарин түсінігінде білім дегеніміз айналадағы ақиқатты тану. Сондықтан , «табиғат ақыл деп жазды, - ол, - айналадағы қоршаған өмірді ғана қамтуға қабілетті, ал оны дамытып, біздің көргенімізді де білуге мүмккіндік беретін - дүниелік білім ғана»,- деді [6]. 
Ы.Алтынсарин өзінің ұстаздық қызметіне байланысты қазақ жастарын оқытып-тәрбиелеу мәселесін ең негізгі, басты мәселе деп есептеді. Халқы үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын көбейту аркылы қазақ қоғамынық мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып, тәрбиелеуден, тәрбие ісінің құдіретінен артық ешнәрсе жоқ,- деп түйеді Ыбырай.
Адам тәрбиенің нәтижесі. Ол өмірге пешенесіне не жазылса, сонымен келмейді, оның тағдыры туысынан белгіленбейді. Адамдық қасиетінің қалыптасатын жері — өмір талқысы, әрекет етуі, тәрбиесі. Күн мен Ай бәрімізге ортақ, бәріміз де адамның баласымыз, ешкімді біріңнен бірің артықсын деп айыруға болмайды, — дейді, Ыбырай. Ол адам психологиясының қалыптасуындағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи факторлардың шешуші ролін жете түсінді. Ы.Алтынсариннің ойынша адамның сана-сезімін негізінен тәрбие билейді де, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» болып қалыптасуын материалдық өмір жағдайларымен емес, идеалогиялық факторлармен, ағартушылық әрекетпен тәуелді еткісі келеді. Ыбырай жеке адамның даму жолын қоғам дамуымен байланыстырып, оның адам туралы түсінігі жеке адам «барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы» дейтін қағидаға сәйкес келді. 
Ыбырай Алтынсарин шығармаларында көтерілген екінші бір өзекті мәселе: жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман қасиеттерден жирендіру мәселесі. Оның «Хрестоматиясының» бірінші беттерінен-ақ балаларды оқуға, өнерге, ұкыптылыққа, тазалыққа, мейірімділікке шақырған әңгімелер мен өлеңдер жиі кездеседі.

Бала жанының зергері Ы.Алтынсарин әңгімелерінің бәр-бәрі де бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұны тартымды, олардың жан дүниесіне әсер етерліктей етіп берілген. Осы әңгімелерді мұғалімдер мен ата-аналар балаларды ұқыптылық пен сабырлылыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелеу мақсатында пайдалануға болады. 
Ыбырай еңбек процесінің бала тәрбиесіндегі ерекше маңызын көре білді. Сондықтан оның көптеген әнгімелерінің идеясы, Абай айтқандай, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданың төңірегіне топтасқан. Әңгімелерінде балаларды тапқырлыққа, табандылыққа үйретіп көп тұрмыс тауқыметі – еңбек екендігін, сол себепті оның болашағы жарқын, өмір сүруі адал болатындығын көрсете келіп, жастайынан еңбексіз өскен балалардың бос белбеу болбыр болатынын барынша келемеждейді. Ы.Алтынсарин әңгімелерінде еңбек процесінің адамның сана-сезімін, психологиясын қалыптастыруда ерекше орын алатынын жақсы түсінген.
«Ыбырай Алтынсарин шығармаларының маңыздылығы» тақырыбындағы курстық жұмыста жеке тұлғаны қалыптастырудағы анықталған мәселелер:
Біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабар беру принципін көздей отырып,тұлғаны өмір сүрген қоғамына қатысты халықаралық қатынасқа бейімдеу.
Екіншіден, жеке тұлғаны адалдыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, талаптылыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына дарыту арқылы адами мінез-құлықтарын өздері игере алуларын ойластырған.

Үшіншіден, жастардың, әсіресе, мектеп оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беруімен бала түйсігін жүйелілікпен қалыптастыруға тырысқан.
Қорыта айтқанда, Ы.Алтынсаринның өз халқын оқуға, өнерге үндеуі надандыққа, зұлымдыққа қарсы шығуы, сол кезде әлеумет өміріндегі теңсіздіктің бетін ашып, өмір шындығын көрсетуі, жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі оның творчествосының халықтық жағы десек, қазақтың қазіргі ержеткен проза жанрының және балалар әдебиетінің ең алғашқы негізін салушы болды. Сондықтан да Ыбырай Алтынсарин жазба әдебиетіміздің төрінен заңды түрде орын алып отыр. 

