Міне, қыркүйек туды, күз келді. Күн қысқарып, түн ұзарды. Аспаннан бұлттар қаптап, сіркіреп жаңбыр да жауып тұр. Күн сирек көрініп, аз жылытады. Анда-санда таңертең салқын болып қояды. Өткір суық жел арық малды, жұқа киімдіні тоңдыра бастады. Жұрт күземін алған, киізін де басып алды. Маса, шыбын, құрт-құмырсқа жоқ болып кетіпті, құстар да жылы жаққа ұша бастады. Қарлығаштар көптен көрінбейді. Аспанда тырналар да тізіліп ұшып барады. Ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп шөптер де қурап қалған. Егіншілер астығын жинап алып, шашындыда әр жерде ғана жаңбырға сарғайған шошақтар тұр, оларды де иелері тасып алуға шана жолын күтіп отыр. Ел тегіс биесін ағытып, пысық қатындар желі-ноқтасын кептіріп алды. Жаз күні көп байлағаны есіне түсіп, қымызшыл шалдар арық құлынын жаңа аяп отыр. Ер азамат қыстауды түзеп, кемпір мен шал, борбай балалар от басында отыр. Жаз рақат болса да, киіз үйдің күзді күні суығы-ай! Әне-міне дегенше күз де келді. Оны мен күнтізбеден ғана емес, ауа-райынан байқадым. Күн лезде суытты, ертең тіпті қар жауады деген болжам да бар. Көрерміз... Ауа райының өзгеруі адамдардың көңіл-күйіне қаншалықты әсер етеді екен. Бәлкім терісі қалың, тоңмойын адам суықты да, жапырақтардың сарғайып құлап түсіп жатқанын да елемеуі де мүмкін. Бұл рухани тұрпайылық па, әлде күштілік пе? Бұл туралы өте көп ойлар айтуға болады. Дегенмен де өз басым соңғы кезде ғана ауа-райының өзгерістеріне, тек ауа райы ғана емес, жалпы дүниедегі, өмірдегі өзгерістерге назар аудара бастадым. Адам қандай болсын бірібір кез-келген адамның ойларында қазір күздің сарыны байқалады. Сөйтіп табиғат адамға осылай да әсер етеді екен-ау.
Күз – бұл өте тамаша мезгіл. Күз мезгілі адамның көңіл-күйі секілді құбылмалы. Бірде жаңбыр жауып жатса, енді бірде күн шайдай ашылып тұрады.
Күзде білім күні басталады. Бұл күнде енді мектеп табалдырығын аттайын деп жатқан кішкентай балалар қуанады. Олар үшін бұл күн өте ерекше. Жалғыз кішкентай балалар үшін ғана емес, біз үшін де бұл күн өте ерекше. Себебі, бұл күнде біздің өмірге деген көзқарасымыз ашылып, әлемді тани бастаймыз. Күз мезгілінде жапырақтар сарғайып, айнала алтын түске боялады. Жерге алтын кілем төселгендей болады. Арасында шыршалар ғана түсін өзгертпеген. Барлығы әсерлі, өте керемет. Құстар жылы жаққа ұшып барады, ал балалар аула жұмысын бөлісіп тазалауда. Кейбіреулері жеміс-жидек жинаса, біреулері ауланы түскен жапырақтардан тазартуда. Балалар әрі еңбек етіп, әрі ойын ойнауда. Барлығы көңілді. Жануарлар да қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа дайындалуда. Қоян, қасқыр, түлкі сияқты жануарлардың жүндері қалыңдай бастайды. Адамдар да қызу еңбек үстінде. Диқаншылар егіс даласында дән жиса, ауыл адамдары отын, көмірлерін түсіріп, қыстан қысылмай шығудың қамын жасауда.