Жүген – ер-тұрман әбзелі. Ауыздық пен тізгін арқылы ат басын ырыққа көндіру үшін қолданылады. Жүгеннің өрме Жүген , қайыс Жүген деген түрлері бар. Өрме Жүген таспадан өріледі, ол қайыс Жүгеннен мықтырақ болады. Жүгеннің ат аузына тірелетін бөлігін сағалдырық , екі жағын жақтау , төбеге киілетін бөлігін төбелдірік , кекілін басып тұратын қайысты кекілдірік , кеңсірігінің үстіңгі жағынан тартылған бөлігін кеңсірік деп атайды. Ауыздықтың екі жағына ұзындығы 2 метрдей болатын тізгіннің екі ұшы бекітіледі. Атты мама ағашқа байлап қою үшін қылдан есілген не қайыстан жасалған шылбыр Жүгеннің ауыздығы мен жақтауын біріктіретін оң жақ шығыршыққа байланады. Жүген мен ноқтаны қабат қолданғанда алдымен ноқта, содан соң Жүген салынады, шылбырды ноқтаға байлайды.