Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Аллаһтың елшісіне (с.а.у.): «Қайсы әйел жақсырақ?» – деген сұрақ қойылған. Сонда ол (с.а.у.): «Егер қарасаң – қуандыратын, бір нәрсе бұйырсаң – бағынатын және өзі мен малына қатысты мәселелерде өзіңе қарсы шықпайтын әйел» – деп жауап береді.
Қандай әйел алу керектігі туралы Шал ақын «Әйел туралы» өлеңінде былай дейді:
Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын,
Сол болар басқадан да жақын кісің.
Ағайынға, туысқа қайырылса,
Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.
Еріне аю, баласына қасқыр болса,
Ондай қатын алғанның күні құрсын.
Осы турасында Жүсіп Баласағұн былай деген екен:
Егер әйел алам десең үздігіп,
Таңда жөндеп өте жіті көз тігіп.
Тегі таза, құтты болсын тамыры,
Ұяты мол, инабатты һәм ірі.
Қол тимеген, болсын аттап шықпаған,
Сенен басқа еркек бар деп ұқпаған.
Сені сүйіп, сенен басқа іздемес,
Жаман қылық, жарамсыз іс істемес.
Ей, адамзат, ердің ері болсаңда,
Қатарыңды ал, егер әйел алсаңдар.
Мінезін айт, қарамай-ақ әріне,
Болса мінез – жарасады бәрі де.
Құр қоздырып нұрлы жүздің жылуын,
Іздей көрме көрікті қыз сұлуын.
Тапсаң егер ақылды қыз көз жетіп,
Қапы қалмай, үйленіп ал тездетіп.
Ақылды әйел мал да жинар, өндірер,
Байып алып, өзіңе де өң кірер.
Пейілді әйел көрікті де, текті ғой,
«Әйел көркі – қылығында», – депті ғой!
Ойы таза болса әйелің – асыл жар,
Осы үшеуі бар-ақ жерде қосылар.
Есті әйелдің етек-жеңі кең келер,
Соны тіле, төрт құбылаң тең келер.
Дәл осындай әйел тапсаң – ардақты,
Соған тырыс – сол әкелер бар бақты