0 дауыс
2.7k көрілді

1 жауап

0 дауыс
Географиялық орны

Бұл жазық Қазақстан жерінде Орал тауларынан Алтайға дейін ені 200-250 км жіңішке алапты алып жатыр. Ол оңтүстіктен солтүстікке қарай еңіс, яғни ылдилай береді. Оңтүстігінде Сарыарқамен шектеседі.
Жер бедері мен геологиялық құрылысы

Жазықтың оңтүстіктегі биіктігі 200 м, солтүстігінде - 100 м. Солтүстік Қазақ жазығы палеозойдың қатпарлы-жақпарлы тұғырының үстінде жатқан палеогеннің теңіз және неогеннің континенттік шөгінділерінен тұрады. Кайнозой эрасында теңіз тартылып, қазіргі жер бедері қалыптаскан. Жер беті біркелкі тегіс. Өзендері сирек. Сондықтан да көп тілімделмеген. Ондаған тұйық қазаншұңкырлар ғана ұшырасады. Олардың көбін тұзды көлдер алып жатыр. Кей жерлерде биіктігі 15 м-ге дейін көтерілетін жалдар кездеседі.
Ішкі ерекшеліктеріне сәйкес Солтүстік Қазақ жазығының Қазақстандық бөлігі төрт ауданға бөлінеді. Олар - Есілдің жазық орманды даласы, Тобыл-Обағанның жазық даласы, Есіл-Ертіс даласы және Ертіс-құлынды жазығы.
Есілдің жазық орманды даласы Есіл өзенінің екі жағын жағалай, Солтүстік Қазақстан облысының жерінде орналасқан. Бұл көлді жазық сазды жыныстардан түзілген, бетін континенттік, әсіресе өзен шөгінділері, палеогеннің жыныстары басқан. Жазықтықтың ең биік беті 130-140 м-ге жетеді. Онда көл көп, батпақты, тұзды қазаншұңқырлар да баршылық. Жер бетін шалғын, қара топыракты даланың өсімдіктері басқан. Ормандары негізінен қайың мен теректен тұрады.
'Тобыл-Обағанның жазық даласы батысында Орал Сырты үстіртімен, оңтүстігінде Торғай қыратымен, шығысында Есілдің сол жақ жағалауымен, солтүстігінде орманды даламен шектеседі. Бұл да көлді жазық. Жер бетінің биіктігі оңтүстігінде 250 м. Солтүстікке карай аласарады. Жазық саздардан түзілген. Оның бетін (неогеннің және плиоцен) жыныстары жапқан. Оның аумағында Үй, Есіл, Тоғызақ, Әйет, Тобыл, Обаған өзендері ағып өтеді. Тұщы көлдер аз. Оның ең үлкені – Құсмұрын көлі. Ал тұзды көлдер көп. Жері қара топырақты, шалғынды.
'Есіл - Ертіс даласы Есіл - қамысты орманды даласы мен Сарыарқаның, Павлодар облысының көлді жазығының ортасында жатыр. 100-120 м биіктегі беткейлер неоген саз балшықтарынан түзіліп, оның бетін палеоген дәуірінің құмдары мен балшықтары басқан. Батыс бөлігінде көл көп. Олардың көбі тұщы. Ең үлкені – Шағалалытеңіз көлі. Оған Шағалалы өзені құяды. Тұзды көлдері де бар. Көкшетаудың солтүстік жағында жазық даланың бетінде ұзындығы 24 км, ені 0,5-1 км-ге, биіктігі 15 м-ге жететін үлкен жалды-қырқа жатыр.
Ертіс - Құлынды жазығы Павлодар облысының күңгірт қара коңыр топырақты ауданын қамтиды. Ертіс өзенінің жағалауы бірнеше террасадан тұрады. Бірінші (сортаң топырақты) және екінші террас өзен деңгейінен 4 - б-дан 15-18 м-ге дейін биік келеді, жайылмасы өзеннің екі жақ бетінде 20-25 км-ге дейін созылады. Үшінші террасаның биіктігі 28-32 м, негізінен сол жақ жағалауға орналасқан. Ол катпарлы, ұсақ шоқылы өлкемен жалғасады. Бұл беткей ұсак қиыршық, құмтасты болып келеді. Ал Ертістің оң жақ беткейі төртінші террасаны (биіктігі 40-45 м) құрайды. Ол құмайт топырақты аллювийлік жазык, желдің әрекетімен қалыптасқан. Онда қалың қарағай өседі. Ертістің сол жағасы мен аймақтың солтүстік-батыс бөлігінде көлдер мен көлтабандар бар. Олардың ең үлкені - Жалаулы, Шүрексор көлдері. Жағаның екінші, үшінші террасаларының қалыптасуы кезінде Ертіс осы көлге күйып, шығысқа қарай қайта ағып шыққан. Қазір бұл көлге Шідерті мен Өлеңті өзендері, Сілетітеңіз көліне Сілеті өзені құяды.
Солтүстік Қазақ жазығының негізгі өзені - Ертіс. Обьтың сол саласы қытайдағы Монғол Алтайының оңтүстік-батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Ертіс өзенінің Солтүстік қазақ жазығында ағысы баяу. Омбы қаласына дейінгі 1000 км-ден астам бөлігінде Ертіске бірде-бір сала құймайды. Тобыл өзені құятын тұстан бастап Ертістің суы молайып, өзен арнасы бірнеше тармаққа бөлінеді. Омбы каласы тұсында өзен аңғарының ені 6 - 8 км болса, Тобылдан сағасына дейін онан да кеңейіп, 20-35 км-ге жетеді. Ертістің төменгі ағысындағы басты салалары: сол жағынан - Тобыл, Есіл, Вагай, Қоңды, оң жағынан - Омь, Тарта, Демьянка келіп құяды.
Есіл (Қазақстан жеріндегі ұзындығы 1700 км-ден астам) - Сарыарқаның солтүстігіндегі Нияз тауынан басталып, Ертіске құяды. Суы шаруашылыққа пайдаланылады. Қыста қатады. Көктемде қатты тасиды. Арнасынан шығып, жағалауында кең жайылымдар жасайды. Жағасында бас қаламыз Астана орналасқан.
Тобыл (Қазақстан жеріндегі ұзындығы - 800 км) оңтүстік Орал тауларынан басталып, Қазакстан жерін басып өтіп, Ертіске Ресей жерінде құяды. Суын шаруашылыққа пайдаланады. Шағын өзендерден Үй, Тоғызақ, Әйетп, Обаған, Шағалалы, Сілегпі, Өлеңті, Шідерті және т.б. жатады. Олардың көпшілігі қар суымен коректенеді де, жазда құрғап калады. Көктемде тасиды. Кейбірі Ертіске және оның салаларына құяды. Бұл өлкеде Құсмүрын, Шағалалытеңіз, Сілетітеңіз, Қызылқақ, Теке және т.б. ұсақ көлдер көп. Олардың сулары ащы келеді.
Өсімдіктері