0 дауыс

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы.

Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.

1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857—1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады.

1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді.

Ыбырай дың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.

Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырай ға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868—1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876—1879) қызметін атқарады.

Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді.

Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырай дың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды.


Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды.

Ыбырай дің пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактик. оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды.

Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі – Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»).

Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкімет 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырай дің туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырай ға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, шың, т.б. бар.

Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес.

Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.

Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу оырндары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.

Ыбырай Алтынсариннің шежересі<!--spoiler_title_end-->

<!--spoiler_text-->Балғожа би Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз - 1860) - би. Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында дүниеге келген. 1824 жылы хандық жойылып, Орынбор генерал-губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Балғожа би Жаңбыршыұлы Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған. Балғожа Жаңбыршыұлы 1839 жылы хорунжий, 1848 жылы жүзбасы «сотник», 1850 жылы старшина әскери лауазымын алған.

Ресей өкіметі тарапынан «Ынталылығы үшін» («За усердие») деген алтын медальмен марапатталған. Сонымен бірге патша өкіметі оған аты жазылған екі тапанша мен қосауызды мылтықты сыйға тартқан. Балғожа Жаңбыршин - жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған. Торғай, Тобыл және Әйет өзендері аралығында көшіп-қонған Орынбор шекара комиссиясының пікірінше ол "адамдарды басқару жағынан да, жалпы орда істері жөнінен де, өз руластары алдында өте беделді болған. Ол би ретінде Шығыс ордада ғана емес, өзге ордаларда да істі қарауға шебер, білгір адам саналған" (ҚРОМА, 4-қор, І-тізбе, 3404-іс, 310-байлам, 83-86 парақтар, 1850). Ыбырай дың атасы Балғожамен бірге туған Ханқожаның Ақдәулет, Қылышбай деген екі баласы болады. Оның баласы Алтынсары 1844 жылы көтерісшілер қолынан қаза табады. Осыдан соң немересі Ыбырай ды өз тәрбиесіне алған. Балғожа би немересін 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының осы қалада қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп - интернатына оқуға береді. Атасы оны жасынан-ақ адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешен-дікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға алып барып, билік айтқызып қанатын қатайтқан. Ыбырай да жасынан зерек болып, атасын жерге қаратпай алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленеді. Оның бұл турашылдық, шешендік қасиеттері Торғайда сот істерін жүргізген кездерінде айқындала түседі. Қалай дегенде де Ыбырай дай ұл өсіріп, тәрбиелеген Балғожа есімі ұмытылмақ емес. Бірақ оның аты-жөні Қазақ Совет энциклопедиясына енбеген. Туған, өлген жылдары белгісіз.

Шеген би

Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы. Шеген бидің өмірі, билік жүргізу мезгілі Тәуке хан заманындағы қазақ хандығының пісіп-жетілуі, нығайып аяғынан тұруы, тұтастығын сақтауы, көршілес елдермен тең өмір сүруімен тығыз байланысты. Шеген би (Шербұға) бабамыз 80-90 жылдай өмір сүрген болуы керек. Оның өмірге келген мезгілін ХВЫ ғасырдың аяғы не ХВЫЫ ғасырдың басы деп болжам жасайды. Атақты Шеген би аумалы-төкпелі, түсініксіздеу мезгілде өмір сүрген. 1680-1688 жылдар аралығында Тәуке хан тағына отырғанда Шеген Жеті рудың атақты билерінің бірі болғаны белгілі. Бірінші болып қойылған мәселе – елдің бірлігі. Тәуке хан билік жүргізудің бұрын болмаған жаңа түрін енгізуді ұйғарғаны болуы керек - бірінші болып Билер кеңесін құраған. Бұған қазақтың Ұлы жүзінен, Орта жүзінен, Кіші жүзінен бір-бір биден енген. Кіші жүздің атынан Шеген би сайланған. Шеген би Жағалбайлы тайпасынан шыққан, азан шақырып қойған аты – Шербұға. Түбі Мелде бидің ұрпағы. Ел аузында: «Елді ел еткен Мелде би» деген сөз қалған. Шеген сол замандағы ғылым мен мәдениеттің орталығы болған Бұхара, Самарқаннан тәлім-тәрбие алған. Жалпы, Шеген би туралы ел аузынан естігеніміз – оның мына төрт жол айтқан сөзі: Елдің емі далада, Даланың емі балада. Баланың емі анада, Тіршілік түбі Аллада. Профессор Аманжол Күзембайұлы «Қостанай жаңалықтары» газетінің 2008 жылдың 26 тамызында шыққан «Қоғамға қызмет ететін әділ би» деген мақаласында былай дейді: «…Би халықтың ашық даусымен сайланған. Егер би өзінің шыншылдығы жөнінде халыққа сенімсіздік білдірсе, онда оған адамдар барып шағынуды қояды және ол би биліктен шығып қалады.

