Жанартау, – Жер қабатының тереңдегі жарылымдары мен жарықтарынан оның бетіне шығатын балқыған тау жыныстары мен ыстық газдардың геологиялық құрамалары.
Латынша vulcanus – от, жалын деген мағынаны білдіреді, ежелгі римдіктердің мифологиясындағы от құдайы ұғымынан шыққан.
Жанартау жылына жер бетіне 5 – 6 км3 жанартаулық материалдар шығарады, оның 80%-ы су асты жанартауларына, 20%-ы құрлықтағы жанартауларға тиесілі.
Су асты жанартауы 3 – 4 км тереңдіктегі лавалық жарықтардан тыныш күйде шығып жатады, бірақ оларды тікелей бақылау мүмкін емес. Жер үсті жанартаулары атпа өнімдерінен құралады, ол орталық кратері бар конус пішінді тау түрінде болады. Сөнбеген жанартаулардың ең жоғары салыстырмалы биіктігі – мұхиттарда 9 км, аралдарда 6 км, таулы өңірлерде 3 км-ге жетеді. Жердегі сөнбеген жанартаулардың орташа биіктігі 1750 м, көлемі 85 км3.
Жанартаулар сөнбеген, потенциалды сөнбеген, шартты түрде сөнген және сөнген болып жіктеледі. Сөнбеген жанартауға соңғы 3500 жылғы тарихи кезеңде атқылаған не ыстық газдар мен су шығарған жанартаулар жатады, олардың жалпы саны 947 (2008). Потенциалды сөнбеген жанартауға 3500 – 13500 ж. ішінде байқалған голоцен дәуірінің жанартаулары жатады, олардың саны 1343. Голоцен дәуірінде ешқандай әрекет көрсетпеген, бірақ өзінің сыртқы пішінін сақтап қалған жанартаулар шартты сөнген жанартауларға жатады. Эрозияға шалынған, жартылай үгіліп, бүлінген және кейінгі 100 мың жылдан астам уақытта ешқандай әрекет жасамаған жанартаулар сөнген жанартау деп аталады.
Жанартау шығу жолдарына байланысты орталық және жарықшақты болып бөлінеді.
Магманың шығу тереңдігіне қарай жанартау мантиялық (30 – 70 км және одан да терең), қыртыстық (5 – 45 км) және аралас болып бөлінеді. Бірінші жағдайда базальт жынысы, екінші жағдайда басым көпшілігі андезит, дацит, липарит тау жыныстары, үшіншісінде барлық жанартаулық тау жыныстары шығады.