Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оқиға суреттелген.
Жазушының прозадағы үшінші көлемді туындысы — «Шырағың сөнбесін» романы. Тахаң баяғыда, отыз жастың маңайында жүрген шағында ұсынған «Қаһарлы күндер» романында соғыстағы тірліктің қалай болғанын, қас дұшпанмен кім қалай арпалысқанын жазса, енді елу жасқа толар шақта қағазға төккен мына «Шырағың сөнбесін» романында соны соқпаққа түсіп, соғыстың неліктен болмауы керектігін, адамзаттың неліктен соғысу үшін жаралмайтынын баян етті, әрине, ал-уан тағдырлар, әрқилы көңіл-күйлер шарпысы арқылы баян етті. Бұл — бір. Екіншіден, соғыс суреттерін әйелдің, анығырақ айтқанда, әйелдердің көзімен суреттейтін, сол себепті де сол қанды қырғындағы әйелдердің психологиясын мұншалықты терең бейнелеп берген мұндай тағы бір роман, келіссеңіз де, келіспесеңіз де өзіңіз білесіз, қазақ прозасында басқашалай жоқ. «Шырағың сөнбесін» романы – қазақ әдебиетінің әскери жанрдағы санаулы жәдігерлерінің бірі.
Ал Тахаңның бұл романдардан бұрынғы-соңғы әңгімелері мен повестері, драматургиясы, әдеби-сын еңбектері немесе театр тақырыбына жазылған көптеген мақалалары мен көркем аудармалары тіпті бөлек әңгіменің еншісі.
Дегенмен бір-екі фактіні ескерусіз қалдырмаған және жөн секілді.
Әуезовті, жоғарыда келтіріп өткеніміздей, әуел бастан-ақ түптеп таныған, қолдан жасалған қылкөпірден сүрінбей өткен Тахаң сол кездегі әдебиет алыптары мен танымал қаламдастарын ғана емес, өзінен кейінгі жас буынды да назарынан тыс қалдырмағанын айрықша атап өткен жөн. Мысалы, өмірден ерте өткен талант иелері, сол кезде әдебиетке енді ғана араласа бастаған жас қаламгерлер Төлеужан Ысмайлов немесе Ақан Нұрманов әйтпесе Тобық Жармағамбетов өздері туралы Тахаңның биік мінбеден айтқан жылы сөздерін көздерінің тірісінде естіп кетті.
Кез келген шығарманың құндылығы, бір есептен, оның ғұмыры ұзақтығымен де өлшенеді.