+3 дауыс
572k көрілді
"Абай Құнанбаев" туралы шығарма керек еді, жоспары бар. «Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы-халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын,заман өзгеріп,қоғамдық санада күрт сапырылыстарпайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді.

9 жауап

+6 дауыс
 
Жақсы жауап
ЖОСПАР:

1. «Дүние де өзі,мал да өзі».
2. «Қалың елім,қазағым».
3. Татулық пен тұрақтылық.
4. «Өлең-сөздің патшасы».
5. Түйін.

«Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы-халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы.Маңызын жоймау былай тұрсын,заман өзгеріп,қоғамдық санада күрт сапырылыстарпайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып,қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді.
Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр,ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті.Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық,адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді.
Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе,артық айтылғандық емес.Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп,бұғанасы қатаюына қызмет етсе,ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді».
(Ж.Ысмағұлов.)

Өнер-білім жолындағы ізденісін Абай өз бетімен үйрену арқылы дамытады,орысша кітаптарды көп оқиды.
80-жылдардың орта кезінен бастап,Абай ақындық жолға біржола бет бұрды.Бұл кездегі оның өлеңдерінің қай-қайсысы болсын-толысқан ой-сананың жемісі.Бұған дейін арагідік жазған өлеңін өз замандасы Көкпай атынан таратып жүрген Абай 1886 жылдан бастап өз атына көшірген.Осы жылдардан бастап Абай өлеңді үзбей жазуға тырысқан.Бірақ ел арасындағы шиленіскен тартыстар оның әдебиетпен бірыңғай шұғылдануына мүмкіндік бере бермеген.

«Дүние де өзі,мал да өзі».
Абайдың ақындық жолға бет бұрғандығы алғашқы сөзі мәдениет пен білімнің маңызын насихаттауға арналады.Оның 1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар,ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады.Абай мұнда,ең алдымен,жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді.Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді.Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады.
Сонымен қатар ол «Қызмет қылсын,шен алсын» деген халық мүддесіне жат тәрбие жайын мінеп,сынайды.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын,шен алсын деп бермедім.
Бұл-өткенге құр өкіну емес,келешекте жастардың өзі тәрізді опық жеп қалмай,білім мен өнер қуатын шағын бос өткізбей еңбектенуіне жөн сілтеу. Шығарма Абай ақындығының халықтық,ағартушылық мақсатқа қарай бет алғандығының белгісі тәрізді.Кейінгі туындыларында ақын бұл идеяны тереңдете түседі.
1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдер жазды.Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған.Бүкіл өлең бойына Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып,адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы-ғалым болуы керектігін түсіндіреді.
Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Құмарланып шаттанба!
Ойнап босқа күлуге,-
дейді ол.Сөйтіп,ғылымға берілудің,ғалым болудың жолдарын әңгімелейді.
Ғылым жолы-әділдік жолы.Оны ұстаған адам ескі жолмен жүре алмайды.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз,-
дегенде,ол ғылым үйренетін жастың қараңғы,надан қауымнан өзгеше болуын қалайды.
«Интернатта оқып жүр» өлеңінде Абай әлгі ойларына тың пікірлер қосады.Мұнда,сыншылдық басым.Ақын патшалық ел билеу жүйесіне,оқыту тәртібіне сын айтады.Халыққа пайдалы емес,залалды болып шығатын әкімдер мен шалағай төрелердің оқудағы мақсатын көрсетеді.
Орыс тілі,жазуы
Білсем деген таласы
Прошение жазуға
Тырысар,келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы,
…Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Ақын мұндай мақсатпен ғылым қууды қуаттамайды.Олардың «Иә тілмаш,иә адвокат» болу ниетіне Салтыков пен Толстойды әдейі қарсы қояды.Толстой мен Салтыков-Щедрин сынап,масқаралаған орыс шенеуніктерінің бейнесін олардың есіне салады.
Тіл мен теңеу,түр жағынан алғанда да, «Интернатта оқып жүр» өлеңі-жаңалығы бар шығарма.Осы өлеңде Абай «интернат», «военный қызмет», «прошение», «адвокат», «здравомыслящий», «коренной», «счет»,т.б. орыс сөздерін қолданады.Оларды ұйқастыра отырып,еркін пайдаланады және оларды ақын орыс мәдениетін үгіттейтін өлеңге әдейі кіргізген.
«Қалың елім,қазағым».
Бұл кезде жазған өлеңдерінде Абай озық мәдениетті насихаттаумен қатар,әлеуметтік,азаматтық санасы өскен халықтың үлкен қайраткері дәрежесінде көрінеді.Оның өлеңдерінен еңбекші халық мүддесін қорғаған азаматтың үні естіледі.Өзі билеуші тап ортасынан шықса да,тарихи дамудың беталысы мен қоғамдық шындықты түсінген ол еңбекші шаруаға шындап бет бұрғанын байқатады.Оларды «елім», «жұртым», «халқым» деп,дос тұта сөйлейді.Осы бетбұрыста Абай сол халықты жүдетіп,шаршатып отырған ұнамсыз әрекет-мінездерді,олардың ішкі сырын үлкен шеберлікпен ашатын психолог ақын ретінде танылады.Заманы мен өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ мінеп-сынайды.
Бұл сарын,әсіресе,Абайдың «Қалың елім,қазағым,қайран жұртым» деп аталатын өлеңінде анық байқалады.Мұнда өз халқының басындағы қайғы-мұңды көріп дерттеніп, «Қалың елі-қазағының» қазіргі халіне қинала сөйлеген ақын бар.Ел ұйытқысын бұзған,оның берекесін кетірген әкімсымақтарға деген оның ызасы да мол.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки,бұзған жоқ па елдің сиқын?-
деп,ол ел ішіндегі адамгершілік жағынан да,мінез-құлық жағынан да татымсыз топты бөліп көрсетеді.
Абайдың алғашқы сыншылдық өлеңдері ХІХ ғасырдағы орыс реализмінің сыншыл сарынын үлгі тұтқанын,сол жолдағы ізденісін, беталысын байқатады.

Татулық пен тұрақтылық.
Халқының келешегін ойлап егілген,сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған.Соның бірі-достық мәселесі. «Жігіттер,ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген,халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып,жастарды шын адамгершілік жолына,қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді.Оларды жалған татулық,бояма мінезден сақтандырады.
Абай үлкен достықты отбасылық өмірден,жастар сезімінің тұрақтылығынан,әйелге адамгершілік,әділет тұрғысынан қараудан іздеді.Ол жастардың адал махаббаты мен шын достығын уағыздады.Ескі әдет-ғұрып заңдары бойынша өзі бастан кешкен өмір сабағына сүйене отырып,ол шынайы достық сезімді жоғары қояды.Жас ұрпақты ескі тәрбиенің кертартпа жағынан жирендіріп,жаңа өнеге ұсынады.Бұл тұрғыдан оның «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Кейде есер көңіл құрғырың» деген өлеңдерін еске алу орынды.Бұл өлеңдердің лирикалық кейіпкері-шын достық пен махаббатын таппай күйзелген жан.Ол «сол досты» іздеп күңіренеді,жоқтайды.
Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
…Пайда,мақтан-бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас,-
деген өлең жолдары-мазмұны жағынан ақынның ой түйіні,өсиеті іспетті.Бұл өлеңдер жас ұрпақты ақын аңсаған достыққа, махаббатқа үгіттейді.

«Өлең-сөздің патшасы».
ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетін,оның халықтық негізін терең зерттеу Абайды ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты жайлы көзқарасқа алып келді. Ең алдымен,Абай сөз өнерін үлкен қоғамдық күш әлеуметтік тартыстың құралы деп таныды. «Өлең-сөздің патшасы,сөз сарасы» атты өлең-бұл тұрғыдан ақын бағдарламасын тәрізді.Онда Абай өлеңге қойылатын көркемдіктің жаңа шарттарын белгілейді.
Өлең-сөздің патшасы,сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл,жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бұл-жақсы өлеңді даналықтың айғағы деп ұғу.Мұның ар жағында өлеңнің түрі мен мазмұнының бірлігін талап ету,оны «бөтен сөзбен былғамау» талаптары қойылады.
Көркем сөздің асылы-поэзия деп жоғары бағалай отырып,бір кез Абай қазақ ортасында оның қадірін кетіріп жүрген ақындарды сынауға ауысады.
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен,сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз,надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты,жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарл
+1 дауыс

Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы

Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көйгейін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды.
Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:

Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі, -

деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.
Ақын жайнаған жаздың әдемі көркін осылай суреттесе, сол сұлу сурет өзгеріп, гүл, жапырақ солып, түсі қашқан күздің суық кескінін:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, -

деп, күз түсумен бірге бәйшешек солып, ағаштардың сидиып, жапырағынан айрылғанын, ерке жазда мәз-мейрам болып келген жастардың, асыр салып ойнаған балалардың көрінбейтіндігін, қысқасы, көңілсіз күздің бейнесін тамаша түрде елестетеді.
Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағдайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.

*Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді.
Ақын өлеңдерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады
*Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, -

деп, Абай күн көрісі табиғатпен нық байланысты болған елдің алты ай қыста бүрсең қаққан, қалт-құлт еткен кейпі жаз келе жадырап, басқа түрге енгенін, мал баққан ел қандай қуанышпен жазды қарсы алатындығын, оның өзі өмір тіршілігімен байланысты екендігін көрсетеді. Сондықтан да ол осы өлеңінің екінші бір жерінде:

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер, -

дейді.
Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы кездің барлық суретін толық берумен бірге, бұл кезді қазақ халқын еңбекке жұмылдыратын, тіршілік үшін күресінің қайнар көзі деп таниды.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзат көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң, тәңір ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер, -

деп, жаздың суретін өзі де сүйеді және оны жалпы жұрттың көңілін шарықтатып, жігерін туғызатын маусым деп ұғады.
Абайдың тағы бір өлеңі - жазғы шілде кезін суреттеген өлеңі. Ақын бұл өлеңінде жаздың дәл кемеліне келіп тұрған кезін көрсетпек болады. Жаздың әдемі көрінісін:

Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,

Арасында құлын, тай,
Айнала шауып бұлтылдап, -

деп суреттейді.
«Күз» өлеңінде шөп қуарып, күн салқындап, көңілсіз кездің келу суретін бұлжытпай берумен қатар, мал баққан көшпелі, шала көшпелі ел үшін күздің жағдайсыз кезең екендігін айқындайды.

Кемпір, шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең, -

дейді. Жалғыз бұл ғана емес, қай жерін оқысаң да, көзіңе күзгі кедей ауылдың көңілсіз сүреңі елестейді.
Табиғатты оқиғамен байланыстыра суреттеу халық ауыз әдебиетінде де болды. Бірақ қазақ әдебиетінде табиғаттың өзін жеке тақырып етіп алып, Батыстың классик ақындарының үлгісімен суреттеу Алтынсарин мен Абайдан басталады. Әсіресе оны жоғарғы сатыға көтерген - Абай.
Абай «Қыс» деген өлеңінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген тәрізді байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде, Абайдан басқаларда кездеспейді. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барлығын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айқын көруге болады. Өйткені қыс өз тұлғасында толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі бетке тигендей болады. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері - ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел.

+1 дауыс

Қазақ халқының ұлы ақыны

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Мұхтар Әуезов

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.

Иә, өзі өмір кешкен және өлең жазған ғасыр үшін Абай жұмбақ болды. Ал ол біз үшін жұмбақ па?

Біз Абайды қазір қараңғы жұмбақ ретінде емес, қазақ әдебиетінің шамшырағы ретінде қабылдаймыз. Социалистік ұлы Отанның өзара ортақ идеяларымен, күресімен, жеңістерімен туысып кеткен халықтары Абайды қастерлеп еске алады.

Ақынның қайтыс болғанына елу жыл өтті. Бірақ біз үшін Абай өткен күннің ғана ақыны емес, халықтың алға қарай қажырлы ұмтылуында ақын онымен бірге болды — ал мұндай ақын өлмек емес, өйткені оның шығармаларына уақыт шек қоя алмайды.

Қазақ халқы бір кезде адамның өмірін мүшелмен санаған. Ал поэзияның аңыз болған қайнары Әбілхаяттан мәңгі суын татқан жыршы үшін мүшел ғасырлармен өлшенеді. Өзінің еңбегін жете бағаламаған және аз түсінген замандастарын артқа тастап, Абай дәл бүгінгідей, біздің қасымызда тұр.

Халқының күресі мен азабын, тағдырын өз үлесіне алған ақынның есімін біздің әділетті совет халқы аса қастерлейді.

Абайдың қайтыс болғанына елу жыл толғанын атап өте отырып, біз ақынның уақыт сынынан мүдірмей өткен ұмытылмас, қымбатты және ұлы мұрасын еске аламыз.

Өзінің көптеген тұстастарының айтуына қарағанда, Абай өлеңді өте ерте, он екі жасынан бастап шығарған. Оның бұл кезеңде шығарғандарының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулері және бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған. Мысалы, сүйікті қызы Тоғжанға арналған өлеңдерінің тек бастапқы жолдары ғана белгілі, жас Абайдың ақын қыз Қуандықпен айтысуының ауызша мазмұны ғана сақталған. Қазақстанда ол кезде жазу-сызу нашар дамыған болғандықтан, бізде Абайдың жас кездегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын, тұстастары жазған мемуарлар, хаттар, жазбалар жоқ. Үстем тап өкілдерінің ақынға деген қатынасының да салқыны бұған аз тиген жоқ. Егер халық поэзияны терең қастерлеп, ақын атын жоғары бағаласа, ру байлары: "Құдайға шүкір, біздің рудан бір де ақын, бір де бақсы шыққан жоқ" деп күпінетін. Поэзияға осындай көзқарастың әсерімен Абай өзінің көптеген өлеңдерін жас достарының атынан таратқан.

Ру таластарының қым-қуыт дау-жанжалына амалсыз араластырылған Абай әкесінің әділетсіздігімен, қаталдығымен келісе алмады және көп істерге, әкесінің ырқына көнбей, әділ үкім шығарып отырды. Абайдың халық арасынан шыққан адал, ақылгөй адамдармен дос болуы және жас кезінен бастап орыс мәдениетіне бой ұруы Құнанбайға ұнамады. Қатал, айлалы әке мен әділетті, қайсар баланың арасында елеулі тартыстар жиі-жиі болып тұрды.

Жиырма сегіз жасқа келгенде Абай әкесімен біржола ажырасады. Ол енді тағдырын өзі белгілей алатын болады. Абай, ең алдымен, орыс тілін үйренуге қайтадан бет бұрады.

Оның жаңа достары, негізінен, кедей рулардан шыққан талантты жастар, ақындар, жыршылар және орыс интеллигенциясының таңдаулы өкілдері болады. Есейген, мәдениеті өскен Абай орыстың классикалық әдебиеті мен Шығыстың халық творчествосын оқи бастайды.

Отыз бес жасқа келгенде ғана Абай творчествоға қайта оралады. Бірақ бұл кезеңде де Абай өз өлеңдерін жас достарының атынан таратады. Тек 1886 жылы, қырық жастан асқан соң, "Жаз" деген атақты өлеңін жазғаннан кейін ғана Абай шығармаларына өз атын қояды.

Отыз жастарға келгенде Абай феодалдық-рулық ортадан біржола түңіледі. Ол патша үкіметі тұтандырып отырған рулық тартыстың халық үшін өте ауырға соғатынын анық көреді.

Нағыз ақын әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты. Өзінің өлеңдерінде ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелейді және халықты өнер-білімге шақырады.

Абай орыстың жер ауып келген жетпісінші-сексенінші жылдардағы революционерлерімен танысады. Олар революцияшыл интеллигенциясының өкілдері, Чернышевскийдің жолын қуушылар еді. Солардың бірі Е.П. Михаэлис — Щелгуновтың жақын досы, белсенді қызметтесі болған.

Михаэлис те, сондай-ақ Семейге кейінірек жер ауып келген оның пікірлестері де жас адамдар болатын. Абайдың олармен таныстығы кешікпей үлкен достыққа айналады. Орыс достары Абайдың өз бетімен білім алуына ерекше назар аударып, зор көмек көрсетеді. Олар Абайдан қазақ халқының тарихы, поэзиясы, әдет-ғұрпы және искусствосы жайында көп мәлімет алады, өздеріне бейтаныс өлкенің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларын, тұрмысын зерттейді. Мешеу қалған қиырдағы өлкеге орыс мәдениетін тұңғыш таратушылар да, халықтың өмірі мен тұрмысын өзгертудің, оны ағартудың жақтаушылары да солар болды. Біз Михаэлистің көптеген еңбектерін және Леонтьевтің "Обычное право у киргизов" деген көлемді зерттеуін білеміз. Орыстың демократиялық интеллигенциясының бұл өкілдері халықты ағартуды царизмге қарсы күрестің маңызды құралы деп санады. Абай сияқты адамдарды орыс әдебиеті классиктерінің және орыс мәдениетінің басқа да алдыңғы қатарлы өкілдерінің мұрасымен таныстыруы — олар үшін, әрине, маңызды міндет болды.