Шеген би неше түрлі сұрақтардың шешімдерін адалдықпен тауып беріп отырған. Әсіресе, жер көлемі туралы көп мәселелер шешімін тапқан. Ол кезде жайлау, қыстау, сосын мал ұстайтын қазаққа мал суару үшін өзен көлдің жағалауын жанжал шықпайтын қылып, қылдай етіп бөліп беру керек болған. Әр руға, тайпаға бөлінген жер арада алауыздық не өкпе тудырмаған. Бұл Шеген бидің шеберлігі мен оның әркімге тартпайтын шыншылдығын көрсетеді». Осы ғалым «Тарих өз өлкеңнің тарихынан басталады» деген мақаласында: «Шеген би өз мезгіліндегі ең ауыр мәселе – шекара белгілеу мәселесімен айналысқан. Бұл іске шыншылдығымен, қайсарлығымен, қажырлылығымен кірісіп, өзінің өмірімен қоштасқан. Орыстар қазақ жерін көбірек алып қалу үшін Шеген биді сатып алу мақсатында «сыйлық» деген атпен оған алтын алқа, алтын жүзік, алтынмен көмкерген шапан, қылыш беріп, «шекараны қайта қарасын» деп уәкіл адам жіберген. Сонда Шеген би оған: «Алтынан алқа, жүзік тағатын қатын емеспін, қылыш алатын жауынгер емеспін, шапан жабатын сұлтан емеспін», – деп сыйлықтарын қайтарып жіберген. Одан кейін Шеген биді ұстап алып, қамап көндіруге тырысқан. Көп ұстай алмайды, себебі бүкіл Алты алашқа белгілі, сұрауы бар. Босатып жіберген, бірақ ердің қасын, қанжығасын улап аттандырған. Содан уланып Шеген би қайтыс болған». Шеген биді сол кездегі қазақ хандығының орталығы болған Түркістанға, қазақтың ардақты адамдарының қасына жерлеуге алып шыққаны, бірақ сүйек бұзылып кететін болғасын, басқа жерге жерленгені баяндалады. Шеген биді қазақ хандығының бірінші заңының іргесін қалаушылардың бірі десек, оның оныншы ұрпағы, атақты заңгер, егеменді Қазақстанның алғашқы министрінің бірі Нағашыбай Шәйкенов Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Бірінші Конституцияның негізін салушылардың алдыңғы қатарында болғанын халық жақсы біледі.

