Балғожа би Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз - 1860) - би. Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында дүниеге келген. 1824 жылы хандық жойылып, Орынбор генерал-губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Балғожа би Жаңбыршыұлы Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған. Балғожа Жаңбыршыұлы 1839 жылы хорунжий, 1848 жылы жүзбасы «сотник», 1850 жылы старшина әскери лауазымын алған.
Ресей өкіметі тарапынан «Ынталылығы үшін» («За усердие») деген алтын медальмен марапатталған. Сонымен бірге патша өкіметі оған аты жазылған екі тапанша мен қосауызды мылтықты сыйға тартқан. Балғожа Жаңбыршин - жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған. Торғай, Тобыл және Әйет өзендері аралығында көшіп-қонған Орынбор шекара комиссиясының пікірінше ол "адамдарды басқару жағынан да, жалпы орда істері жөнінен де, өз руластары алдында өте беделді болған. Ол би ретінде Шығыс ордада ғана емес, өзге ордаларда да істі қарауға шебер, білгір адам саналған" (ҚРОМА, 4-қор, І-тізбе, 3404-іс, 310-байлам, 83-86 парақтар, 1850). Ыбырайдың атасы Балғожамен бірге туған Ханқожаның Ақдәулет, Қылышбай деген екі баласы болады. Оның баласы Алтынсары 1844 жылы көтерісшілер қолынан қаза табады. Осыдан соң немересі Ыбырайды өз тәрбиесіне алған. Балғожа би немересін 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының осы қалада қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп - интернатына оқуға береді. Атасы оны жасынан-ақ адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешен-дікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға алып барып, билік айтқызып қанатын қатайтқан. Ыбырай да жасынан зерек болып, атасын жерге қаратпай алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленеді. Оның бұл турашылдық, шешендік қасиеттері Торғайда сот істерін жүргізген кездерінде айқындала түседі. Қалай дегенде де Ыбырайдай ұл өсіріп, тәрбиелеген Балғожа есімі ұмытылмақ емес. Бірақ оның аты-жөні Қазақ Совет энциклопедиясына енбеген. Туған, өлген жылдары белгісіз.
Шеген би
Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы. Шеген бидің өмірі, билік жүргізу мезгілі Тәуке хан заманындағы қазақ хандығының пісіп-жетілуі, нығайып аяғынан тұруы, тұтастығын сақтауы, көршілес елдермен тең өмір сүруімен тығыз байланысты. Шеген би (Шербұға) бабамыз 80-90 жылдай өмір сүрген болуы керек. Оның өмірге келген мезгілін XVI ғасырдың аяғы не XVII ғасырдың басы деп болжам жасайды. Атақты Шеген би аумалы-төкпелі, түсініксіздеу мезгілде өмір сүрген. 1680-1688 жылдар аралығында Тәуке хан тағына отырғанда Шеген Жеті рудың атақты билерінің бірі болғаны белгілі. Бірінші болып қойылған мәселе – елдің бірлігі. Тәуке хан билік жүргізудің бұрын болмаған жаңа түрін енгізуді ұйғарғаны болуы керек - бірінші болып Билер кеңесін құраған. Бұған қазақтың Ұлы жүзінен, Орта жүзінен, Кіші жүзінен бір-бір биден енген. Кіші жүздің атынан Шеген би сайланған. Шеген би Жағалбайлы тайпасынан шыққан, азан шақырып қойған аты – Шербұға. Түбі Мелде бидің ұрпағы. Ел аузында: «Елді ел еткен Мелде би» деген сөз қалған. Шеген сол замандағы ғылым мен мәдениеттің орталығы болған Бұхара, Самарқаннан тәлім-тәрбие алған. Жалпы, Шеген би туралы ел аузынан естігеніміз – оның мына төрт жол айтқан сөзі: Елдің емі далада, Даланың емі балада. Баланың емі анада, Тіршілік түбі Аллада. Профессор Аманжол Күзембайұлы «Қостанай жаңалықтары» газетінің 2008 жылдың 26 тамызында шыққан «Қоғамға қызмет ететін әділ би» деген мақаласында былай дейді: «…Би халықтың ашық даусымен сайланған. Егер би өзінің шыншылдығы жөнінде халыққа сенімсіздік білдірсе, онда оған адамдар барып шағынуды қояды және ол би биліктен шығып қалады.
