Тойбастар
Жиналып, халқым, құралсаң.
Сөйле деп бізге ұйғарсаң,
Бұл тойдың көркін айтайын:
Той болады-ау дегеннен
Халыққа хабар таратқан,
Ат жүйрігін жаратқан,
Әшекейлеп, жасантып,
Отауда тігіп, ақ жапқан,
Байрақты тігіп, ат шапқан.
Жыршысы болса, жырлатып,Аламан басын құралтып,
Жақсыларға тыңдатқан.
Тартысы болса, тартысып,
Айтысы болса, айтысып.
Бұл да тәуір болады,
Қыз - жігітке түн қатқан.
Жиналған топтың құралы -
Жыршыдан өнер сұрадың.
Сұрағандарың сөз болса,
Қалағандарың біз болсақ,
Қандырайын көптің құмарын.
Шын шабытымғой келгенде,
Ағыным тасты аударған
Мен бір қайнарлы өзен, бұлағың.
Той - адамның қазынасы,
Жұптанып неке қиылған.
Ақ бұйрығы деген бар,
Құлақ қойсаңдар келіске.
Адам ата жұптанып,
Хауа ананы алғанда,
Исраhил, Макаил -
Некесін қиған екен періштең.
Қыз бала, сізге айтайын,
Жұрт жинап, қызық той еткен,
Атымтай жомарт салған жол,
Бақыт пен дәулет қонған жол.
Арғымақ аттай сәнденген,
Сөйлесе, сөзің пәмденген.
Тоты құстай таранып,
Бойыңды түзеп, сәнденген.
Өтейін депте отырсың
Балдырлы балқаш көлдерден.
Абайласаң, айып жоқ,
Дүниенің дүлдүл ісінде.
Ренжіген бағытсыз
Мақтаман надан кісіңді.
Риза бол анаңа
Михнат етіп сақтаған
Тоғыз ай, он күн ішінде.
Дүниеге сеніғой шығарды,
Бұл күндері болғанда,
Дүнияша қызық деп,
Күйеуіңді күтті құрметтеп,
Құрметтеу оны міндет деп.
Саламат, есен - сау күнде,
Аманда қосып жұбыңа,
Шалқыған шалқар бұлаққа,
Риза бол, жарқыным,
Жырым еді сақтаған.
Арқасын құрғыр қызғанда,
Жауарда бұлттай қаптағам.
Ойқастап барып тоқтайын,
Қатты кетсем, қайрылмас
Мен - басы қатты ақтабан.