ОФТАЛЬМОЛОГИЯ (грек. ophthalmos – көз және logos – iлiм) – көз аурулары, оларды анықтау, емдеу әдiстерi және олардан сақтану шараларын зерттейтiн iлiм; клиник. медицинаның бiр саласы. Қазақстанда көз ауруларын зерттеу 20 ғасырдың 20-жылдарында басталды. Республикадағы О. мәселелерiне арналған жүйелi зерттеулер 1933 ж. Алматы қ-нда Өлкелiк практикалық офтальмология ғыл.-зерт. ин-ты ашылғаннан кейiн басталды. Осы ин-т негiзiнде құрылған Қазақ көз аурулары ғыл.-зерт. ин-ты республикада бұл салада жүргiзiлетiн ғыл.-зерт. жұмыстарын үйлестiрiп отырады. 1934 ж. Алматы мемл. мед. ин-ты (қазіргі Қазақ ұлттық мед. ун-ті), 1964 ж. Алматы дәрiгерлер бiлiмiн жетiлдiру ин-тының құрамында көз аурулары кафедрасы ашылды. «Қазақстанның офтальмологиялық очеркi» атты алғашқы ғыл. жинақ жарық көрдi (1934). Республикада басыр (трахома) мәселелерiне айрықша назар аударылып, осы дерттен айығып кету жолдары iздестiрiлiп, соның нәтижесiнде қазiр елiмiзде бұл ауру толығымен жойылды. Зақымданған көздi, көзге шыққан iсiктердi, суғараңғыны, миопияны, қитарлықты түзету, iштен туа бiткен көз бұршағының ағаруын сылып тастауды хирургиялық жолмен емдеу әдiстерi жетiлдiрiлдi. Көз iшiндегi бөгде заттың тұрған жерiн рентген сәулесiмен анықтап, оны көзден алып тастаудың, көз алмасын алғаннан кейiн орнына қозғалмалы бөлшек жасап салудың, жасанды көз дайындаудың жаңа тәсiлдерi анықталды. Көздiң мүйiзгек қабығын Филатов әдiсiмен ауыстырып салу күнделiктi дәрiгерлiк жұмыста пайдаланылатын болды. Ауыр өнеркәсiп салаларында жұмыс жасайтын жұмысшылардың көздерiн офтальмоэргономикалық әдiстермен зерттеу, фосформен уланудың салдарынан болатын көз ауруларының клиник. және электрфизиологиялық ерекшелiктерiн анықтау зерттелiп, оларды алдын ала болжау мәселелерi жолға қойылды. Қазақстанда О. саласының дамуына үлкен үлес қосқан ғалымдар: О.А.Дудинов, И.Н.Шевелов, Қ.Жалмұхамедов, Г.Тiлегенова, К.Көшеров, Т.Тiлеуова, Е.Мәмбетов, Б.Сүлеева, т.б.