Абаймен қарым-қатынасы

<!--spoiler_text-->Абай мен Ыбырай дың жасаған өмір кезеңдерінде де көп алшақтық жоқ, төрт-бес жыл ғана айырма бар. Әлеуметтік-саяси өмірдің ұқсас бірлігі де олардың таным-талғамының бір бағытта өрістеп дамуына қолайлы жағдай жасаған. М. Әуезовтың айтуынша Абай Алтынсаринды жақсы білген, тіпті кейбір мәселелер бойынша одан үйренуді де жат санамаған: «Абай Ыбырай ды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек... Ыбырай дың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі бүл екеуінің үні бір, үміті бір, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» (Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., - А., 1985, 246-6.). Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап, қанат жаюына Абай мен Алтынсарин зор үлес қосты. Олар өзіне дейінгі ақындардың жыр мен толғау, дастандарында табиғат көріністерінің жеке бөлінбей, түйдек-түйдегімен қоса жырланып келген үлгілерін түңғыш рет жеке алып, түр мен мазмұн жағынан тың сипат бере білді. Орыс ақыны А. С. Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Алтынсаринның табиғат көріністерін адам өмірімен шебер астастыра бейнелейтін «Сәуірде көтерілер рахмет туы» өлеңінде мал баққан көшпелі өмірдің шындық суреттері әсем де нанымды өріледі. Сәуір айындағы күн нұрымен еріген мұз бен жауын-шашынның жерге нәр беруімен даланың құлпырған әсем бейнесі, таза ауаға мастанған адам мен жан-жануарлардың мәре-сәре болуы, мал төлдеп, аққа аузы тиген жұрттың қуаныш-көңілі, әзілі жарасқан жастар мен кәрілердің шаттығы, көл жағалай ұшқан қаз бен үйрек, тасыған өзен мен мал даусының жаңғырығы, ынтық жастардың оңашада бас қосуы - бәрі де реалистік тұрғыда әсерлі сипатталады. Жақындар құдайымның көктен күні, Тең болар жарлықпенен күн мен түні. Аспаннан рақымменен күн төнгенде, Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны (Алтынсарин. Таза бұлақ. - А., 1988, 93-6.),- деп, Алтынсарин күн бейнесін бүкіл тіршіліктің қайнар көзі, мейір-шапағаты ретінде ұтымды суреттеп, «Жердің қуануы» ұғымын жас баланың ұйқыдан оянып гүлдей жайқалып шыға келуімен астастырады. Абай Алтынсаринның осы бейнелі сөз тіркесін «Жазғытұры» өлеңінде: «Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті... Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып түрленер тоты құстай...» - деп, көркейте жетілдіріп, сомдап қолданады. Осы тұрғыда М. Әуезовтың: «Абайдың кейін жазатын осы алуандас «Жазғытұры», «Жаз», «Күз» «Қыс» дейтін өлеңдерінің бәрінен біз жаңағы айтылған, Алтынсарин салған тың жолдың түгелімен қабыл алынып, онан әрі көркейіп, дами түскенін білеміз» деген пікірі өте орынды айтылған (Әуезов М. Көрсетілген еңбегі. 213-6.). Абай мен Алтынсаринның табиғат лирикалары мағыналық жағынан ұқсас, оларда жарыса жырлау дәстүрі (нәзира) мен стиль бірлігі ортақ және өлеңдерінің мазмұны мен құрылысы сабақтас, өзара үндес келеді. Қазақтың ұлы ағартушыларының адамгершілік ой-тұжырымдары өрнектелген Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Алтынсаринның «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» атты өлеңі Ескендір патшаның төңірегінде құрылып, өрбітіледі. Алтынсаринде оқиға желісі жинақталып, қысқа қайрылса, Абай шығармасы дамымалы мазмұнға құрылған. Ескендір патшаның уәзірі ретінде Алтынсаринде Қыдыр Ілияс, Абайда ежелгі грек философы Аристотель алынған. Бұл шығармаларында Абай мен Алтынсарин дүние жүзін түгел жаулап, адам қанын судай шашқан тойымсыз патшаны әшкерелейді, сол арқылы бүкіл адамзатқа ой салып, адамгершілікке шақырады, ізгілікті ту етіп көтереді. Екі ақын да бір тақырыпты өздерінше қайталай жырлап, адамгершілікті, имандылықты арнайы сөз етеді. Мұндай ұқсастықтар Абай мен Алтынсарин шығармашылығының бір бағыты - орыс классиктерін тәржімалау тәжірибесінен де байқалады. Олар орыс әдебиетінің рухы мен стилін сақтап, қазақ оқырмандарының табиғатына етене жақын етіп аударудың көркем үлгісін жасады. Абай буған қоса өлеңнің түпнұскалық мән-мазмұнын дәл беруге, ой-қорытындысын өзгертпей жырлауға ерекше көңіл бөледі. Ал Алтынсарин дәлдіктен гөрі, мазмұн бірлігін сақтауға зер салған. Абайдың И. А. Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалы мазмұны мен стилі жағынан түпнұскаға мейлінше жақын болып келетін болса, Алтынсарин осы өлеңді Абай секілді 7- 8 буынды жыр үлгісімен емес, 11 буынды қара өлең түрінде аударған. Ол Крыловтың «ангельский голосок» деген тіркесін: «сөзің күміс, алтын» десе, енді бірде: «сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім» деп, қазақ ұғымына жақындатып алады. Қоғамдық құрылысы мен әлеум. ортасы ортақ, бір дәуірде өмір сүрген қазақтың екі ұлы ағартушысы туған халқын өнер-білімге үндеді. Абай ел-жұрттың көкірек-көзін оятпақ болса, Алтынсарин техника тетіктерін үйренуге шақырды. Олардың жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге үндеген ой-тұжырымдары өзара өзектес, сабақтас келеді.