Солтүстік Қазақ жазығы орманды дала мен дала зоналарына кіреді. Топырақ жамылғысы оңтүстік кара топырақ пен лесс тәріздес саздың үстіне түзілген күңгірт қызыл-қоңыр топырақтан, бозды, бетегелі шөптесін өсімдіктерден тұрады. Қарабас пен қылтықсыз арпабас, ашық жасыл шатыр гүлді сәбізшөп жәнө басқа гүлдер өседі. Өзен аңғарларындағы аллювийлі cop мен сортаң топырақта cop шөп, ылғалды шөптесін аралас қалың қамыс кездеседі. Орманды жерлер Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында таралған. Онда ауданы кішілеу, далалық орман типі басым. Қайың мен көктерек шоқ-шоқ боп өсіп тұрады.
Жануарлары

Жануарлар дүниесі де орман мен дала зонасын мекендейтін жануарлар түрлеріне ұқсас. Бұлан, елік, қоян, қарсақ, дала күзені, қасқыр, түлкі мекендейді, кемірушілерден сұр тышқан, дала ала қоржыны, аламан, саршұнақ сияқты түрлер тараған. Тундра жануарларының түрлері (тундра ақ кекілігі, өгіз шағала) кездеседі. Өткен ғасырларда Ертіс, Есіл өзендері аңғарын құндыз жайлаған, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай ормандарында таяу араға дейін аю болған. Қазір олар жоқ, ауып кеткен. Соңғы жылдары Бұландар мен Сібір еліктері де көзге сирек түседі. Өзендер мен көлдерде Солтүстік Америкадан әкелінген ондатр жерсіндірілген. Өлке сулы, нулы болғандықтан, құстар көп мекендейді. Су айдындарында аққу, қаз, үйрек, шағала ұшып-қонады. Далада тырна, дуадақ, бүркіт кездеседі. Орманды далаларда кәдімгі сарыторғай, қараторғай, шұбар шымшық сияқты еуропалық түрлер мен ақ құр, сұр құр, ақ тұмсық қарға, тоқылдақ, сұңқар, күйкентай және т.б. құстар ұя салады. Орман шетінде, далаларда бөдене, бұлдырық, безгелдек, шәукілдек ұшады. Қысқа қарай сұр және ақ кекіліктер келеді.
Табиғаты әсем, аң-жануарларға бай өлкенің табиғи ландшафтысын сақтау мақсатында түрлі қорықтар мен ұлттық парктер ұйымдастырылған. Соның бірі - Наурызым қорығы. Бұл қорық 1959 жылы ұйымдастырылған. Қостанай облысының Наурызым ауданында орналасқан. Солтүстік қазақ жазығы республиканың егіншілік дамыған аймақтарына жатады. Оның бірқатар жері тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде игерілген. Бірақ даланың сусыз өлкесі үнемі мол өнім бере бермейді. Орманды даладан басқа жерінде ылғал аз. Жылдық ылғалдың тапшылығы, топырақтың желдің әсерімен құрғауы, шаңды борандар жел эрозиясын туғызуда. Бұл - ауданның жер байлығын сақтау үшін белгілі шаралар қолданудың қажеттігін меңзейді.
Мәліметтер [мына жерден][1] алынды...


  [1]: http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%BE%D0%BB%D1%82%D2%AF%D1%81%D1%82%D1%96%D0%BA_%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B_%D0%B6%D0%B0%D0%B7%D1%8B%D2%93%D1%8B
...