Кремний қосылыстары – кремний элементі түзетін тұрақты химиялық қосылыстар. Кремний қосылыстары негізінен, 4 валентті, 2 валентті қосылыстары сирек кездеседі. Кремнийдің негізгі қосылысы – кремний (ІV) оксиді суда ерімейді және онымен әрекеттеспейді. Сондықтан кремний қышқылын жанама жолмен калий немесе натрий силикаттарының ерітіндісіне қышқылмен әсер етіп алады: SіO32-2H+H2SіO3 H2SіO3 – өте әлсіз қышқыл, суда аз ериді. Қыздырғанда көмір қышқылы тәрізді оңай ыдырайды. Кремний қышқылдарының тұздарын силикаттар деп атайды. Жер қыртысы, негізінен, кремний оксиді мен әр түрлі силикаттардан тұрады. Табиғи силикаттардың құрамы мен құрылысы күрделі болады. Табиғи силикаттарға: дала шпаттары, слюда, асбест, каолинит, т.б. жатады. Құрамында алюминий оксиді (Al2O3) бар силикаттарды алюмосиликаттар деп атайды. Жасанды силикаттардың ішінде шыны, цемент және керамиканың маңызы зор. Шыныға қарағанда беріктігі жоғары шыны кристалды материал – ситал алу игерілген. Одан электр оқшаулағыш, ыдыс, т.б. жасалады. Кремнийді металмен қосып қыздырғанда силицидтер түзеді. Силицидке тұз қышқылымен әсер еткенде кремнийдің сутекті қосылысы – силан – SіH4 алынады. Силан – ауада өздігінен тұтанатын, ұнамсыз иісі бар улы газ. Кремнийдің көміртекпен қосылысы кремний карбиді (SіC) деп аталады. Ол таза түрінде түссіз, кристалдық қатты зат. Қаттылығы алмастан ғана кем. Жоғары темп-рада ғана кейбір тотықтырғыштардың әсерінен ыдырайды. Оны электр пешінде кварц құмын кокспен 2000 – 2200С-та тотықсыздандыру арқылы алады. Кремний-органикалық қосылыстар – молекулаларында басқа элементтермен қатар кремний – көміртек байланысы бар хим. қосылыстар. Кремний-органик. қосылыстар кіші молекулалы және үлкен молекулалы болып екіге бөлінеді. Кіші молекулалы қосылыстарға – алкил (арил) силандар, алкил (арил) галогенсиландар, алкил (арил) алоксисиландар, алкил (арил) гидроксиландар жатады. Үлкен молекулалы кремний-органикалық қосылыстарға сұйық полиорганосилоксан, полиорганосилоксанды шайырлар және полиорганосилоксанды эластомерлер жатады. Ортокремний қышқылының эфирлері және галогенэфирлер де маңызды кремний-органик. қосылыстар болып табылады. Кремний қосылыстары құрылыс материалы ретінде, шыны өнеркәсібінде, техникада, қола, қалайы, шойын өңдеуде қолданылады.