+1 дауыс
15.2k көрілді

Осы қазақтар қазақша біле тұра неге қазақша сөйлемейді, орысша сөйлейді неге? Қандай кереметі бар?

Кейінгі кезде қазақ тілінің мәселесі көп айтылып, баспасөзде жиі жазылып жүр. Әсіресе, қазіргі жастар орыс тіліне бет бұрып, бірімен бірі орысша сөйлеседі. Жастарды былай қойғанда олардың кейбірінің ата-аналары балаларымен шет тілінде шүлдірлеседі. Тіл мәселесін Елбасы айтудай-ақ айтып келеді. Тіпті, Нұрсұлтан Әбішұлы: "Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!" деп тапсырма да берді. Соған қарамастан орысша қарым-қатынас жасау үрдісі тыйылмай келеді.

Өткен жылы облыстық "Нұр Отан" партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары ТүсіпханТүсіпбеков Көкпектіге келіп, құқық қорғау органдары басшылары мен тұрғындардың кездесуін өткізді. Сонда мен қабылдауына кіріп, аудандағы тіл мәселесін көтердім. Түсіпбеков "Көкпекті ауданы халқының 90 пайыздан астамы қазақтар, солай бола тұра бұлар неге орысша сөйлейді, мен осыған түсінбеймін" - деген-ді.

Ал таяуда әңгіме арасында зейнеткер Құмар Құнапияұлы: "Мен қазіргі жастарды түсінбеймін. Қазақ тілі десе,  төбе шаштары тік тұрады. Президентіміз мемлекет атауын "Қазақ елі" деп өзгертейік десе, осыған жастар қарсы" - дейді.  

Әлемде сегіз мың тіл бар. Сөз байлығын қолдану дәрежесі бойынша қазақ тілі бірінші орында екен. Орыс тілінде (С. Ожегов "Словарь русского языка" М. 1989 г) 57 мың сөз, оның 19 мыңы шет тілдерден келген. Пушкинде 21 197, ал ағылшын классиктері Шекспир, Байронда олардың шығармашылық сөз байлығы 15 мың сөздің төңірегінде екен. Ал Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романының сөз байлығы 23 740 болса, қазақтың түсіндірме сөздігінің сандық құрамы 350 мың сөзді қамтыған. Осыдан-ақ қазақтың тілінің байлығы көрініп тұрған жоқ па? "Мен дүние жүзінде үш ұлы тілді білемін. Біреуі француз тілі, біреуі - орыс тілі, біреуі - қазақ тілі" дейді ұлты неміс Радлов.

Иә, қазақ тілінің байлығы, оралымдығы дау тудырмайтын басы ашық аксиома. Оны жалғыз қазақ емес, басқа ұлттың өкілдері де мойындағаны шындық. Осыған тағы бір мысал келтіре кеткенді жөн көрдім. Жазушы Герольд Бельгер төмендегі жайды айтады. "1986 жылы желтоқсан көтерілісі кезінде Мәскеуден ЦК-дан келген Мищенко - Тищенко, әлде Нищенко ма ұмыттым, сол шақыртыпты мені. Онда қазақ жастарының негізгі бір талабы тіл проблемасы болды ғой. Әлгі Мищенко - Тищенко - Нищенконың оған қарсы қазақ тілінің "кедейлігін" дәлелдеу керек болған сияқты. Сол өзін Қазақстанның қожайын сезініп, қазақ тілінің барлық сөздік қоры 200 ғана сөз деп, соны дәлелдеу үшін мені ара ағайындыққа шақырыпты. Мен оны қолдауым керек екен. Осыны айтқан Герағаң профессор М. Машановтың "Орыс - қырғыз (қазақ дегені Р. А) сөздігінен "вид" деген бір ғана сөздің синонимін мысалға алыпты. "Түр, кескін, сынақ, сымбат, тұрпат, келбет, нобай, нұсқа, көрік, әлпет, шырай, рең, тұлға, ұсқын, айбар, пыс, кейіп, сұрық, ажар, мүсін, пішін, бейне, сын, өң, көрініс" - деп орыс тіліндегі "вид" сөзінің қазақша 25 синонимін келтіреді. Мұның өзі толық тізім емес екенін де еске салады. Осыдан соң қазақ тілін қалайша кедей тіл деп айтамыз дей келе: "Привет господину - товарищу Мищенко - Тищенко - Нищенко" - деп оны әжуалайды. (Герольд Бельгер "Казахское слово" 285 бет, 2009 жыл, Алматы).

