XVII ғасырда итальяндық ғалым Э. Торричелли жасаған тәжірибені қарастырайық. Онда ұзындығы 1 м, бір жағы бітеу шыны түтік сынаппен толтырылады. Содан кейін түтіктің аузын жауып, оны төңкереді де, сынап құйылған ыдысқа батырады. Сынаптың ішінде түтіктің аузын ашады. Сонда сынаптың кішкене ғана бөлігі ыдысқа төгіледі. Ал түтік ішінде биіктігі 76 см сынап бағаны қалады . Э. Торричелли алғаш рет сынап бағанын атмосфералық қысым ұстап тұрады деп ой түйді. Атмосфералық қысымның ауа райына байланысты өзгеретінін де алғаш байқаған Торричелли болатын. Кейін Торричелли қондырғысы атмосфералық қысымды өлшеу үшін пайдаланыла бастады. Атмосфералық қысымды сынап бағанының биіктігі бойынша есептейді. Атмосфералық қысымның бірлігі ретінде 1 миллиметр сынап бағаны (1 мм сын.бағ.) алынады.
1 мм сын.бағ.=133,3 Па=1,33 гПа.
Сөйтіп, атмосфера бізге және басқа барлық денелерге қысым түсіреді. Атмосфералық қысым адамдардың көңіл күйіне, денсаулығына елеулі әсерін тигізеді. Атмосфераның күйіне (температурасына, ылғалдылығына) байланысты атмосфералық қысым да өзгеріп отырады. Сол себепті, ауа райын болжау үшін, басқа мәліметтермен қатар, міндетті түрде, атмосфералық қысымның да мәні ескеріледі.