Смайл СЕЙТБЕКОВ: Ақырзаманның қашан боларын Аллаһ біледі
Соңғы уақыттарда бұқаралық ақпарат құралдарынан ақырзаман жайында халықты үрейлендіретін мақалалар жарық көруде. Әрине ақырзаман жайында, о дүниелік өмір жайында ғибратты насихат жасалса, жөні бөлек мәселе. Алайда ғалымдар мая тайпасының күнтізбесін негізге ала отырып, 21 желтоқсан 2012 жылы ақырзаман болады екен деп күпіршілік етуде. Бұл жайында бірнеше кино да түсіріп үлгерді. Өкінішке орай діни сауаты таяз, Аллаһқа деген иманы әлсіз жандар осындай әңгімелердің жетегінде кетіп, 21 желтоқсанға дайындықтарын бастап кеткен. Яғни азық түлік алып, өздерінше сақтық шараларын жасауда. Мынаны ұмытпау керек «Егер ақырзаман болса, Аллаһтың қаһарынан ешқандай тірі жан аман қалмайтын болады».
Осы тақырыпқа байланысты кейбір көріпкел жандар ел алдында ұпай жинап қалу үшін «Ақырзаман қазір болмайды екен» деп мәлімдеп те үлгерді. Әрине ақырзаман қазір болмайтыны айтпаса да анық мәселе. Өйткені біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқандарына сенеміз. Оның айтқан хбарларына иланамыз да сол бойынша әрекет етеміз. Сондықтан біз ақырзаман қашан болады екен деп даурыққанша, «Өлім хақ. о дүниеде Аллаһтың алдына барарым хақ. Сонда Аллаһтың алдында не деп есеп берем? Бұл өмірде жасаған құлшылығым болмаса, Аллаһ ризалығы үшін жасаған амалым болмаса, ақырым не болмақ?» деп ойлануымыз керек емес пе?
О дүниеде қайта тіріліп, Аллаһтың құзырына жиналғанда әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылады. Содан кейін Аллаһ Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатындығын айтады: «Өмірін қайда өткізгендігі; Жастық шағын қалай өткізгендігі; Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы; Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы; Білгендерімен амал етіп-етпегендігі» (Тирмизи, Қиямет, 1 бөлім, 2416 хадис).
Пенде Аллаһтың құзырында есеп беру кезінде жасаған қылмысын мойындамай жалтарғанда, амал дәптері ұсынылады да бүкіл ісі әшкере етіледі. Пенде сонда да мойындаудан жалтарған сәтте оның он екі мүшесіне тіл бітіп, Аллаһтың құзырында жасаған қылмыстарын тізбектеп айта жөнеледі. Аятта осындай сәттің хақтығын былай түсіндіреді: «Сол күні Аллаһтың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналып, сонда олар алды-артын тосады. Ақыр оларға барған кезде оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады. Олар терілеріне: «Не үшін бізге куә болдыңдар?» - дейді. (терілері): «Бізді әр нәрсені сөйлеткен Аллаһ сөйлетті. Сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар», - деп жауап береді. Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілерің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер. Тіпті Аллаһ істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер. Міне осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар» (41.Фуссилат сүресі, 19-23-аят).
«Қиямет күні оларға тілдері, қол-аяқтары не істегендеріне айғақ болады. Сол күні Аллаһ оларға лайықты жазасын береді. Сондай-ақ рас Аллаһтың ашық шындық екенін олар біледі» (24.Нұр сүресі, 24-25-аят).
Адам мүшелерінің айғақ болулары аздай, қара жер де өзін таптап, жаншып, үстінде неше түрлі пәлені жасаған пенденің әрекеттері үшін қияметтегі ұлы есеп кезінде куәлік етеді. Әбу Хурайрадан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз «Ол күні жер хабарын айтады» мағынасындағы Зилзәл сүресінің 4-ші аятын оқып:
Жердің қалай хабар беретіндігін білесіңдер ме? - деп сахабаларынан сұрайды. Сахабалар:
Аллаһ пен Оның Елшісі ең дұрысын біледі, - деп жауап қатады. Сонда Расулуллаһ:
Жердің хабар беруі деген сөз, еркек пен әйел яғни әрбір пенденің жер бетінде жасаған амалы жайында пәленше мына күні мына сағатта ана жерде мынаны істеді деп хабар береді, - деді» (Тирмизи, Қиямет, 7 бөлім, 2429 хадис).
Есеп беру кезінде әділетсіздік атаулыға жол жоқ. Кімнің біреуде ақысы болса, Аллаһ оның ақысын әпереді. Ол кезде ақысы өткен кісі өзіне жәбір көрсеткен кісіні кешірмей, керісінше оның ақысына сай сауабын сұрайды. Ал егер оның сауабы жоқ болса, өзінің күнәсін соның мойнына асуды талап етеді. Міне көріп отырғанымыздай о дүниеміз бізді ойлантуы керек. Ал біз болсақ, ақырзаман жайында босқа даурығып, Аллаһқа күпірлішілік етудеміз.
Енді ақырзаманның қашан болатындығы жайында дініміз не айтады соған тоқталайық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға, ұдайы: «Оның уақытын Аллаһ біледі», - деп жауап беретін. Десек те, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақырзаманның уақытын айтпағанмен, оның белгілері жайлы көптеген хадистерінен «мынадай оқиғалар болмайынша қиямет қайым болмайды» деген мағынадағы ғибраттарды кездестіруге болады. Ақырзаманның белгілерін ғұламалар осы хадистерге сүйене отырып екіге бөледі:
а) Ақырзаманның кіші белгілері;
б) Ақырзаманның үлкен белгілері;
Толық оқу үшін: http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=7436