Кешіріңіз,мынау бір адамның тахауи атамыз жайлы айтқан әңгімесі сізге бір көмегі тиер
Тахауи Ахтанов есімі қазақ атаулыға мәлім. Сонда да сөз зергері ретіндегі кейбір қырын еске салу артық болмас.
Ол:
– Алғашқы бірер әңгімесімен және тұңғыш романымен әдебиет ордасының төріне жүрексінбей шығып, М.Әуезовтей алыпты елең еткізген, «әдебиеттегі жаңа құбылыс» деп мойындатқан, оны «шабытымен өзіме іні-бауыр, туыс» деп сүйсіндірген;
– өзімен тұрғылас таланттар шоғырын ұстаз Мұхтар ерте әрі дөп танып, «бөлек санаған, болашағымыз» деп бағалаған, зор үміт күткен, оны абыройды ақтаған қаламгерлер легінің белді өкілі, ұлы тұлғалар тарапынан берілер, төбесін көкке жеткізердей мұндай баға мен мадақ – «әдебиет базарына» жаңа келген екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.
– досы, ол да сөз шебері З.Қабдолов: «Тахауи Ахтанов кім?» – десе, мен: «Үлкен үшеу: «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» дер едім», – деп бағалаған;
– әдебиеттің проза, драматургия, сын-зерттеу салаларында тер төгіп, құнарлы еңбек еткен (ақындықтан да қара жаяу болмаған), қазақ әдебиетінің, қазақ сахнасының мәртебесін биікке көтеруге елеулі үлес қосқан, проблемалық тақырыптар қозғалған құнды дүниелері бұрынғы КСРО-да да лайықты бағаланған, ондаған шетел тілдеріне аударылған, сондай қазыналы шығармалары үшін Мемлекеттік және өзге сыйлықтарды иеленген классик – Т.Ахтанов, ол – әрі қан кешкен майдангер.
Сонымен бірге, ол ақтөбеліктер мен шалқарлықтарға да етене жақын. Несімен?
– ғұмырбаянындағы бұрынғы деректерді, тіпті энциклопедияда да «кіндік қаным тамып, таяқты ат қып мініп ержеткен мекенім – Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз жері, Ахтан қорасы да осы өлкеде» деп түзеттірген, оны алқалы жиындарда жария еткен;
– туған жерім деп, кей кезде және өзінің 60, 70 жылдық мерейтойларында Шалқарға, Шетырғызға, Қарабұтаққа, Ырғызға, Ақтөбеге ат басын тіреген, кіндік қаны сіңген топыраққа аунаған, бауырларымен қызу қауышқан, дәм-тұзын татқан, жерлестерін мақтаныш тұтқан;
– шығармаларында бүйрегі бұрып, Ақтөбе, Шалқар, Ырғыз, Қарабұтақ өңірлерін атап өтуді ұмытпаған, көркемдік деңгейі қырық қабат (әдебиет сыншылары тарапынан лайықты пікір айтылмағаны үшін, автор сәл реніш білдірген) «Шырағың сөнбесін» романының басты кейіпкерінің, соғыстың «қылкөпірінен» өліп-талып өтіп, онсыз да азап-бейнеті аз болғандай, ерлікпен қаза тапқан партизандардың (екі қазақтың, орыстың) және өзінің де шырағын сөндірмей, от-жалын ортасынан олардың көздері мен тұяғын – құшағындағы екі сәбиді, құрсағындағы шарананы елге есен-сау әкеле жатқан әрі пойыз үстінде арып-шаршаған жауынгер-ана Нәзираның әуелгі тоқтар аялдамасы етіп, өзгені емес, Ақтөбені таңдаған, «келешекте сәбилер соғыс өртін көрмесін» деген іңкәр тілекпен осы шығармасына соңғы нүкте қойған – Т.Ахтанов.
Театр өнерінің жілігін шағып, майын ішетін, пұшпағын илеп жүрген тұлғалар зер салса, «Шырағың сөнбесін» романы киноға да, спектакльге де, тіпті операға да сұранып тұрғанын байқар еді.
