Өмір сүру
Ақыл кейде тез келмей кешеулей ме?!
Сондықтан да санаңды мешеу дей ме?!
Басқа түгіл, бауырым,
Басқа түгіл,
Ұқпайды ғой, әкең мен шешең кейде!
Міндет емес өзіңнің ұрынуың.
Саған біреу шашады бұрын уын.
Тар жол, тайғақ кешуден аман өтіп,
Мүмкін тегіс жерлерден сүрінуің.
Шыққанменен қорсылдап тасқа биік,
Бола алмайды, әрине, шошқа киік.
Шошқалардың ішінде бірақ өзің
Ғажап емес кетуің босқа күйіп.
Көңіліне әкенің кіргізіп мұң,
Кейбір жастар соңында жүр қызықтың,
Мүмкін сенің өлуің,
Майданда емес -
Пышағынан безбүйрек бір бұзықтың!
Түсіп қалсаң біреудің алдауына,
Жетіп жатыр жан дауы,
Мал дауы да.
Қанша мықты болсаң да,
Мүмкін сенің
Өмір бақи жұлдызың жанбауы да!
Бәрі мүмкін, бауырым,
Бәрі мүмкін.
Жоғалады әрі ұйқың,
Әрі күлкің.
Бір кеспейді жолыңды,
Он кеседі
Сұмдық деген сұмырай кәрі түлкің.
Ал үміттің өзені талмайды ағып,
Тық-тық етіп сағаты алдайды уақыт,
Өмір сүру, бауырым, қандай қиын!
Қандай қиын!
Әйтсе де қандай бақыт!
Қазан 4, 2011 Жариялаған: Daniyar | Қадыр Мырза-Әли ағаның өлеңдері | Қадыр Мырза-Әли, Өмір, өмір сүру | Пікіріңізді қалдырыңыз
Далада
Сурет менің орнымда бұрын қызметте болған қыздың жеке папкасынан алынды
Сен далада жаяу жүріп көрдің бе?
Сүйсінесің қызғалдаққа,
Зергүлге.
Соңғы аптасы болса егер мамырдың,
Солықтайды төсін қақтап жер күнге.
Күміс бұлттар көкті сирек бүркейді,
Күн сәулесі ақ мұнарды тіркейді.
Жанап ұшып,
Жалмап өтер қарлығаш
Жолаушыны мазалаған шіркейді.
Керемет қой көктем, жаздың жамалы!
Көздің жауын алмайтын гүл шамалы.
Еркелетіп әрбір талын шашыңның
Ереді де отырады самалы.
Мамыр өтіп,
Келер ертең маусымы.
Көрінеді жатқандай боп тау сұлық.
Сияқты бір сезінесің
Балқумен
Бара жатқандай балауыздай таусылып.
Бар алдыңда бұл жеті мен ол жеті,
Біле алмадым, асығып не қажеті!
Бірте-бірте бәсеңсиді жүрісің,
Барар жерге қалам ба деп тез жетіп!
Қазан 4, 2011 Жариялаған: Daniyar | Қадыр Мырза-Әли ағаның өлеңдері | Дала, Данияр, ақын, көктем, Қадыр Мырза-Әли, Өлең | Пікіріңізді қалдырыңыз
Қастерле өткеніңді
Қастерлесең Дала деген ұлы үйді,
Кеткен ұлға ішің қалай жылиды?
Бөрінің бөлтірігі бүгінде,
Батысыңның әуенімен ұлиды.
Өңір едік жылқылы да түйелі,
Өлең еді тіліміздің тиегі…
Білім қазір сыйыспай жүр тіліммен,
Тілім оның көзге шыққан сүйелі.
Енді, міне, мектеп бөлек,
Үй бөлек.
Төрімізге заман шықты кимелеп.
Енді қазір
Еттің нанын келіндер.
Оқтау емес,
Бутылкамен илемек.
Халық мұңы қабағымда,
Қасымда.
Ұлттың исі сіңген маған жасымда,
Бүгін “Сони” істеп жатыр дегенін
Бүлдіршіннің бесігінің басында!
Қарсы емеспіз
Зәулім-зәулім жақсы үйге.
Ұрпақтарым мініп жетсін таксиге.
Бірақ, бірақ
Бозбалалар дүкенде
Қымызды алмай,
Жармасады пепсиге.
Ұл басқаны,
Қыз басқаны сүйеді.
Аруақтардың сырқырайды сүйегі,
Тақияңды,
Тымағыңды,
Қамзолды
Енді қазір маскарадта киеді.
