Ахмет Байтұрсынов 1914 жылы «Арысұлы» деген бүркеншік есіммен жазған «Роман не нәрсе?» деген мақаласында Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» туралы «Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның «Бақытсыз Жамал» деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты…» – десе, С. Сәдуақасов: «Меніңше, Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» да ескермеген ескі мұраның бірі. Бақытсыз Жамал – сүйгеніне тие алмаған қазақ қыздарының бірі. Оны бақытсыз еткен – малына сенген таз Жұман…», – деп, романға замананың көкейкесті мәселесі арқау болып, өз кезеңіндегі ірі шығарманың бірі болғандығын нақты айтады.
Ал, көрнекті сыншы Қошке Кемеңгеров романның жұртшылыққа кең тарағандығын айта келіп: «Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы», «Бедная Лиза» сияқты болған», – деген қорытынды жасайды. Кезінде қазақ оқығандары мен қарапайым оқырмандарының жылы қабылдауына ие болған туынды қазақ прозасының дамуындағы үлкен белес болып табылады. 1914 жылдары бұл шығарманың жанрын роман деп айқындаған Ахаң, 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқышта» басқаша пікір айтқан. «Ұлы әңгіме түрде қазақ тілінде басылған шығарма әзірше жоқ. Міржақыптың «Бақытсыз Жамалына» роман, ұлы әңгіме деп ат қойылса да, өресі мен өрісі шағын болғандықтан, ол ұлы емес ұзақ әңгімеге (повесть. – Ө.Ә.) жақын», – деп баға берді. Дегенмен М. Дулатовтың бұл шығармасы өзінің олқылығымен де, өзгелерден озық тұрған жетістігімен де қазақ прозасындағы алғашқы роман ретінде бағаланары сөзсіз.
Романның өлеңмен жазылған сөз басында:
Жамалдың жайын жаздық бұл кітапта,
Бақытсыз бір қыз екен осы шақта.
Біреуге хас нәрсе емес, һәм болған іс,
Жайылған бұл бір ғұрып һәр қазақта.
Айырсын оқушылар мағынасын,
Жай ғана хикая деп қарамасын.
Көрген кім шариғаттан деген сөзді:
«Қор етіп әйел халқын аямасын» – деген жолдардан автордың көздеген мақсаты аңғарылады.
Міржақып шығармашылығын зерттеуші ғалым М. Әбсеметовтың деректері бойынша романға негізінен Көкшетау даласында болған оқиға өзек болған. «1908 жылы Міржақып ізіне түскен патша тыңшыларынан бой тасалау үшін, Торғайды тастап, Көкшетауға келеді. Көкшетауда Саумалкөл деген жерде ауыл мектебінде мұғалім болып істеп жүргенінде, ол Жамал атты қазақ қызының тауқыметті тағдырына куә болады. «Бақытсыз Жамал» романындағы сол аяулы бейне осылайша шындық өмірден алынған еді. Роман оқиғасы қазіргі Көкшетау облысындағы Айыртау ауданында орналасқан Саумалкөл – Сұлу көл төңірегінде өтеді. Бұл табиғаты тамылжыған, алабын ақ қайың көмкерген, айнадай жарқыраған көлдері көз тұндырған қазақ даласының бір құйқалы да көрікті жері. Романның бас кейіпкері дәл осы маңайда дүниеге келген. Жамалдың руы – Атығай, Ғалидың руы – Керей. Ақмола уезі, Ақкөл болысында туып өскен, Жұманның руы – Қаруыл, қазіргі Көкшетау облысы, Арықбұлақ ауданы, Ақанборлық деген жерден».
1909 жылы М.Дулатов Қызылжарға келіп, Жұмағали Тілеулиннің үйін паналайды. Кейіннен Сасықкөлде Мағжан Жұмабаевқа орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Жазып жүрген «Бақытсыз Жамал» романының нүктесін сол жерде қояды. 1910 жылы Қазанда басылған роман шығысымен-ақ елге тез таралып кетеді.