Абайдың бұл достары орыстың ұлы жазушылары мен алдыңғы қатарлы саяси-әлеуметтік қайраткерлерінің еңбектері мен ойларында бейнеленген орыс халқы туралы шындықты қазақ өлкесінің қалың еңбекші бұқарасына жеткізуге тырысты. XIX ғасырдағы азаттық идеяларға толы орыстың классикалық әдебиетінің асқан гуманизмі мен терең революцияшылдығы, оның царизмге қарсы өшпенділігі, оның езілген бұқараны қорғап көтерген өшпес даусы Сибирьде де, Қазақстанда да қоғамдық ойды өмірге оятты, тәрбиеледі.

Ал Абай болса, қазақ халқының ғасырлар бойғы қараңғылықтан құтылатын бірден-бір дұрыс жолы — орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. Ұлы ақын-ағартушы халықтардың туысқандығы мен достығы идеяларын жақтаушы болды. Өзінің өлеңдерінде ол қазақ халқына орыс халқын патша отаршылдарынан айыра білуді көрсетуге тырысты.

Тура тілді кісіні дейміз орыс,

Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.

Жылпылдақтап айрылып, сенісе алмай,

Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,

Анық таза көрмейміз — досымызды.

Қылт етпеген көңілдің кешуі жоқ,

Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос асықтың болмайды бөтендігі,

Қосылған босаспайды жүрек жігі.

Орыс халқының рухани мәдениетінің нағыз бағалылықтарын тауып, таныған шақта Абайдың ой-өрісі мейлінше кеңейеді. Абай Пушкин мен Лермонтовтың, Крыловтың, Салтыков-Щедрин мен Лев Толстойдың құштар ардақтаушысы болады. 1886 жылдан бастап ол Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударады.

Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге музыкант, қазақтың халық музыкасын терең білген, жете бағалаған адам болды. Ол бірқатар мелодиялар шығарды. Ақынның мелодиялары, негізінен, оның қазақ поэзиясына жаңалық енгізген өлеңдеріне ("Сегіз аяқ", "Алты аяқ", т.б.) арналған еді. Ол өзінің "Евгений Онегиннен" жасаған үзінді аудармаларына да осындай мелодиялар шығарған. 1887-89 жылдарда Пушкин есімі және оның геройлары Онегин мен Татьянаның есімдері сол әндермен бірге бүкіл далаға кең таралды, қазақ халқы үшін қазақ ақындары мен қазақтың эпикалық поэмаларының геройларындай сүйікті, жақын болып кетті.

Сексенінші жылдардың аяқ кезінде ақын, ойшыл, музыкант Абай халық жақсы білетін әрі аса қадір тұтатын кісі болады. Оған тіпті алыс жерлерден ақындар, музыканттар, жыршылар келеді. Даңқты Біржан, соқыр ақын Ажар, Қуандық, Сара және басқалар оның өлеңдерін бүкіл кең далаға таратады.

Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия сияқты жас таланттар, ақындар, жыршылар Абайдың төңірегіне топталады. Олардың кейбіреулері Абайдан үлгі алып, өздігінен білімін көтереді, орыс әдебиетін оқып үйренеді, тарихи, романтикалық және салт поэмаларын жазады.

Абайдың маңына тек қазақтар ғана емес, шығыс халықтарының қуғынға ұшыраған (көбіне татар жастары), азат ойлы адамдары да келеді. Сибирьдегі ссылкадан өз еліне қашып бара жатқан кавказдықтар Абай аулында айлап жатып қонақ болады. Абайдың аулы бірте-бірте Шығыстың прогресшіл ойдағы, алдыңғы қатарлы адамдары келетін орталыққа айналады.

Абайдың талантын бағалаушылардың саны жыл сайын молая береді. Тек Абайдың өз өлеңдерін ғана емес, сонымен бірге оның достарының да шығармаларын ел ішінде көшіріп алып, жаттап, әнге қосып айтады. Батыс және орыс жазушыларының Абай оқыған романдарының мазмұнын тыңдаушы-ертекшілер ауызша түрде бүкіл далаға таратады. Орыс халқының Ұлы Петр туралы ертегісі, Лермонтовтың поэмалары, Лессаждың "Хромой бес", тіпті Дюманың "Үш мушкетер", "Генрих Наварский" сияқты шығармалары (соңғыларын Абай орысша аудармасынан оқыған), шығыстың "Шаһнама", "Ләйлі — Мәжнүн", "Көроғлы" сияқты поэмалары далаға осылайша келген.

Абай өзінің балаларын орыс мектебінде оқытады. Әбдірахман деген баласы Петербургтегі Михайлов артиллерия училищесін бітірген. Ал Ақылбай, Мағауия сияқты балалары әкесінің жолын қуып, ақын болады. Ақылбай "Дағыстан" атты сюжеттік романтикалық поэма жазады. Мағауия шығармаларының ішіндегі ең тәуірі — Абайдың ақыл-кеңесімен жазылған, құлдың қожасы плантатормен күресін суреттейтін "Медғат — Қасым" поэмасы (поэманың оқиғасы Нілдің жағасында болған).

Абайдың және оның достарының ақындық, ағартушылық және әлеуметтік қызметі феодалдық ауылдың ескілігіне, рушыл даугерлерге, халықты қанаушыларға және соларға сүйенген царизмге қарсы бағытталады.

Абайдың еңбектері, оның әлеуметтік қызметі және үстем тапқа өшпенділігі царизмнің сенімді жалдаптары — дала феодалдарының ызасын келтірді. Олар білімді, қайсар ақын ту еткен идеяларға және ақынның өзіне қарсы лас, зұлымдық тартыс жүргізді. Абайдың бұл жаулары чиновниктермен, билеуші таптың интеллигенциясымен бірлесе отырып қимылдады.

Абай царизм үшін қауіпті адам қатарына, Далалық өлкенің генерал-губернаторына дейін жетеді. Шындықтың батыл жаршысы, әлеуметтік тәртіптің әшкерелеушісі болған ақынды приставтар, урядниктер, болыстар үнемі аңдуға алады.

Бірақ ақынның жаулары халықтың Абайға деген сүйіспеншілігінен қаймықты, сондықтан да олар ақынға қарсы ашық қимыл жасай алмады. Олар тартыстың небір опасыз түрлерін пайдаланды. Рубасыларының бірі, Абайдың қас жауы — Оразбай өз маңында даланың Абайға қарсы азулыларының барлығын топтайды. Олар ақынның достарын қудалады, ал Абайдың үстінен губернаторға, уезд бастықтарына, патша соттарына айыптау арыздар, домалақ хаттар жолдады, ақынның өз басын "ақ патшаның жауы", "бүлікшіл", "әкелер мен ата-бабалардың әдет-ғұрпын, салт-жоралғысын бұзушы" деп кінәлады. Осындай арыздардың салдарынан бірде Абайдың аулына Семей қаласы полицмейстрінің өзі жанына жандармдар отрядын ертіп келіп, тінту жасайды. Ал 1897 жылы билеушілердің көрінеу-көзге демеуімен феодалдар Абайға қарсы опасыз қастандық жасайды.

Семейдің губернаторы да Абайға талай рет кәрін тікті. Бірақ ақынның өз халқы арасындағы беделінен қаймығып, ол Абайды жер ауып келген достарынан айырумен, олардың тығыз байланысын үзумен ғана шектелді.

Бірақ Абайды халықтан бөліп алуға болмайтын еді. Тіпті алыстағы уездерден көптеген адамдар Абайды іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрайтын. Ру арасындағы үлкен-үлкен дау-тартыстарда ел ең әділ би Абайдың үкіміне, соның төрелігіне құлақ асатын. Мысалы, Көктұма, Қарамола, Балқыбек съездерінде Абай әділетті үкім айтып, қалың халық бұқарасының мүддесін қорғайды.

Абайдың әлеуметтік қызметі мен ақындық шығармалары дала жастарының арасында әсіресе белгілі болды. Көптеген жиындарда, ойын-тойда, қыз ұзатып, келін түсіргенде жыршылар мен ақындар Абай өлеңін айтатын. Абайдың өз аулының қыздары ұзатылғанда өздерінің жасауларының ішінде Абайдың өлеңдері мен поэмаларының, нақыл сөздерінің қолжазба жинақтарын ала кететін болған. Мысалы, Әсия, Уәсила, Рахила сияқты және басқа да қыздардың сондай қолжазба жинақтары осы күнге дейін сақталған.

Даланың атқамінерлері мен байлары Абайдың даңқы халық арасына кең тарағанын көре алмай, ақыңды және оның достарын қуғынға ұшыратқанын жоғарыда айттық. Олар Абайдың жақындарын, тіпті туған ағасы Тәкежанды да ақынға қарсы жауықтырады, өсек-аяң, өтірік-жаламен достарын Абайдан алыстатады, сөйтіп ақын жүрегін терең жаралайды.