Шеген би неше түрлі сұрақтардың шешімдерін адалдықпен тауып беріп отырған. Әсіресе, жер көлемі туралы көп мәселелер шешімін тапқан. Ол кезде жайлау, қыстау, сосын мал ұстайтын қазаққа мал суару үшін өзен көлдің жағалауын жанжал шықпайтын қылып, қылдай етіп бөліп беру керек болған. Әр руға, тайпаға бөлінген жер арада алауыздық не өкпе тудырмаған. Бұл Шеген бидің шеберлігі мен оның әркімге тартпайтын шыншылдығын көрсетеді». Осы ғалым «Тарих өз өлкеңнің тарихынан басталады» деген мақаласында: «Шеген би өз мезгіліндегі ең ауыр мәселе – шекара белгілеу мәселесімен айналысқан. Бұл іске шыншылдығымен, қайсарлығымен, қажырлылығымен кірісіп, өзінің өмірімен қоштасқан. Орыстар қазақ жерін көбірек алып қалу үшін Шеген биді сатып алу мақсатында «сыйлық» деген атпен оған алтын алқа, алтын жүзік, алтынмен көмкерген шапан, қылыш беріп, «шекараны қайта қарасын» деп уәкіл адам жіберген. Сонда Шеген би оған: «Алтынан алқа, жүзік тағатын қатын емеспін, қылыш алатын жауынгер емеспін, шапан жабатын сұлтан емеспін», – деп сыйлықтарын қайтарып жіберген. Одан кейін Шеген биді ұстап алып, қамап көндіруге тырысқан. Көп ұстай алмайды, себебі бүкіл Алты алашқа белгілі, сұрауы бар. Босатып жіберген, бірақ ердің қасын, қанжығасын улап аттандырған. Содан уланып Шеген би қайтыс болған». Шеген биді сол кездегі қазақ хандығының орталығы болған Түркістанға, қазақтың ардақты адамдарының қасына жерлеуге алып шыққаны, бірақ сүйек бұзылып кететін болғасын, басқа жерге жерленгені баяндалады. Шеген биді қазақ хандығының бірінші заңының іргесін қалаушылардың бірі десек, оның оныншы ұрпағы, атақты заңгер, егеменді Қазақстанның алғашқы министрінің бірі Нағашыбай Шәйкенов Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Бірінші Конституцияның негізін салушылардың алдыңғы қатарында болғанын халық жақсы біледі.
[өңдеу] Абаймен қарым-қатынасы
Абай мен Ыбырайдың жасаған өмір кезеңдерінде де көп алшақтық жоқ, төрт-бес жыл ғана айырма бар. Әлеуметтік-саяси өмірдің ұқсас бірлігі де олардың таным-талғамының бір бағытта өрістеп дамуына қолайлы жағдай жасаған. М. Әуезовтың айтуынша Абай Алтынсаринды жақсы білген, тіпті кейбір мәселелер бойынша одан үйренуді де жат санамаған: «Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек... Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі бүл екеуінің үні бір, үміті бір, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» (Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., - А., 1985, 246-6.). Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап, қанат жаюына Абай мен Алтынсарин зор үлес қосты. Олар өзіне дейінгі ақындардың жыр мен толғау, дастандарында табиғат көріністерінің жеке бөлінбей, түйдек-түйдегімен қоса жырланып келген үлгілерін түңғыш рет жеке алып, түр мен мазмұн жағынан тың сипат бере білді. Орыс ақыны А. С. Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Алтынсаринның табиғат көріністерін адам өмірімен шебер астастыра бейнелейтін «Сәуірде көтерілер рахмет туы» өлеңінде мал баққан көшпелі өмірдің шындық суреттері әсем де нанымды өріледі. Сәуір айындағы күн нұрымен еріген мұз бен жауын-шашынның жерге нәр беруімен даланың құлпырған әсем бейнесі, таза ауаға мастанған адам мен жан-жануарлардың мәре-сәре болуы, мал төлдеп, аққа аузы тиген жұрттың қуаныш-көңілі, әзілі жарасқан жастар мен кәрілердің шаттығы, көл жағалай ұшқан қаз бен үйрек, тасыған өзен мен мал даусының жаңғырығы, ынтық жастардың оңашада бас қосуы - бәрі де реалистік тұрғыда әсерлі сипатталады. Жақындар құдайымның көктен күні, Тең болар жарлықпенен күн мен түні. Аспаннан рақымменен күн төнгенде, Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны (Алтынсарин. Таза бұлақ. - А., 1988, 93-6.),- деп, Алтынсарин күн бейнесін бүкіл тіршіліктің қайнар көзі, мейір-шапағаты ретінде ұтымды суреттеп, «Жердің қуануы» ұғымын жас баланың ұйқыдан оянып гүлдей жайқалып шыға келуімен астастырады. Абай Алтынсаринның осы бейнелі сөз тіркесін «Жазғытұры» өлеңінде: «Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті... Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне то