Қазақ елі – әлемдегі сауатты елдердің санатында. ЮНЕСКО мен Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген деректерге қарағанда білім беру индексі бойынша Қазақ елі дүниежүзіндегі 129 ел ішінде төртінші орында тұр. Ал ТМД-да бірінші орындамыз. Яғни, білім беру саласындағы заңнамаларымыз халықаралық талаптарға толығымен сай. Білім және Ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсілов, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы отырысында бүгін осылай деп мәлімдеді. Білім беру саласы бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, одан әрі дами беру үшін елімізде 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамыту бағдарламасы қабылданды.
Елбасының тапсырмасымен алдағы бес жылда 400-ден астам мектеп салынбақ. Ал таза орыс тіліндегі мектептердің ішінен қазақ сыныптары ашылады. Бұл ең алдымен, баласын қала сыртындағы қазақ мектебіне апарып жүрген қандастарымызға қолайлы болмақ. Аралас мектептер ашу үшін аймақтарда министрлікке тікелей бағынатын арнайы департаменттер ашылған. Олардың жұмысы қазақ мектебі жоқ аудандарда – қазақ сыныптарын ашу.