Ал енді Көкпектідегі қазақ тілінің жағдайы неге қиындады?  Көкпекті жеріне татар диаспорасының қоныстана бастағанына жазушы Қалихан Алтынбаев екі ғасырға жуық деп айтып кеткен. Бұл ағайындардың шоғырланған жері біздің ауданда ғана. Бұл біздің ерекшелігіміз, байлығымыз деуге де болады. Бұл туысқандармен ешкімді жатсынбайтын, жатырқамайтын қазақтар тез-ақ аралас-құралас болып кетті.  Келе-келе қыз алысып, қыз берісіп құдандалы, жекжат, туысқан болып сыйласып кеткені соншалық, татар, қазақ болып бөлінбей жымдасып, бір кісінің баласындай өмір сүрді.

Қыз алысты дегеннен шығады. Осы татардан әйел алу ұлылардан, ірі тұлғалардан бастау алған ба деймін. Солар жол салып кеткен сыңайлы. Димаш Ахметұлы Қонаев ағамыздың әйелі Зухра Шәріпқызының ұлты татар. Өмірінің соңына дейін Димекеңмен бірге тұрып қас-қабағына қарап, адал жар, ақылды ана бола білді. Екеуі бұл өмірден бірін-бірі аялап, мәпелеп өтті. Биязылық пен мәдениеттілік, инабаттылықтың үлгісін көрсетіп кетті.

Мұхтар Әуезов туралы да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Кеңес Одағы кезінде Мұқаң лениндік сыйлық беру жөніндегі комиссияның мүшесі болған. Сонда Мәскеудегі том-том кітап жазған, мүйізі қарағайдай жазушылар осы сыйлықтан дәмелі болып, Мұхтар Мәскеуге келген сайын алдын бермейтін болған. Солардың біріне де мойын бұрмай, ыңғай танытпай Мұқаң соғыс кезінде тұтқынға түсіп Моабит түрмесінде азап шегіп өлген кеңес офицері, татар ақыны Мұса Жәлелге ден қойды. Соның түрмеде жазған өлеңдерін жинастырып, кітап етіп бастырып, пышақ сыртындай ғана "Моабит дәптері" деген өлеңдер жинағы үшін жанын жалдап, тілін безеп жүріп лениндік сыйлықтың лауреаты деген сол кездегі ең жоғарғы атақты алып берді. Мұқаң туралы айтқан соң татар қызы Фатима Ғабитованы ол кісіден қалай бөлеміз. Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің жан жары, жанашыры бола білген Фатима жеңгемізді исі қазақтар түгел біледі. Және осы үшеуінен де бала сүйген. Қазіргі қоғам қайраткері, ғалым Мұрат Әуезовтің анасы осы Фатима ханым. "Қазақтың үш бірдей асыл азаматтарын құшағыма алған менің еш арманым жоқ" - деп айтып кетіпті жеңгеміз. "Қатын алсаң татардан, қалыспассың қатардан" - деген мәтел осы кездерде шыққан болса керек.

