+2 дауыс
157k көрілді
Тіл білімінің грамматика саласының бірі – синтаксис (грекше «syntaxis»). Синтаксис сөз тіркесі, сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөйлем мүшелерін қарастырады. Яғни синтаксис – сөз тіркесін, сөйлемнің грамматикалық сыр-сипатын зерттейтін ілім.
Толық мағыналы кемінде екі сөздің тұлғалық және мағыналық жағынан байланысқан тобы сөз тіркесі деп аталады. Сөз тіркесінің негізгі белгілері:
● сөздердің байланысуы сөйлем ішінде анықталатындықтан, сөз тіркесі сөйлем ішінде танылады;
● кем дегенде екі толық мағыналы сөзден тұрады;
● сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бір-бірімен белгілі бір грамматикалық тәсілдер арқылы байланысады;
● сөз тіркесі қандай да бір синтаксистік қатынасты білдіреді.
Сөйлем ішіндегі сөздердің әртүрлі байланысуына қарай сөз тіркесі еркін сөз тіркесі және тұрақты сөз тіркесі болып бөлінеді. Еркін сөз тіркесінің құрамындағы сөздерді өзгертіп айтуға болады. Мысалы, көрікті деген сөзді бірнеше сөзбен тіркестіруге болады: көрікті адам, көрікті жігіт, көрікті қыз, көрікті табиғат, т.б. Еркін сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бағыныңқы және басыңқы сыңарға бөлінеді.
Бағыныңқы сыңары Басыңқы сыңары
Жиырма оқушы
Тосыннан келген хабар
Кеше хабарласты
Саны он үш
Сөз тіркесі құрамына қарай екіге жіктеледі: 1) жай сөз тіркесі; 2) күрделі сөз тіркесі.
Синтаксистік жай тіркес
Синтаксистік күрделі тіркес
Үйде қалды, әдемі қыз, гүлді суару, үйдің есігі, қызыл түлкі, орындалған арман, ақ көйлек, гүрілдеген трактор, кенеттен тоқтау, сөйленген сөз, сарғыш гүл, өнерлі бала, қуанышты хабар, сыпайы мінез.
Телефон арқылы сөйлестім, ит өлген жерден келді, асығып-үсігіп шыға жөнелу, көпір арқылы өтті, сары ала қаз, үйден кетіп қалды, кешке қарай келді, жиырма екі үй, күлімсірей қараған баланың күлкісі
Жай сөз тіркесінің құрамы екі сөзден ғана құралады. Мысалы, орманды өлке, әдепті оқушы, асыққан жолаушы, екеуі кездесті, түсі қара, таулы өңір, тастақ жер, көпірден өту, әңгімелескен адам, т.б.
Күрделі сөз тіркесі үш немесе одан да көп сөзден құралады. Мысалы, әдепті оқушының мінезі, орманды өлкені аралау, асыққан жолаушыға жол көрсету, кездейсоқ кездескен екі достың әңгімесі, қара түсті ат мінген жолаушы, гүлге оранған өлке, тасыр-тұсыр шапқан ат, т.б.
Тұрақты сөз тіркесі – екі немесе одан да көп сөздің бастапқы мағынасы ескерілмей, бір ұғым ретінде қолданылып, бір сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы.
Тұрақты сөз тіркесі
Білдіретін мағынасы
Ағаш атқа мінгізді (қайтті?) Ағаштан түйін түйген (қандай?)
Әліпті таяқ деп білмейді (қайтпейді?)
Басқан ізін білдірмеді (қайтпеді?)
Беті бүлк етпеді (қайтпеді?)
Гүлдей солды (қайтті?)
Дамыл таппады (қайтпеді?)
Екі аяғын бір етікке тықты (қайтті?)
Жаны ашыды (қайтті?)
Зәресі зәр түбіне кетті (қайтті?)
Иманын ұшырды (қайтті?)
Сөз қылды, келеке қылды.
Аса шебер, өте өнерлі
Хат танымайды, сауатсыз (қандай?)
Істегенін сездірмеді (не істеді?)
Ұялмады, қысылмады
Сары уайымға салынды
Тыныштық көрмеді, демалмады
Састырды
Аяды, есіркеді, мүсіркеді
Қатты қорықты, үрейі ұшты
Қорқытты, үрейін алды
Тұрақты тіркестер өз алдына сөз тіркесі бола алмайды, тек сөз тіркесінің бір сыңары болады Мысалы, әкесіне тіл тигізу – не істеу? деген бір сұраққа жауап береді, бір ғана ұғым атауы болады.
Сөз тіркесінің құрамындағы сөздің екінші басыңқы сыңары зат есім, сын есім, сан есім, есімдік болса, ол есімді сөз тіркесі деп аталады, басыңқы сыңары етістік болса, етістікті сөз тіркесі болады.
Есімді сөз тіркесі
Етістікті сөз тіркесі
Тұрғын үй, орындалған арман, балаға мейірімді, көп қабатты үй, жүгіріп келген бала, өнегелі өмір.
Үйге келу, жиналысқа қатысу, телефон арқылы сөйлесу, ерінбей еңбектену, ауланы тазалау, т.б.
Сөз тіркесі болу үшін сөздер белгілі заңдылықпен байланысады. Сөздер бір-бірімен төрт тәсіл арқылы байланысады: 1) жалғау арқылы;
2) шылау арқылы; 3) орын тәртібі арқылы; 4) интонация арқылы.
