Тас парақтарда жазылған тарих немесе «Таңбалы» сапаршы орталығы кешенінде болғандаЖақында Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Қарабастау кентінде «Таңбалы» сапаршы орталығы кешенінің тұсаукесер рəсімі өтті. Кешке Қазақстанның туризм саласының дамуына атсалысып жүрген біраз ғалымдар мен БАҚ өкілдері, өз жобаларын ұсынған кəсіпкерлер мен шетелден келген қонақтар қатысты. Шараның мақсаты — тарихымыздан сыр шертетін «Таңбалы тас» қасиетті мекенін көркейту, зерттеушілерге оның тұнғиықта тұнып жатқан сырларын анықтауына мүмкіндік жасау. Жиналған қауым «Таңбалы тас» қорығына экскурсияға шықпастан бұрын, сол мекен туралы қысқаша ақпарат беретін жаңа ашылған мұражайды аралап, танысып шықты. Көрмеге тасқа ойылып жазылған таңбалардың макеті және табылған қыш ыдыстар қойылған. Бір кездері қараусыз жатқан, көп жерлердің бірі болып қала берген бұл мекен тәуелсіздігімізді алғаннан бастап, қайта қамқорлыққа алына бастады. 2003 жылдың 14 қазанында «Таңбалы» тарихи-мәдени, табиғи мұражайы ашылды. 2004 жылы Юнесконың бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген бұл қорықта қола мен сақ дәуіріндегі тарихи ескерткіштер, петроглифтер, тұрақтар мен қабірлер сақталған. Бұл қорықтың жалпы ауданы — 3800 гектар, ал визит орталығы үшін 24 гектарды құрайды. Мұражай директоры Елеусіз Жанпейісұлының бастауымен сол жерден 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан «Таңбалы тас» мекеніне жол тарттық. Ең алдымен XIII ғасырдың қола дәуірі қорғандары табылған көріністі тамашаладық. Мұнда адамдардың қол-аяғы бүгіліп, басы батысқа қаратылып, ана құрсағында жатқандай жер-анаға жерленгені анықталған. Сондай-ақ, кейбір қорғандардан адамдардың күйдірілген сүйегі табылғанына қарағанда, әркім сол ықылым заман салт-дәстүріне орай жерленген бе деген болжамдар да айтылған. Таңбалы тастағы ойылып жазылған суреттердің бір легі осы қорғандардың ішінде де кездескен. Осыған қарап, ғалымдар бұл жазуларды қола дәуірімен сәйкестендіреді. Таңбалар алғаш рет 1957 жылы табылды. Экскурсия барысында тастарға ойылып жазылған сан түрлі суреттердің куәсі болдық. Мәселен, петроглифтердің бірінші тобынан қола дәуірінің эксиздері мен аяқталмаған жануарлардың суретін байқадық. Ал ірі, терең және мұқият қашап жасалынған екінші петроглифтерде бейнеленген шайтан киімін киген адамның бейнесі бар суретке таң қалыстық. Сондай-ақ, бұқа, жылқы, ит, қоян, бұзаулы сиыр, тауешкі, арқар, түйе, құланға аңшылық жасап жатқан адам бейнесі, шоқпар ұстаған адамдардың суреттері көптеген тастарда салынғанына қарап, ертедегі халықтардың аң шаруашылығын кәсіп еткенін анық аңғарамыз. Себебі, тасқа жазу — ол дәуірдің қаламы мен қағазы, бір-бірімен байланыс құралы емес пе? Мұражайдың оңтүстік-батысқа қарай аймағында жер макетін сомдайтын төртке бөлінген шеңбердің бейнесі салынған. Сонымен қатар жыл сайын өтетін «Азия дауысы » байқауының нышанына айналған белгі осы қасиетті тастардағы таңба екен.. Таңбалы тастардың қасиетті саналған бөлігінде жеті күн құдайларының, босанып жатқан әйел мен оны қорғап тұрған ер адам бейнесі бар суреттер шоғырланған. Осындай дәйектерге және дәл осы жерден бұқа малының сүйектерінің табылғанына қарап, сол дәуірдегі құрбандық шалатын, Тәңірге табынатын киелі мекені болған деген пікірге тоқталады зерттеушілер. Тауешкілерді қатар-қатар орналастырған, төрт қолы мен құйрығы бар мифологиялық тіршілік иесі бар таңбаларды көргенде таң қалыстық. 