Сын көзімен қарап, рас, көнеге
Бір мінеміз біз советтік кемеге.
Ұлт киімін киіп келген аруды
Коммунизм қарсы алмай ма?
Немене?!
Құрақ болып сыбырласып құрақтар,
Бар дыбысқа елеңдесіп құрақтар.
Тазалығын сақтау үшін теңіздің
Мөлдір күйде жету керек бұлақтар!
Шілде 22, 2011 Жариялаған: Daniyar | Қадыр Мырза-Әли ағаның өлеңдері | пепси, Қадыр Мырза-Әли, қастерле | 2 пікір
Ашуланшақ келіншек
Көрнекі сурет (ол келіншек емес)
Бірін ұмытып,
Бірін еске аласың,
Біреулерге шынымен таң қаласың…
Адуындау жас келіншек
Алдыңа шай төктің деп, шертіп қалды баласын.
Ашу кернеп ақ қапшықтай денесін,
Ақылының алды аударып кемесін,
Алып ұрды шоқпардай бір сөзбенен,
Арашаға түсе берген енесін.
Үйде жойқын,
Түзде ғана мүләйім,
Білмеуші едім бұл әйелдің бұлайын.
Біраз жерге апарды да тастады
Бір кездері кіріп келген жұбайын.
Періште емес,
Еске салар періңді,
Сол келіншек қозғап кетті шерімді.
Баласы емес,
Енесі емес,
Байы емес,-
Бақытына ұрысқандай көрінді…
Шілде 22, 2011 Жариялаған: Daniyar | Қадыр Мырза-Әли ағаның өлеңдері | ашуланшақ, әйел | 1 пікір
Балалық пен қарттық
Кісі деген кісіге
Күндей нұрлы жүрегі.
Барлық жанның түсіне
Балалығы кіреді.
Көңіл көлге жасқанып,
Қиял атты қаз қонып,
Жігіт кезін еске алып
Жыр жазады мәз болып.
Көңіл күйін ұғатын
Көршілермен тойлайды,
Пенсияға шығатын
Күнін сосын ойлайды.
Жасалады мәзірет,
Жақсылығын санайды.
Жайлы күнін тезірек
Жеткенін шын қалайды.
Адам қызық!
Дұрысы
Адам деген атағы…
Бір ісіне бір ісі
Қайшы келіп жатады.
Балаға да мағұлым:
Бесік пенен көр тең бе?!
Неге Өткенін сағынып,
Сағынады Ертеңге?!
Тамыз 26, 2010 Жариялаған: Daniyar | Қадыр Мырза-Әли ағаның өлеңдері | адам, балалық, қарттық, қызық | 1 пікір
Қызғаныш
Сөзге құмар болғандықтан па?
Жоқ , бегім!
Айтпайтынды айтады деп сөкпегін,
Өзімді де,
Өзгені де бақылап,
Өмірде бұл байқағаным көп менің,
Тіршілікте төгіп жүрген тер күнде
Толып жатқан сырлары бар ердің де.
Өзінен көш төмен тұрған адамға
Қызғанышпен қарағанын көрдің бе?!
Қызғандық па?!
Кең өмір де тар бізге.
Сәбиің де тамсанбайды нәрсізге!
Айтшы, кәне,
Шын сұлудың
Көрдің бе
Қызғанышпен қарағанын әрсізге?
Мен білмеймін: мұны қыздар ұқты ма?
Ұққан соң да сыр жасырып бұқты ма?
Адам әсте қызғанышпен қарайды
Тек өзінен әлдеқайда мықтыға.
Талай кезде талай сұрақ қойылды-ау!
Қызғаныштан қыруар жан жойылды-ау!
Қызғанды ма?
Сол адамның алдында
Ол өзінің осалдығын мойындау!
Тамыз 24, 2010 Жариялаған: Daniyar | Қадыр Мырза-Әли ағаның өлеңдері | 2 пікір
Топырақпен толтырмасаң кезінде
Топырақпен толтырмасаң кезінде,
Тойымсыздың айналады көзі інге!
Жамандайсың жамандығын басқаның,
Сол жамандық бітпеген бе өзіңе?!
Өзімшіл жан қызғанышқа баспана,
Бойыңдағы әділдікті жасқама,
Мақтанасың жақсыңды айтып өзіңнің,
Сол жақсылық бітпегендей басқаға!
Aibolat
6.11.2012
пікір