Сөздердің септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары арқылы байланысуы жалғау арқылы байланысу деп аталады. Мысалы, достардың кеңесі, мектепке келу, ата-ананы құрметтеу, кітапта жазылған, апасынан сұрау, үлкендермен ақылдасу, біз дайындаламыз.
Сөздер шылау арқылы да байланысады. Мысалы, досым үшін ұялдым, күн сайын жаттықты, ата-анасымен бірге барды, сабақтан кейін дайындалды, гүл мен жапырақ, қалам және қарындаш, т.б.
Сөздер бір-бірімен орын тәртібі арқылы байланысады. Мысалы, ашық мінез, жапырақты ағаш, өнегелі өмір, берілген тапсырма, жылы жаңбыр, биік мақсат, аталы сөз, кәсіби шеберлік, т.б.
Сөздер интонация арқылы да байланысады. Мысалы, Абай – ақын, Сәбит – жазушы, мектеп – кеме, білім – теңіз, т.б.
Қазақ тіліндегі сөздердің байланысуының бес түрі бар: 1) қиысу;
2) матасу; 3) меңгеру; 4) қабысу; 5) жанасу.
Қиысу – сөз бен сөздің жіктік жалғауы арқылы немесе жіктелу ретімен бастауыштық және баяндауыштық қатынаста жақ жағынан үйлесе байланысқан түрі. Мысалы, Мен оқимын (І ж.), сен оқисың (ІІ ж.), олар келеді (ІІІ ж.), біз дайындаламыз (І ж.).
Матасу – сөз бен сөздің ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғауы арқылы байланысуы. Мысалы, Алматтың үйі, ағаштың бұтағы, менің жолдасым, т.б.
Меңгеру – сөз бен сөздің барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан түрі. Мысалы, балаға мейірімді, үзілісті күту, тауда жолығу, мектептен келу, еңбекпен табу, т.б.
Қабысу – сөз бен сөздің ешбір жалғаусыз, тек орын тәртібі арқылы іргелес байланысқан түрі. Мысалы, кең бөлме, орындалған арман, тоғызыншы сынып, үйдегі қызық оқиға, т.б.
Жанасу – сөз бен сөздің ешбір жалғаусыз, кейде алшақ кейде іргелес тұрып байланысуы. Мысалы, телефон арқылы сөйлесу, үйге дейін бару, әдейі келу.
Сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен қарым-қатынасқа түскенде, бір жағынан, сол тіркеске тән лексика-грамматикалық мағына да пайда болады. Сөз тіркесіндегі грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің арасындағы үш қатынастан пайда болады. Олар: анықтауыштық қатынас, толықтауыштық қатынас және пысықтауыштық қатынас.
1. Анықтауыштық қатынас матаса, қабыса байланысқан есімді тіркестерге тән. Бесінші сынып, алтын сақина, менің інім, біздің қала, орындалған арман. Анықтауыштық қатынас басыңқы сөзден бағыныңқы сөзге қандай? қай? кімнің? ненің? қандай? қанша? неше? нешінші? деген сұраулар қою арқылы анықталады.
Анықтауыштық қатынастағы лексика-грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің лексикалық ерекшеліктеріне сәйкес даралық, нақтылық сипат алады. Матасу байланысындағы сөз тіркесі мынадай лексика-грамматикалық мағыналарға ие. Менің киімім – затқа меншіктілік, Тілектің әпкесі – туыстық, үйдің терезесі – бүтіннің бөлшекке қатынасы.
Қабыса байланысқан сөз тіркестерінің беретін лексика-грамматикалық мағыналары: салқын жел – табиғи күй, ақ қар, көк шөп, қызыл гүл – заттың түсі, тәтті тамақ, ащы сорпа – тамақтың дәмі.
Бұл тіркестегі сөздердің бәрі сын есім болып, заттың әртүрлі сынын білдіруі олардың грамматикалық мағынасы болса, әр сөздің өзіне тән мағынасы лексикалық мағына болады. Сол лексикалық мағыналары арқылы бағыныңқы сөз басыңқы сөздің белгілерін, қасиеттерін даралайды, нақты сипат береді.
2. Толықтауыштық қатынас меңгеру байланысындағы есімді және етістікті тіркестерге тән. Басыңқы сөзден бағыныңқы сөзге кімге? неге? кімді? нені? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен? деген сұрау қою арқылы анықталады, бағыныңқы сыңары басыңқы сыңардың тура я жанама объектісін, я сол объектіге қатысын білдіріп тұрады. Мысалы, тазалықты сүю, ойларын білдіру, жиналысты басқару, сөзге жауап қату.
3. Пысықтауыштық қатынас меңгеру, қабысу және жанасу байланысындағы етістікті тіркестерге тән. Сұрақтары: қайда? қайдан? қашан? қайтіп? қалай? не мақсатпен? не үшін?
Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері мынадай лексика-грамматикалық мағынада жұмсалады: істің мезгілі, мекені, қимыл-сыны, мақсаты, себебі. Мысалы, оқу үшін келді, әдейі барды, жалтақтап қарау, биыл ашылмақшы, жалп етіп құлау.


