«Жиенқұрық» . Қыздан туған балалар жиен деп аталады. Халық дәстүрі бойынша жиен нағашыларынан қалаған затын, яғни «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиеннің бетін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халық жиенді ренжітпей «жиен назары жаман» деп еркелетіп ұстаған. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар.
БЕС ЖАҚСЫ
«Бес жақсыға» мыналар жатады: 1. Қара нар 2.Жүйрік ат 3.Қалы кілем 4.Алмас қылыш 5.Бұлғын ішік.
Елдің аса құрметті, беделді адамдары аарсындағы достық, сыйластық қарым-қатынастарда сый-сияпат немесе құдалар арасындағы қалың мал, киіт орнына да жүрген. Бес жақсының бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағаланған.
Бес жақсы түріне, дәрежесіне қарай «бас жақсы», «орта жақсы», «аяқ жақсы»болып үшке бөлінеді.
БЕЛКӨТЕРЕР
Тоқсан көремін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді, деп баяғы қариялар айтқандай жасы жеткен адамдар тісі болмаған соң тамақ жей алмайды. Ал, әлгі кісілерге жақсы тағамдар қажет. Мұндай жағдайда осындай адамдарға арнап «белкөтерер» деген тағам арнайы дайындалады. Бұл әрі жұмсақ, әрі дәмді, нәрі мол қазы, жент, сарымай, қымыз, ақ ірімшік, бал тағы сол сияқты тамақтардан әзірленеді. Мұны балалары, көрші-қолаңдары,сыйлас кісілер әдейі дайныдап әкеледі. Бұған өте риза болған қарттар батасын береді.
«АТБАЙЛАР»
Мұның да екі түрі бар.
1.Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты атбайлар.
2.«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгшенде оларды жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «Атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.