Өшпенділік пен қастандықтың осындай түнек ауырлығында жүрген Абайға орыстың алдыңғы қатарлы қоғамдық, халықтық-демократиялық ой-пікірінің тандаулы дәстүрлерінде тәрбиеленген, өз ісінің болашақ мұрагері, талантты баласы Әбдірахманның өлімі аса ауыр қайғы болып тиеді. Петербургте оқып жүрген кезінде-ақ туберкулезге шалдыққан Әбдірахман Верный қаласында Дала артиллериясының поручигі болып, аз уақыт қана қызмет істейді. Ол 1895 жылы, 27 жасында қайтыс болады. Оның өліміне арнап Абай көптеген әсерлі өлеңдер шығарады. Бұл өлеңдерде ол өзінің баласынан ғана емес, сонымен бірге үміткер досынан, мұрагерінен айрылған әкенің, халық бақыты үшін күрескердің қайғысын білдіреді.

Топас, дөрекі жауларының қуғынына ұшыраған, ауыр тартыс қалжыратқан Абай ауыр өлімнің қайғысынан серпіліп болмай-ақ, тағдыр оны тағы да қатты соққылайды: Абайдың екінші баласы, талантты ақын Мағауия қайтыс болады.

Осындай бақытсыздық қатты жаншып, еңсесі түскен Абай өзінің қайғы-қасіретінен бой жаза алмайды, Мағауия өлгеннен кейін қырық күн өткен соң, алпыс жасқа қарағанда, өзінің туған даласында ақын қайтыс болады.

Абайдың сүйегі Шыңғыс тауының бауырындағы өзінің Жидебай деген қыстағының жанына қойылады.

Абайдың өлеңдер мен поэмалардан, аудармалар мен ғақлиялардан тұратын әдеби мұрасы соңғы жолы үлкен-үлкен екі том болып басылды. Ақынның көп жылдар бойындағы ойлары мен толғаныстарының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қымбатты нәтижесіндей бұл еңбектері енді, тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы сияқты болып көрініп отыр. Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай сол мөлдір бұлақтан құнарлы нәр алып, өз поэзиясын молықтыра білді. Қазақ халқына ол кезде жете таныс бола қоймаған тәжік, әзербайжан, өзбек сияқты шығыс халықтарының классикалық поэзиясы да Абай поэзиясына прогресшіл ықпал жасады. Бірақ қазақ мәдениетінің келешекте өркендеуінің кепілі, оның тарихи дамуы жолында сенімді жолбасшысы болған орыс мәдениетіне (ол арқылы бүкіл европалық мәдениетке), ең алдымен, оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз орыстың ұлы классиктері қалдырған мұраға Абайдың үміт артуы орасан маңызы бар факті еді. Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізе, өз бойына сіңіре білді. Осындай асыл қазынаны қабылдаудан суретші Абайдың өзіндік айқын ерекшелігі өсіп, көркейе берді.

Абай қазақ халқы әлі меңгеріп жетпеген мәдениеттерге бой ұрғанда, жаңа көркемдік суреттеу құралдарымен ғана молыққан жоқ, рухани дүниесін жаңа идеялармен де байытты. Өзінің идеялық жаңа творчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сияқты, Абай да қалың жұртқа ортақ, сонымен бірге анық ұлттық, халықтық ақын.

Абайдың сексенінші жылдардағы өлеңдерінің көпшілігі қазақ қоғамының тағдырына арналды. Сонымен қатар, ақын халқының бүкіл рухани қатынасын терең көркемдік-сыншылдықпен қайта қарап, өзінің ақындық жаңа программасын ұсынды.

Бұл шығармаларында Абай қалың бұқараға жақын келеді. Алайда оның поэзиясының халық творчествосынан зор айырмасы барын дәл осы тұста айқын көреміз. Абай бірде-бір өлең жолында халық творчествосының қалыптасқан дәстүрлі сөз жүйесі мен ақындық ой бітімін қаз қалпында ала салмайды. Абай ауыз әдебиетіндегі сөздерді де, образ жүйесін де, стиль тәсілдерін тереңдетіп, жаңа ой, сезімдермен толықтырады, оның өлеңдерінде өзгеше бір идеялар мен жан сезімдері жүреді. Ең алдымен, бұл шығармалардан ақынның ескілік әдет, билеуші феодалдардың азғындық мінездері, қараңғылық, дау-жанжал жайлаған, еңбекші бұқара мұқтаждық пен жоқшылықта өмір сүрген сол кездегі қазақ аулының қоғамдық қалпына бітіспес көзқарасы айқын көрінеді. Абайдың көптеген өлеңдерінде ("Қартайдық, қайғы ойладық", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Күлембайға", "Көжекбайға" және т.б.) надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бейшаралығы өлтіре сыналады. Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама моральдық тереңдікпен айтылады.

Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтылатын да, әйелдің қасіретті тағдырына сырттай ғана баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күндікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі.

Абай бұрынғы ауылдың ғасырлар бойғы ескіліктерін, енжарлық пен жалқаулықты қатты түйреумен бірге, ақылы бар, бойында күші бар адамға қажетті қасиет ретінде еңбекті сүюшілікті жырлайды.

Ол өзіне дейінгі дидактикалық, уағыз поэзиясының канондарын бұзды. "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін", "Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы", "Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол" атты өлеңдеріндегі өзінің ақындық программасында Бұхар жырау, Шортанбай, Дулаттарды қатал сынап, олардың поэзиясын "құрау-жамау" деп атайды. Абай оларды жас ұрпаққа рухани азық бермей, халықтың қоғамды қайта құру күресіне зиянын тигізгені үшін, өткен, құлдық заманды жырлап, дәріптегені үшін айыптайды. Абай жаңа поэзияның биік мақсаты, міндеті — халыққа қызмет ету, адамды қайта тәрбиелейтін және қоғамды қайта құруға көмегі тиетін жаңалыққа шақыру деп біледі. Халықтың еңбек етіп, өз правосы үшін күресуі ғана дала кедейіне тәуелсіздік әпереді, білімге, аянбай оқуға ұмтылу ғана жас ұрпақтың қолын жақсы өмірге жеткізеді.

Оқуға шақыруды Абай жалаң уағызбен айтпады. Абайдың бүкіл поэзиясы, оның жаңа лебізді, орамды өлеңінің, өмірлік қуатқа толы образдарының күші қазақ қоғамын ескірген идеялар мен сезімдер шеңберінен шығарды, ауыл еңбекшілерінің ортасынан шыққан адамдардың басын қатырған мұсылман медреселерінің схоластикасы мен балдыр-батпақтарын аяусыз шенеді.

Абай шығыс поэзиясына, Таяу Шығыстың бұрынғы және сол тұстағы мәдениетіне келгенде де өзіндік бетін сақтай білді. Ол түпнұсқа арқылы (ішінара шағатай тіліндегі аудармасы арқылы) араб-иранның бүкіл батырлық-діни эпосын, Шығыстың Фирдоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули сияқты классиктерін білді. Жас шағында ол қазақ өлеңіне "ғаруз" өлшемін тұңғыш рет енгізіп және сол классиктердің ақындық лексикасынан алынған көптеген араб-парсы сөздерін енгізіп, әлгі ақындарға өзі де еліктеген еді. Кейін, халық творчествосынан искусствоның анағұрлым өмірлік берік негіздерін тауып, Абай шығыс әдебиетінен халық шығармалары — "Мың бір түнді", парсы мен түріктің халық ертегілерін, халық эпосын жоғары бағалады. Ол әңгімелеген "Шаһнама", "Ләйлі — Мәжнүн", "Көроғлы" поэмалары ел арасына кең таралды.

Таяу Шығыс мәдениетін, тарихын зерттей жүріп, Абай Табари, Рабғузи, Рашид ад-Дин, Бабыр, Абулғазы Баһадур хан және басқаларының еңбектерімен танысты, сондай-ақ шығыстың діни ғалымдарының пайымдауындағы логика мен мұсылман правосы негіздерін де білді. Абай Таяу Шығыстың ежелгі мәдениеті ғана емес, сонымен бірге өз заманындағы мәдениетімен де жақсы таныс болатын. Ол татардың тұңғыш ағартушыларының да еңбектерін білетін.

Жаңа туып келе жатқан ең бір кертартпа діни-саяси ағым — панисламизм мен пантүркизмге Абай сол жылдардың өзінде-ақ дұрыс баға бере білген еді, бұл ағымды қазақ молдалары, қожалары, дала феодалдары жанын сала қолдайтын. Бұл бағытқа қарсы, Абай өз халқы мәдени прогреске орыс халқының ұлы мәдениетінен үйрену арқылы жететінін насихаттап, өзі де соны жүзеге асырды — бұл ретте ол өмірінің ақырына дейін дәйекті, табанды болды. Ол панисламизм мен пантүркизмді шығыс халықтарының ғасырлар бойғы оқшаулығы мен мешеулігін тапжылтпай, нығайта түсетін топас фанатизм деп есептеді.