Сөз тіркесінің зерттелуі

Сөз тіркесі жөнінде жүйелі зерттеулердің қалыптасып дамығанына көп болған жоқ. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерде тек сөйлем мүшелерін, олардың байланысын, орын тәртібін көбірек сөз қылды да, ал сөз тіркесіне байланысты мәселелер онша ауызға алынбады. Түркі тілдерінің сөз тіркестері тек кеңес дәуірінде ғана зерттеліне басталды. Орыс тілінде сөз тіркестерін тұңғыш қолға алған В.В. Виноградов сөз тіркестерінің түрлері, байланыс формалары және олардың құрылысы тіл білімінің ең басты бөлімі екендігін айтады.

И.П. Мелиоранский «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген еңбегінде сөз тіркесі туралы арнайы тоқталмағанымен, «Простое предложение» деген бөлімінде бастауыштың баяндауышпен қиыса байланысатынын дұрыс көрсеткен» - деп тұжырым жасайды зерттеуші Түймебаева Н. [5, 10.] Ал септіктерге жеке-жеке тоқтай келіп, онда әрбір етістіктің мағыналық топтарының қайсысы қандай сөздерді меңгеретінін анықтаған. Меңгеру туралы айта келіп, онда үміттену, берілу, бағыну, келісу, мақтану, күлу, шыдау, жылау, мұқтаж болу т.б. етістіктер барыс жалғаулы сөздерді меңгеретінін дәлелдеген. Ал қабыса байланысу туралы ешбір сөз қозғалмайды. Бірақ автордың «Определение» деген бөліміндегі мынадай мысалдар: «ақ тас – белый камень; жақсы кісі – хороший человек; үшінші жыл – третий год» дегенде сөздердің қатар келіп, орналасатынын сөз етеді. Мұның өзі қабысу терминінің жалпы орыс тілінде де көп уақытқа дейін енгізілмеу себебіне байланысты ма деп ойлауға болады.
Сонымен қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерге сөз тіркесі, оның байланысы формалары жалпы болса да айқын жіктелмей келді.