М. Дулатов роман желісіне қазақ өміріндегі ең бір әлеуметтік мәні зор мәселе – әйел теңсіздігін арқау еткен. ХХ ғасыр басындағы қазақ қыздарының теңдікке ұмтылуының әдебиетіміздегі маңдай алды тақырып болып табылуы тек қана әйел тағдыры емес, рухани теңдікке, бостандыққа ұмтылған қазақ ұлтының күрескерлік болмысын танытумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда «Бақытсыз Жамал» азаттық идеясын басты ұстанымға айналдырған роман болып табылады. Сондықтанда, қазақтың алғашқы романында Жамал тағдыры жалаң алынбай, қазақ өмірінің сан қыры әлеуметтік мәселелерімен көмкеріле, сабақтастырыла суреттелген. Романда өз тұсындағы реалистік өмір шындығы молынан көрініс тауып, рухы биік, бостандық сүйгіш жандар бейнесі сомдалған.
Романның бас кейіпкері – Жамал. Оның айналасын қоршаған қосалқы кейіпкерлер әкесі – жуас Сәрсенбай, шешесі – нәзік жанды, ақылды Шолпан, айттырған күйеуі «таз Жұман», дала шонжары, қатігез Байжан, сүйген жігіті Ғали.
Романдағы Жамал мен Ғали – екеуі де елге сүйкімді, бір-бірін тең тұтып, сүйіп қосылмақ болған жандар. Жамалды алып қашқан Ғали қаладағы саудагер татар қайырымды Патухулланы паналайды. Сенгенінен сенімді тірек көре алмай Ғали Жамалмен алыстағы нағашысына кетеді, сонда кенеттен ауырып өледі. Ғашығын жоғалтқан, панасыз қалған Жамал айналып келіп айттырған күйеуінің азабына түседі. Мың сан азап тартып, еріксіз қосылған күйеуінен тепкі көрген Жамал берік шешімге келіп, қыстың боранды күнінде қашып шығады. Езгіде өткен өмірден гөрі не еркіндікке жетуді, не өлімді жөн көреді. Қалың боранда адасып, қарлы далада үсіп өледі. Романға арқау болған оқиғалар желісі осындай.
Өмір-тағдыры романға тірек болған Жамал – көптің бірі емес, қазақ қыздарының басындағы қайғылы халін ұғына білген, өз тағдырына араша түсуге дайындығы мол, санасы жетілген қазақ қызы. ХХ ғасыр басында аз болса да мұндай сауатты қыздардың ел ішінде болғандығы өмір шындығы. Әке-шешесінің көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қыз жасынан еркіндіктің дәмін татып өскен. Оның кейінгі өз бостандығы жолында күреске ұмтылуының және оған батылының баруының бір сыры осында жатыр. Мәселе, кейіпкердің сауаттылығында ғана емес, автордың кейіпкер табиғатына еркіндік рухын тәрбие негізі арқылы құюында. Теңдікке деген жүректегі бұлқыныс қыз санасының бірте-бірте өсуімен жетіле түседі. Автор бұл өзгеріс, өсулерді Жамалдың ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын ашатын психологиялық иірімдер арқылы емес, жанама мінездеулер арқылы беріп отырады. Жамалдың зейінділігі, тез хат тануы, оқымаған кітабы қалмауы, өлең жазуға талаптануы кейде автор арқылы, кейде сырт адамдардың сөздері арқылы айтылып та, аталып отырады. Яғни, оқырман Жамалды үнемі өсу үстінде көреді.
ХХ ғасыр басындағы алғашқы роман болғандықтан мұндай жанама мінездеу арқылы кейіпкер портретін сомдау өзін-өзі ақтауға тиіс. Біздің бұдан кейінгі прозалық шығармаларымызда да бұл әдіс өз өрісін тапқан жоқ па?! Мәселен, Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» ұзақ әңгімесі мен С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдарындағы портреттер осы тәсілдер арқылы жасалғаны белгілі. «Шұғаның белгісі» повесіндегі әңгімешінің ә, дегенде-ақ «…ой, шіркін, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау!» деген бір ауыз сөзі оқырманды Шұғаға ынтықтырып-ақ қоймай ма?!
Жамал мен Ғали кездескен сәттен әрі қарай бастап шығарма оқырманды өзіне ерекше тартып алады. Кейіпкерлердің сырласу сәттерін, бір-біріне берік сенісіп, өздерінің бақыты үшін күреске бел байлап жолға шыққан тұстарын автор жылы сезіммен тебіренте жазады.
Ғалидың кенеттен ауруынан бастап, ғашығынан айырыларын сезінген Жамалдың көңіл-күйі мен ішкі жан-дүниесін ашуға жаралы жанның жүрегіндегі толқыныс пен тебіреністі суреттеу арқылы жеткізуге ұмтылады. «Жамалдың көзінен қанды жастар төгіліп, ас ішпей, кірпік қақпай зор қасіретке кірісті. Бір минут Ғалидың қасынан кетпей, жаман ауырды деген жерлерін сипап, мөлдіреген көздерін Ғалидан алмай қарап отыратын болды», – деп, қасіретті жанның естен кетпес портретін жасаса, Ғали қазасынан кейінгі Жамалдың алай-түлей ішкі сезімін, жан толқынысын қабір басындағы сөзі арқылы төгілтеді. «Қып-қызыл шоқтың ішіне тастап, алыс-алыс сапарға жөнелдің, өзің үшін қайырлы болсын! Мен сорлың кеудемде шыбын жаным барда ұмытпаспын. Дүниеде патшаның баласы болса да саған теңгермеспін. Қош жаным! Ғали! Бір мен үшін мейірбан ата-анаңды да көре алмай, қолдарынан топырақ салғыза алмай кеттің, кеш жаным! Алла тағала ақиретте қосылуға несіп тілесін, сол уақытта ғана көрген қасіретім бір сағаттай болмай ұмытылар. Мен сорлың опасыз дүниеде қонақтай алмай адасып қалдым, қош жаным…»
Тағдырдың тақсіретін тартқан Жамал мен дүлей боранды астастыра беруде қазақ прозасындағы ішкі сезім мен сыртқы табиғат құбылысын символдық бірлікте алып суреттеудің алғашқы ұшқыны байқалады. Бұдан кейінгі шығармалардағы қазақ қыздары тағдырына мойынұсынған немесе қатал заманның қысымына шыдай алмай мерт болған, болмаса өмір шындығына сай келмес ойдан жасалған жандар болса, алғашқы романдағы Жамалдың тағдырға қарсы жүзуі психологиялық тұрғыдан дәлелді. Қазақ қызына тән қайсарлықпен өз бақыты үшін күресе білген, бірақ бақытқа жете алмай мерт болған Жамал образы – шындықтан шыңдалған тұлға.
Жамал табиғатына тән қайсарлық пен күрескерлікті автор ұтымды детальдар арқылы сәтті тауып, орынды қолдана білген. Жамал қиындықтан қаймығатын, өлімнен қорқатын жан емес. Жазушы бұны алғашында оның сүйгені Ғалиға жазған бір хатынан байқатады. «Бір алла жалғыз өзі болсын айғақ //Тұралық уағданы бекем байлап //Сен үшін бір басымды еттім құрбан //Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап!»
Жұмандай таз күйеуінің тәлкегіне шыдамаған Жамал, боранды түнде қашып шығардың алдында Жұманға: «Мені өлтіретін болсаң бір жола өлтір, әйтпесе өзі күйіп жүрген жанымды күйдірме», – деп, ашық айқасқа шақырады. Ызаға булыққан Жұман талдырып жыққан соң, есін жинай салысымен «…бүйтіп тіршілік қыла алмайды екенмін, мұнан да бұл иттің қолынан өлгенше басқа жаққа кетіп өлейін» деген берік байламға келеді. Қаһарман мінезін сомдаудағы Міржақып қолданған осындай сәтті штрихтар сөз жоқ жазушы табысына саналуға тиіс. Жалғыз бұл емес, жалпы М. Дулатовтың қаламына тән қасиет – халық өмірін, қазақ әйелдерінің ауыр тұрмысын көркемдік шындықпен суреттеу. ХХ ғасырдың басында Міржақып Дулатов романының ізін ала, Міржақып көтерген тақырыпқа жазылған көлемді шығармалардың бірінен кейін бірінің шығуы, жазушының өз кезеңіндегі тамаша табысының куәсі болса керек.