 Иә, сол татар ағайындардың кейбіреулерінің құжаттары бойынша қазақ болып жазылып кеткендері де баршылық. Бірге жүріп, бірге тұрған бұлардың балалары да бірге ойнап, бір үйдің баласындай болып, мектепке де бірге барды. Келгендерінің ішінде оқыған, білімдар, зиялы адамдары көп болды. Солардың біреуі де, бірегейі де Шерияздан Бабайұлы Фахрутдинов. Көкпекті ауданының тарихындағы аса бір ірі тұлға. Еңбек жолын бала оқытып, ұстаздықтан бастаған. Қазақ тілін жетік меңгерген Шери жастарды да, үлкендерді де оқытқан. Өйткені, дәл сол отызыншы жылдары Кеңес Одағында жаппай сауатсыздықты жою туралы мәдени революция басталып, үлкен науқан кең қанат жайған. Елдің түкпір-түкпіріне оқытушылыққа көзі ашық, көкірегі ояу оқығандар жіберілген. Сол науқаннан Шери де шет қалмай Қызылтас ауданына жіберіледі. Өз басым сол Қызылтас ауданының орталығы болған Қызылкесікте оқыдым бір кезде. Сонда Шериден оқығам, Шери менің мұғалімім болған деген ағалар мен тәтелерді көптеп кездестірдім. Сол жүрген, қызмет істеген жерлерінде Шери ақылымен, білімімен зор беделге ие болған. Кейіннен Қызылтас (Ақсуат ауданы), Ұлан аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты қызметтерде болған. Шери абзи өз балалары Дәлел, Абай, Болат, Мұрат, Мамайларды және қыздары Балқиыс, Райса, Ғадила және Зифаны қазақ мектебінде оқытып, барлық ұлтқа үлгі, өнеге болды. Сол кісінің бастамасымен қалған туысқандардың барлығы да балаларын қазақша оқытып, білім нәрімен сусындатты. Кейіннен бұлардың арасынан да үздік ұстаздар шықты. Ғалия Ахмерова қазақ мектебінің тұңғыш директоры болса, Фердаус Мұхамедиярова, Ғарифа Ихсанова, Ғалима Сүйіндікова, Ғарифа Файзуллина сияқты ұстаздар М. Горький атындағы қазақ мектебінің белді ұстаздары болды. Осы кісілердің бір де біреуі мен татармын деген жоқ, тіпті, Ғалима апай екі сөзінің бірінде біздің қазақтар деп сөз бастап, өзін де қазақтың қатарына қоятын. Осылардың алдынан мыңдаған қазақ балалары дәріс алып, небір мамандықтың иелері болып, Қазақстанның өркендеуіне үлестерін қосты. Көптеген жастар қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болып шықты.

Осы үрдіс кейіннен үзіліп қалды. Татар ағайындардың кейінгі ұрпақтары жаппай орыс мектебіне лап қойды. Кеңес Одағы кезінде қазақ мектептері көптеп қағажу көріп, жер-жерде жабыла бастағаны өтірік емес. Мысалы, сол кездегі астанамыз болған Алматыда жалғыз-ақ қазақ мектебі болғанын газеттер күйіне, күңірене жазып жатты. Құдайға тәуба дейік, Көкпектідегі қазақ мектебі жабылудан аман қалды, дегенмен сол кездің салқын саясатының кесірінен қазақ балаларының саны мейлінше қысқарды.

Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде бір де бір басқа ұлт өкілдері, оның ішінде діні бір, тілі жақын татар балалары қазақ мектебінің есігін ашқан жоқ. Сол орыс мектебінде оқығаны оқыған. Орыс мектебін бітірген басқа ұлттың балалары Ресейдің жоғары оқу орындарына кетіп жатыр, оны тәмамдаған соң Ресейде қалып қойып жатқандары да бар. Таяуда аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин аудан халқының алдында есеп берді. Баяндамасында білім барысына тоқтала келіп, өткен жылы аудан мектептерін бітірген 46 баланың Ресейдің жоғары оқу орнына кеткенін тілге тиек етті. "Бұл сұмдық қой! Біз неге Ресей үшін бала оқытып, дайындап береміз" - деп ренішін жасырмады. Бұл сұмдықты қойып, аудан үшін төтенше жағдай. Шындығында Отанды сүю, патриоттық сезім қайда? Қарыз, парыз деген ұғым неге ұмытылады? Ал сол Ресейге кеткен балалардың бірен-сараны болмаса, көбі татардың балалары екені жасырын емес. Және бұл жағдай былтыр ғана орын алған жоқ, жиырма жылдан бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Ойланатын жағдай.