Ұлтының және діни нанымдарының өзгешелігіне қарамастан, барлық халықтардың бейбіт, тату тұруына негізделген ағарту үшін нағыз жалынды күрескер Абайдың көзқарастары мейлінше кең әрі батыл, еркін болды. Әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық мәселелерін езілген бұқараның тұрғысынан қараған ойлы, дана художник Абай — қазіргі күнде өзінің "ғажайып" жамылғысынан айрылып, халықаралық империализмге жалданған, буржуазияшыл-кертартпалық ұлтшылдық мәнін әшкере еткен панисламистік және пантүркистік идеялардың залалды өсерін сол кездің өзінде-ақ алдын ала көре білді.

Өзінің творчествосында Абай осы жалған "Шығыстың оянумен" бірге бір қадам да басқан жоқ. Абайдың ақындық мұрасында, әсіресе махаббат жайындағы өлеңдерінде, лирикалық толғануларында, "Масғұт" атты философиялық-моралистік поэмасында шығыс классиктерінің әсері шүбәсіз екенін кереміз. Бірақ ол шығыс поэзиясы классиктерінің кезінде болашаққа бет бұрған, дамып, жаңа бір нәрсеге айналуға мүмкіндігі бар табыстарына ғана мұрагерлік етті. Абай шығармаларындағы идеялық-көркемдік мазмұнның реализмі, сезім шынайылығы, өмірді терең бойлап сезіну, адам қатынастары мен дүниені нақтылы түрде қабылдау — дәстүрлі шығыс поэзиясының жаңа өмір мен жаңа ұмтылуларды бойына сыйғыза алмай, әлдеқашан тозған сипаттарына мүлдем қарама-қарсы, өзгеше.

Тіпті Абайдың өз діни нанымдары мен ішкі сенімдерін бейнелейтін өлеңдері де мұсылман дінінің кітаби догмаларынан мүлдем басқа. Айқын сыншыл ойды жақтаған Абай, көбіне исламның ресми түрде уағыздалған догмаларын тікелей жоққа шығарып отырады. Ол үшін дін — тек адамның жеке басының моральдық жетілуінің құралы ғана. Молдалар мен фанатиктерге, ислам мен схоластиканы таратушыларға, құраншыларға арналған өлеңдерінде ақын оларды "мал құмар көңілі бек соқыр, бүркіттен кем бе жем жесі?" деп аяусыз ажуа етеді.

Алайда Абайдың үнемі дәйекті бола бермегенін атап өткен жөн. Молдалар мен ишандардың діни фанатизмін, екіжүзділігін, пайдакүнемділігін сынай отырып, Абай бірсыпыра өлеңдерінде, әсіресе қара сөздерінде дінді жақтады. Дидактикалық өлеңдеріндегі насихатының бірқатарын Абай ислам заңдарымен дәлелдеді. Ол діннің негіздерінің өзін мақұлдамайтын саналы, дәйекті философиялық материализм дәрежесіне көтеріле алмады.

Оның көзқарасындағы осындай әлсіздіктің бір себебі сол — феодалдардың халық бұқарасын адам айтқысыз қанап отырғанын әшкерелей, жек көре тұра, Абай сол қанаудың таптық сипатын әбден түсініп жетпеді. Оның бүкіл өмірі өткен кішкене өңірдің көшпелі тұрмыс жағдайы мәдени-экономикалық факторлардың тарихи маңызын жете бағалауға мүмкіндік бермеді. Бұл мәселелерге орыстың ұлы революцияшыл-демократтары сияқты ықылас қоюшылықты және экономикалық укладты өзгерту күресін түсінушілікті оның творчествосынан таба алмаймыз. Оның ағартушылық сипаты басым еді де, келешекке деген үмітін қазақ халқының сол замандағы оқу-білімге тезірек жуықтауына, гуманистік идеяларды кең тарату идеяларына артты, ол мұның қайнар көзі орыс мәдениетінде деп білді.

Абай өздігінен білім алудың ұзақ жолын өтті. Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан бастаған ол алпысыншы, жетпісінші жылдар әдебиетімен де танысты, тек ақындарды ғана құрметтемей, Лев Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты ұлы прозаиктерді де түсінді. Орысша аудармалар арқылы Абай Гете мен Байронды, Батыс Европаның басқа да классиктерін білді. Орысша аудармалар арқылы ол ежелгі замандардағы әдебиетпен де танысты. Ақынның достарының айтуы бойынша, Абай Батыс философиясымен де қызықсынған керім еді (мысалы, Спиноза мен Спенсерді оқығаны, Дарвин жайын сұрастырғаны мәлім). Алайда оның философиядан алған білімі белгілі бір жүйеге түспеген еді. Маркс және оның ғылымы туралы ол білмеген болса керек.

Абайдың орыс классиктеріне гворчестволық жолмен келуі ақын қызметінің әрбір жаңа кезеңінде жаңаша болып отырады. Крыловты аударғанда, Абай оның мысал моралін қазақ ұғымы мен түсінігіне сәйкестендіре, кейде өзгертіп, өзгеше бір нақыл сөз түріне келтірді. Бірақ "Қанжар", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Теректің сыйы", "Жалау", "Демон" үзінділерін алсақ, Лермонтовтан аударылған өлеңдерінің ішінде өзінің дәлдігі мен шеберлігі жағынан күні бүгінге дейін бұлардан асқан аударма жоқ.

Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. "Евгений Онегин" үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан "нәзира" үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды. Мысалы, "Ләйлі мен Мәжнүн", "Фархад пен Шырын" және "Александр Македонский" (Ескендір) туралы поэмалардың сюжеттерін ертедегі тәжік, әзербайжан, өзбек классигі Науаиге ұқсап, Александр (Ескендір) мен Аристотельді осы қайталау планында жырлайды. Ұлы мұраны еркін ақындық баяндаудың осы мәнерін Абай "Евгений Онегинге" де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды, олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында "Евгений Онегин" эпистолярлық роман түріне ие болған.

Татьяна мен Онегиннің сүйіспеншілік хаттарына мелодиялар шығарып, оларды ақындардың репертуарына енгізген, сөйтіп бұл есімдердің ел арасында кеңінен белглі болғаны соншалық — дала жастарының сүйіспеншілік хаттары солардың сөздерінен басталып отырған.

Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тамамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола тұрса да, оның орыс ақынымен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінді. Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар.

Пушкиннің және дүние жүзінің ақындық мәдениетімен іштей терең байланысу ғана Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдері мен ақындық толғаныстарын, ақын қызметі жайындағы өлеңдерін, Александр Македонский мен Аристотель туралы поэманы жазуына мүмкіндік берді.

Ақынға арналған өлеңінде Абай ақынды қоршаған ұятсыз-арсыз, енжар ортаға оның тәуелсіздігін, шыншылдығын, ер тұлғасын, шабытты ойының шиыршық атып шарқ ұруын қарама-қарсы қояды. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады. Абай көркем проза жазбаған, бірақ болыстарды, чиновниктерді, билерді, атқамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын.

Шәкірттерге арнаған бір өлеңінде Абай Салтыков-Шедринді халыққа зорлық-зомбылық көрсетушілердің дәлме-дәл суреттерін берген жазушы ретінде атайды.

Өкінішке қарай, Абайдың Герценді, Белинскийді, Чернышевскийді және Добролюбовты қаншалықты білгендігі және қалай қабылдағаны туралы мәселе осы уақытқа дейін өте аз зерттелген. Тек жоғарыда аталған революцияшыл-демократтардың жолын қуушылар Абайдың жақын достары болғаны және оның өз халқының азат, өнер-білімді болуын мақсат еткен арманына ортақтасқаны ғана белгілі. Бұл проблемамен тек Қазақстанның ғалымдары ғана шұғылданып қоймауы керек, өйткені орыстың демократиялық интеллигенциясының күресі ұлт аймақтарында, патша колониясының ұлттық ақындарының ой-пікіріне қалай әсер еткенін түсіну үшін мұның үлкен мәні бар. Крыловты, Пушкин мен Лермонтовты аударғанда Абай алдына тек көркемдік қана мақсат қойды ма? Бұл алпысыншы жылдағылар программасының ішінара жүзеге асуы, Чернышевскийдің халық бұқарасын тарихи жемісті, нағыз азат етуші білімдермен ағарту туралы ойларының жүзеге асуы емес ме?

Біздің заманымызда ұлы ақын мұрасы қалай меңгерілуде, Абай өмірі мен творчествосын зерттей отырып, советтік ғылым өзінің алдына қандай проблемалар қояды деген мәселеге тоқтап өту қажет.

Қай халықтың болса да дүниежүзілік мәдениетке берген озат нәрсесінің бәріне үлкен ықыласпен қарайтын біздің советтік әдебиеттану ғылымымыздың социалистік мәні Абайдың ақындық мұрасын жан-жақты зерттеу, оның творчествосын, өзін Қазақстан мен Совет Одағында ғана емес, сонымен бірге шетелдерге де кең насихаттау фактісінен айқын көрінеді.