5 мыңнан астам таңбалы тастағы суреттердің кейбіреуінің символикалық сырын түсінсек, кейбіреуін мүлде түсіне қоймағанымыз шындық. Әркім әртүрлі пікірлер, болжамдар айтады. Дегенмен, әр суреттің айтар ойын, өткен дәуірдің келбетін жетік түсіну үшін мықты мамандар қажет екеніне көзіміз жетті. Міне, осы салада мамандар тәрбиелеп жатқан, Қазақстан туризмінің дамуына зор үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі Мазбаев Орданбек ағамызға осы сауалды қойған едік. — Қазақстандағы туризмді дамытудың гeографиялық, экологиялық, тарихи-архeологиялық мәселелеріне назар аударуымыз керек. Киелі тастағы суреттер бұл архeологиялық заң ретінде туристік іс-әрекеттерде пайдалануға мүмкіндік туып отыр. Көне замандағы таңбалы тастарды қазіргі жастарымызға, шетел қонақ-тарына көрсете білуіміз керек. Ол үшін инфрақұрылымды (жол, қонақ үй, кадрлар) жақсартпаса болмайды. Бұл жаңадан ашылып жатқан мұражай болғанымен, мұның тарихы өте ертеде. Басталуы жаман емес, тек оны ары қарай жандандырсақ. Ғылыми зертханалардың пайдалану концепциясын жасау керек. Сонымен қатар білікті маман-кадрлар дайындау мәселесіне назар аударайық. Бүгінгі таңда біраз жоғарғы оқу орындары туризм мамандарын даярлап жатқанымен, олардың архeологияға, таңбалы тастарға, көне тарих куәлеріне байланысты хабарлары шамалы болып отыр. Сондықтан бұл мамандарды дайындауда ашық аспан аясындағы мұражайлардың тәжірибесін, нақты іс-әрекеттерін пайдалана отырып, студенттерді осы жерден тәжірибеден өткізуіміз қажет, — деді ол. Экскурсиядан кейін кеш Қазақстан туризм саласын дамыту аясында «Таңбалы» қорық-музейін зерделеу және пайдаланудағы орны» атты семинар конференциямен өрбіді. Конференция-да Қазақстанның мәдениет және туризм саласының еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Камалқызы, «Асатай», «Күмбез» ЖШС-ның директорлары Аспандияр Шыныбеков және Тимур Төреқұлов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті Мазбаев Орданбек Блесбекұлы баяндамаларын оқыды. Сөз арасында мұражай директоры Елеусіз Жанпейісұлымен алдағы жоспарлары мен мақсаттары жөнінде пікірлескен едік: — Техника-экономикалық жоспарлау бөлімі «Таңбалы» қорық мұражайдың жанынан 24 гектар жер телімін сапаршы орталығына бөлген еді. Сол бөлінген жерде сапаршыларға, туристерге арнап, осы заман талабына сай үлкен керуен сарай салуды жоспарлап отырмыз. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жүргізіліп жатқан бұл шараның мақсаты — «Таңбалы тас» өңірін жаңа бір үрдіске көтеру, келген қонақтардың жақсы демалуына жағдай жасау. Мәселен, туристер өз көліктерін сапаршы орталығына қалдырып, 5 шақырым қашықтықта орналасқан таңбалы тастарды салт-дәстүрімізге сай ат, күйме, түйе немесе велосипедпен аралауға мүмкіндік жасау. Бүгінгі тұсаукесердің ерекшелігі осы деп айта аламыз. Сондай-ақ, дала мәдениетінің мәйегін көрсететін этноауылды көркейту ойда бар. Міне, осындай таудай жоспарымыз ұсынған үш жобаны билік мақұлдап, бюджеттен қаржы бөлсе, орталық құрылыс басталғанда жүзеге асады деп ойлаймыз, — деді ол кісі. Түйін: «Таңғажайып табиғаттың тұнығы, Тастарында тарихының жұғыны», — демекші, тарихымыз кешеден емес, тереңнен басталатынын ұмытпайық. Иə, өмір қысқа болғанымен, өнер мəңгілік, ендеше өткеніміз бен келешегімізді жалғастыратын тарих парақтарын білгеніміз абзал. Бүкіл түркі дүниесі үшін Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жазулары қандай құнды болса, тарихымыздың куəсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жəдігері бола білетін Таңбалы да сондай құнды болмақ.