Жапонияда жойқын жер сілкінісі болып, арты цунамиге ұласты. Соңғы 20 жылда болмаған табиғат апатынан бірнеше елдімекендер жермен-жексен болған. Әзірге опат болғандар жөнінде нақты мәлімет жоқ. Бірақ жарақат алған тұрғындар ауруханаларға көптеп түсіп жатыр. Елдің геологиялық қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, жойқын зілзала екі мәрте тіркеліпті. Біреунің күші 7,9 балл, екіншісі 8,9 - ға дейін жеткен. Жер сілкінген кезде халық жұмыс орнында болған. Бұл уақытта үкімет басшысы Наото Кан да де Парламентте кеңес өткізіп жатқан.
Жойқын жер асты дүмпуінен кейін елдің геологиялық қызметі бірнеше аралға цунами қаупі төнгенін хабарлаған. Бірақ тұрғындарды дер кезінде көшіру мүмкін болмады. Айналдырған бірер сағат ішінде биіктігі он метрлік толқын Хонсю мен Хоккайдо аралдарына жеткен. Жойқын цунами жолындағы елдімекендер мен өндіріс орындарын түгел шайып кетті. Қауіпсіздік мақсатында апат аймағындағы атом электр станциялары мен әуежайлардың жұмысы уақытша тоқтатылған. Соның салдарынан 4 млн-ға жуық үй электр жарығынан үзілді. Ұялы байланыс та істемейді. Ал жергілікті ауруханаларға жарақат алған тұрғындар көптеп түсіп жатыр. Қаза тапқандар жөнінде әзірге нақты ақпарат жоқ. Бірақ 19 адамның мәйіті табылғаны жөнінде хабар тарауда.
Жапониядағы зілзаладан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Асқар Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: - Қазіргі сәтке түскен мәліметке сәйкес,зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар,құдайға шүкір,жоқ. Жалпы бүгін Жапонияда жер сілкінісінің күші 8 балл болатын. Қазіргі ақпаратқа сәйкес,жалпы саны 33 адам қайтыс болды. Олардың арасында,тағы да айта кетейік,қазақстандықтар жоқ. Жапондар тағы шулады, жер қайта тулады. Қуатты зілзала бүгін Хонсю аралын теңселткен. 9 балдық дүмпудің салдарымен күрес мардымсыз. Ал, жер сілкінісі кезінде апатқа ұшыраған атом электр станциясынан радиация әлі үздіксіз бөлініп жатыр. Улы заттар енді ауыз су мен бақша дақылдарынан да табылған.
Онсыз да қара жамылған Жапония жерін бүгін бір күннің өзінде-ақ 3 бірдей қуатты дүмпу теңселтті. Ең қуаттысы 6 балды құрайды. Жер сілкінісі Хонсю аралындағы бірнеше префектура мен ел астанасы Токиода да білінді. Абырой болғанда, бұл дүмпулерден ешкім зардап шеккен жоқ. Ал, апатты «Фукусима» атом электр станциясындағы жарылыстан бөлінген радиация ауыз су, сүт пен бақша өнімдерінен де табылып отыр. Сол себепті орамжапырақ және басқа да көкөністердің 11 түрін пайдалануға тыйым салынды. Юкио Эдано, Жапон үкіметінің бас хатшысы: Өкінішке орай, бұл жағдай ұзаққа созылуы мүмкін. Қандай да бір зардаптарды болдырмас үшін құрамында радиация уыты бар көкөністер саудасына тыйым салып отырмыз. Шамадан тыс радиация ел астанасы Токиодағы ауыз судан да анықталды. Бірақ жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бұл су тек сәбилер үшін қауіпті. Ал, ондағы радиация мөлшері ересек адамдардың ағзасына әсер етпейді. Дегенмен, құрамына улы заттар сіңген суды шектеулі мөлшерде пайдаланған абзал. Эй Йошида, Токио су тазарту басқармасының басшысы: Орын алған жағдайды ескере отырып, Токиодағы 23 балабақша мен Тама қаласының кей бөліктерінде ауыз суды қолданбауға кеңес береміз. Елдің есін шығарған зілзала залалынан жапон жұртының қашан құтылары белгісіз. Жарылыс болған атом электр станциясындағы жағдай да оңайлықпен түзелер емес. Табиғи апат кезінде із-түссіз кеткен 13 мың адамның тағдыры да беймәлім. Десе де, ел үкіметі орасан шығынға ұшыраған жапон экономикасы мен әлеуметтік ахуалды оңалту үшін қыруар қаржы бөлуге дайын екендігін айтып отыр.
Ақпарат [мына][1] жерден алынды.
[1]: http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%96%D0%B0%D0%BF%D0%BE%D0%BD%D0%B8%D1%8F%D0%B4%D0%B0%D2%93%D1%8B_%D0%B6%D0%B5%D1%80_%D1%81%D1%96%D0%BB%D0%BA%D1%96%D0%BD%D1%96%D1%81%D1%96_%282011%29