Туған жердің бел баласының, біртуар жерлес қаламгердің есімі мен шығармашылығын шалқарлықтар қалай қадірлеп жүр? Жоқтың қасы. Оның есімімен қаладағы бір көше аталады. Шетырғыз жерінде Т.Ахтан ауылы бар. Аудандық мұражайда жазушының әдеби мол мұрасынан қойылған жәдігерлер тапшы. Оның заңғар есімі мен еңбегін шалқарлықтарға еске салар – осылар ғана. ХХ ғасырдың 70-жылдарында осы мұражай ашыларда, ауданның сол кездегі басшылығы тәжірибелі екі журналист жіберіп, Тахаңның өз қолынан бірнеше жәдігерді алдырыпты. Шалқарлық аға буын азды-көпті білер, кенже буын оның Шалқар тумасы екенін әдебиет сабақтарында еміс-еміс еститін шығар. Жұрт жазушы есімін ыстық ықыласпен құрметтейтін Ақтөбе қаласына риза. Орталық көшелердің бірі, мектеп, кітап үйі, облыстық драма театры оның атында, сол театрда пьесалары сахналанады. Шалқар да мәдениет, ағарту ұяларынан құралақан емес: қаланың өзінде – тоғыз орта мектеп, ауылды аймақтарда – онның үстінде орта мектеп, сондай-ақ аудандық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы бар. Солардың бір-екеуіне атақты жазушының есімін беру бұйырмай келеді.
Елдің кей өңірлеріндегі зиялы азаматтардың сондай «сүйер ұлдарының» (Абай) есімдері мен еңбегін дәріптеуге елгезектікпен жабыла кірісіп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, әйгілеп жататын сүйсінерлік істері біздің жаққа да жұғысты болғай деп тілейсің. Құрмет тағынан таймастай орын алған, қазақ намысы үшін шыр-пыр болатын Шерхан Мұртазаны пір тұтып, жерлестері мен оқырмандары көзі тірісінде-ақ «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығын құрып алғаны БАҚ-та жазылды. Біз сондай белгілі қаламгеріміздің есімін елеусіз қалдырмау қамын жасауға, шығармашылығын жақынырақ тануға, зерттеуге, насихаттауға селқостық білдірмейік. Мұндай игілікті істің кейінгі буын үшін қажет екеніне мән берейік. 80-85 жылдығы да елеусіз өтті. 90 жылдығы да алыс емес (1923 ж. туған).
Егер ауданда, облыста Т.Ахтановты есте қалдыруға арналған істер қолға алынса, сан алуан мәдени-көпшілік, тәрбиелік-танымдық, ғылыми шаралар бастау алары анық: Тахауи оқулары, тілдер мерекесі, оқушылардың, студенттердің, ғылыми-шығармашылық жұмыстары, мүмкін болса, пьесаларынан, шығармаларынан сахналық қойылымдар қою, мұражай не арнаулы мүйістер ашу, яғни қаламгер есімін, шығармашылығын тану мен таныту, жас буынды көркем әдебиетті, эстетика әлемін, ана тілін қадірлеуге тәрбиелеу және насихаттау өрістейді. Мәдени-көпшілік, шығармашылық жұмыстардың қай-қайсысын да Т.Ахтанов шығармалары белі қайыспай көтере алады, тек тілін, тетігін таба білсе болды. Ақтөбеде, Шалқарда оның ескерткіші бой көтерсе де, артық емес.
Ақтөбеде не Шалқарда әдеби мұражай ашылса, жалғыз Ахтановтікі болмай, ол облыстан, әр ауданнан қанаттанып ұшқан сөз зергерлерінің мұраларын да жинақтайтын мәдени ұя болар еді. Қостанай облысының Жангелдин ауданының бір өзінде сондай бес мұражай бар көрінеді. Оның әдеби мұраларын, ол туралы естеліктерді жинастыру, баспадан шығару үшін, осындай елеулі шаралар үшін қоғамдық қор құру да – бір төбе. Туған өлкенің рухани байлығының осындай өркен жаюы, көпшіліктің қазынасына айналуы жолында ақтөбелік, облыстық қайырымды азаматтардың да қол ұшын берері сөзсіз.
Жұртшылық жұмылса, аудан, қалалар, облыс әкімдері хош көріп, ұйытқы болса, Т.Ахтановтың ардақты есімі мен шығармашылық еңбегін құрметтеу шаралары жолға қойылса, үлкен абыройлы іс болары анық.
Әбдіжали
Жұмашұлы
Шалқар қаласы,
Ақтөбе облысы