Құрметті жырсүйер қауым, бүгін біз сіздерге қала күніне байланысты Алматы туралы жазылған жырлардың бірінші бөлімін жариялап отырмыз. Ару қаланың әсемдігі мен тылсымы көп тіршілігі даладан келген қазақ баласын ақын етті. Бұл Алматы балғын шағынан анасының ақ сүтінің иісі аңқып келген студент баланың атасы болып қаталдық та танытты, анасы болып мейірленді де... Нағыз өмірдің басталған тұсын алғаш Алматыға келіп түсінген ауыл баласы шабытына қамшы басып, жырына мұңын шақты. Алматыны сүйді де, күйді. Алматы қызы мен серісіне ғашық болып, жыр үстіне жыр қосып жатты. Бүгінде олар Алматыдан сәл алыстай қалса, аңқасы кеуіп асыға жететін ақын болды. "Алматы, сен бізді ақын еттің!" атты қала туралы өлеңдер топтамасының бұл бөлімінде Алматыға келіп ақындық жолын ұштаған, поэзия аспанында қалықтап ұшуға қанаттары қатайып үлгерген ақындардың жыр шумақтарын ұсынбақпыз. Ендеше, Алматының самалы есіп тұрған ақындардың қойын дәптерлеріне үңілейік!
АЛМАТЫ
Ақша бұлт жаспен жуып көздің нұрын,
Алатау жұбатады өз мұңлығын.
Алма төс, алтын зерлі бұл шаһардың,
Азабы ауырлаған.
Сездім бүгін.
Үйіріліп ерте соқты тағдыр күзі,
Алматы – Алатаудың жалғыз қызы.
Сол қыздың қыстығып бір өксігені,
Секілді жылап ұшқан қаздың жыры.
Адыра қап күймедегі мандатымыз,
Алынбай биде кегі, ханда ақымыз.
Жырымды тыңдамайды жылап айтқан,
Солқылдап жатыр үнсіз Алматы – қыз.
Шығыстан соққан дауыл қарға ұласып,
Қалды ма тағы дауға зарлы басың.
Мен емес!
Сені мұнда талақ еткен
Жыласа, зар еңіреп хан жыласын!
Қып-қызыл намысыңды ит ап қашып,
Құзғындар жетті тағы қипақтасып...
...Тізесін құшып жатқан Алматының,
Алатау қояды үнсіз сипап басын.
* * * * *
"Алматы - о, менің жаралы жүрегім!"
М.Шаймаран
Құлай сүйіп өмірімен, өлеңмен,
Сені Алматы - ару дейді ел,
Сенем мен.
Көйлегіңнің етегіне ілесіп,
Көлбең қағып мен де артыңнан жөнелгем.
Қарсы алдымда жалаңаштап кіндігін,
Сол Алматы маған қарап тұр бүгін.
Алатаудың жас тоқалы секілді,
Жанарына жасырған бір сұмдығын.
Кездесу де, күю, сүю - түс бәрі,
Есімде жоқ қалай құлап, құшқаным.
Жүрегім деп айтты кейін сені ағам,
Мен жағамды ұстадым.
Ал сенің ше?!
Түрің де жоқ қымсынар,
Ақ төсіңе шайыр біткен ұмсынар.
Айдындықтай білегіңді жастанып,
Ақындардың өлетіні шын шығар.
Қайран, менің аппақ арлы далам-ай,
Қалай кеттім қайрылып бір қарамай.
Абайсызда арбалған бір бейбақпын,
Кешір мені, адал, аңғал – ағам-ай!
Қайсар Қауымбекұлы
ҚазҰУ-дың 2012 жылғы түлегі
Алматы
Бұл қаланың есімі алты-ақ әріп,
Алты әріпке қандай мін бар тағарлық.
Шапсам әлі көшеңді дүбірлетер,
Құла тайы шабыттың қалса да арып.
Кірбең тартып тұрса да таң қабағы,
Сүймейтіндер бар ма осы нән қаланы.
Күні бойы жанымды қайғы мүжіп,
Түні бойы шайтанның арбады әні.
Байқайсың ба?
Серт өзге, ант басқа,
(Ажыратып білмедім танып баста)
«Ақын бол» деп ауылдан алып келді,
Құдай ұрғыр арманым алып қашпа.
Тірлік «сырын» кімдерден үйрендік кем,
Пендеміз ғой әр таңнан күйбең күткен.
Алматы жек көре алмайтыным –
Еліктей ерке қызын сүйгендіктен!
Жақсылық Қазымұрат
КазҰУ-дың 4 курс студенті
Түнгі Алматы
Түнгі Алматы!
Сұлусың, әдемісің!
Жымыңдайды төбеден бәлелі түн.
Жасыл бақ та сыбырсыз тына қалған
Сәлем салып тұруға кәделісің.
«Сайқал қала!»
Жырлаған ақын ағам
Жалғыз ауыз жырыңа татымағам.
Өлең-жыр өмірімнің бесігіндей
Жауһарыңның жұқсыншы таты маған.
Түнгі Алматы!
Сен жайлы жыр бастадым.
Айлы түнге ақ жүрек сырлас дәйім.
Құлақ түріп төбелер сыр аңдайды
Жапырағын қымтаған мұңдас қайың.
Мен келемін.
Жанымда саялы бақ.
Жүрісім де, жүрек те саябырлап.
Соғады.
Бірақ, нәзік ақын жаны
Қара түннің төсінен қаяу ұрлап.
Менің жарық жұлдызым-мың сан арман
Бәлкім, сенің нұрыңа мұң шағар жан.
Шуақ нұрын себеле жолдарыма
Қымсынбай аш жүзіңді тұмшалаған.
Түнгі Алматы, көркің-ай, керімдей,
Жүрегіме жабыстың желімдей.
Мәңгі ғашық Алматы, жаным саған
Өмірімнің айнымас серігіндей!!!
Алматыға наз
Мұнарланып Алатау
Қол бұлғайтын Көктөбең.
Арман жырым Алматы-ау
Алып-ұшып жеткен ем.
Мендегі мың қайғы мен
Шаттығымның куәсі.
Алматы еді қашаннан
Мен жазатын жыр аты.
Сыр ұрладым тасыңнан
Сезім толы көктемің.
Сеніменен ашылған
Жастығымның беттері.
Күрсінесің...
Байқаймын...
Мұңым басым менің де.
Жан сырымды айтайын
Шырылдасын көгіңде.
Әсем үнмен мүсіндеп,
Тербемекпін, Алматы.
Сұлу жырым үшін де,
Мен керекпін, Алматы!
Сендегі көп шеріңді
Қаламыммен ақтарам.
Босатып бер, төріңді
Өзге жұмақ жат маған.
Ұшырмақсың ұяңнан
Жанымды жер...
Алматы...
Құлап барам, қияңнан
Қолыңды бер, Алматы...
Алтыншапақ Хаутай
ҚазҰПУ-дың магистранты