1909 жылы Кәкітай Ысқақов Абайдың таңдамалы шығармаларын тұңғыш рет басып шығарады. Бұл кітапқа ақын өлеңдерінің үштен екісі ғана енді және онда ғылыми түсініктер берілмеді. Кәкітай жазған шағын алғы сөзде Абайдың өмірбаяны жәйлі қысқа мәлімет және оның творчествосы мен көзқарасы туралы тым жалпылама ғана пікір болды. Бұдан кейін ақын шығармаларының Ташкент пен Қазандағы екі баспасы Кәкітай баспасын қайталады. Октябрьге дейін Абайды зерттеудің нәтижесі осындай болды.

Ал қазір ше?

Абай жайында жазылған еңбектердің библиографиялық көрсеткішінің өзінде-ақ қалың кітап боларлық жұмыстардың аттары аталады; мұнда стиль мен тілдің проблемаларын, Абай творчествосының идеялық мазмұны, оның өмірбаяны туралы проблемаларды, көптеген басқа мәселелерді қозғайтын ғылыми еңбектер де, мақалалар да бар.

Алайда бұл көрсеткіш те Абай жайындағы еңбектерді, әсіресе соңғы жылдарда қазақ, орыс жазушылары мен ғалымдары, тарихшылар, педагогтер, журналистер жазған мақалаларды толық қамти алмайды.

Абай есімі оқу программаларына енгізілген, оған оқулықтан орын берілген, шығармаларының бірқатар нұсқалары хрестоматияларға кіргізілген.

Ол туралы пьеса, кинофильмдер жасалды. Осындай ортақ зор еңбектің арқасында Абай бүкіл совет халқына тіпті жақын болып алды. Ол туралы Москваның, басқа қалалардың көптеген оқушылар конференцияларында айтылады, мектеп оқушылары жазбаша шығарма жазады. Қазақстан ғана емес, Москвада, Ленинградта, Бакуде және басқа қалаларда студенттер диплом жұмыстарын жазады, оның творчествосының әр саласынан диссертациялар жазылуда.

Бұл салада көп істер істелді. Сондықтан да ақынның мұрасын, оның әмірі мен дәуірін онан әрі зерттеудің проблемаларын еске түсірудің маңызы зор. Бұл проблемалардың ішінен ең алдымен ақынның өмірбаянын терең зерттеу проблемасын айтуға болады.

Абай өмірбаянын "биографизмнің" тар шеңберінен шығару керек. Оның творчестволық және өмірлік жолын реформадан кейінгі дәуір шындығының нақтылы жағдайлары белгіледі. Бұл жағдай жазушының жаңа типін туғызды. Алтынсарин де, Абай да осындай жазушылар болды, олар феодализмнің кертартпа негіздеріне қарсы шаруалар наразылығын білдірушілерге айналды.

Абай творчествосының халықтығын зерттеу — айрықша маңызды міндеттердің бірі. Өткендегі еңбектерде бұл проблеманы дұрыс шешуге қазақ әдебиеті "бірыңғай ағынмен" дамыды деген аса қате түсінік кедергі жасады. "Бірыңғай ағын теориясы" рухында жазылған зерттеулерде Абай өзінің тағдыры мен творчествосын байланыстырған ортадан — қазақтың реформадан кейінгі дәуірдегі шаруалардан оқшау алынды.

Мақалалардың көпшілігінде Абайдың халықтығы ақынның қайдағы бір мұрат-мақсатқа ұмтылуы ретінде көрсетіледі, ол мұрат-мақсаттың өзі нақты тарихи сипаттарсыз, қайшылықтарсыз көрсетілді, асылына келгенде, марксизмнің "еңбекшілер бұқарасының тарихын, халықтар тарихын" ескеру керек деген қағидасы еленілмеді.

Жазушы өз дәуірімен байланысты, оның халықтығы — тарихи әрі дамып отыратын категория. Лениннің Чернышевскийге, Герцен мен Толстойға, Горькийге берген бағасында бұл мейлінше терең әрі тамаша ашылған.

Абайдың тікелей халықтығы — халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл — тікелей халықтық белгілер. Шығармаларын өз халқының тілінде жаза отырып, ақын халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең түрде жеткізу үшін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты.

Осыдан келіп Абай халықтығының екінші бір сапасы басталады. Халықтың саналы түрде түсініп болмаған, стихиялы тілектерін саналы түрде айтып, бұл үшін өз бойына жинаған нәрді пайдаланып, сол кездегі орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, ақын жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның творчествосында көрінген Белинскийдің, Чернышевскийдің эстетикалық принциптері, оның өлмес, өшпес лирикалық туындылары, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударушы және насихаттаушы ретіндегі ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы туралы поэмалары — айрықша бағалы қазына. Бұл шығармаларда Абай халық тағдыры, халықты езушіліктен құтқару амалдары туралы тікелей айтпайды, бірақ та Абай мұрасының бұл саласы да терең халықтық болып табылады.

Бүкіл дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақындық мәдениетінің маңызды элементтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның бүкіл мәдениетін ғасырлық оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, жоғары тарихи сатыға көтерді. Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді.

Абай реформадан кейінгі дәуірдегі қазақ шаруаларының тарихи тәжірибесін дұрыс бейнелеп, түйіндеп көрсетті. Бұл жәйт оның творчествосын "еңбекші бұқара тарихының", озат қоғамдық ой тарихының фактісі етті.

Зерттеушілер Абай творчествосы мен орыс әдебиетінің байланысы туралы аса маңызды бір проблема жөнінде аса көп жұмыс жүргізуге тиіс. Біздегі жұмыстардың бәріне ортақ кемшілік — бұл мәселенің тар көлемде қойылуында. Зерттеушілердің назары ең алдымен Абайдың Крыловтан, Пушкин мен Лермонтовтан аударған аудармаларына ауды; Абайдың Белинскийге, Герценге, Чернышевскийге, Некрасовқа, Салтыков-Щедринге қатынас жайыңдағы мәселе күні бүгінге дейін қаралған да емес.

Бұлардың үстіне, Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы жайындағы мәселе Абайдың бүкіл орыс мәдениеті мен философиясына, эстетикасы мен публицистикасына қатынасы жайындағы мәселеден бөлек қаралып жүр. Бірсыпыра еңбектерде Абайдың орыс мәдениетіне келген жолы туралы мәселе оның достарымен тікелей байланыс жасауы шеңберінде ғана айтылады, мұның өзінде, әлгі дос дегендері — 80—90-жылдардың халықшылдары дәріптеледі де, олардың Абайға еткен әсері асыра бағаланады.

Ақыр аяғында, Абай творчествосының орыс әдебиетіне қатынасы, әдетте, идеялық жағынан анықталады да, Абайдың орыс әдебиетімен байланыс жасауы арқасында туған жаңа көркемдік форма мен жанр мәселесі ауызға да алынбай қалады.

Біздің алдымызда қандай міндеттер тұр?

Методологиялық маңызды міндеттің біріншісі — Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы жайындағы мәселе даму үстінде зерттелуі керек. Абай жиырма жыл бойы орыс әдебиетінің таңдаулы дәстүрлерін творчестволық жолмен қабылдап отырды. Бұл дәстүрді игеруде оның өз жолы бар. Татьяна мен Онегин туралы нәзира жасаудан, Пушкин мен Лермонтовтан аударудан Абай Некрасов пен Салтыков-Щедринді зерттеп үйренуге келді. Біз осынау жолдың кезеңдерін, бірінен-бірінің сапалық ерекшелігін, араларындағы байланыс-жалғастарын анықтауға міндеттіміз, біз мұның бәрін әр дәуірдің сипатын белгілеген саяси оқиғалармен, соның ішінде орыс және қазақ халықтарының қарым-қатынасымен тығыз байланыстырып зерттеуіміз керек.

Абайдың орыс әдебиетіне қатынасы оның творчествосынан айқын көрінеді, әдебиетті қоғамдық сапаның өзге түрлерінен бөліп алмай, орыстың демократияшыл озат мәдениетінен Абай алған бүкіл байлықты сырдаң тартқызбай, бұл қатынасты барлық шын, объективті байланыстармен зерттеу қажет.

Абай творчествосының Шығысқа қатынасы жайындағы проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек, мұның өзі — өте аз зерттелген мәселелердің бірі. Бұрынғы зерттеулерде Абайдың иран әдебиетімен байланысы деп айтып жүргеніміз, шынында, тәжік, өзбек, әзербайжан классиктерімен байланысы, былайша айтқанда, бүкіл совет елі таныған жазушылармен — советтік шығыс әдебиетінің қарт классиктерімен байланысы еді.

