3 ТҮЙІНДЕУ))
ДАНАЛЫҚ НҰРЫ
"Оғызнаме" – Оғыз заманының тарихи келбетi бейнеленген мифтiк туынды. Оны кiм шығарғаны, кiмдердiң жырлағаны, хатқа қалай түскенi көмескi. Анығы – бұл жыр Оғыз қағанатының әдеби мұрасы. Ал Оғыз қағанатының әдiл биi, ақылшы көсемi әулие Қорқыт болды емес пе? Қорқыт әлемдегi жыраулардың, жыршылық дәстүрдiң арғы атасы, бақсылардың пiрi. Қорқытты философиялық образ, Сыр өңiрiндегi Байаттан шыққан көп данышпанның бiрi ретiнде өмiрiн қобыз тартумен өткiзгендiгiне ғана мән беремiз. Ал шын мәнiнде Қорқыт түркiге ортақ философ қана емес, ол жаһандық тұлға. Ежелгi дәуiрдiң ғұламалары Қорқыт бабаның бүкiл дүниежүзiн кезгендiгiн еңбектерiнде жазған. Кейiнгi ХҮIII ғасырдағы Қазыбек бек Тауасарұлы да шежiрелерге сүйене отырып, "Түп-тұқияннан өзiме шейiн" деген кiтабында Қорқыттың Еуропада болғандығын жазған. Қорқыттың Еуропада болғандығының белгiсi оның бар болмысын көрсететiн Қорқыт Ата кiтабының ХҮ-ХҮI ғасырларға телiнетiн екi қолжазбасы Ватикан мен Дрезден кiтапханаларында сақтаулы екендiгi. Қорқыт бабаның өмiр сүрген кезеңi, Оғыз қағанатының дәуiрлеген тұсы ҮI-ҮII ғасырлармен белгiленсе де, менiң пайымдауымша, бақсылардың атасын да, Оғыз қағанды да одан да терең архаикалық заманмен байланыстырған жөн. Еуропалық ғылыми теория күллi Шығыстың мол тарихын жұтаңдатып, терең танымын таяз еткенi белгiлi бiр саясатпен жүзеге асқаны белгiлi.
Ай нұрынан жаралған Кагуя сұлудың әңгiмесiн аяқтайық:
Кагуяхимэнiң даңқын естiген сегiз қырлы бес серi "маған қалыңдық болар ма екен?" деп, қарияның үйiне келiптi. Химэ сұлу бес жiгiттiң қайсысы ойындағы затты әкелсе, соған қалыңдық болатындығын айтады. Ол қандай зат? Ишицукуриномико есiмдi жiгiтке Будданың Ишипачи деп аталатын құнды жананын, Курамочиномико деген серiге алтын ағашты, ал Абэ мырзаға от тышқанының терiсiн, Оотомономиюки мырзаға бес түске құбылатын моншақты, Исонокамимаро мырзаға қарлығаштың қауырсынын алып келу тапсырылады.
Ишицукуриномико қария айтқан затты таппай қиналды. Будданың жананы жапон елiнде жоқ нәрсе екен. Алыстағы үндi жерiнде бар деседi ел. Сонау алыс елге қалай бармақпын? деп ойлайды ол. Сөйтiп белгiленген мерзiмге дейiн үйiнде жата бередi де, қол астындағыларды жананды iздеуге жiбередi. Олар болса, бiр таудың қойнауында орналасқан храмдағы көне жананды алып келедi.