«Қазақ тілінде сөз тіркестері арнайы түрде тек ұлы қазаң төңкерісінен кейін, онда да 1930 жылдан бастап сөз бола бастады» деп тұжырымдайды Сайрамбаев Т. [6, 4-5.]

Мұны ең алдымен Қ. Жұбанов сияқты ғалымдарымыздың еңбектерінен айқын көруге болады. Ал Қ.Басымовтың «Сөйлем мүшелері туралы»,«Пысықтауыш» т.б. мақалаларында тек бастауыш пен баяндауыштың қиысуын ғана сөз еткені болмаса, олардың басқа байланысу формаларына арнайы тоқталмаған.

Сөз тіркесі туралы мағлұмат мектеп грамматикаларында тек 1939 жылы беріле бастады. Бұл ретте С. Аманжолов, С. Жиенбаев, Т. Сауранбаев т.б. еңбектерін атауға болады.

Әрине онда дәл қазіргідей сөз тіркестері деп аталмағанмен, әркім өзінше сөздер тізбегі, сөздердің қарым-қатынасы, сөздердің байланысы деп көп уақытқа дейін әртүрлі айтып келгені белгілі.

Қазақ тілі синтаксисі туралы арнайы зерттеу жүргізген С. Аманжоловтың сөз тіркестері туралы өзіндік пікірлері болды. 1940 жылы «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» деген еңбегінде де сөз тіркесі туралы арнайы тоқталғандығы белгілі. Онда автор «Сөйлем мүшелелерінің өзара қарым-қатынастары» деп оларды беске бөліп қарастырады: қиысу, жанасу, қабысу, меңгеру - меңгерілу және бесінші етіп сөйлем мүшелерінің орын тәртібін де осыған енгізеді. Автордың алғашқы төрт түрін қостағанмен бесіншіні, яғни «сөйлем мүшелерінің орындары» дегеніне қосылуға болмайды.

Бұл еңбек 1950 жылы түзетіліп қайтадан басылды. Онда арнайы түрде сөйлемдегі сөздердің (сөйлем мүшелерінің) қарым-қатынасы, меңгерілу, қабысу және жанасу деп төртке бөліп дәлелдейді:

Сөйлемдегі сөздердің байланысына 1930 жылы Т. Сауранбаев, С. Аманжолов бірігіп жазған «Қазақ тілі грамматикасы» еңбегінде біраз тоқталған. [7, 58.] Бұл еңбегінде автор сөз тіркестерін «синтаксистік қатынастар» деп атай отырып, оларды субъекті, предикаттық, объектілік атрибуттық және сипаттауыштық қатынас деп бірнеше түрге бөледі.

Автор бастауыш пен баяндауыш арасындағы қатынасты субъекті предикаттық деп атаса, ал пысықтауыш сөздердің етістікпен байланысын объектілік, ал анықтауыш пен анықталатын мүшелерінің байланысын атрибуттық қатынас деп бөледі. Сол сияқты бұлардан өзгеше изафеттік құбылысты өз алдына қарастырып, оның өзіндік жасалу жолын дұрыс көрсетеді. Бұдан кейінгі шыққан «Қазақ тілі» еңбегінде сөз тіркестерін қиыса меңгеріле, қабыса және жанаса байланысатынын айтады. Жай сөйлемге енген сөздердің бір-бірімен өздерінің орын тәртібі, интонация, қосымшалар, шылаулар арқылы байланысу жолдарына тоқталады.

С. Жиенбаев «Синтаксис мәселелері» деген еңбегінде сөйлем мүшелерінің байланысу формалары туралы арнайы сөз етпейді. Онда автор «жай сөйлемнің синтаксисі, құрмалас сөйлемнің синтаксисі» - деп сөз тіркесінің синтаксисін жеке қарастырмайды. Алайда ол еңбектің «синтаксистік кейбір мәселелері туралы» деген бөлімінде «Қиысу туралы» арнайы тоқталып, өзіндік тұжырымдар жасайды. Мұның өзі авторлардың бұл мәселеге аз да болса көңіл аударғандығын аңғартады. Ал «сөйлемдегі сөздердің байланысы туралы» деген бөлімінде автор байланысу формаларынан гөрі байланысу амалдарына назар аударғысы келеді. [8, 34.]