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық көзқарасының қалыптасуы 

<!--spoiler_text-->Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылған ол атасының — белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршинның қолында тәрбиеленеді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасын Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді.
Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырай дың өмірлік ұстанымына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбек сүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды.
1857 жылы ол Орынбор шекара комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітірді. Ыбырай орыс, араб, татар және парсы тілдерінде еркін сөйлей білді. Кейінірек халық ағартушысы ретінде өз білімін өзінше оқып, арттыра түсуді белсенді түрде жалғастыра түсті. Дүние жүзі әдебиетінің классиктері В. Шекспирдің, И. Гетенің, Д. Байронның, А. Пушкиннің, Н. Гогольдің, М. Лермонтовтың, Ғ. Низамидің, А. Фирдоусидің, Ә. Науаидың шығармаларын зор зейін қойып оқыды. Ы. Алтынсариннің педагогикалық көзқарасының қалыптасуына орыс педагогы К. Ушинскийдің және чех ойшылы Я. Коменскийдің еңбектерімен таныс болуы игілікті әсерін тигізді. Ы. Алтынсарин орыстың көрнекті демократтары Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнің және басқалардың шығармаларымен де таныс болды.

Мектепті бітіріп шыққан халық ағартушысы Ы. Алтынсарин үш жылдай атасының қол астында кеңсе қызметкері болып істеді. Осы жылдар ішінде ол өз халқының сауатын ашып, білімін көтерудің аса қажет екенін жете түсінді.

Ағартушының педагогикалық қызметі

<!--spoiler_text-->Білімін өзі жүйелі жетілдірудің нәтижесінде ол өз заманының аса білімді азаматы болды. Орыс педагогика ғылымының тарихы мен өз тұсындағы жағдайын терең зерттеп білу оны қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы етіп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқу- шыларына арнап екі оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарга (қазақтарга) орыс тілін уйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ол қазақ балалары үшін зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы. Алтынсариннің өзі қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды.

1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай уш айдыц ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды».

1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты. Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше күшті мән берді.
Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.<!--spoiler_text_end--><!--/dle_spoiler-->
<!--dle_spoiler Ыбырай Алтынсариннің экономикалық көзқарасы -->

Ыбырай Алтынсариннің экономикалық көзқарасы

<!--spoiler_title_end--><!--spoiler_text-->Ы. Алтынсарин жан-жақты білімді адам болды. Білімді адам ретінде ол прогреске, білімге ұмтылудың қазақ халқы үшін қаншалықты зор маңызы бар екенін айқын көре білді. Ол қазақтардың арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, темір жолдар мен электр қуатының, егіншілік кәсібінің, телеграфтың және әр түрлі қолөнердің пайдасы туралы айтып берумен болды. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Қолөнер және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға да көп күш-жігер жұмсады. Алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен кездесу кезінде қолөнер кәсібі, бау-бақша егу, мал өсіру және диқаншылық жөнінде жазылған оқу құралдарын табуға көмектесулерін өтінді.

