Жан – Ордамның ашып тастап түндігін,
Желпінетін, серпілетін күн бүгін.
Желтоқсаным – жасымаған жігерім,
Желтоқсаным – Шырылдаған шындығым!
Шырылдаған шындық іздеп қызың мен
Ұлдарыңды өшірмегін тізімнен!
Желтоқсаным – менің Қазақ – төзімім,
Талай ғасыр шыдап келіп ...үзілген!
Елең етпей ет кессе де санымнан,
Сандалумен соқпағымнан жаңылғам,
Желтоқсаным – менің Қазақ – ашуым,
Жүріп – жүріп, ақыры кеп жарылған!
Ұрандайтын ұлың кетсе ұлтыңнан,
«Ұлы Жолда» ұлтанымыз жыртылған.
Желтоқсаным – менің Қазақ – жүрегім,
Тоқтап барып...сосын қайта бұлқынған!
Тұщы етіме ащы таяқ тигенмен,
Өлуге де, көнуге де үйренгем.
Желтоқсаным – менің Қазақ – аруым,
Бейуақта бұрымынан сүйрелген!
Қара шашы қара қанға малшынған,
Көз жаздық біз қаншама қыз, қанша ұлдан...
Желтоқсаным – менің Қазақ – қандасым,
Керзі етіктің табанында жаншылған.
Алтын ноқта арманымды басқа ұрған,
«Анаулардың» менмендігі асқынған.
Желтоқсаным – менің Қазақ – жанарым
Шарасыздан шеңберінде жас тұнған!
Атой салып кеудесінде бүлік ән,
Бүліне алмай дымы сосын құрыған.
Желтоқсаным – менің Бөрі – бауырым
Айдалада айға қарап ұлыған!
Күнің күлсе арай шашқан асқардан,
Керек емес басқа тірлік, басқа арман.
Желтоқсаным – менің Тәуелсіздігім,
Желтоқсанда желді күні басталған!
http://sc0008.zhaksy.akmoedu.kz/index.php?p=docs-view&d=147D4871A9875CA7
http://bilimkozy.idhost.kz/2075-kazaksha_takpak.html сайттарынан қарап көріңіз