Бұл еңбектерде сөз тіркесі айтылғанымен олардың толып жатқан заңдылықтары, атап айтқанда байланысу формалары мен амалдары, түрлері, оның синтаксистік қатынастары арнайы сөз болып қозғалмайды. Бұл жөнінде жалпы түркология, оның ішінде қазақ тіл білімінде көптеген жұмыстар жазылып және одан әрі зерттеліп жатқаны да белгілі.

Жалпы сөз тіркестерін зерттеу тек 1950 жылдардан кейінгі уақытта ғана бір жүйеге келе бастады.

Отандық тіл ғылымында сөз тіркесі синтаксисі мәселесі жөнінде Н.К. Дмитриевтің, А.Н. Кононовтың, Е.И. Убрятовалардың еңбектері жарық көрді. Олар қиыса, қабыса және меңгеріле байланысқан сөз тіркестері түрінде сипаттайды. Қазақ тілі білімінде сөз тіркесі (сөйлем мүшелерінің байланысы) 1950 жылдарға шейін тек мектеп грамматикаларының көлемінде айтылып келеді. Онда да сөз тіркесінде толық анықтама беріп оның түрлі жақтарын егжей-тегжейіне дейін зерттеген ешкім болған емес. Сөз тіркесінің зерттелуі тек кейінгі кездің жемісі болып отыр.
    Сол туралы А.Л. Коклятова: «Сөздердің байланысы септікті және шылаулы тіркестер мен анықтауышты конструкциялар түркі тілдерінде әлдеқашан қолға алынған болатын» деген еді. Алайда арнаулы зерттеулер тек қазір пайда бола бастады. Соның бірі – профессор М. Балақаевтың «Основные типы словосочетаний в Казахском языке» деген еңбегі. Бұл еңбегінде автор сөз тіркестерінің құрылымдық түрлері, есімді, етісті сөз тіркестерін шылаулы меңгеру мен септікті меңгеру сияқты көптеген мәселелерін жан-жақты дұрыс көрсетеді» деген болатын.

М. Балақаевтың еңбегі түркі тілдерінде сөз тіркестері туралы – бірінші туынды мұнда автор сөз тіркестерінің көптеген теориялық мәселелерін жан-жақты ашып берді. Негізінде сөз тіркестері туралы жалпы түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде профессор М.Балақаевтың еңбектерінен толық мағлұмат алуға болады.

М. Балақаев сөз тіркестерін жалпы есімді, етістікті етіп екіге бөліп, оның әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін олардың басыңқы компоненті мен бағыныңқы компонентінің қандай сөз таптарынан болатындығын және ондай кездегі тіркесу қабілетін дұрыс қорытындылайды. [9, 92.]

Сол сияқты автор бұл еңбегінде сөз тіркестерінің байланысу формалары мен амалдарын және олардың синтаксистік қатынастарын сөз етеді. Сөз тіркестерін байланысу формаларына қарай қабысу, қиысу, меңгеру және матасу деп төртке бөліп қарастырады.

Осы күнге дейінгі және осы кездегі көптеген түркі тіліндегі еңбектерде байланысу формаларын дәл орыс тіл біліміндегідей үшке бөліп берушілік басым болып келеді. Әрине, мұндай жағдайда әрбір тілдің өзіндік ерекшелігіне қарау керектігі айқын. Осы тұрғыдан алғанда профессор М. Балақаев басқа тілдерге қарағанда қазақ тілінде төрт түріне матасу деген байланысу формаларын енгізеді. Мұндай бөлудің өзіндік белгілері мен ерекшеліктеріне сай дұрыс алынуы практикада айқын байқалып жүр. Сөз тіркестерін сөйлемнен ажырату – жалпы тіл білімінде негізгі мәселелердің бірі. Алдымен сөз тіркесі дегеніміздің өзін ашып, оның не екенін түсінуіміз керек. Бұл жердегі негізгі мәселе мынада:

Сөз тіркесіне синтаксистік топ құрайтын барлық сөздердің тіркесін жатқызамыз ба, әлде предикативті қатынасты да жатқызамыз ба?