Абайдың Науаиге, Низамиге, Физулиге қатынасын және оның Қожа Ахмет Йассауидің "Хикматы" сияқты мистикалық әдебиетке қатынасын қадағалай отырып айыру қажет. Алғашқылары Абайды өздерінің биік шеберлігімен, гуманистік ойларымен, ішінара эстетикалық көзқарастарымен тартты. Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір сияқты, өзінен бұрын болған немесе өзімен тұстас кертартпа, консервативтік ақындардай емес, Абай бүкіл жердегі өмірді, оның ішінде қоғамдық өмірді қайта құру жолындағы күресті жоққа шығарған суфизмге мейлінше қарсы.

Абайдың Шығысқа қатынасы ақын творчествосының әр кезеңінде әрқилы болғанын есте ұстау қажет. Егер жас кезінде (1860—1865) жай еліктеуден бастаса, есейіп, ержеткен шағында (1886—1904) Науаи мен Низамиге сырттай еліктемей. олардың дәстүрлерін творчестволық жолмен, сын көзімен қабылдады. Бұл ретте "Ескендір" поэмасында Низамидегі Қызыр пайғамбардың орнына Аристотель образын енгізгенін, Ескендірді қандықол басқыншы етіп көрсеткенін айтсақ та жеткілікті.

Бұрын араб аңыздарының шартты түрде ғана белгіленген геройлары болған Тариэль, Нестан, Дареджан, Автандилдің образдарында өзінің көзқарасын және өз кезіндегі грузин қоғамының этикалық нормаларын білдірген Шота Руставели сияқты, Абай да шығыс классикасының сюжеттері мен образдарын пайдалана отырып, белгілі дәрежеде, Масғұт образы арқылы сол тұстағы әрі өзі ортақ болған ойлар мен толғауларды бейнеледі.

Онан соң, Абайдың шығыс классиктеріне қатынасын зерттегенде, бұл байланыстың ұтымды жақтарымен қатар (форманы жетілдіру мүмкіншілігі, Абайға тән адамгершілік қасиеттің кеңірек ашылуы), классикалық шығыс әдебиетінің: орта ғасырлық жағдайлардың әдеби стильді тежеуі, діни сарындар, фантастикалық сенуден шыққан құр қиял, бірқатар көркемдік форманың енжарлығы сияқты теріс жақтарын да естен шығармау керек.

Абайдың ислам дініне қатынасын зерттегенде, бір жағынан, оның көзқарасы мен творчествосында феодалдық идеологиялық қалдықтар бар екендігін ескерсек, екінші жағынан, Абай жақтаған шаруалардың идеологиясында діни ескі ұғымға сенушілік бар екенін де ұмытпау керек. Абайдың көзқарасындағы діни элементтер, сөз жоқ, оның творчествосының әлсіз жағы болды, өйткені Абайдың 90-жылдардағы, осы ғасырдың бас кезіндегі революцияшыл жұмысшы қозғалысымен байланысы болмады, ол діни элементтер ақын, ойшыл Абайдың негізгі бағытына қайшы келді.

Біздің зерттеулерімізде Абайды төңіректеген ақындар творчествосының әлеуметтік сипаты ұзақ уақыт бойы даралап ашылмай келеді...

Абай мұрасын зерттеушілердің алдында тұрған маңызды тақырып — қазақтың демократиялық әдебиетінің бұдан былайғы дамуындағы Абай дәстүрін тексеру. Бұл саладағы басты міндет — XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократияшыл ақындары Дөнентаевтың, Торайғыровтың Абай дәстүрін қалай жалғастырып әкеткенін анықтау, әсіресе бұл ақындардың орыс мәдениеті мен әдебиетіне көзқарастарындағы сабақтас жайларды анықтау болып табылады. Жаңа тарихи жағдайда, ең бір ұлы революцияны дайындау дәуірінде олардың Абай нәр алған орыстың революцияшыл демократтарының озат идеясын, орыс классиктерінің реализмін қандай дәрежеде қабылдап, онан әрі қалай дамытқанын айқындау қажет. Олар Абай ізімен жүргенде өз дәуірінің озат идеяларымен қаншалықты рухтана білгенін, сол дәуірді толық көрсету үшін қандайлық жаңа әдеби формалар тапқанын ашу керек.

Ақырында, қазақ совет әдебиетіндегі Абай дәстүрлерінің проблемасын жан-жақты көтерудің, қазақ совет әдебиетінің таңдаулы шығармалары негізделіп жазылған соцалистік реализм әдісі мен Абай реализмі арасындағы ішкі байланысты анықтаудың терең мәні бар. Абайдан біздің ақындарымыз бен жазушыларымыз қабылдаған демократиялық элементтерді айқындаумен бірге, Абайдың көркемдік формаларына, оның ақындық тіліне қазақ совет әдебиетінің қандай қатынасы бар екендігіне айрықша назар аудару керек.

Абайдың шығармаларындағы саяси-әлеуметтік идеялар соларды туғызған экономикалық базиспен бірге құрыды. Бірақ Абайдың сол шығармалары мен көркем образдары онда суреттелген дәуірмен бірге өліп қалған жоқ. Олардың әсер етушілік қуаты — өз тұсындағы халық өмірін Абайдың мейлінше кемелденген көркем формада бейнелеуінде. Абайдың нақтылы саяси-әлеуметтік, этикалық, эстетикалық идеяларын совет жазушыларының творчествосынан іздеп жатудың қажеті жоқ, бұл жеміссіз жұмыс. Бірақ совет жазушылары социалистік қоғамның талап-тілектеріне жауап бере отырып, Абайға тән дәстүрді — Отанды, өнер-білімді сүю, өктемділікті жек көру дәстүрін дамытады. Социалистік рухани мәдениеттің негізінде Абайдың таңдаулы мұраттары гүлдене түсті, қазіргі дәуірге лайық ой-сезімге айналды.

Қорыта келе айтарымыз, Абайдың өмірі мен творчествосын зерттеу проблемасы неғұрлым кең, принципиалды, жан-жақты талқыланса, оның мұрасын зерттеу нәтижелері соғұрлым жемісті, елеулі бола бермек.

Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында тау шынарындай биік тұр. Ол қазақ халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды.

Абай өз халқының және Таяу Шығыстың қоғамдық ойының Октябрьге дейінгі тарихындағы ең прогресшіл қозғалысты басқарды. Қазақ халқының тұңғыш ағартушы қайраткерлерінің бірі болған ол, қазақ коғамының орыстың озық мәдениетіне жақындасуына бөгет жасаған кедергілерді дәйекті түрде күйретіп отырды, сөйтіп кертартпалық құрылысқа қарсы, сәулелі болашақ үшін ортақ күресте орыс және қазақ халықтарының қосылуына жәрдемін тигізді. Абай есімі бізге сондықтан да қымбат. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ұлы Одақтың барлық халықтарымен туысқандық ынтымағын өзінің күресімен, жеңісімен нығайта түскен, Отанымызды қорғаған қазақ жауынгерлері мен офицерлерінің арасында ақын өлеңінің дәл бүгінгідей, соны үнмен естілгені де осыдан. Барлық рухани қазыналарды жауынгерлік сынға салған жылдардан өз Отанының таңдаулы ұл-қыздарымен бірге өтіп, Абай біздің социалистік бақытты бүгінгімізге бұрынғыдан да жақын, бұрынғыдан да қымбат бола түсті.

Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы — Абайдың мәңгі өшпес даңқының ең асқақ айғағы, міне, осында.

0 дауыс

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл (1845-1904)

2015 жылы өңірдің тарихи, мәдени және экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғалардың мерейтойлары мен тарихи оқиғалары кеңінен аталып өтілетін болады.

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Абай ауданының Шыңғыстау бауырында дүниеге келді.

Абайды жеңгелері екі шешенің ортасында тәрбиеленуі себепті Телқара деп атап кеткен. Ауылда молдадан хат танып, он жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. Үш жылдай оқып, дін сабақтарымен қатар шығыстың ұлы классиктері Науаи, Фзули, Саади, Хафиз, Шамси, Саихали шығармаларын оқып танысады.

Ел билеу ісіне Құнанбай Абайды баули бастайды. Абайды оқудан ерте тартып алуының себебі де осы болды. Ел қамы үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыздар жазылып, абақтыға да отырып шығады.
Абай жасы отыздан аса орыс әдебиетімен таныса бастайды. Семейге айдауға жіберілген Е.П.Михаэлис бастаған орыстың социал-демократтарымен танысып, өз бетімен орыстың классиктерінің шығармаларын оқуға қол жеткізеді.

Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы өзекті тақырыпты танып білу үшін Құнанбай заманы мен Абай өмір сүрген дәурдің ерекшелігін, айырмасын жете білу маңызды.

Абайды оқып зерттеген жазушы М.Әуезовтің атап көрсеткеніндей Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Оқи жүріп, іштей толысып жетіле жүріп ақындық өнердің қоғамдық санада зор тәрбиелік мәнін танып, жасы қырықтан асқан шақта ақындық өнерге құлай берді.

