Футболдың адам санасына кіріп-шықпайтын ережелері де бар. Мәселен, бос қақпаға шабуылшы доп тепкен сәтте алаңға көрерменнің бірі жүгіріп шығып, оны бөгеуге тырысса, бірақ теңбіл снаряд бәрібір қақпа торынан табылса, мұндай жағдайда гол саналмайды. Ал егер доптың бағытына қосалқы құрамдағы жарақаттанған футболшылардың бірі тосқауыл болуға тырысса, гол саналады. Міне, №1 спорттың күлкіңді келтіретін осындай ережелерін немістердің Віld басылымы теріп жазған екен. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Егер ойын басталмас бұрын ойыншы қарсыласын теуіп жіберсе, алаңнан қуылады. Дегенмен жаттықтырушы алаңнан қуылған футболшыны басқа ойыншымен алмастыра алады.
Егер ойыншы қарсыласын алаңға шықпай тұрып теуіп жіберсе, оған қызыл қағаз көрсетілмейді. Футболшы ойынға шыға береді. Бірақ бұл жайт хаттамаға енгізіледі.
Ойын барысында қақпашы мен қорғаушы жейделерін алмастырып, «Жаңа қақпашы» өз айып алаңында допты қолмен тоқтатар болса, ойын жалғаса береді. Дегенмен доп тоқтатылғанда, екеуіне де ескерту қағазы көрсетіледі.
Бұрыштама кезінде қорғанушы жақтың ойыншысы биік секіру үшін командаласының көмегіне сүйенсе, спорттық ережеге жат қылық көрсеткені үшін айып добы белгіленеді.
Гол соққан ойыншы жейдесін шешіп, алаң жиегіндегі бөгеттен секіріп кетсе, екі сары қағаз көрсетіліп, бірден ойыннан қуылады.
Футболшының бутсасы шешіліп қалып, ол әріптесіне пас берген болса, айып добы белгіленеді.
Допты ойынға ауттан қосқанда теңбіл снарядты қарсыласына әдейі лақтырса, төреші айып добын белгілейді де, ойыншыны алаңнан қуады.
Допты ойынға ауттан қосқан ойыншы теңбіл снарядты алаңның арғы жиегіне асырып жіберсе, доп қайта ауттан лақтырылады.
Офсайд жасамақ оймен қорғаушы алаң шетіне шығып кеткен сәтте, ойыннан тыс қалған шабуылшы гол соққан болса, бұл гол саналады. Ал қорғаушы ескерту қағазын алады.
Өз алаңында айып добын орындаған қорғаушы допты қақпашысына берген сәтте, теңбіл снаряд өз қақпасына кіріп кетсе, гол саналмайды. Шабуылдаушы команда бұрыштама добын орындайды.
Негізгі және қосымша уақытта «А» командасының үш ойыншысы алаңнан қуылған болса, матч соңындағы пенальти кезінде «Б» командасының бапкері пенальтиге қатыспайтын үш ойыншысын анықтайды.
Айып добы кезінде төреші қолын көтеруді ұмытып кетсе, ал доп ешкімге тимей, қақпа торынан табылса, гол саналмайды. Айып добы қайта орындалады.