Осы негізде кейбір ғалымдар, мысалы: Фортунатов, Пешковский т.б. толық мағынасы бар грамматикалық тіркестердің барлық түрін сөз тіркесіне жатқызамыз дейді. Фортунатовтың пікірі бойынша, сөйлем, дегеніміз сөз тіркесінің бір түрі (разновидность), көрінісі. Бұлардың пікірінше, сөйлем мен сөз тіркесінің ешбір айырмашылығы болмайды.

Керісінше, кейбір ғалымдар Буслаев, Потебня, Шахматов т.б. сөз тіркесін жоққа шығарады. Олардың пікірі бойынша, негізгі етіліп сөйлемнің теориясы және сөйлемнің мүшелері алынады. Сөйтіп сөз тіркесі туралы мәселе тек түркі тілдерінде ғана емес, басқа тілдерде де түрліше қаралды.

Сөз тілдік единица болып табылады. Ол морфология, лексикология, семасиологияның объектісі бола отырып, сөз тіркесіне де қатысты. Өйткені ол сөз тіркесіне де сөйлемге де негіз болады. Оларсыз жалпы сөйлем құрылмаған да болар еді. Сөз, негізінде, сөз тіркесін құруға негіз болса, сөз де, сөз тіркесі де бірімен-бірі тығыз байланысты. Сол сөздерді бірімен-бірі тіркестіріп, оны жетілдіре түсу ыңғайында ғана келесі біреуге ойымызды толық жеткізуге болады.

Профессор М. Балақаев сөзді тілдік единица ретінде лексикология, семасиология, стилистика, сөз таптары және сөйлем мүшесінің де объектісі ретінде зерттеді. Сонда сөз тіркесі кемінде толық мағыналы екі немесе одан да көп сөзден құралады да, олар біріне-бірі бағына байланысады екен. Сөйтіп, сөз тіркесі мен сөйлем синтаксистік категория. Бұл екеуі тығыз байланысты. Бірақ кейбір ұқсастықтары болғанымен әрқайсысының өзіндік объектілері бар.

Негізінде бұлардың айырмашылықтары көптеген еңбектерде айтылып келеді.

Н.К. Дмитриев сөз тіркесі мен сөйлемді талдай келіп, екеуінің бір-бірінен айырмашылығын ашып алу керектігін айтады.

Сөйлем екі полюс, яғни бастауыш пен баяндауыш болуы хақ. Сонымен, бір-біріне қатысы жағынан бастауыш және баяндауыш болып келетін кез-келген синтаксистік құрамды сөйлем дейтін боламыз. Керісінше, өзара іштей бастауыш пен баяндауыш болып келмеген кез-келген синтаксистік тіркес сөйлем емес, сөз тіркесі деп танылады. Сонда сөз тіркесі сөйлем ішіндегі статикалық қатынастарды баяндаудың формасы ғана. Сөйлем мен сөз тіркесінің айырмашылығын Н.К. Дмитриев былай көрсетеді: Егер бастауыш пен баяндауыштық қатынастан құралып, аяқталған ойды білдірсе, сөйлем деп, егер бастауыш пен баяндауыштық қатынас болмай, олар тиянақты ойды білдірмесе, сонда ғана сөз тіркесі дейді.

Б. Убрятова т.б. көптеген ғалымдар сөйлем мен сөз тіркесінің бір-бірімен айырмашылықтарын көрсете келіп Н.К. Дмитриевтің жоғарыдағы пікірін қолдайды. Бұлай бөлу жалпы орыс тілі ғылымында көп уақытқа дейін орын алып келді. Сөйтіп предикативті түрі бастауыш пен баяндауыштық қатынастан құрылады да, бұлар аяқталған ойды білдіреді, мұны сөз тіркесіне есептемей, сөйлемге жатқызды. Ал бастауыш пен баяндауыштан басқа қатынастағылар яғни олар аяқталған ойды білдірмейді, сол себептен оларды сөз тіркесі деп қарастырады.

