0 дауыс
16.7k көрілді

2 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Ата ұғымы туралы ақ өлең


Біз – атамыз алтын сауытты Сақтан тараған,
Алмағайып заманда,
Ата жауларымыз
Атысса, атысуға жараған,
Бұтының өзі бір атанға жүк болар,
Балуандары кеп белдесем десе,
Белдесуге де жараған,
Ай балтасы мен ақ найзасын қолға алып,
Самайынан аққан тері бет-ауызын айғыздап,
Айқасамын десе, айқасуға да жараған.
Торғайкөз көбе кидіріп,
Топты жарып шығатын,
Толағайдай батырлары
Жекпе-жекте шайқасамын десе,
Шайқасуға да жараға.
Жау жақтан жұдырықтай оқ жауса,
Жалаңаш кеудесімен қағып алатын,
Егесуге келгенді у-сойқы тілімен шағып алатын,
Жанарының найзасын
Жауының көз-қайрағына жанып алатын,
Доспын дегенге барын салатын,
Жаумын дегеннің жанын алатын,
Қайсар рухты халықпыз!
Қай Сақ деген халықпыз!
Қассақ деген халықпыз!
Қазақ деген халықпыз!

Бізді тағдырдың сан торабы да адастырмаған,
Шайтан кеп құлағына сыбырласа да шатастырмаған,
Басқаның жерін «біздікі еді» деп таластырмаған,
Басынан алуан-алуан күнді өткізген.
Ұлы сапарға шықса, сәтті қылатын,
Қызы күйеуге шықса, бақты қылатын,
Малы өріске шықса, ақты қылатын,
Ханын қадірі артса, тақты қылатын,
Атамыздың табанының ізі бар,
Сары сүрдей сақталған
Ата жолымыз бар халықпыз!

Қалмақ қырса да өлмеген,
Жоңғар жойса да өлмеген,
Орыс отарласа да өлмеген,
Отан соғысында да өлмеген.
Қанына қасық су араласып кетсе, ажыратып алатын,
Желкесі қиылса да
Жеті атаға толмай некесін қимайтын,
Қиса, жеті қат көк қабылдамай,
Жеті қат жерге сыймайтын,
Қаны қарайғандар тектілік деген ұғымға сыймайтын,
Бүгінге дейін бүлінбей жеткен,
Ата тегіміз бар халықпыз!

Ұлын отыз үйден тыятын,
Қызын қырық үйден тыятын.
Әйелі ерінің жолын кеспейтін,
Кессе, қарызы кетсе де кешпейтін,
Қақпақ жауырын қас батыр жігіт,
Қас аруға ғана үйленген,
Алған аруы жарының жағдайын жасап үйренген,
Ағасы жаға болатын,
Ініге пана болатын,
Ері елдің Ағасы болатын,
Әйелі елдің Анасы болатын,
Жазылмаған заңдылығымен жалғасып жататын,
Қазақтың осымен таңы атып, күні бататын,
Өзімізге ғана тән
Ата салтымыз бар халықпыз!

Үркері үркіп төбесіне қонған,
Малы мыңғырып өрісіне толған,
Сәлделі таулары сұсты көрінген,
Кемпірқосағы күнге керілген.
Осы жерде Анамызды айттырып, келін қылдырған,
Осы жерде Атамызға қыз беріп күйеу қылдырған,
Жатып қалған бір тоқтыдан
Тараған малы мыңғырған,
Жазда жайлауы сая болатын,
Қыста қыстауы пана болатын,
Әуелден Қазақтың ғана маңдайына біткен,
Ата жұртымыз бар халықпыз!

Қылышынан қан тамған заман болғанда,
Байды бай деп қаралап еді,
Малы бар деп алалап еді,
Сонда Алты алаштың баласы
Алты құрлыққа шашырап,
Маңғаны Моңғол асып кетсе де,
Қаңғына Қытай асып кетсе де,
Адасқаны Алтай асып кетсе де
Өзегі талғаны өзбекті аға тұтса да,
Қалғанын қара жер жұтса да,
Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған,
Бүгінде Қазақтан басқа,
Жүз отыз ұлттың Отаны болған,
Ата мекеніміз бар халықпыз!

Отырарды отқа салса да күймеген,
Отыз мың түмен ойран салса да,
Ошағы ортасына түспеген,
Күлтегін мен Тоныкөктен бері қарай сақталған
Кітапханаларымыз,
Бұдырайған шекелі,
Маңдай алды екі елі,
Биіктігі төбедей
Балбал тастарымыз,
Қабырғасын жылқының сүтіне илеп тұрғызған,
Күмбездерін күннің сәулесіне сүйдірген,
Қыш-кірпіштерін қызыл бидайдай күйдірген
Кесенелеріміз,
От ауызды, орақ тілді ақындарымыздың,
Аруақтап жауға шапқан батырларымыздың,
Төрелігі тіліп түсетін төбе билеріміздің
Асыл сөздері –
Ата мұрамыз бар халықпыз!

Бүгінде Ата салтын ұстанып,
Ата жолымен
Жиырма бірінші ғасырға жеткен,
Ата жұртын жауға бермей,
Шашырап кеткен қазақты
Ата мекеніне жинаған,
Отарлағандар ойына келгенін істеген
Ата тегіне мән беріп,
Ата мұрасын түгендеп,
Бұрынғы ата жауларын ықтырып,
Билік жүргізгендерді бұқтырып,
Талайлармен терезесі теңеліп,
Осынау Ата байлығымызды тапсырған,
Ата-бабамыздың сенімін ақтап,
Тәуелсіздігімізді алған халықпыз!

Ата-бабамыздың сенімін де,
Ата дәстүрдің берігін де,
Ата мекеніміздің шекарасын да,
Сонау Әз Тәукенің «Жеті жарғысынан» жалғасқан,
Қасымханның қасқа жолынан жалғасқан,
Есімханның ескі жолынан жалғасқан,
Талайдан арманымыз болған Тәуелсіздігіміздің іргесін,
Ата Заңымызбен бекіткен халықпыз!
                                                                                     Авторы: Асылзат Арыстанбек
0 дауыс
Кішкентай бала жаттай алатын аиа туралы өлеңдер бар ма?
...