+1 дауыс
56.8k көрілді
"Мен-қазақ елінің ұланымын!" осы тақырыпта маған эссе жазу керек еді?

3 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Мен – тәуелсіз елдің ұланымын

Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.  Н.Ә. Назарбаев

1991 жыл - еліміздің «Қазақстан» деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне 20 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы - қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 20 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» - деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша  әлем танып отыр.

Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы - теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп ал­у, Конституциямызды бекіту бар еді. Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан және қазақстандықтар ешкімнің же­ріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бер­мей­ді. Мұндай істердің орындалуы - ерекше тарихи жетістік. Айта берсек 20 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.

Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының  арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ – студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.

Қазіргі таңда Тәуелсіздік - барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.

Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.

11А сынып оқушысы Сұлтанова Әсемның, үздік шыгармалық жумысы. 

+1 дауыс
Мен қазақтың ұланымын
Мен қазақпын, ұланымын елімнің
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің
Ұланымын туын көкке көтерер
Болашаққа алға бастап жетелер
Қиындығын қазағымның әрқашан
Қайыспайтын қара нардай көтерер!!!
0 дауыс
Мен Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!

«Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады». Н.Ә. Назарбаев

Алтын күмбезді көгімде қыран құсты байрағы желбіреген, айбарлы әнұраны асқақтаған, даңқты Қазақстанымның Жас Ұланы екенімді мақтан тұтамын.

Телегей теңіз жылдарда бодандықты бастан кешіріп, сұм соғыстың тауқыметін тартып, сыңыр саясаттың құрығына түсіп қаншама қиналды десеңізші?! Мінеки, туған елім небір сұрапыл оқиғаларды бастан кешсе де, мойынсұнбай әлем картасыннан ойып тұрып керегесі мықты «Қазақстан» деген мемлекет орын алды.

Қазақ елі қайсарлы да батыл, айбатты да асқақ елдердің бірі. Осындай еңсесі іргелі, тұғыры нық, ырыс пен ынтымағы, береке мен бірлігі жарасқан елдің ұланы екенімді мақтаныш етемін.

Ата-бабамның қажыр қайсарлығынан қуат, өрелі өшпес сөздерінен өнеге, тағылымды тәрбиесінен тәлім, батылдығынан бойымызға жігер жинап, керегесі мықты қазақ елінің ұлтжанды қыраны боламын. Болашақтың іргесін біз секілді туған елімнің Жас Ұландары құратын болсақ, әлемде қазақ елінен мықты ел болмақ емес.

Бүгінде республикамыздың әр өңірінде Елбасымыздың бастамасымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылған  «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің үшінші толқынына мектебіміздің түрлі интеллектуалдық байқаулар мен спорт бәйгелерінің жеңімпаздары, сынып көшбасшыларынан 72 оқу озаты, 48 оқу екпіндісі салтанатты түрде қабылданып, ұйымның мүшесі атандық.

Салтанатты шарада біз ертеңгі еліміздің жарқын болашағы – білім көгіне қанат сермей жүріп мектепішілік «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Жумиева Сандуғаш Садуоқасқызының алдында Ұлан басшысы «Жас Ұлан» ұйымына қабылданушылар ант қабылдау рәсіміне дайындығы жөнінде баянат қабылданғаннан кейін, «туған жеріміз бен елімізді мақтаныш етуге, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге, білімге табандылықпен ұмтылуға» ант бердік. «Нұр Отан» ХДП-ның Орал қалалық филиалының кеңесшісі Нұралы Ажар Алтынбайқызы, Батыс Қазақстан облыстық «Ауыл жастары Одағы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Тоқмамбетов Серік Әнуарұлы, білім шаңырағымыздың ардагер ұстаздары Арыстанова Назым, Бакирова Батима Гилимқызы, Кереев Мұхит Махметұлы, мектебіміздің басшысы Асқарова Бәтима Жұмабекқызы қатысып, жүрекжарды лебіздерін арнап, кемел келешектің кілтін ұстар «Жас Ұландықтарға» еліміздің Көкбайрағы бейбіт аспан астында желбіреп, әлемге таныла берсін деген ниетпен ұйымның төсбелгісін тағып, галстугын байлады.

Бүгінде ұйымымыздың жетекшісі Сандуғаш Садуоқасқызының ұйымдастырумен өтетін мектепішілік түрлі шараларға, сенбіліктер мен кездесулерге, қайырымдылық акцияларына белсене қатысамыз. Жұдырықтай жүрегіміздің түбіндегі Отанымызға деген асқақ сүйіспеншілік бізді алға жетелеп, дәйім «Өз еліңнің – патриотты ұланы бол!» деп дем беріп келеді. Арына жанын садаға еткен, «атамыз алаш, керегіміз ағаш» болған өр қазақтың намысты ұрпағы екенімізді ұмытпай, айбынды бабалардың рухын өшірмей, даңқты тарихымызды сақтайық!

Елге деген ыстық сезімімді жетесіне жеткізген, бодандықта бор болған төзімділікті қыл көпірден өткізген, өз елім, өз жерім деп өзек өртеп, өршіл рух сыйлаған, санамызды улаған сансыз «ертегіден» есті жинаған, қасқайып қазақ атын мың қайталап жүрек отын тұтатқан, бойында күш-жігері, кеудесінде қуаты тасыған, егемен еліміздің еңселі байрағын ұшы қиыры жоқ көгімде нық көтеруге ұмтылған, қырандай қарыштаған - Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!

Мүсілім Ақмаржан

Орал қалалық №40 ОЖББМ-тің  11-сынып оқушысы,

 «Жас Ұлан» балалар мен  жасөспірімдер ұйымының мүшесі
...