Тағдырға қасқайып қарсы тұрған, қасқыр мінез адамдардың озбырлығына илікпеген Жамал тылсым табиғаттың дүлей күшінен де қаймықпайды. «Бара-бара боран әбден күшейіп, алды-артын орап алды. Қорқыныштың не екенін һәм жан-тән рақатын ұмытқан Жамалдың ойында Ғали ғана болып келе жатқан уақытта аты бір жерге келіп тұрып қалды».
Автор боран мен Жамал арпалысында символдық тәсілді қолданған. Жамалдың бостандыққа ұмтылған жолын қиып, адастырып өлімнің суық құшағына жетелеген ызғарлы боран – түнек заманның бүкіл кертартпа кесірлерінің жиынтығы. Ары таза, жаны таза, нәзік қыздың жан-жағынан қысқан алапат дүлей күштің қыспағында мерт болмауы мүмкін емес еді. Шығармада шымырлаған шындықтың барлығы да, авторлық шешімнің табиғилығы да осында жатса керек.
Міржақып алғаш қадам жасаған бұл тәсіл кейінгі қазақ прозасында биік көркемдік деңгейге көтерілді. М. Әуезовтің «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза тағдырының боранмен астасуы, Ж. Аймауытовтың «Ақ білегіндегі» Ақбілектің түн қорқынышымен арпалысының бастау бұлағы осы «Бақытсыз Жамалдан» тартылады.
Тұңғыш романының өзінен Міржақып қазақ прозасында бұрын болмаған, соңын ала шыққан алғашқы романдардың көбінде жоқ тың бейнені тұлғаландырған. Айлалы дала көкжалының өктемдігіне қарсылық көрсетем деп «бақытсыз« атанған Жамал жаңа заманның жаңа лебінің қарлығашы, көрікті, әрі білікті, ақылдығына ақындығы сай білімді қыз ретінде бейнеленген. Жазушы Жамал арқылы өмір көші өзгертпей тұрмас шындықты ашып, жаны еркіндікке құштар, санасы оянған қазақ қыздарының типтік бейнесін жасауға талпынған. Өйткені, Міржақыптың романға жазған алғы сөзіндегі ойлары Жамал тағдыры қазақ қыздарының барлығына ортақ жағдайдың жиынтық көрінісі еді дегенді меңзейді.
Романдағы аз көрінсе де, есте ұзақ сақталатын Ғали – оянған қызға серік болар жігітті арман етіп, нағыз азаматты бейнелемек болған Міржақыптың тілегінен туған сүйкімді образ. Ғалидың өз бақыты жолындағы күресте биіктен көріне алмауы да жазушының оны сүйкімді ете отыра, сенім арта алмағандығында. Бұл да өмір шындығынан алыс емес! Өйткені жазушы прототипті өз ортасынан алды емес пе? Екі ғашықтың іс-әрекетіндегі шешуші қадамды жасап жүрген Ғали болсада, қайсарлық безбені көбіне Жамал жағына ауып отыруының себеп-салдары осында. Ғали әрекеті бас сауғалаудан ары аспайды, ал Жамал бойынан енді-енді пісіп-жетіліп келе жатқан күрескерлік нышандары көзге түседі.
Махаббаты үшін не сұмдық көрсе де төзуге Әзір, жанына нұрлы бақыттың ұшқынын сепкен Ғалиын ұмыта алмайтын Жамалдың қарлы боранда қашып шығып, белгісіздікке бет түзеуі де осының белгісі. Қорлықтан азапты өлімді артық көрген әйел шешімі бас азаттығы үшін күрескерлікке шақырған өзгеше үн еді.
Жамалдың жансыз денесін тауып алған жолаушылар оның қалтасынан шыққан бір жапырақ қағаздағы мына жолдарды оқиды:
Арасында екі оттың,
Мені алла қор еттің.
