Әзіз уа ұлы Аллаһтың құдіреттілігі айтылады Аллаһ атымен бастадым сөз әлібін, Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім! Шексіз құрмет, шүкірлік[1] мың да бір, Ол мәңгілік, Хаққа[2] лайық кіл қадір.
Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді, Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді. Қалады да, жаратты бар болмысты, «Бол!» - деді де, бірден бәрін болғызды.
Жаралғанның бәрі мұңлық, мұңы көп, Ием ғана, Жалғыз, шері, мұңы жоқ. Ай, ерікті, Күшті, Мұңсыз құдайым, Бұл есімдер Саған ғана лайық!
Ұлылық Сен, серігі жоқ Жалғызсың, Жаратушым, жоқ Өзіңмен түсер тең! Саған өзге кіріге алмас Дарасың, Әуелгі де соңғы да Өзің, Сарасың. Күмәнсіз, Хақ, Мәңгілік Сен, Бір ғана, Санақтан тыс, қатынассыз бір Дара. Іш пен тысты бірдей білген Асылсың, Көзден - жырақ, көңіліме жақынсың. Жараттың Сен кішісін де, ірісін, Өтер бәрі, Өзің мәңгі Тірісің. Жаралғанға түгел танық Жаратқан, Қос дүниені анық қолға қаратқан.
Жасыл көкті безендірдің жұлдызбен, Қара түнді жарық еттің күндізбен. Қанша ұшқан, жүрген, жүзген, інде өскен, Ішіп-жемі Сенен болып күн кешкен.
Көк үсті мен жер қойнының арасы, Мұқтаж Саған, жоқ өзгеше шарасы. Хаққа бүтін сенсең, тілді табындыр, Көңілің сенсе ақылыңды бағындыр!
Мұңсыз Ием! Мен бір мұңлық құлыңмын, Күнәмді кеш мейіріміңе жылындыр. Сыйындым мен, Сенде үміт, сенім де, Өзің қолда мұңға батқан жерімде! Аллаһтың Елшісі туралы айтылады, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын. Рахымды Ием пайғамбарын жіберді, Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі. Түнек түнде шамы болды халықтың, Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!
Ол Аллаһтың жаршысы, ерім, білгейсің, Сен содан соң, тура жолға кіргенсің. Ата-анадан жетім қалып келді ол, Үмбетіне тілек тілеп, берді жол!
Күндіз жемей, көр, түнімен жатпады, Сені жақтап, қолдамады басқаны. Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн, Салауат айт[3], мақта, ақта үмітін!
Елге деген рахымы ол құдайдың, Қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы. Көркем мінез, ақылды, аппақ пейілді, Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.
Пейіл бұрдым енді оның жолына, Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына. Ия иләһім[4], қорғап менің көңілімді, Қияметте пайғамбармен бір еткін!
Қияметте көрсет толық жүзіңді, Рақым етіп, Раббым, өткіз өзімді!
Төрт сахабаның ерекшеліктері туралы[өңдеу]
Төрт серігі бар еді оның сенетін, Әрбір істе бірге қолдап еретін. Бәрінен де Атық[5] ұлы, ірі де, Хаққа түзу көңілі де, ділі де!
Тәрк қылды мал, жан-тәнін, жүдеді, Тек пайғамбар сүйінішін тіледі. Сонсоң, Фаруқ[6] еді кісі сарасы, Тіл-ділі сай, халықтың ең данасы.
Діннің көркі, жәрдемші еді асқан ол, Шариғатты халыққа кең ашқан сол[7]. Үшіншісі, Оспан - жомарт, ақылды, Тандаулы ер, сақи, кең-мол, асыл-ды.
Әли - сонсоң, жігерлі, мәрт, ер-ді, Жүректі, отты, ақыл-ойы кемел-ді. Қолы ашық, сара-таза жүрегі, Білімді, есті, даңқты әрі ірі еді.
Бұлар діннің, шариғаттың жаршысы, Тартқызды азап кәпір, дінсіз қылығы. Бұл төртеуі төрт тұғырдай мен үшін, Түзілсе олар, болар тірлік, келісім.