Тіл білімі жайындағы әдебиеттерде сөйлемді бір бөлек, сөз тіркесін бір бөлек категориялар деп тану үшін олардың құрамы еш уақытта бірдей болмауға тиіс деген пікір бар. Сондай көзқарасты қолдаушы тюркологтың бірі Н.А. Баскаков атқа мініп, атқа мінген дегендерді сөз тіркесі деп қарайды да, атқа мінді дегенді сөз тіркесі емес, сөйлем деп таниды. Мұндағы тұлғалық айырмашылық басыңқы сөздің (мін) тиянақты, (мінді) не тиянақсыз (мініп мінген) болуында.

Егер ол критерияны негізгі шарт деп танысақ (ол тұлғалардың сөз тіркесін құрауға қатысы жоқ, сондықтан шарт емес). «Атқа мін» дегенді не дейміз? Сөйлем бе, сөз тіркесі ме? Бұған жауапты мынадан іздейміз. Егер тіркескен сөздер тобы пайымдауды білдірсе – сөйлем, ал білдірмесе – сөз тіркесі. Осы пікірді Н.К. Дмитриев те қолдайды. [10, 43-50.]

Біріншіден пайымдау (суждения) логикалық ұғым, оны сөйлемді танудың белгісі етуге болмайды. Екіншіден сөйлемнің құрамына еніп, оның бөлшегі болуға тиісті сөз тіркесінде сөйлем білдіретіндей ұғымның бар-жоқтығын меже етудің жөні жоқ. Сөйтіп, сөйлем мен сөз тіркесін мағынасына қарап айыру да мүмкін емес. Егер сөз тіркесі тиянақты ойды білдіретіндіктен сөз тіркесі болудан қалады десек, онда әрі сөз тіркесі, әрі сөйлемдік қасиеттері бар сөздер тобының кейбір синтаксистік заңдылықтарын ескермегендік болады. Желсіз түн, кең жайлау. Таудан аққан үлкен өзен сияқтыларды біреулер сөйлем етіп жұмсаса, сөз тіркесі қасиетін жойды деу шындық болмайды. Сондықтан ондай сөздер тобын сөйлемдік қасиеттеріне қарай сөйлем деп танып, сөз тіркесімділік белгілеріне қарай әрі сөз тіркесі деп тани беруге тиіспіз. Тілдің табиғаты солай етуді тілейді.

7 жауап

+1 дауыс
орнын ауыстыруға болмайтын бір ғана сұраққа жауап беретін сөздер. Осссы есімде қалыпты. Ережесін бәлу маңызды емес былайғой мысалы: таяқ тастам жер, т.б..............көп
+1 дауыс
Сөз тіркесі дегеніміз-кемінде екі мағыналық әрі тұлғалық жақтан байланысуы!!!
+1 дауыс
мысалы көп қо мысалы Жер шары бұл тіркеске ненің шары? жердің несі? деп сұрақ қоя алмайсың бір ғана сұрақ қоясың не? деп, таяқ тастам жер дейді ол -  дұрыс емес, ол жақын деген мағына береді, негізі көп оқушылар осыдан қателесіп жатады, тұрақты тіркес пен сөз тіркесін шатастырып жатады
0 дауыс
Сөз тіркесі дегеніміз орыстың фразаологизмі мен ағалшын идиомалары сияқты,м-лы,қас пен көздің арасы-тез,жылдам,ит арқасы қиянда-алыста деген сияқты ғой*және олар өзгеоілмейтін сөздер тобына жатады
келіспеймін, сенің мысалдарың тұрақты тіркес ғой, тұрақты........
мхм кеше жауап берген едім ол кезде тұрақты тіркес деп тұрған
ия тұрақты тіркес ғой, сенің мысалдарың тұрақты тіркес жеке жеке алып сөйлем құрауға келмейді
0 дауыс
кайсысы соз тыркесы : Жиырма бес

                                   Телефон аркылы

                                    Уйге кара

                                    жасыл жапырак???????

КОМЕК КЕРЕК ОТИНЕМ
0 дауыс
Бір-Біріне бағына байланысқан кемінде екі толық мағыналы сөздердің тобын сөз тіркестері дейміз.
0 дауыс
Мысалы;

1.Тобе шашы тук турды - корыкты.

2.Буйреги бурды - жаны ашыды.

3.Кой аузынан шоп алмас - жуас\момын.

ешкимнин ала жибин аттамайды - киянат жасамайды
...