Ол қазақ жастарына тері илеу, сабын қайнату, май шайқау және кірпіш күйдіру, көзе жасауды үйретуге тырысты. Сондай-ақ ағаш ұсталығы, темір жону, слесарьлық кәсіпке баулуды да армандады. Ол жастарға жаңа машиналарды қалай пайдалану, ауру малдарды қалай емдеудің және зиянды жәндіктерге қарсы қалай күресудің тәсілдерін үйретуге тікелей өзі де қатысып жүрді. Өзінің очерктер мен ауызекі әңгімелерінде қазақтарды диқаншылықпен айналысуға шақырды. Ы. Алтынсарин жастарды еңбек сүйгіштікке баулыды, уақытты босқа өткізуден және жалқаулыққа салынудан сақтануға шақырды.<!--spoiler_text_end--><!--/dle_spoiler-->
<!--dle_spoiler Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі -->

Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі<!--spoiler_title_end--> 

<!--spoiler_text-->Ол өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзші әрі ақын ретінде де кеңінен танылды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап түрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жариялады. Атап айтқанда, Кіші жүз қазақтарының адамды жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрі, ежелгі әдет-ғұрып зандары туралы зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол өзінің жұмыстан қолы босаған кездерінің бәрін де ауыл арасында өткізді, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Өзінің көзі тірісінде бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды.
«Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегінде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеді.

Ы. Алтынсариннің әдеби мұрасы да едәуір елеулі. Ол И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.Һ. Толстойдың әңгімелерін орыс тілінен қазақ тіліне аударумен қатар өзі де қысқа әдемі әңгімелер жазды. Ы. Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болады.

Ыбырай Алтынсарин тамаша ақын да еді. Оның «Азған елдің билері», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Ана» атты өлеңдерінің адамгершілік-ғибраттық сипаты басым. Ақынның бұл өлеңдерінен қазақ жастарының талай ұрпағы үлгі-өнеге алып, тәрбие көрді. «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңінің:

«Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ыкыласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар...» —
жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор.

Ы. Алтынсариннің шығармаларында қазақтардың өмірі шыншылдықпен бейнеленді. Оларда білімге, ғылымға деген құлшыныстың қажеттігі кеңінен насихатталды. Жастарды оқу-білімге шақыра отырып, ол өзге халықтардың мәдени өмірін, олардың ғылымда қол жеткізген табыстарын үлгі-өнеге ретінде мысалға келтірді.

Ағартушының қоғамдық-саяси қызметі

<!--spoiler_text-->1868 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты. Бұған риза болмаған байлар оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің аркасында ақталып шықты. Ол өзінің халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...»

Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің үшан- теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атты төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның қүрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп түрады.
Мұғалімдердің Ы. Алтынсарин туралы жазған хаттарынан:

«Марқұмның мен қазақ даласында болған кезімдегі бүкіл өмірі өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арналды. Ол халық өмірінің қалай бет бұрып бара жатқанын мұқият бақылап отырды және оны терең түсіне білді... Мұғалімдерге қатаң талаптар қойды, әрбір іске барынша ұқыпты қарауды талап етті, ол өз міндетіне жүрдім- бардым қарап, жұмысты шала-шарпы орындайтындарды қатаң жазалап отырды. Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. Ол өзінің шын жүректен шыққан тартымды әңгімелері арқылы мұғалімдерді оқу ісіне шын ниеттерімен құлшынып, адал еңбек етуге жұмылдыра білетін. Жұрттың көз алдында бізді соншалықты жоғары бағалайтын, өзгелерді мұғалімдерге ең адал ниетті азаматтар ретінде зор құрметпен әрі мақтанышпен қарауға мәжбүр етті. Ол әрдайым қасынан мұғалімдерді қалдырмай, өзімен бірге ертіп ала кететін, оларсыз сапарға сирек шығатын. Ол әсіресе жас қазақ мұғалімдеріне ерекше қамқорлықпен сүйсіне қарайтын... Оны мұғалімдер де жанындай жақсы көретін... Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Онымен қашан болса да, қандай мәселемен болса да емін-еркін ашық сөйлесуге, ақыл-кеңес сұрауға мүмкін еді. Қашан болса да ақ көңіл адал ниетімен ақылын айтуға, тіпті нақты ісімен көмектесуге әрқашан әзір тұратың. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын. Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Орыс тұрғындары да оған қайырымды да әділетті адам ретінде сый-құрметпен қарайтын. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын... (Мұғалім Ф.Д. Соколовтың естелігінен)

...