Жоғарыда мен тілі бөлек, діні бөтен Радлов пен Бельгерді бекерге мысалға келтіргем жоқ. Оның қасында сендермен дініміз де, тіліміз де бір халық емеспіз бе? Қарашы әні, әзірбайжан қызы Асылы Османоваға. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жағы талмай қазақ тілін насихаттап келеді. Қазақ тілінде таза, түсінікті сөйлеп теледидардан түспейді, қазақ тіліндегі сауатты мақалалары қазақтілді газеттердің бетін бермейді. Мен мұны бөлу үшін емес бірігу үшін, алыстату үшін емес, жақындату үшін жазып отырмын. Ежелден төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып, тату-тәтті өмір сүрген бір халық едік қой. Енді кеп бөлектеніп, баламызды қазақ мектебінен ала қаштық, енді келіп Ресей асырып жіберетіндей басымыға не күн туды. Ол кезде милицияда  істеп жүргем. Бірде кешке кезекші бөліміне кірдім. Бұрышта бүрісіп біреу отыр. Сырттай танитынмын, егде тартқан иманжүзді абзи, молдалығы да бар, атын ұмыттым. Бөкен жақтыкі еді, бірақ аздап ұрттап қоятын. Патрульдер ұстап әкелген сияқты. Ол кез арақпен майдан ашып, маскүнемдерге қырғидай тиіп жүргенбіз. Кезекшіге айтып абзиды қоя бергіздім. Біраздан соң есік алдына шықсам, әлгі кісі әлі кетпепті. Мені көріп таяу келді.

 - Әй, қарағым, мен сені тосып тұрмын. Қиын-қыстау кезеңдерде ата-бабаларымызға қамқор болып, жеріне паналатып, көмек қолын созған қазақ халқына біз қарыздармыз. Сен де солардың тұяғысың ғой, ризамын саған, рахмет. Маған істеген жақсылығың құдайдан қайтсын. Соны айтайын деп тосып едім өзіңді,- деп жөнеле берді.

"Көкте Күн ортақ, аспанда Ай ортақ, жерде жақсы адамдар ортақ" деген қазақта бір тәмсіл бар. Сол айтпақшы жердегі жақсы адамның бірі Халел Бесбаев - академик, ұлты татар болғанмен, Көкпектіден қазақ мектебін бітірген. Екіншісі Сабыр Темірбеков - генерал- лейтенант, ұлты татар, бірақ қазақ болып жазылып Чернояркіден (Шоқыншы) қазақ мектебін бітірген. Қазір Ресей асып оқып жатқан балалар осылардай биікке көтеріле ала ма? Әй, қайдам, күдік-күмәнім көп. Шөп те өз жерінде өсіп, көктейді ғой. 

Қазір ауданымызда басшы қызметте жүргендердің көбі орыстілді екені өтірік емес. Осылардың қазақ тілі десе қабағы түсіп кетеді. Тіпті, танауларын тыржитып, сыздана қалатындарын қайтерсің. Аудан әкімшілігі аппаратын алайықшы, мұнда Дүйсекеңнің өзінен басқа қазақша еркін, таза сөйлейтін бір адам жоқ. Сонда қазақ тілін кімнен сұраймыз?

Осындай орыстілділер қазақша үйреніп, балаларын қазақша оқытудың орнына қазақ тіліне қарсылық көрсетуді жеңіл санайды. Қазақ тіліне қарсылық бос әурешілік. Қазақстан халқының қазір 70 пайызы қазақтар. Заман құбылмалы, бүгін болмаса, ертең ұлттық мемлекетке келеміз, сол кезде қазақ тілінің бағы жанады, заңды мәртебесіне ие болады. Олай болса, қазақтың тілі - қазақтың көктегі Күні. Оны қолмен ұстап, сөндіру мүмкін емес. Ендеше, балаңның болашағын қазір ойла! Жалғыз қазақтар мен татарлар ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының болашағы қазақ тілінде.

Көкпектінің өз басында екі мектеп бар. Бірі - Ж. Шәйжүнісов атындағы қазақ мектебі де, екіншісі - бұрын Киров атында болған орыс мектебі. Осыдан бірер жыл бұрын Көкпекті орта мектебі деген ат алынып, аралас мектеп болды. Бұл мектеп мұғалімдері мен оқушылары бұрын да, қазір де үзіліс арасында орысша сөйлесе береді. Ал қазақ мектебінің жөн-жосығы қазақша болу керек қой. Кеңес Одағы кезінде оқушылардың үзіліс арасында орысша сөйлеуіне тыйым салынған қатаң талап болған еді. Ал қазір сол қазақ мектебінің директоры да, оқу ісінің меңгерушісі де орыстілділер. Мектеп мұғалімдерінен бастап оқушыларына дейін орысша сөйлесіп жүре береді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бір жан ескерту жасамайды. Сонда қалай, 86 жылдық тарихы бар қазақ мектебін жасырын жолмен орыс мектебіне айналдырудың амалы ма бұл? Әйтпесе, мұндай қитұрқы ойын кімге керек болды?

