Негізі, "домовой", "пері" деп жүргендеріңіз Аллаһтың жаратылысы - жын ғой. Аллаһ Тағала Құранда: "Жын мен адамзатты тек Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым. Олардан еш несібе тілемеймін, әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын. Әлбетте Аллаһ - Өзі Ризықтандырушы, қуат Иесі, Мықты. ("Зарият" сүресі, 56-58 аяттар) деген. Осыдан-ақ жындардың да бар екенін мойындауға тиіспіз.
Сондай-ақ "Бақара" сүресінің 36-ншы аятында Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы туралы: "Ал, (бірақ) шайтан ол екеуін одан (аталған ағашқа жақындамау туралы берілген әмірге берік болудан) азғырды, сөйтіп, екеуін өмір сүріп тұрған орындарынан (жұмақтан) шығарды (шығарылуына себеп болды). (Сонда) Біз (Адам мен шайтанға "Бірің-біріңе келешек ұрпақтарың да) өзара қас-жау болып (пейіштен жерге) түсіңдер! Сендер үшін белгілі мезгілге (ақыретке) дейін жер бетінде тұру (өмір сүру) және (жердің барша нығметтерінен) пайдалану (мүмкіндігі) бар" - дедік." делінген. Осыдан-ақ азғырушы шайтанның барын ұғамыз.