Адам болу мәселесі сонау тар қапас заманда дүниеге келген ұлы Абайды ерекше толғандырған. Міне сондықтан да ақынның ғылым, білімге шығарған өлеңдері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. “Жасымда ғылым бар деп ескермедім”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Білімдіден шыққан сөз”, Әсемпаз болма әрнеге” атты өлеңдерінің негізгі идеясы мен мақсаты – Абайдың ұрпақ тәрбиесіне арналғанын көреміз.

Абай өз заманының перзенті ретінде сол дәуір дайындаған көлемде ұлан-ғайыр еңбек етті. Кемеңгер Абай өлеңді сөздің патшасы, сөз сарасы деп бағалады. Ол өлең құрылысы жағынан да жұп-жұмыр шығып, артық сөз, орынсыз ой қосылмай, өлеңнің бас-аяғы теп-тегіс шығуын, мазмұн мен түр бірлігін керек етеді. Сырты күміс, іші алтын болып өрнектелуін акындар алдына жаңа әдебиеттің эстетикалық мұраты ретінде ұсынды.

Абайдың “Ескендір” мен “Масғұт” дастан-поэмалары шығармашылық тәрбиесімен жазылған, дәуір шындығын дәл бейнелеуге талпынған шығармалар болды.

Абай өзінің қара сөздерінде де адамгершілік мәселесінде адамды ақылды талапты, қайратты болуға шақырады.

Абай 1904 жылы туған жерінде қайтыс болып, сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Бүгінде Жидебай – қонақтардың ақын өмірімен танысуда кең мағлұмат беретін әдеби-мемориалдық мұражай болып қызмет етуде.

0 дауыс
(22.08.1845 қазіргі Семей обл., Абай ауд. – 05.071904)

Ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы.

Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ыргызбай, Көтыбақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады.Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ызгызбайым,
Тоқоақ жалды торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас торғайым, -

Ана айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ыргызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ыргызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, “Ісің адал болса Өскенбайга бар,арам болса Ералыға бар” деген мәтел сөз қалған.Өскенбайдың әйелі Зердеден Құнанбай туады.

Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдің “ Атадан алтау, анадан төртеу едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған “кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобага жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы’ тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди’, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы “Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады.
   Абай әке қасында болған жылдарда атқамінер би-болыстардың қулық-сұмдықтарын, қазақ даласына ыдырай бастаған феодрулық қатынастардың кереғар қайшылықтары кіріптар еткен әлеум. Теңсіздіктің зардаптарын, аштық пен жалаңаштықты, патриапхалдық, кертартпа салт-сана, әдет-ғұрып зандарының залалдарынын айқын түсінді. Патша үкіметінің отаршылық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің жергілікті би-болыстардың арамза әрекеттерін айнытпай танып, көкірегінде жиркеніш сезімі оянып, соларға қарсы күресуге бел буды, “ елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын” деген тұжырымға бекіді. Осы мақсатпен болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады да, 1876-78 ж. Қоңыр-Көкше еліне болыс боладі’. Бұл жылдары Абай оз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразасын тең ұстауға күш салды. Әлсізге зорлық көрсеткендерді, ұрлық жасағандарды қатты жазаға тартып, халық қамқорына айналды. Оның ел басқарудағы бұл бағыты халықты қалауынша езіп-жаншып жүрген шонжарлар тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады, үстінен оязға жалган арыз айтушылар көбейді. Соның бірі Үзікбай Бөрібаевтың “Таймақкөл деген жерімді тартып алды ” деген жалған арызы бойынша көтерілген іс 10 жыл сүргінге созылып, ақыры Е. П. Михаэлистің көмегімен аяқсыз қалды. П. В. Маковецкий бұл істі 1884 ж. 27 тамызда жалған жала деп тауып, қысқартып тастады. Ақын үстінен жазылған “Абай барымта алды, ауыл шайып әйел қорлады” деген бір топ шонжар дұшпандарының арызы да нәтіжесіз қалды.

Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Петербургтен Семейге айдалып келген Михаэлиспен , 80-жылдарда орыс демократтары Н. И. Долгополов, А. А.Леонтьевпен танысады. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеум. Көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз. Бірақ А.Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М. О. Әузовтың “Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мадениетін мол, терең тани бастаған Абай озгын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Гертсен, Чернышевский, Салтыков-щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тарбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеументтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына жане ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік ” деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның 'Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда “1884 жылдары, жасы қырыққа таман іліңенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды.” Абай осы тұста, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей обл. Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.

1885 ж. мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде Семейдің ген.-губернаторы Цеклинцкийдің басқаруымен Семей губернасиясына қарайты 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін” әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа ,зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдің атақ-даңқын осынша көкке көтерген Қарамола съезінен кейін оның дұшпандары тіпті еліріп кетті. 1890 ж. Байғұлақ, Кұнту деген жуандардан бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 ж. Оразбай бастаган дау 1897 жылга дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындагы жанжалға, Абай өміріне қастандыққа әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын , өзінің ақ екендігін Сенатқа хатында барынша айғақты деректермен дәлелдеп береді. Абай өлең жазуды 10 жасында (“Кім екен деп келіп ем түйе қуған…”) бастаса, өз өлеңдеріне шығаруды шамамен 1880-97 ж. аралығында көбірек қолға алған. Өлеңдерін әркімдердің атымен таратып, Көкбай атынан бастырған ақын жазған өлеңдерін “жинауды ” шәкірттеріне 1896 ж. ескерткен. Ал қара сөзбен жазылған ғақлия-өсиеттерін 1890-98 ж. аралығында қолға алған.

Абай 3 әйел алған. Байбішесі Ділдадан: Ақылбай, Әбдірахман, Кұлбадан, Әкімбай, Мағаұия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен Турағұл, Мекайыл, Ізкаіл, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
0 дауыс
Жоспар Абай келер күннің шолпаны Асыл сөзді іздесең... Білімдіден шыққан сөз Ғибраты мол ғақлиялары Өлді деуге болама , ойлаңдаршы? Тауып бересіздерме?
0 дауыс
1.Кіріспе-Қазақ халқының мақтанышы, бас ақыны. 2.Негізгі бөлімі-1.Аталарындай атақты болсын.2.Әкенің саясы,ананың аясында.3.Қорытынды-Оқу мен өлең соңында
Енди осы жоспарга шыгарма бармекен?
0 дауыс
Әлем ұлықтаған Абай

Биыл Қазақ елі әлемге әйгілі ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтеді. Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Абай – қазақтың бас ақыны» - деп жоғары баға берген екен. Дана ойшыл тек ақын емес, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор ретінде де танымал. Семей өңірінде дүниеге келген болашақ ақын бала кезінен Зере әжесінің ертегісін естіп, Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өскен.
Зерек Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін қартайғанша ұмытпаған көрінеді. Ел басқару ісіне де жастайынан араласқан. Тіпті, ол бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күнде әзірлеп шыққан. Алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленген үздік туындылар көп. Ал «Қансонарда» өлеңін оның ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы деуге болады. Әрбір туындысы тың дүние, шығармашылық жаңалық. Пушкин, Лермонтов, Крылов өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті.
Хакім Абай мысал өлеңдерді де шебер жаза білді. Адамның мінезі мен әрекетін сөзбен түйреп, сатиралық бейнемен көркем жеткізді. Ең бастысы, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Ал қара сөздері – оның іргелі еңбегінің бірі әрі бірегейі. Бүгінде ақынның бұл мол асыл мұрасы орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылған. «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу», - деп білетін Абай философиясына әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын ту еткен.
Абай мұрасын алғаш болып Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы зерттесе, Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл Абай өлеңдерінің жинағын басып шығарды. Мыңмен жалғыз алысқан Абай шамамен 170 өлең, 56 аударма, 45 қара сөз жазған. Ақынның музыкалық мұрасы да өз алдына бөлек әңгіме. Ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жеткен 20-ға жуық әні бар.

Төрткүл дүниеге танылған ойшылдың құрметіне арналған әлемде ескерткіш пен көшелер аз емес. Душанбе, Дели, Киев, Краматорск, Днепропетровск, Каир, Баку, Ташкент, Бішкек, Нью-Дели қалаларында Абай атындағы көше болса, Лондон қаласында Абай үйі ашылған. Ташкент, Мәскеу, Бейжің, Тегеранда ақын бейнесі сомдалған еңселі ескерткіш пен мүсіндер бар. Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында елімізде 500-ден аса іс-шара ұйымдастырылады. Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланып, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалын түсіру жоспарға енген.

Ф.Қозыбақова,

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

тарих кафедрасының доценті

Назерке Усербай,

шетел филологиясы, 1-курс студенті
0 дауыс
Мынау кушти шыгарма мен еки бес алды
...