Жоғарыда аудан әкімінің айтқан 46 баласы бір ғана Көкпекті орта мектебінен кеткен жоқ. Аудандағы басқа да аралас мектептерден кеткендер болуы әбден мүмкін. Әрине, Ресейге баратын балалар үшін қазақ тілінің қажеті жоқ. Әйткенмен, олардың аттестатына бармақбасты, көзқыстымен қазақ тілінен көтеріңкі баға қойылатыны да өтірік емес. Бұл енді сол мектеп басшылары мен қазақ тілі мұғалімдерінің арына, адалдығына сын. Ресейге барғанда олардан біреу: "Қазақстаннан келдің ғой, Абайдың бір ауыз өлеңін айтшы" десе қызарып, төмен қарайтынына кепілдік беремін. Расында да бала қазақша сөйлемесе, қазақ тілінде газет-журнал, әдеби кітап оқымаса қазақшаны қалай үйренсін. Оның мысалын Көкпектінің өз басынан күнде көріп жүрміз. Міне, біз мектептерде қазақ тілін оқытуды қалай құлдыратып алғанымызды осының өзінен-ақ көруге болады.

Орыс тілін насихаттап, үгіттеуде жергілікті "Новая жизнь" газеті де аз "еңбек сіңіріп" келе жатқан жоқ. Аудан халқының 90 пайызы қазақ ұлты болғанына қарамастан көпшілік "Новая жизньді" жаздырып алады, соны оқиды. Сөзім дәлелді болу үшін мына цифрларға көз жүгіртсеңіз де жеткілікті. 2014 жылы 1 қаңтарынан бастап "Жұлдызды" 2020 адам алса, "Новая жизньді" алатындардың саны 2703. Самар жақты білмеймін, дәл Көкпекті аймағында осынша орысты күндіз қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. "Новая жизньді" жаздырып алатындар орыстілді өз ағайындарымыз екені тағы да шындық, әсіресе қызмет істеп жүргендер.

Өткен қателіктеріміздің бәрін Кеңес өкіметіне жаптық. Қазір тәуелсіздік алдық, ендігімізге не жорық. Әлі күнге орысқа табынып, құлдық психологоиядан арыла алмай жүргенімізді кімнен көреміз. Жиырма жыл бойы әлі де қалың ұйқыдамыз, оянатын түріміз көрінбейді. Ойланайық, ағайын! Сөз басында айтып кеткен облыстан келген Түсіпбеков пен Көкпектідегі бауырым Құмардың Көкпектінің неге орысша сөйлейтінін түсінбей жүргендері осы мен айтқан жайттар болса керек. Басқа бір себебі болса өздері айтсын.

14 жауап

+4 дауыс
 
Жақсы жауап
Қазақты жамандама қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік ай астында, жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана!