Курамочиномикоға қымбат ағашты табу тапсырылған болатын. Ол ағаш тегiн ағаш емес: бұтақтары алтыннан, жемiстерi аппақ нұрлы болуы керек. Ол Химэнiң үйiне барып: "Мен қазiрден бастап, асыл ағашты iздеймiн", – дейдi де, өзi серiктерiмен кемеге мiнiп, саяхаттауға кетедi. Бiрақ үш күн өтпей қайтып оралады. Сосын Курамочиномико жасанды заттар жасаумен шұғылданатын кiсiлердi жинап: "Бұтақтары алтын, жемiстерi аппақ ағашты жасаңдар" деп тапсырады. Ағаш әп-сәтте дайын болды. Жарқ-жұрқ еткен ағаш бұтақтарының сәулесi аппақ жемiстерiмен шағылысып, айналаны нұрға бөлеп тұр. Әдемiлiгi сонша, бейнебiр жұмақ ағашы дерсiң. Мико ағашты алып, бiрден Кагуя Химэге барады. "Мен бұл ағашты алыс-алыс елдерге сапар шегiп, әрең таптым" дейдi. Бiрақ ағаштың жасанды екендiгi ашылып қалады.
"От тышқанының терiсiн қолға қалай түсiрсем екен?" деп ойлайды Абэ. Алыстағы елдiң бiр адамына "от тышқанының терiсiн тауып, маған жiберiңiзшi" деп хат жазады. Содан соң хатпен бiрге көп ақшаны серiгiне бередi де, алыс елге жiбередi. Ақша мен хатты алған кiсi: "от тышқанының терiсi дегендi естуiм бар, бiрақ көрген емеспiн. Дегенмен, iздестiрiп көрейiн", – дейдi. Хатты тапсырған кiсi әлгi адамның сөзiн Абэге жеткiзедi. Олар от тышқанының терiсiн күтiп жата берсiн.
Үш жыл өттi. Алыстағы елдiң адамы уәделi затын жiбердi. Министр қуанып, затты ашып көрдi. Терi аспан түстес көгiлдiр әрi жалт-жұлт етiп, шұғылалы сәуле шашып тұр. Министр: "бұл шынымен де баға жетпес зат қой. Кагуяхимэге көрсетiп, қуантайын" деп, терiнi өрнектелген сәндi сандыққа салып қыздың үйiне апарды.
"От тышқанының терiсiн әкелдiм, мiне!" деп, сандықты қыздың алдына қойды. "Иә, шынымен де әдемi екен" дейдi, Кагуяхимэ. "Бiрақ бұл нағыз асыл терi ме екен, сынап көрмей сенбеймiн. Нағыз от тышқанының терiсi отқа салса жанбайды. Қане, көрейiк!" деп, қыз терiнi ошаққа тастады. Сол-ақ екен, терi лап етiп отқа оранды да, демде жанып кеттi.
Оотомономиюки бес түске құбылатын моншақ табуы керек болатын. Моншақ кiсiде емес, айдаһардың мойнында деседi жұрт. Оотомо серiктерiмен кемеге мiнiп, сапарға шығады. "Айдаһарды садақпен ату керек", – дейдi ол. Кенет айдаһар қозғалысын бiлдiргендей теңiз тулайды. Кеме асау толқынмен бiр көтерiлдi де жағаға бiр-ақ шықты. Сөйтiп, Миюкидiң асыл моншақты iздеуi осымен аяқталды.
Исонокамимаро қарлығаштың қауырсынын iздеп, сарайдың шатырындағы ұяға қолын салғаны сол едi, арқан үзiлiп кетiп, жерге құлап түстi. Белi сынып, есiнен танып қалды. Сөйтiп, сұлудың бұл тапсырмасы да орындалмады.
Кагуяхимэнiң сұлулығы күн сайын арта түсiп, даңқы бүкiл әлемге шарықтады. Оның көркiн көрмей ғашық болған жiгiттер де көбейдi. Тенши деген мырза жiгiт "Бұл өзi қандай екен, өз көзiммен көрейiншi" деп, Кагуяның елiне қарай бет алды. Сәндi күйме дарбаза алдына тоқтағанын көрген кемпiр мен шал "Бұл кiм болды екен?" деп қараса әйгiлi Тенши мырза екен. Қариялар қонақты құрметпен қарсы алды. Кагуяны көрген Тенши есiнен танып қала жаздады. "Менiң сарайымда тұрғың келе ме?" дедi ол Кагуяға. Қыз оған қалыңдық болудан бас тартты.