Құрметті Елбасы!!! Қазіргі уақытта қаптап кеткен букмекерлік кеңселер кім үшін қызмет етеді?! Әрбір 1000 шаршы метр жерде 3-4 букмекерлік кеңсе бар. Олардың жастардың өміріне балта шапқаннан басқа халыққа тигізер пайдасы қандай? Зар илеген ата-ана, қан қақсаған жастар, шаңырағы шайқалған отбасылары, соңында өзіне өзіне қол жұмсап, қыршынынан қиылып жатқан өрімдей жас азаматтар.
Жастар - еліміздің болашағы дейміз, сол жастарымыздың жағдайы қандай болып жатыр деп алаңдайтын кім бар?! Сол жастардың қасіреті, қаны арқылы қалталарын толтырып жатқан бизнесмендер ертең алланың алдында не деп жауап береміз деп қорықпай ма?! Әр қадам сайын саңырауқұлақтай қаптаған букмекерлік кеңселер көз алдыңда мен мұндалап тұрған соң кімнің де болса қызығушылығы туындауы мүмкін ғой, әсіресе әлі оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірім жастар кіріп кетеді де содан шырмалып шыға алмай, бар тапқан-таянғанын, одан қала берсе ата-анасының ақшасын, тіпті бүкіл тамыр-таныс, туған-туыстарынан қарыз алып соған салады. Ол барған сайын бүкіл ақыл-ойын, жүрегін жаулап алып, оны небір қылмыстарға немесе өз-өзіне қол жұмсауға алып барады.
Әсіресе заман зұлматының ана үшін қандай зілбатпан болатыны бәріне белгілі.
Менің өз басым ана ретінде қоғамдағы осындай сорақылықтың құрбанына айналдым. Жарқырап жайнаған жұлдызымнан, от боп жанған боздағымнан айрылдым. 29 жасында мемлекеттік мекемеде басшы болып, жан аямай еңбек етіп, таудай істер тындырып жүрген балам бір-ақ сәтте көзімнен ғайып болды. Албырт жастықпен әуесқойлықпен кіріп кеткен ойынқұмырлықтан шырмалып шыға алмады. Әкесі екеуміз баламыз үшін бәрін жасауға, көмектесуге тырыстық, бірақ бұл дерттің алдында дәрменсіз болып шықтық. Балам осы қиындықтан шығар жолды тек бір мойынға салынған арқанмен ғана шешті. Артында боз інгендей боздап анасы, асқар таудай күңіренген әкесі, бауырымдап байбалам салған інісі, аққудың сыңарындай үлбіреген жары, көздері жәудіреген екі балапаны қалды. Орны толмас қаза, жазылмас жара тағдырымыздың таңбасы болды. Баламның талай биікті бағындырады деп, болашағынан зор үміт күткен алыс-жақын ағайындары, құрбы-құрдастары, қызметтестері, басшылары төбелеріне жай түскендей есеңгіріп қалды, бәрінің өзегін өртеген өкініш жандарын жай таптырмады.
Тасбауыр, қатігез, бірін-бірі жұлып жеген қоғамның құрбаны болған баламның албырттықпен аңдамай түсіп қалған қақпаннан шыға алмай, қапыда кеткен тағдарына күйінген ананың қан боп аққан көз жасына, шырқыраған жан айқайына құлақ қояр адам болса, еліміздегі осындай құмыр ойындарға апаратын жолдарға тыйым салса екен.
Букмекерлік кеңселер, казинолар, автомат ойындары, кредит беріп, екі есе өндіріп жатқан банктер көз алдымызға қазіргі замандағы, азаматтары сәл шалыс кетсе жұтып әкететін айдаһардың аузындай, халыққа құрылған қаптаған қақпан болып елестейді.
Елімізде осындай орындардың кесірінен сорлап қалған ана жалғыз мен емес екеніне сенімім мол, себебі мен қарапайым халықтың арасында жүрген адаммын, халықтың мұң-зары маған айқын. Аналардың көз-жасымен, азаматтарының қанымен, қайғысымен түсетін бизнестің салығын үкімет шімірікпей қалай алады екен?!
Еліміздің қандай ұйымы, мекемесі болмасын, бәрі тек халықтың игілігі үшін ғана қызмет етуі керек емес пе?!! Азаматтарын өрге емес, орға, көрге сүйрейтін орындар не үшін керек?
Еліміздегі осындай қайғы-қасіретке душар болған, болуы мүмкін барлық аналар атынан өтінетінім - осындай қан сорғыш, қан жылатар орындар тезірек жабылса екен!!!
Қарағанды қаласының тұрғыны қасіретті ана