0 дауыс
6.4k көрілді
Қазақ халқы өздерінің бұрыннан келе жатқан ұлттық спорт түрлерімен мақтанады: аламан бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ көкпар т.б. Ұлттық спорт түрлерінің арасындағы «Тоғызқұмалақ» ойыны – осылардың ішіндегі ерекше орын алатын спорт түріне жатқызуымызға болады. Жоғарыдағы аталған спорт ойындарында үлкен жетістіктерге жету үшін, спортшылардың дене даярлығының жоғары болуы талап етілетін болса, жоғарыдағы аталған спорт ойындарына қарағанда, тоғызқұмалақ ойынында жеңіске жету үшін адамның ойлау қабілетінің жоғары болуы, арифметиканың негізі жәй ғана амалдарын білуі, адамның есте сақтау қабілеттілігі пайдасының аса жоғары болуы қажет екендігі байқалады.

Дүние жүзіндегі үстел үстінде ойнайтын спорт түрлерінің ішінде, тоғызқұмалақ ойыны да жоғары тұруы керек. Себебі, ойын барысында өте күрделі қиындықтар байқалған кезде, бұл ойын түрінің дойбы және шахмат ойыны түрлерінен қалыспайтындығын көруімізге болады. Тоғызқұмалақ ойыны – сабырлықты, математикалық ойлауды, ұстамдылықты, шыдамдылықты, ұқыптылықты қалыптастыратын ойын. Ойынға қарап отырып, қазақ халқының ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты, ата - бабамыздың қалдырып кеткен бір мәдени байлығы, қазынасы деп, аса зор құрметпен қарауымызға тұрарлық құнды дүние екендігін атап айтып кеткеніміз
жөн сияқты.

Бірақ ойынның әртүрлі жағдайлар мен себептерге байланысты әлі де болса дами қоймауы көңілге дақ түсірері анық. Бәсеңдеу таралуы әлі де болса әдістемелік оқу құралдарының аздығы, көрнекіліктер мен ақпараттық үгіт насихаттарының аздығы ілгері дамуға кесірін тигізуде.

Алғашқы әдістемелік оқу құралы болып, белгілі тоғызқұмалақ шебері Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, ойынның алғашқы ұстаздарының бірі – А.Ақшораевтың шығарған кітабын айтпай кетпесе болмас. Осы кітаптың шыққанына да 20 жылдан асса да, көпшіліктің қолында ол кітап қалмаған, табылуы да қиын. Осындай себептерден қайта құрастырылып, олқылықтардың орнын толтыру мақсатында, жаттықтырушыларға көмекші құрал ретінде 1998 жылы Н.Б.Құрманқұловтың оқу әдістемелік құралы орыс тілінде шыққан болатын. Сол оқу құралын толықтырып, біраз өзгертулер кіргізіп, қазақ тілінде шығуын қолға алып отырмыз. Қосымша әдістемелік оқу құралында оқыту мақсатына анықтама, оның адамгершілік, тәрбиелік мәнін, оқыту мазмұны мен жүйесіне жаңаша түрде әдістемелер мен тәсілдер енгізіп, оқыту түрлері мен жүйесін оқушылар мен жаттығушыларға оқыту білімділік дағдыларын игерулері қарастырылған. Осы қосымша әдістемелік оқу құралы көп жылдық оқыту тәжірибелерінен, өткен жылдары шыққан жинақтардан өзгертулер енгізіліп алынған құнды дүние деп, қарауымызға болады.

Тоғызқұмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі. Тоғызқұмалақ ойынын «қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Оның себебі де жоқ емес. Тоғызқұмалақты тұңғыш рет ауыл қойшылары жайлауда қойды қаптата жайып барып жусатқан соң, бір төбенің басына жиналып, жақ -
жақ болып ойнайтын болған. Алайда тоғызқұмалақ ойыны ол кезде қойдың құмалағымен ойналатын. Бұған онша күрделі жабдықтардың да қажеті болмады.

Тоғызқұмалақ ойыны бұл күндері арнаулы тақтада ойналады. Бұл тақтаның ойылып жасалған он сегіз ұя - шұқыры бар. Мұны тоғызқұмалақ тілінде «Отау» дейді. Әрбір ойыншының тоғыз - тоғыздан отауы, құмалақ жинайтын бір – бірден қазаны болады. Тоғызқұмалақ ойыны - есеп ойыны. Есеп ойыны болуының
себебі - бұл ойын негінде тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Отаулардағы құмалақтардың барлығы да тоғыз – тоғыздан, яғни тақ сандар. Ойын осы тақ сандармен басталады. Ойынды заңды түрде қай ойыншының бастайтындығы жеребе арқылы шешіледі.

1 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы  2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды.

 Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен сегізін алып, біреуін орнында қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде, орны бос қалады. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе екі-үш құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.


Атсырау ережесі:

 Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ кеми бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері азая береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірі өз отауларында жүріс жасай алмай қалатын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші тауысып алып, жүріссіз қалуы «атсырау» деп аталады. Мәселен, қостаушы атсырауға ұшыраса, бұл жағдайда бастаушы қосымша бір жүріс жасап, барлық құмалақтарды өз қазанына салып алады. Сөйтіп, бастаушы жеңімпаз атанады.

 • Егер ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса, ойын бірден тоқтатылып, сол ойыншы жеңімпаз болып танылады.



Тұздық алу:

 Тоғызқұмалақта құмалақтан басқа ойында бір рет қарсыластың отауын ұтып алуға да болады. Оны ежелде «тұзды үй» деп атаған. Бүгінде «тұздық» дейді. Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде қарсыластың екі құмалағы бар отауына сіз таратқан құмалақтардың соңғысы түсуі керек. Сонда сол отауда қалыптасқан үш құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, сол отау ойынның соңына дейін сіздің меншігіңізге айналады. Яғни жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады. Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Жазбаша түрде «Х» деген шартты таңбамен белгіленеді. Тұздық ойында бір рет алынады және №9 отаудан ешқашан алынбайды. Сондай-ақ тұздық аттас отаулардан алынбайды. Мәселен, егер бастаушы сіздің №2 отауыңызға тұздық қойса, сіз оның №2 отауына тұздық сала алмайсыз.



Тоғызқұмалақ ойынының негізгі терминдері:

 • Құмалақ

 • Қазан

 • Отау

 • Бастаушы

 • Қостаушы

 • Тұздық

 • Атсырау
...