Қамалдай бірлікті құн санайды,
Қасымнан опасыздар шықса қайғы.
Қазақтың бар болмысы бөлек дара,
Тағдыры ешкімге де ұқсамайды!
керемет-керемет, авторын ұмытып тұрм..
Белгісіз
Күләш Ахметова
Қазақты қазақ жамандамау керек деп кемшілікті көре тура қалай үнсіз қалуға болады.Негізінде:
Дұшпан күлдіріп айтады,
Дос жылатып айтады.
+3 дауыс
Сенікі дұрыс. Қазақша біліп тұрып, қазақша сөйлемеу дұрыс емес. Ойлап қарасам солай екен.
Иа ауылдан шығып қазақша білмей что деп тұратындарға қарның  ашады  мен айтар едім қазақ қыздары Баян Есентаева Динара Сатжан қазақша сөйлесе екен деп себебі қыздарым солардың табынушылары амал не  көбіне орысша сөйлегені ұнамайды
+3 дауыс
Орысша сөйлеген қалалық сияқты көрінеді. Көбіне қазақшаны Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл облыстары сөйлейді. Қалған қалаларды орысша басып алған. Сол жақтың жастары ОРЫСША сөйлеген қалалық тағы басқа бір кереметтікке теңеледі.
Айыпқа бұйырма, бауырым. Керемет емес. Қазақша ойымды кейде нақты жеткізе алмай қуып кетемін. Жазбаша жеткізуім шүкір, өзім разымын. Тек ауызшаға келгенде қиындықтар туады. Кішкентай кезден орысша сөйлейтін ортада жүргеніме кінәлі емеспін мен.
Белгісіз
Әрине, бұрын Ресей құрамында болған соң қалаларды әлі орысша кеткен жоқ. Астанадағы достарым орысшаланған жерде өсседе ҚАЗАҚШАНЫ жақсы сөйлейді. Ниет болса бәрі болады. Мен орысша жөнді білмейтінмін. Ниеттенген соң орысшаны да сайрандап шыға келдік. Өзін ниеттеніп қазақша бір жаттығып көрш. Нәтиже болар.
Атырауды ұмытып кеттің.
әрине бауырым бұл жерде әңгіме сен сияқтылар туралы емес, қазақша сөйлей ала тұра, қазақша сөйлемейтіндер туралы болып тұр.
Белгісіз
0 дауыс
Мен қазақша сөйлеймін бірақ қалада өзім жалғыз көшеде жүрсем немесе жұмыста орыстармен сөйлескен ұнайды себебі олар ортақ ойды бетке айтады және олар жасырып қалмайды.
қазақтар да бетке айта алады ғой
+1 дауыс
Тек қана орысша емес, өзбектердің арасында да өзбекше сөйлеп кетесің ғой, өзбектердің де түпкі ойын білу мақсатында. Ал негізі орыс тілі ортақ тіл. Мысалы осы уақытқа дейін қазақша сөйлей алмайтын қазақ, орыс өзбек т.б ұлттар бар. бірақ олар орысшаны судыратады. Егер әркім өз ұлтының тілімен сөйлей берсе, басқа ұлттарды танып біле алмаймыз ғой. Меніңше дұрыс сияқты. бірақ мемлекетімізде жаңа заң ба қабылданайын деп жатқан сияқты еді ғой, қазақшаландыру деген. Ал, бұл өте дұрыс идея
Жақсы пікір.
+1 дауыс
Мақтанады ғой, сен өзің қазақша дұрыс сөйлей білесінбе? Аймаққа бөліп қажеті жоқ ол әр адамның санасына бай-ы!
0 дауыс

"Қазақша ойымды дұрыс жеткізе алмай қуып кетемін" дейтін адамдар көп. Осындай адамдарды Турцияға немесе қытайға білімін жетілдіруге жіберсе қуана кетер еді сол елдерге. Кемінде  3-жылдай оқып білім алып және сол елдің тілін кермет үйреніп келеді және тіл үйренгенін мәртебе санайды, ал өз тілін солай үйреніп кетуге мойындары жар бермей жүре береді. Ана тілін дұрыс білмеу масқара , намысы жоқ ол адамдардың. Осы уақытқа дейін қазақтардың арасында өскен шешен, түрік халықтарының еш бірі өз ана тілдерін ұмытқан емес олар 100 пайызға таза сөйлейді. Осындай халықтар неге өзге халықтың арасында тұрсада өз тілін ұмытпайды ? - өйткені олардың намысы жоғары ал біздегі орыс тілін өз тілінен жақсы білетіндер, ойын орыс тілінде жақсы жеткізе алатындар ең сорлы адамдар.

өте жақсы айтылған. Рас қазақтар орысша сөйлесе мəз болады. Рахаттанып өзімнің жалпақ тіліммен қайызымдқа қайырып сөйлемеймінбе!
0 дауыс

Өзекті сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын таба алмай талай лингвисттер ішіп кеткен.

0 дауыс

Қазақ тілін менсінбеушілік қой. Орысша сөйлесек қазіргі заман талабына сай болып көрінеміз деп ойлайды.