Ғарыптың көңілін мұңайтып,
Дұшпанды шат, зор еттің.
Иә, өкініш! Өкінішті өмірдің лағынеті! Бірақ, Жамалдың өз бақыты жолындағы күресте қаза табуы кейінгі оқырман сіңлілерін ойландырмай қоймасына кім кепіл. Ендеше, ол – ерлік рухын сеуіп кеткен шейт жан. Сол себептен, ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетін алғаш зерттеуші Сәбит Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деп аталатын еңбегінде: «Бұл роман бірінші жақтан әйел бостандығын жырласа, екінші жақтан ескі дін, ескі салт, ескі әдетке қарсы шыққан роман. Бұл қазақтың жаңа байларының жаңашылдық сойылын соғып шыққан роман.
Сондықтан, роман қазақ арасында көп тарап, елдің жаңашылдардың аузында аяттай жатталып жүрді. Жамал болғысы келген, Жамалға ұқсағысы келген талай ауылдың қызын көзіміз көрді. Ғали ауыл жігітіне үлкен үлгі бола алған жоқ, Жамал ауыл қызына үлкен үлгі болды.
«Бақытсыз Жамалға» еліктеп «Мұңлы Мариям» (Сәлім Кәшімұлынікі) сияқты романдар шықты. «Бақытсыз Жамал» соңғы кезге дейін көп жазушының темасына үлгі болды», – деп жазды. 1932 жылы жарық көрген бұл еңбекте дәуір талабына сай жазылып, артық-кем айтқан тұстары кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, дәлелді пікірлерін пайдаланғанның еш айыбы болмаса керекті. Кеңестік дәуірдің алғашқы кезінде жазылған еңбектегі «Бұл қазақтың жаңа байларының жаңашылдық сойылын соғып шыққан роман« деген жолдарды шам көрсек, алпысыншы жылдары жарық көрген еңбектердегі одан да сорақы пікірлерді қайда қоямыз. Зерттеуші-ғалым Әнуәр Дербісәлин «Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» атты еңбегінде (Алматы, 1966) екі шығармадағы («Қамар сұлу», «Бақытсыз Жамал»), басты кейіпкерлердің (Қамар мен Жамал) өліміндегі авторлық шешімдерге әртүрлі баға бере келіп: «… екі өлімнің арасындағы айырма жер мен көктей. Қамар өле-өлгенше адалдық пен адамдық үшін тартысқа түсіп, ескілікті салт-сананы өлтіре сынайды… Жамал ата-ананың қарғысына ұшырап өледі. Соның нәтижесінде шығарманың да бүкіл міндет-мақсаты… бата бұзған, ескі әдет-ғұрыпқа қарсы келген қызды өліммен жазалау арқылы, қандай жолмен болса да феодалдық салт-санаға шаң жұқтырмай қорғаштау боп шыққан» деген тұжырым жасайды. Бұл енді «жаптым жала, жақтым күйенің» нақ өзі. Мұны теріске шығарып, сөз шығындаудың өзі бекер. Жамал өліміне қатысты авторлық шешімдегі күрескерлік рух туралы біз жоғарыда өз ойымызды дәлелдедік деп білеміз.
Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романының ең басты жетістігі Жамал бейнесінің толыққанды жасалуы дер едік. Оның рухани биіктігі, бойындағы ерлік рухының ұшқыны қазақтың дәстүрлі әдебиетіндегі қаһарман қыздарының бейнесінен нәр алған. Әрісі, Ақжүніс, берісі, Еңліктен өрілген өнеге жаңа заман кейіпкерінің бойына сіңісті түрде кіріктірілген. Сондықтанда, жаңа заманның жаңа кейіпкерін оқырман жатсынбай қабылдады.
Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы, азамат ақын, көсем сөздің көшбасшыларының бірі, саналы санаткер, көрнекті қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтай тұлғаның шығармалары ұзақ жылдардан соң халқымен қайта қауышты. Ендігі міндет – оның шығармашылығын жан-жақты зерттеу. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдарда жасалып жатыр.