0 дауыс

Мені де сол сұрақ мазалайды.Мен сіздерге өз басымнан өткен жағжайды баяндайын:Мен 2 сыныптан соң басқа мектепке көштім.Сол кезде бір де бір орысша сөз білмейтінмін.Тек мама мен папа болды.3 сыныпта жаңа мектепте оқыдым.Сол кезде де орысша сөйлемей тек қазақша сөйлейтінмін.Орыс тілі сабағынан қиналғанымда рас.Бір орысша сөз қате айтсам,орысша сөйлейтін сыныптастарым күлетін.Қоңырауда менің жаныма сыныптас қыз келіп "ты вообще  не умеешь розговаревать по руски"-деді.Әрине мен қазақ ол сөзін түсінбей не:қазақша сөйлеші деп едім:ахаха деп тырқылдан күліп,барлығына мені орысша сөйлей алмайды деп жайып салды.Сол кезден бастап ақырындап орысша үйрене бастадым.Енді міне 6 сыныпқа келді орысшаны да,қазақшаныда еркін сөйлей беретін болдым.Міне менің айтатыным:Қазақтар неге өз тілдерінде дұрыс сөйлей алмай,өзге тілді сөйлей алмайды деп бір біріне күледі?!?Бірақ мен орысша сөйлей алсамда,қазақ болғандықтан тек қазақша сөйлеймін.Себебі мен өз тілімді мақтан тұтып,құрметтеймін!

0 дауыс
Мен Қарағандыда тұрамын. Қазақтармен қазақша сөйлесемін. Бұл үлкен мақтаныш. Орыстарменде қазақша сөйлесемін. Түсіндіме сөйлеседі. Түсінбесе сөйлеспейді. Бірақ ол орыстар қазақша сөйлесе алмайды деген өтірік. Себебі, ҚАЗАҚСТАНДА 20 жыл өмір сүріп келе жатыр. Сен Америкада бір жыл өмір сүрсең ағылшынша біраз біліп аласың. Германияда бір жыл тұрсаң немісше біліп аласың. Ал бізге не істеу керек. Балық басынан шіриді. Жоғары биліктегілерде қазақша сөйлеу керек. Мен нан сатсам, менен нан алуға келген орыс қазақша сөйлеуге мəжбүр болады.
0 дауыс
Астаналықтар ТҮСІНЕДІ
xD
0 дауыс
Орыс тілінде білім бар ғылым бар, техника тілі деп алданып жүре беріңдер. Орыс тілін қанша меңгерсе де тмд мемлекеттері еуропа, шығыс азия елдерінен ғасырға артта қалып кетті. Өз тілдерін ғылымға айналдырып және қосымша ағылшын тілін қолданатын жапон, корея, қытай, сингапур, малайзия, араб әмірліктері, түркия сиақты өзіміз сиақты азиялық мемлекеттер қарыштап дамып барады. Ал біз өтірік мақтанып жүрміз орыс тілінде білім бар ғылым бар деп. Ресейдің өзі ештеме қатырған жоқ әлі . Орыс тілі шовонизмнің тілі, игоизм тілі, арақ ішіп демалатын тіл, мақтанудың тілі, интернеттен эротика қарайтын тіл негізі. Ал біз оны мақтан етеміз. Интернетке ана тілімізде ақпарат таратуға дағдыланайық .
0 дауыс
Орыс тілінде білім бар ғылым бар, техника тілі деп алданып жүре беріңдер. Орыс тілін қанша меңгерсе де тмд мемлекеттері еуропа, шығыс азия елдерінен ғасырға артта қалып кетті. Өз тілдерін ғылымға айналдырып және қосымша ағылшын тілін қолданатын жапон, корея, қытай, сингапур, малайзия, араб әмірліктері, түркия сиақты өзіміз сиақты азиялық мемлекеттер қарыштап дамып барады. Ал біз өтірік мақтанып жүрміз орыс тілінде білім бар ғылым бар деп. Ресейдің өзі ештеме қатырған жоқ әлі . Орыс тілі шовонизмнің тілі, игоизм тілі, арақ ішіп демалатын тіл, мақтанудың тілі, интернеттен эротика қарайтын тіл негізі.  Ал біз оны мақтан етеміз.
...